19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕКІ КӨЗ ҚАРАШЫҒЫ. КІРІСПЕ

МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕКІ КӨЗ ҚАРАШЫҒЫ. КІРІСПЕ

Аллаһу та'ала дүниеде бүкіл адамдарға жанашыр. Ол пайдалы нәрселерді баршаға жіберуде. Зияннан қорғану, бақытқа кенелу үшін соның жолын көрсетуде. Ахиретте тозаққа түсуі керек болған күнәһар мұсылмандардан қалағанын кешіріп, мейірім танытады. Әр жандыны жаратқан, әр болмысты әр мезетте бар қылып ұстап тұрған, бәрін қорқыныш пен үрейден қорғайтын тек қана Ол. Осындай Аллаһтың қадірлі есіміне сыйынып, осы кітапты жазуды бастаймыз.

Аллаһу та'алаға шүкір етеміз. Кез келген адам, кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген адамға, кез келген себеп үшін, кез келген жолмен шүкір етсе, бұл шүкіршіліктің барлығы Аллаