19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / ИМАМ РАББАНИ АХМЕД ФАРУҚИ СӘРҺӘНДИ (қуддиса сиррух) ХАЗРЕТТІҢ ӨМІРБАЯНЫ (971-1034) - [1563-1624]

ИМАМ РАББАНИ АХМЕД ФАРУҚИ СӘРҺӘНДИ (қуддиса сиррух) ХАЗРЕТТІҢ ӨМІРБАЯНЫ (971-1034) - [1563-1624]

Мәктубат кітабы үш томнан тұрып, парсы тілінде жазылған. Ішінде араб тілінде де бірнеше хат бар. 1392 [м.1972] жылы Пакистанда Карачиде Назимабадта жинақталып басылған. Стамбұлда офсет жолымен басылған. Бұл парсы тіліндегі басылымның бір данасы Америка Құрама Штаттарында Колумбия университетінің кітапханасында бар. Мәктубатты Мұхаммед Мұрат Қазани Мекки (рахимә-һуллаһу та'ала) араб тіліне аударып, «Дүрәр-ул мәкнунат» атауын берген, 1317 [м.1898] жылы Меккеде Миррия баспаханасында екі том болып басылған. Стамбұлда, Баязидттің аудандық кітапханасында осы кітап 53 нөмірде бар. Стамбұлда 1383 [м.1963] жылы офсет жолымен қайта басылған. Көптеген кітаптары Пакистанда Карачиде қайтадан басылып шығарылған. Олардан «Исбат-и нубуввәт» кітабы 1394 [м.1974] жылы Стамбұлда офсет жолымен басылған. Бұл араб тіліндегі кітаптың хашиясына, яғни әр беттің шетіне Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) өмірбаянын да жазған. Біз сол жерден бір бөлігін төменде жазамыз. Имам Раббаниды (қуддиса сиррух) жақынырақ және ауқымдырақ танығысы келгендердің Қожа Мұхаммед Фадлуллаһтың парсы тіліндегі «Умдәт-ул мақамат» кітабын және Мұхаммед Хашим Бәдахшидың «Бәракат» кітабын оқуы қажет. Ықыластың артуына, иманның жетілуіне көмектесетін бұл кітап та парсы тілінде болып, Стамбұлда офсет жолымен басылған.

(Мұхаммед Мұрат Қазани 1272 [м.1855] жылы Ресейдің Қазан губерниясының Уфа қаласында дүниеге келді. Өз елінде медресе білімін жақсы меңгеріп, 1293 [м.1876] жылы Бұхараға барды. Бұхара мен Ташкентте жоғары діни білім алды. 1295 [м.1878] жылы Үндістанға және Хижазға барды. Мәдинада да білім алды. Тасаууфта да жетілді. 1302 [м.1884] жылы Рәшәхат кітабын, кейіннен Мәктубатты араб тіліне аударды. Имам Рабанидың (рахимә-һуллаһу та'ала) өмірбаянын да араб тілінде жазды).

Мұхаммед Мұрат Мүнзауи (рахимә-һуллаһу та'ала) басқа адам. Ол Мәктубатты араб тіліне аудармады.

Бұрынғы адамдардың хәлдерін, білімдерін, қаншалықты сауатты немесе сауатсыздығын, тура жолда жүргенін немесе адасқанын түсіне алудың әртүрлі жолдары бар.

Олардың бірі  — мазһаб, мектеп, жол иесі болса, құрған жолын зерттеу. Екіншісі, еңбектерін, кітаптарын оқу. Үшіншісі, ол туралы ынсаппен айтатын, үстемдігі мен кемшілігін жеткізгендерді тыңдау. Имам Раббаниды (қуддиса сиррух) осы үш тұрғыдан да зерттеп көрейік:

1) Имам Раббани мүжәддид уә мунәууир әлфи сани Ахмед бин Абдил Әхадтың жиырма тоғызыншы атасы – әмир-ул мүминин Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ). Аталарының барлығы өз дәуірінің ұлы ғалымы, салих, тақуа, үстем тұлғалар еді.

2) Адамды дүниеге келмей тұрып хабар беретін сүйіншілер оймен, болжаммен болады. Есімімен, мемлекетімен білдірілмейді. Мәһди туралы хабарлар да осындай. Сондықтан арада өзін Мәһди жариялайтындар шығып тұрады. Дін имамдарымыз туралы айтылған сүйіншілер де осындай. Мысалы, «Дін жер жүзінен көтеріліп, Сурәйяға [яғни Үркер деп аталатын үйіржұлдыз шоғырына] кетсе, Азиядан шыққан жігіт оны ұстап әкеледі», «Адамдар қиналып, мәселелерін шешетін ғалым іздейді. Мәдинадағы ғалымнан үстемірегін таба алмайды», «Құрайш тайпасынан болғандарға тіл тигізбеңдер. Олардан шығатын ғалым жер жүзін білімге толтырады» деген хадис шәрифтер де осындай, біріншісі Имам Ағзам Әбу Ханифаның, екіншісі Имам Малик бин Әнәстің, үшіншісі Имам Шафиидың келетінін сүйіншілеуде делінген (радиаллаһу анһум әжмаин). Бұл хабарлардың бәрі қаншалықты күшті болса да, болжам болып, білім мен нақтылықты көрсетпейді. Достарға білім секілді болып, дұшпандардың, қырсығып қарсы шығатындардың надандығын арттырады. Өйткені қабылдағандардың көптігі мен ұлылығына қарсы жоққа шығару, қырсығып қабылдамау не ақымақтық пен ақылсыздық, не надандық. Осы имамдарымыз туралы айтылған жоғарыдағы хадис шәрифтерді қабылдамай жоққа шығарған уаһһабилер осындай. Мәһдиді жоққа шығаратындар да осындай болып, олар көптеген хадис шәрифтерге сенбеген болуда. Осы себепті Мәһдидің келетініне сенбеген адам кәпір болады делінген. Осы секілді яһудилер мен христиандар өз кітаптарында Мұхаммед алейһиссаламның келетіні сүйіншіленген болса да сенбейді. Ал мұсылмандар нақты түрде сенеміз. Имам Раббани (радиаллаһу анһ) туралы да осындай сүйіншілер бар және достары үшін бұлар хақ және нақты хабар. Ал дұшпандардың қырсықтығы мен қарсылығы артуда. Сенгендердің пайдасы өзіне, сенбегендердің зияны өзіне. Мұсылман кісінің тіпті танымайтын мұсылман адамға да жақсы ойда болуы қажет.

Олай болса, том-том кітап жазылған, еңбектері әлемді толтырған, олардың жолымен жүргендер өз дәуірінің ең қадірлі, ең сүйікті азаматтары болған, жақсылықтары күндей жан-жаққа жарық шашқан әулиелерге жақсы ойда болу қажет емес пе?

3) Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Үмбетімнен Сыла есімді біреу шығады. Оның шапағатымен жәннатқа көптеген адам кіреді». Бұл хадис шәрифті Имам Суюти (рахимә-һуллаһу та'ала) Жәмиул-жәуами кітабында жазған. Имам Раббани (қуддиса сиррух) әулиелердің «уахдәт-и вужуд» жөніндегі сөздерін кеңінен түсіндіріп, исламға сай екенін анықтап, ахкам-и исламия (ислам үкімдері) мен тасаууфты уасл еткен (байланыстырған), яғни «Сыла» есіміне лайықты болған. Бір хатының соңында «Мені екі дария арасында сыла қылған Аллаһу та'алаға шүкір» деп дұға еткен. Достары арасында осы есіммен аты шыққан. Хадис шәрифте сүйіншіленген Сыла есімін одан бұрын ешкім алмаған. Бұл есімнің Имам Раббаниға лайық екені айдан анық. Бұған сенгендер оған сүйікті болады. Сенуде қателескен болса, әулиеге, таза мұсылманға жақсы ойда болды деп дүние мен ахиретте айыпталмайды.

Имам Әли (радиаллаһу анһ) айтқан, өлең шумағының мағынасы:

Дінсіздер мен атеисттер, сандырақтап қоймайды,

Бәрі бекер, өлімнен соң өмір жоқ деп ойлайды,

Зияны жоқ мүлде маған, дұрыс шықса сөздерің,

Ал дініміз хақ, бұлар ертең, тозақ түбін бойлайды.

 

4) Мәулана Жами (қуддиса сиррух) «Нәфәхат» кітабында жазғаны бойынша, шәйх-ул ислам Ахмед Намықи Жами айтқан: «Әулиелер көрген қиыншылықтардың, ауыртпалықтардың бәрін жалғыз өзім көрдім, әбден көрдім. Аллаһу та'ала әулиелерге берген хәлдердің, ихсандардың барлығын маған берді. Әр төрт жүз жылда Ахмед есімді құлына осындай үлкен сияпаттар жасайды және мұны бәрі көреді». Ахмед Жамиден Имам Раббани (қуддиса сиррух) дәуіріне дейін төрт жүз отыз бес жыл өтіп, ол уақыт ішінде әулиелер арасында осындай ұлылықта Ахмед есімді ешкім болмады. Ахмед Жамидың хабары үлкен болжаммен Имам Раббаниға (радиаллаһу анһум) қатысты болуда. Шәйх-ул ислам Ахмед Жамидың (қуддиса сиррух) «Менен кейін менің есімімде он жеті адам келеді. Олардың соңғысы мыңыншы жылдан кейін болып, ең үлкені, ең үстемі ол болады» сөзі де осы болжамды күшейтуде.

5) Халил-ул Бәдахши (қуддиса сиррух) айтқанындай, силсилә-туз зәһәб ұлыларынан Үндістанда кәміл кісі келеді, оның дәуірінде ол сияқты ешкім болмайды. Үндістанда бұл силсиләдан (шежіреден) Имам Раббанидан (қуддиса сиррух) басқа ешкім шықпағандықтан, бұл хабардың оған қатысты болуы зәру қажет.

6) Имам Раббани Ахмед Фаруқи (қуддиса сиррух) тоғыз жүз жетпіс бірінші хижри жылы Үндістанда Лахор мен Дели арасындағы жолдың үстінде орналасқан Сихринд қаласында дүниеге келген. Сихринд «Қара арыстан» деген сөз. Өйткені бұл қаланың орны бұрында арыстандардың орманы болған екен. Қаланы әуелде сұлтан Фируз шах құрған. Имам Раббани дүниеге келгенде балаларға тән аурумен ауырғандықтан, әкесі оны ұстазы Шах Кәмал Кихтели Қадириге көрсеткен, ұстазы: «Қорықпа! Бұл бала ұзақ өмір сүреді және үлкен тұлға болады» деп, баланы қолынан ұстап, аузын сүйген. Сол кезде Абдулқадир Гейланидың (радиаллаһу анһ) фәйзі мен нұры мүбәрәк денесін қаптады. Ол алғашқы білімін әкесінен алып, араб тілін үйренген, кіші жасында Құран кәрімді жаттаған. Дауысы әдемі болғандықтан, бұлбұлдай оқитын еді. Әртүрлі білімдерді қамтыған кішкентай кітаптарды жаттап алып, кейін Сиялкут қаласына барып, ол жақта Мәулана Кәмаладдин Кишмириден улум-и ақлияның (пән ғылымдарының) біразын өте жақсы оқыған. Мәулана Кәмаладдин (қуддиса сиррух) атақты Абдулхаким Сиялкутидың ұстазы болып, өз заманының ең үлкен ғұламасы еді. Хазреті Имам Раббани хадис, тәфсир және кейбір усул ілімдерінен ижазатты (дипломды) Қазы Бәһлул Бәдахшаниден алған. Он жеті жасында білім алуын тәмәмдап, ма’кул, мәнкул, Фуру’ және Усул ілімдерінің барлығынан ижазат (диплом) алды. Білім алуы барысында Қадири және Чәшти ғұламаларының жүректеріндегі фәйз бен ләззатты әкесінен алды. Әкесінің көзі тірісінде захир және батын ілімдерін шәкірттерге үйрете бастады. Сол кездері «Рисалатут-тәһлилия», «Рисалатур-рәддир-рәуафид», «Рисалату исбатин-нубуввә» және басқа да көптеген кітап жазды. Әдебиетке де аса қызығатын, шешендігі, көркем сөйлеуі, тез түсінуі, зеректігі, ой-өрісінің шапшандығы бәрін таңқалдыратын еді.

7) Осыншалықты білімі мен баршаның алдындағы кемелдігімен қатар жүрегінде Ахрария ғұламаларына деген махаббат оты жанып тұрған еді. Бұл жолда жазылған кітаптарды оқитын. Әкесінің қайтыс болуынан бір жыл өткен соң қажылыққа бару үшін ол Сихриндтен шықты. Үндістанның үкімет орталығы Дехли [яғни Дели] қаласына келгенде ол жақта Мұхаммед Бақи Биллаһты (қуддиса сиррух) зиярат етті. Алдына келгенде жүрегінде нұр жарқырады. Магниттің инені тартқанындай тартылды. Сол кезге дейін естімеген, білмейтін нәрселер жүрегіне толды. Қажылықтан кейін келіп білім алуға ниет еткен болса да, жүрегіндегі сүйіспеншілік пен ынтасы оны жібермей, ертеңіне алдына келіп, Ахрария фәйзіне қауышқысы келетінін айтты. Сөйтіп қызмет етуге қалды. Әдеппен, шын көңілімен сөздері мен хәлдеріне байланды. Яғни қағбаға барудан бас тартып, қағбаның иесін қалады. Жоғары қабілетімен және жан-тәнімен еңбектеніп, бүкіл кемелдік оның бойында пайда болды. Ұстазының мейірімімен, қамқорлығымен екі айдың ішінде ешкімде байқалмаған хәлдерге қол жеткізді. Бірнеше айдан кейін ұстазының Ахрарияның күмәнсіз, шартсыз толық ижазатын (дипломын) алды.

Өз еліне қайту әмір етілді. Ұстазы шәкірттерінің көбін жетілдіруді оған тапсырып, оларды да артынша Сихриндке жіберді. Еліне келгенде захири және батыни білім мен нұрларын әлемге жаюды, талапкер шәкірттерді жетілдіруді және дәрежелерін көтеруді бастады. Даңқы әлемге жайылып, жан-жақтан келген ғашықтарының арасында өз ұстазы да оның нұрынан пайдалануға келетін еді. Ол әркімнің жүрегін білім және нұрға толтырып, Мұхаммед алейһиссаламның дінін тірілтіп күшейткен еді. Заманының патшаларын, әкімдерін, қолбасшыларын, ғалымдарын, қазыларын өте әсерлі хаттар жазу арқылы дінге, сүннети сәнияға шақыратын еді. Көп ғұлама мен әулие жетілдіретін еді.

8) Батын білімін Мұхаммед Бақидан (қуддиса сиррух) алған болса да, Аллаһу та'ала оған одан да көбін нәсіп етті. Өзіне тән болған ілімдерді де әлемге жайды. Ұстазы да сол жаңа ілімдерге қол жеткізу үшін алдына келіп, құрметпен отыратын. Тіпті бір күні келген кезінде оның жүрегімен айналысып отырғанын көріп, бөлмеге кірмеді, қызметшіге де хабар жолдап, «Мазаламаңдар!» деді де, есік алдында үндемей күтіп тұрды. Біраз уақыттан соң Имам Раббани (қуддиса сиррух) орнынан тұрып: «Есікте кім бар?» деп сұрады. Сонда ұстазы «Фақыр Мұхаммед Бақи (рахимәһуллаһу та'ала)» деді. Есімін естігенде дереу есікке жүгіріп, әдеппен, қарапайымдылықпен қарсы алды. Ұстазы оған көп сүйінші айтты, жақындарына оны мақтап, қайтыс болатын кезінде бүкіл шәкірттеріне оған бағынуды әмір еткен еді.

9) Қожа Мұхаммед Бақидың (қуддиса сиррух) шәкірттерінің ең үстемдерінен және ең мәртебелі ғалымдарынан болған Сәйид Мұхаммед Нуман (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: Имам Раббаниға бағынуды ұстазым маған айтқанда мұның қажеті жоқ екенін айту үшін «Жүрегімнің айнасы тек сіздің жарқын жүрегіңіздің нұрына ғана қарап тұр» дедім. Ұстазым қатал дауыспен «Сен Ахмедті кім деп ойлайсың? Оның күндей нұры біз секілді мыңдаған жұлдыздың жарығын басуда» деді.

10) Қожа Мұхаммед Бақи заманының ғалымдарының ұлыларынан кейбір жақындарына жазған хаттарының бірінде айтқан: «Сихринд» қаласынан жас жігіт келді. Білімі көп. Әр іс-әрекеті біліміне сай. Бірнеше күн бұл фақырдың қасында болды. Оның бойында көп нәрсе көрдім. Әлемді нұрға толтыратын күн болатынын түсінудемін. Туыстары мен бауырларының барлығы да гауһардай қадірлі, ғалым жігіттер! Олардың да аз уақытта қандай гауһар екенін түсіндім. Әсіресе Ахмедтің ұлдары да бар, әрқайсысы Аллаһу та'аланың қазынасы.

11) Бір ретінде айтқан: Осы үш-төрт жылдың ішінде баршаға тура жолды, құтылу жолын көрсетуге тырыстым. Әлхамдулиллаһ, бұл талпынысым зая кетпеді. Өйткені ол сияқты тұлға шықты.

12) Қожа Мұхаммед Бақи (қуддиса сиррух) бірде айтқан: Жүректерге дауа, рухтарға шипа болған осы тұқымды Самарқанд пен Бұхарадан әкеліп, Үндістанның берекетті топырағына ектім. Шәкірттерді жетілдіріп, кемелге жетуіне тырыстым. Ол барлық дәрежені асып, үстемдіктердің соңына барғанда өзімді арадан алып, шәкірттерді оған тапсырдым.

13) Имам Раббанидың (қуддиса сиррухума) ұстазы Қожа Мұхаммед Бақи Биллаһ (қуддиса сиррух) оған (Имам Раббаниға) жазған хатында былай деген: Аллаһу та'ала сізге ең жоғары дәрежеге жетуді және баршаны да жеткізуді нәсіп етсін! Шумақ:

Жомарттардың дастарханынан топырақтың да нәсібі бар!

Асыра сілтеу емес, шәйх-ул ислам Абдуллаһ Ансари (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Мені Әбул Хасан Харқани (рахимә-һуллаһу та'ала) жетілдірді. Бірақ Харқани қазір тірі болса, ұстазым екенін ойламай, алдыма келіп тізерлеп отырар еді». Біздің тұруымыз мұқтаж болмағымыз немесе маңызды деп санамағанымыз үшін емес, бәлкім қабылдау белгісін күтудемін. Мәселенің дұрысы осы. Аллаһу та'ала бізге хидаят нәсіп етсін! Өз-өзін ұнатудан және алданудан қорғасын! Бұл хатымды сізге апарған Нишапурлық Сәйид Салих көңілінің дертіне шара іздеп маған келді. Уақытым, жағдайым бұған лайықты болмағандықтан, уақытын менімен бос өткізбесін деп сізге жібердім. Иншаллаһ мейіріміңізге, жоғары тәуәжжуһіңізге қауышып, қабілетіне сай біраз нәрсе алар.

14) Аллаһу та'ала білім мен тәлімге құштар болған пақырларды, бір нәрседен нәсібі болмағандарды жақсы көріп таңдап алған әулиелерінің (рахимә-һуллаһу та'ала) құрметіне мақсаттарына жеткізсін! Әулиелердің қайнар көзі болған дәргейіңізге ықылас пен құрметімді ұсына алмадым. Иә, хәлдері дұрыс болған құзырға тек осы сөзді жазу мүмкін. Сізге шәкіртім деп айту ұятсыздықтың ең төмені және көріністі айту саналып, ақиқатты жабу болады. Бізге қажет болғаны өз шегімізді білу, орынсыз сөйлемеу. Дұғаларыңызды сұраймын.

15) Ұстазынан басқа сол заманның үлкен ғұламаларынан, кемелдерінен көбі оған лайық болған мақтаулар айтқан, оған әдепсіздікпен сөйлегендерге жауап беріп, бәрі оның марифат нұрының айналасына көбелектей жиналған. Олардан саусақпен көрсетілетін ең үлкендері, мысалы Фадлуллаһ Бурханпури, Мәулана Хасанул Ғауси, Мәулана Абдулхаким Сиялкути, Мәулана Жәмаладдин Талуви, Мәулана Яқуб Сырфи, Мәулана Хасанул Кубадани, Мәулана Мирәкшах, Мәулана Мир Мүмин, Мәулана Жан Мұхаммед Лахури және Мәулана Абдуссалам Диуики. Мухаддис Абдулхақ Дехлеуи өмірінің көбін оған қарсы шығумен өткізіп, соңғы кездерінде жүрек айнасы тазаланып, нәпсінің тотығуы және шаң-тозаңынан құтылып, сол күннің нұрлары жүрегін жарқыратқанда оны мақтауды және қарсы шығушылардың жалаларын жоққа шығаруды бастаған.

16) Мысалы Фадл Бурханпури оның көркем сипаттарын, жақсы хәлдерін тыңдауды жақсы көріп, құнды марифеттерін естуден рахаттанатын еді. Оның қутбул ақтаб, яғни заманының имамы екенін және ақиқат сырларынан берген хабарларының бәрі дұрыс және өте құнды екенін, сөздерінің дұрыстығына және хәлдерінің үстемдігіне белгі ислам дінінің бүкіл ерекшеліктеріне бағынуы әрі баршаның оны жақсы көруі екенін айтатын еді. Имам (қуддиса сиррух) қамауға алынған кезде құтылуы үшін бес уақыт намазда көп дұға ететін. Оған Сихринд жақтан шәкірт келгенде «Сіз Имам Раббаниға жақын бола тұра білімді, марифетті басқа жерде іздеп жүрсіз. Күнді тастап, жұлдыздардың жарығына жүгіресіз. Сіздерге таңқаламын» дейтін.

17) Хасанул Ғауси оны көп мақтайтын. «Мәнақибул әулия» кітабында Имам туралы «Махбубият мақамының иесі және уахданият мәжілісіндегі күрсидің әшекейі, фәрдият мақамының мүшесі, құтбият дәрежесінің басшысы» деп жазған.

18) Мәулана Абдулхаким Сиялкути Имамға (рахимә-һумуллаһу та'ала) көп тағзым мен құрмет көрсететін. Қарсы шығушыларға қарсы күресетін. Оны «Мүжәддид әлфи сани» деп атайтын. Оған бұл атауды ең алғаш айтқан осы кісі деседі. Қарсы шығушыларға қарсы «Ғұламалардың сөздеріне мақсаттарын түсінбей қарсы келу надандық. Ондайлардың соңы пәлекет. Білім мен фәйздің қайнар көзі, білім бұлағы ұстаз Ахмедтің сөздерін жоққа шығару ештеңені білмеу және түсінбеу болып саналады» деп жазған.

19) Бәлх қаласындағы Мир Мұхаммед Мүмин Кубрауи шәкірттерінің бірін қол беріп байлану, тәубеге келу және әулиелік жолда өркендеу үшін Имам Раббаниға (қуддиса сиррух) жіберді. Ол келіп, ұстазының, Сәйид Мирәкшахтың, Хасан Кубаданидың, Қадил Қудат Туләктың сәлемін айтты да, «Ұстазым Мир Мұхаммед Мүмин «Кәрілігім бөгет болмаса және мекенім жақын болса, барып дәрісіне қатысып пайдаланатын едім, өмірімнің соңына дейін оған қызмет ететін едім. Ешкімге нәсіп болмаған нұрларымен жүрегімді жарқыратуға тырысатын едім. Денем алыста, ал көңілім онымен бірге сонда. Бұл пақырды құзырындағы таза шәкірті секілді қабыл етуін және қасиетті нұрларынан рухыма жарық салуын тілеп жалбарынамын, менің атымнан да оның мүбәрәк қолын сүй» деді» деп Имамның (қуддиса сиррух) тағы қолын сүйді. Қоштасып, қайтатын кезінде «Бәлх қаласындағы құрметті бауырларымыз оларға жоғары ақиқаттарды баяндайтын хатыңызды жолдауыңызды өтінеді» деді. Имам Раббани (қаддәсаллаһу сиррәһул азиз) тоқсан тоғызыншы хатты жазып, басқа бірнеше хатпен бірге берді. Біраз уақыттан соң Бәлхтен Үндістанға келген кейбір садықтар айтқан: «Имамның (қуддиса сиррух) хаты Мир Мұхаммед Мүминге келгенде оқыған кезінде шаттанғанынан бір орында тұра алмай, «Арифтердің сұлтаны Баязид, Сәйидут-таифа Жүнәйд және олар секілді ұлы ғұламалар қазір тірі болса, Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) алдында тізе бүгіп отырып, оған қызмет ететін еді» деген».

20) Сол заманның әулиелерінің бірінің айтуынша, ғалымдардың Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) жазбаларынан нәсіптері надандардың даналардан естіген даналықтарын түсінуі секілді.

21) Сол заманның білімімен амал ететін діндар ғалымдарының бірі айтқан: «Жүрек пен рух ілімдерінің мамандары не кітап тасниф етеді, не тәлиф етеді. Тасниф дегені – бір әулиенің оған хабар берген ілімдерді, сырларды, дәрежелерді жазуы. Ал тәлиф – біреудің сөздерін өзіне тән реттілікпен жинақтап жазуы. Тасниф көп уақыттан бері әлемде тоқтады. Тек қана тәлиф қалды. Бірақ Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) жазбалары дұрысы таснифқа жатады. Тәлиф емес. Мен оның шәкірті емеспін. Бірақ ынсаппен айту керек болса, оның жазбаларына көп зейін саламын. Басқа біреулердің сөзін таба алмаймын. Бәрі өзінің кәшфтері, жүрегіне келген ілімдері. Барлығы да жоғары, жақсы, жағымды және ислам дініне сай».

22) Сол заманның ең үлкен қазысынан Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) хәлдері жайлы сұралғанда ол: «Жүрек пен рух ғалымдарының сөздері мен хәлдеріне біздің ақылымыз жетпейді, ақылымыз қабылдамайды. Бірақ Имам Раббанидың (қуддиса сиррух) хәлдерін көргенде өткен әулиелердің хәлдерін және сөздерін түсіндім, білдім. Оған дейін өткен әулиелердің ғажайып хәлдерін, оғаш ғибадаттарын оқығанда шәкірттері оларды асырып жазғандығы ойыма келетін. Оның хәлдерін, жағдайларын көргенде сондай ойлар мен күдіктер қалмады».

23) Хадис ғалымы Абдулхақ Дехлеуи алғаш уақыттары Имам Раббани (қуддиса сиррух) хазреттің жазбаларын ұнатпай, қарсы сөздер жазатын. Бірақ соңғы уақыттарында Аллаһу та'аланың жәрдеміне қауышып, сол істеріне өкінді, тәубе етті. Қожа Мұхаммед Бақидың жетіліп шыққан шәкірттерінен Мәулана Хусамеддин Ахмедке сол тәубесін былай жазды: «Аллаһу та'ала Ахмед Фаруқиға саламаттық нәсіп етсін! Бұл пақырдың жүрегі қазір оған қарай өте таза болды. Пендешілік перделері көтерілді. Нәпсінің дақтары тазаланды. Жол бірлігін қоя тұрайық, сондай дін ғұламасына қарсы тұрмау ақылға сай іс еді. Неткен ынсапсыздық, надандық жасаған екенмін. Қазір жүрегімде, ар-ожданымда сезген масқаралығымды, оның алдындағы кішілігімді жеткізе алмаймын. Жүректерді ауыстыру, хәлдерді өзгерту Аллаһу та'алаға тән». Абдулхақ Дехлеуи (рахимә-һуллаһу та'ала) өз балаларына да хат жазып: «Ахмед Фаруқидың (саламаһуллаһу та'ала) сөздеріне қарсы жазған жазбаларымды жыртыңдар! Жүрегімде оған қарсы ешқандай қарсылық қалмады. Жүрегім оның алдында таза болды» деді. Көрініп тұрғанындай, әуелгі қарсылықтары пендешілік екен. Қарсы шыққандардың барлығы да осындай. Аллаһу та'ала тілегеніне мейірім танытып, қарсылық тозағынан құтқарып, растау, қабылдау жәннатына қауыштырады. Тәубесінің себебі де нақты белгісіз. Кейбір адамдардың айтуынша, Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсінде көрді, қарсы шыққаны үшін оған ұрысты. Ал кейбірлердің айтуынша, Имам туралы Құран кәрімнен жеребе тастады, «Өтірікші болса зияны оған. Дұрыс айтқан болса, Аллаһу та'ала уәде еткендерінің кейбірлерін бастарыңа шығарады!» деген аяти карима шықты. Бір ретінде «Олар Аллаһу та'аланың сүйікті құлдары. Олар сауда-саттықта да Аллаһу та'аланы жүректерінен шығармайды» аяти каримасы шықты. Басқалардың айтуынша, оған қарсы шығуы дұшпандар жіберген өтірік хат себебімен еді. Анық-қанығын аңғарғанда ол өкініп, тәубесіне келді.

Анықтама: Балалары әкелерінің хатын алғанда жазбаларын жойды. Бірақ кейбірлері басқа адамдарда қалып қойды. Бірнеше парсы тіліндегі кітапта солардың жазылғаны байқалып, өте әдемі жауап берілген. Имам Раббаниды (қуддиса сиррух) көріп, мақтаған ғалымдардың бәрі тізбектеп жазылса, бөлек бір кітап болады.

24) БЕСІНШІ КӨРІНІС: Ізгілік мен кемелдіктің әйгілі болуы көре алмайтындардың көбеюіне себеп болады. Адам алейһиссаламнан бері осылай болған. Надандардың көре алмаушылығы сол адамның ниғметтерінің көптігін көрсетеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Адамдардың арасында бәле-жаланың көбі пайғамбарларға (алейһиссалату уәссәләм), кейін ғалымдарға, одан кейін салихтарға келеді». Имам Раббаниға да (қуддиса сиррух) бәле-жаладан көп үлес түсті. Қалай келмесін, ол мүжәддид әлфи сани еді. Яғни Аллаһу та'ала оны пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мың жылдан кейін дінді жаңалау және күшейту үшін жіберді. Жаңалау өзгеріс жасамастан оңай бола ма? Күнәлар, бидғат пен ырымдар көбейген, адасушылық кең тараған, әсіресе уахдәти вужуд ұстанушылары дін ғалымы ретінде танылған заманда ислам дінін күшейту, бұларды тазалау оңай ма?

25) Шах Ахмед Уәлиуллаһ Деһлеуидің 1176 [м.1762] ұлы Мәулана Шах Абдулазиз 1239 [м.1824] (рахимә-һумуллаһу та'ала) айтады: Уахдәти вужуд мұсылмандар арасында әр түрлі кейіпке енгізілді. Сауатсыздар ғұламалардың сөздерінің мәнін түсіне алмай діннен шықты. Бұл жоғары және құнды білім діннің құлауына жол ашты. Мешіт шәйхтары осының кесірінен дүмше болып кетті. Ұстанған жолдары сауатсыз халық арасында тарады. [Бұл жағдай ислам дұшпандарына майдай жақты. Дінсіздерді және әдепсіздерді тасаууф ақыны деп танытуды, олардың күпірлікке толы сөздерін әдебиет кітаптарында жастарға оқытуды бастады]. Аллаһу та'ала құлдарына жанашырлық танытып, Имам Раббани (радиаллаһу анһ) секілді мүжәддид жаратты. Оған терең білімдер нәсіп етті. Осы арқылы құлдарының зейіндерін тазалады. Хақты қатеден ажыратып, көпшіліктің жүрегіндегі қате ұғымды алып тастады.

Сондықтан да ол кей адамдардың жазғыруына және жала жабуына ұшырады. Көптеген ғалымдардың, үстемдердің, кемелдердің өз жолдарынан айрылып, өз ұстаздарын тастап, Имамның айналасына, қызметіне жүгіруі де көре алмаушылар санын арттырды. Олар Имамды қауіпке түсіру үшін айла қолдануды бастады. Мысалы «Жүнәйд, Баязид секілді ұлы шәйхтарды төмен көреді» деп халықтың сауатсыздарын алдады. «Жоғары дәрежелі шәйхтар хабар берген уахдәти вужудты жоққа шығарды» деп ой-өрісі қысқа адамдарды Имамға суыта бастады. Оны жақсы көретіндерге «Ұлы шәйхтарға қарсы шықты, Аллаһу та'аланың марифатына арашысыз қол жеткіздім дейді» деді. Ақыр соңында «Үкіметті мойындамайды, заңға бағынбайды» деп атына саяси дақ түсіруге тырысты. Мұсылман адам айта алмайтын жала сөздер айтты.

26) «Ардақты шәйхтарды төмен көреді» сөзі толығымен жала еді. Мәктубатта оларды қалай құрмет пен тағзым ететінін, әр ғасырда дұшпандар қолданып жүрген сөздеріне неткен жақсы мағыналар бергенін, жақсы мағынаға аудара алмағандары туралы «Бастапқыда қателесіп айтып, кейіннен жоғары дәрежелерге жетіп, сол сөздерін түзетті» дегенін оқығандар бірден түсінеді. Кәшфтегі қателердің ижтиһад қателері секілді кешірілгенін, бәлкім сауап берілгенін айтуда. Уахдәти вужудты да жоққа шығармай, өте әдемі түсіндіргенін және бұл мәселеде әрі ислам дінінің намысын қорғағанын, әрі ғұламаларға деген құрметті сақтағанын Мәктубатты оқығандар біледі.

27) Сол заманның сұлтаны Сәлим Жиһангир Ханның мемлекет адамдары, тіпті үлкен уәзірі мен бас мүфтисі, тіпті отбасы әһли сүннет емес еді. Алайда Имамның көптеген хаттары, әсіресе бөлек жазған «Рәдди рауафид» кітапшасы мазһабсыздарды жоққа шығарып, надан, ақымақ және төмен екенін баяндауда. Имам Раббани бұл кітапшасын Бұхарадағы ең үлкен Өзбек ханы Абдуллаһ Жәнгизи ханға жолдаған. «Мұны Иранда Шах Аббас Сафауиге көрсетіңіз! Қабыл етсе жақсы, қабылдамаса онымен соғысуға рұқсат» деген еді. Ол қабыл етпеді. Соғыс орын алды. Абдуллаһ хан Хиратты және Хорасандағы қалаларды алды. Ол жерлерді жүз жыл бұрын сафауилер алған болатын. Осыдан кейін Үндістандағы мазһабсыздар бірігіп, Имамның ұзтазына жазған бірінші томның он бірінші хатын сұлтанға көрсетіп, «Ол өзін баршадан, тіпті Әбу Бәкірден (радиаллаһу анһ) жоғары деп біледі және осыны баршаға айтады» десті. Сәлим Жиһангир Шах баласы Шах Жиһанды жіберіп, Имамды, балаларын және жетілдірген ғұламаларын шақырды. Бәрін өлтіруге шешім қабылдады. Шах Жиһан бір мүфтимен бірге Имам Раббаниға барды. Сұлтанға сәжде жасау рұқсат екенін көрсететін фәтуаны да апарды. Ол Имам Раббанидың таза екенін білетін еді. «Әкеме сәжде етсең сені құтқара аламын» деді. Имам бұл фәтуаның зәру жағдайда рұқсат екенін, бірақ азимет пен дін тұтастығы сәжде етпеу екенін, ажал келсе өлімнен ештеңе құтқара алмайтынын айтты. Балалары мен достарын қалдырып, жалғыз өзі барды. Сұлтан он бірінші хатты көрсетіп мағынасын сұрады. Ол әдемі және тұшымды жауап бергені сонша, сұлтан жоғары ақиқаттарды, сырларды түсінетін адам болмаса да, көңілі шаттанып, кешірім сұрап, еркін жіберді. Көре алмайтындар сұлтанның разы, ал өздерінің барлық еңбегі бос кеткенін түсініп, сұлтанға «Оның адамдары көп. Сөзі бүкіл мемлекетке өтеді. Оны еркін жіберсек, бүлік шығуы мүмкін. Ол өз-өзін жақсы көргені сонша, сізді де төмен санап, сәжде жасамай құрмет көрсетпеді. Тіпті сәлем де бермеді» десті. Имам ішке кіргенде сұлтанның мас, ашулы, азғын, яғни құрмет пен қадірліктен түскенін көріп, сәлем бермеген болатын. Мәжілісте ұзақ талқыдан кейін Гуваляр қамалына қамауға алуға бұйрық берді. Бұл қамал мемлекеттің ең бекем және қорқынышты қамалы еді. Бұлбұлдың нашар адамның торына қамалуы секілді Имамның (радиаллаһу анһ) мүбәрәк күндей жүзі мұсылмандардың назарынан жасырылды. Айдың он төрті қара бұлтпен жабылды. Үндінің әйгілі әдебиетшісі, Азад есімімен аты шыққан сәйид Ғұлам Әли сол түннің қараюын өте әдемі өлеңдерімен еске түсіруде.

28) Имам Раббани (қаддәсаллаһу та'ала сиррәһул азиз) оған дейін «Қол жеткізген дәрежелерімнің үстінде өте көп дәрежелер бар. Оларға көтерілу Жәлалмен, қатал тәрбиемен мүмкін. Қазірге дейін Жамалмен, басым сипалып тәрбие көрдім» деген еді. Достарының кейбіріне «Елу мен алпыс арасында басыма дерттер, бәлелер жауады» деген болатын. Дәл айтқанындай болды. Сол дәрежелерге де көтерілу нәсіп болды.

29) Қамалда қамаудағы мыңдаған кәпір Имамның (қуддиса сиррух) берекетімен иман және исламмен қадірленді. Көптеген күнәһарлар тәубеге келді. Тіпті кейбірлері үлкен ғұлама болды. Тіпті сұлтанға он бірінші хатты түсіндірген кезде сол жерде тұрған отқа табынушы үнділердің үлкен қолбасшысы Имамның діндегі беріктігін, сөзін, ләззат пен қадірін көріп, мұсылман болғаны ел арасында тараған. Сұлтанның уәзірі зынданда Имамның жеке басына бауырын тағайындап, өте қатал қарауын бұйырған еді. Ол болса Имамнан түрлі кереметтер, қайғырудың орнына айбаттылық, сабыр танытқанын, тіпті қуанғанын көріп, тәубесіне келген, адасушылықтан бет бұрып, әһли сүннетпен әшекейленген және Имамның (қуддиса сиррух) адал шәкірттерінен болған еді.

30) Имам (радиаллаһу анһ) қамауда кезінде сұлтанға разы еді. Жасаған сол ісіне оң көзімен қараған еді. Оған үнемі қайырлы дұға жасайтын еді. Тіпті Имамның (қуддиса сиррух) достарының кейбірі сұлтанға қастандық жасағысы келді. Мұны іске асыруға күштері жететін еді. Бірақ Имам оларға түске кіріп және ояу кезде де бұған тыйым салды. Сұлтанға қайырлы дұға етуді бұйырды. «Сұлтанды ренжіту барлық адамдарға зиянын тигізеді» дейтін. Зынданнан балаларына жазған хаттарын Мәктубаттан оқығандар мұны жақсы түсінеді.

31) Сұлтан Сәлим Жиһангир ханның ұлы Шах Жиһан (рахимә-һуллаһу та'ала) әкесіне қарсы шықты. Әскері көп және әкесі тарапындағы қолбасшыларының көбі оған көңіл байлаған болса да, ол жеңіске жете алмады. Сол дәуірдің әулиелерінің бірінен жағдайын түсіндіріп дұға сұрады. Әулие: «Сенің жеңіске жетуің үшін уақыттың төрт құтыбының саған дұға етуі қажет. Олардың үшеуі сенімен бірге болғанымен, ең ұлысы болған төртіншісі бұл іске разы емес. Ол Имам Раббани мүжәддид әлфи сани (қуддиса сиррух) хазрет». Шах Жиһан Имамның алдына келіп, дұға етуін сұрап жалбарынды. Имам (қуддиса сиррух) әкесіне қарсы шығуына бөгет болып, насихат айтты. «Әкеңе бар, қолын сүй, көңілін аула! Жақында ол қайтыс болады, билік саған қалады» деп сүйінші айтты. Шах Жиһан бұл бұйрығын тыңдап, мақсатынан бас тартты. Аз уақыттан кейін 1037 [м.1627] жылы әкесі қайтыс болғанда билікке қол жеткізді. Көре алмайтындардың Имам туралы «Сұлтанды тыңдамайды, заңға қарсы келеді» деген сөздеріне сенуге бола ма?

32) Имам (қуддиса сиррух) қамалда екі немесе үш жыл қалғаннан кейін сұлтан ісіне өкінді. Қамаудан шығарып сый-сияпат көрсетті. Тіпті адал шәкірттерінен және жақын достарынан болды. Біраз уақыт әскердің арасында қалуын әмір етті. Кейін бостандыққа шығарып, құрметпен отанына жіберді. Имам Раббани (рахметуллаһи та'ала алейһ) одан бұрынғы хәлдері мен дәрежелерінің мыңдаған қадам жоғары дәрежелерге көтерілген күйде оралды. Одан кейін жазған хаттарындағы ақиқаттарды, марифаттарды, сырларды және нәзік мәселелерді тек қана қадірлі балалары және жетілдірген құрметті орынбасарлары түсіне алады. Сол құнды хаттарымен Мәктубаттың үш томы толықты.

33) Әулиелердің ұлылары, тіпті пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) осындай бәле-жалаларға, қиындықтарға ұшыраған. Заманымыздың әулиелері мен салихтары жұбаныш тапсын, ал надандар заманының әулиелерін дерт пен бәле-жалаға ұшырағанын көріп, оларды жаман жағдайда деп санамасын. Осы нәзік мәселені түсіне алмаған тарихшылар әулиелердің жақсы күндерін жазып, пендешілікке байланысты жағдайларын жазбайды, бұларды оқыған қара халық оларды періштедей санап жақсы көреді. Өз заманындағы салих, тақуа және әулие деп естіген адамында пендешілікке байланысты жағдай көргенде оны жаман деп санап, оның нұрын пайдаланудан мақұрым қалады. Тіпті онымен тартысып, үлкен күнәға түседі. Аллаһу та'ала сүйіктілерін адам табиғатына қажет болған жағдайлардың арасында жасырғанын олар білмейді. Расында «Сүйіктілерімді жасырамын. Оларды әркім тани бермейді» деген. Бұл жайында Имам Раббани (қаддәсаллаһу та'ала сиррәһул азиз) Мәктубатта көп нәрсе хабарлағаны секілді, Мухиддин Араби (қуддиса сиррух) та «Футухат» кітабында айтады: «Көңілді ренжітетін, нәпсіні тәрбиелейтін кемшілік нәпсінің қоздыратын, жүрекке астамшылық беретін ғибадаттан пайдалы».

34) Имам Раббани мужәддид әлфи сани Ахмед Фаруқи (қуддиса сиррух) қалауларына жетіп, Аллаһу та'ала нәсіп еткен дәрежелерге көтеріліп, тағдырдың жазғаны орындалған кезде Әзрейіл алейһиссаламның шақыруын қабылдап, хижри 1034 [м.1624] жылы сафар айының жиырма тоғызыншы сейсенбі күні Рәфиқ-и аләға қауышты. Сихринд мазарына жерленді. Аллаһу та'ала рухын рахаттыққа бөлеп, қабірін нұрға толтырсын! Біздерді оның қадірлі тыныстарының берекеті және жоғары сүйіспеншілігімен нұрландырсын! Шапағатын нәсіп етсін және қиямет күнінде оны жақсы көретіндермен бірге, оның байрағының астында жинасын! Әмин!

35) Адамдардың мінездері, қалаулары, көзқарастары әр түрлі болатындықтан, көзі тірісінде оған қатысты адамдар екіге бөлінгеніндей, қайтыс болуынан кейін де бір бөлігі мақтап, бір бөлігі жамандады. Имамның марифаттары әлемге тарағандықтан, дұшпандары қанша жоққа шығарса да оның нұрын жаба алмады. Бәлкім көбірек тарауына себеп болды. Өйткені жоққа шығарушылар қарсылық уын шашқан кезде достары түрлі жауаптармен дауасын шашты. Осылайша Имамды мақтайтын жетпістен астам кітап пайда болды. Олардың арасында ең үлкені Мұхаммед Өзбеки Меккидің «Атиятул уәһһаб фасилату бәйнәл хата уәссауаб» кітапшасы болып, дұшпандарын масқара қылған, басын көтере алмайтын жағдайға түсірген. Имамды (қуддиса сиррух) қайтыс болуынан кейін көптеген мемлекеттерде көптеген ғалымдар мақтаған, өте пайдалы және маңызды кітаптар жазған. Олардың бірі Мекке мүфтиі шәйхул ислам Имам-ул аллама Мәулана Абдуллаһ Итақи-зада (рахимә-һуллаһу та'ала). Кітабының бірнеше беті араб тілді болғанымен оны аудармадық.

36) Имамды (рахимә-һуллаһу та'ала) қайтыс болуынан кейін мақтағандардың қатарында әулиелердің көсемі, ақиқаттың жетекшісі, уасылдардың дәлелі, заттық және рухани кемелдіктердің иесі, білім дариясы Зияуддин Мәулана Халид Османий Бағдади (қуддиса сиррух) болып, нәзік рухының үніне толы парсы тілдегі туындысының тоқсан төртінші бетіндегі шумақтарында былай дейді:

«Йа, Раббым! Ол шексіз жолдың жолаушысы, білім иелерінің көсемі, мына көзбен көрілмейтін, ақылмен жете алмайтын жасырын сырлардың қайнар көзі, адамдар түсінбеген, тек қана сен білетін ұлылықтың иесі, толқындаған мағыналардың дариясы, затсыздық, мекенсіздік әлемінің көсемі, нұрларымен Үндістанды жарқыратқан, Сихринд қаласын Мұса алейһиссаламға Аллаһу та'аланың кәламы келген қадірлі мекенге айналдырған, Мұхаммед алейһиссаламның дінінің ұлылығының дәлелі, көрегендердің мәжілісінің нұры, діні толық болғандар әскерінің қолбасшысы, ойға да келмейтін биіктерге көтерілген, жолымен жүргендерді де сол жаққа тартқан Ахмед Фаруқидың (қуддиса сиррух) көздерінің нұры құрметіне мені кешіре көр! Кінәратым көп, айыпты жағдайдамын. Өзіме көп зұлымдық жасадым. Сансыз кемшіліктер жібердім. Берген сөзімді ешқашан ұстамасам да, сенің кешірім мен мейірім теңізіңнің шексіздігін ойлап, көңілім жай табады. Тек қана сенің сыйыңа жүгінемін. Өйткені «Мен кешірушімін» дегенсің!».

37) Оны мақтағандардың бірі Мәулана Халид Бағдади (қуддиса сиррух) жетілдірген ғұлама және әулиелердің ең үстемі, ғалым, кәміл әулие, шексіз кереметтер иесі сәйид Таха Хаққари (қуддиса сиррух) хазрет.

38) Имам Раббаниды (қуддиса сиррух) мақтаған ғалымдардың бірі ғұламалардың әшекейі, әулиелердің кемелі сәйид Абдулхаким (рахметуллаһи алейһ). Салихтардың біріне жазған хатында айтады: «Зікір мен зікірдің әсері терең теңіз. Оның тереңдігіне ешкім бара алмаған. Ол толқынды дария, бүкіл әлем оның бір толқынын да білмейді. Әлемді қоршаған сондай үлкен мұхит, оны игеруге бүкіл әлемнің шамасы жетпейді. Зікір – зікір етушілердің жүрегінде пайда болатын күй. Оны айту, жазу, түсіндіру мүмкін емес.

Аллаһу та'аланы білетін адамның тілі сөйлей алмай қалады. Түсіндіретіндей сөз таба алмайды. Абыржып қалады. Дүниеден және адамдардан хабары болмайды. Зікір етілген Аллаһу та'ала болғанындай, зікір ететін де Ол. Өзін тек қана өзі зікір ете алады. Жаратылыстардың Оны зікір етуге қалай шамасы жетеді? Тек қана илаһи сипаттарымен сипатталуы үшін жаратқан адамына Оны зікір етуін әмір еткен. Әркім өз жаратылысындағы қабілеті шамасында сол шексіз және толқынды теңізден бір нәрсемен жұбаныш табады. Уәйсәл Қарани сол дарияның бір тамшысымен жұбаныш тапқан. Жүнәйд Бағдади сол теңізден бір уыстай шамасына тойып қанған. Абдулқадир Гейлани тек сол теңіздің жағалауына ғана барған. Мухиддин Араби оның түбінен шығарылған гауһармен мақтануда. Имам Раббани одан үлкен үлес алған (рахимә-һумуллаһу та'ала).

«Аллаһ» ұлы сөзін құрауға қызмет ететін әлиф, ләм және һә әріптері бұл ғажайып сөз ишара еткен, ештеңеге ұқсамайтын нәрсені баяндайтын құрал мен себеп. Бұларды айту зікір емес. Зікір – сол сөздің пайдасы, нәтижесі болған хәл мен жағдай. Бұл сөздің зікір деп аталуы ауыспалы мағынада. Шынайы мағынасы емес.

Осы секілді кәлима-и тәуһид те зікір емес. Тек мағынасы және айтылу жағынан зікірге құрал. Зікір – осы сөздің және тіркестің жүрекпен қайталауынан пайда болатын хәл. Бұл хәлдің жүзеге асуы бұл сөз пен тіркеске байланысты».

Өте ұзын болған осы хаттың жоғарыда жазылған бөлігінде Имам Раббанидың (қаддәсаллаһу та'ала сирраһул азиз) мақталуы қаншалықты ықшам, қысқа, бірақ неткен ауқымды және көп мағыналы.

Сәйид Абдулхаким (қуддиса сиррух) хаттарында және дәрістерінде: «Ба’дә китабиллаһ уә ба’дә китаб-и Расулиллаһ әфдал-и қутуб Мәктубатест» дейтін. Яғни Аллаһу та'аланың кітабы Құран кәрімнен кейін және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифтерінің жинақталуынан пайда болған Бұхари кітабынан кейін ислам дінінде жазылған кітаптардың ең үстемі – Мәктубат. [Әулиелердің уилаяттарының кәмалатының марифаттарын баяндайтын кітаптардың ең құндысы Жәлаладдин Румидың «Мәснәуи» кітабы болғанындай, әрі уилаят кәмалатының марифаттарын, әрі нубуввәт кәмалатының марифаттары мен нәзік мәселелерін баяндайтын кітаптардың ең құндысы және ең үстемі Имам Раббани Ахмед Фаруқидың «Мәктубат» кітабы].

Бір хатында «Дін мен дүниеге ең көп пайдасы тиетін және ислам дінінде теңдесі жоқ Мәктубат кітабын оқып біразын түсінген...» деп жазған. Айтуынша, парсы тілін аз білетін адам Мәктубаттың парсы тіліндегісін оңайырақ түсінеді. Өйткені Мүстақимзада Сүлейман Са’дәддин жазған түрік тіліндегі аудармасы әрі аралас-құралас, әрі қате. Мүстақимзада Сүлейман деген кісі Мұхаммед Әмин Тоқадиның шәкірті болып, 1202 [м.1788] жылы қайтыс болды. Зейректе ұстазының қасында жерленген. «Мәктубат» кітабы әр түрлі кездері әр түрлі жерлерде басылған. 1392 [м.1972] жылы Пакистанда Қарашиде шығарылған басылымы өте жақсы. Екі том күйінде болып, бірінші томда тек бірінші бөлім, екінші томда екінші және үшінші бөлім бар. Бұл екі том Стамбұлда офсеттік жолымен ең жақсы қағазға өте әдемі түрде басылған. Имам Раббанидың мүбәрәк ұлы Мұхаммед Масум Сәрхәнди жетілдірген жүздеген әулиелердің атақтысы Мұхаммед Бақыр Лахори 1080 [м.1668] жылы Мәктубатты парсы тілінде конспект күйінде жазып, «Кәнз-ул хидаят» атауын берген. Жүз жиырма беттен құралған бұл кітаптың ішінде жиырма тақырып бар. 1376 [м.1957] жылы Лахорда басылған. Ол одан бөлек парсы тілінде «Урвәт-ул вуска» кітабын жазған.

 

Расулуллаһтың мұрагері, мүжәддид әлфи сани,

Захир білімде мүжтәһид, тасаууфта Уәйсәл Қарани.

Дінді жайды жер жүзіне, нұрын шашты әр мүминге,

Оятты барлық жүректерді ұлы Имам Раббани.

Жақсы білді ілімхалды, сай еді әрбір хәлі шариғатқа,

Әбу Бәкірдей дінге қолдау болды, күпірлік жайылғанда шартарапқа.

Сұхбатынан бәрі фәйз алды, қолбасшы да, әкім де,

Омар Фаруқ ұрпағы ол, теңдесі жоқ әулие.

 

ТӘУҺИД ДҰҒАСЫ

Йа Аллаһ, йа Аллаһ. Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ. Йа Рахман, йа Рахим, йа афувву йа Кәрим, фафу анни уәрхамни йа архамаррахимин! Тәуәффәни мүслимән уә әлхиқни биссалихин. Аллаһуммағфирли уә ли аба-и уә уммәхати уә ли әждади уә жәддати уә ли аба-и уә уммәхати зәужати уә ли әбна-и уә бәнати уә ли ихуәти уә ахауати уә ли а’мами уә аммати уә ли ахуали уә халати уә ли устади Абдулхаким Арваси! (Рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).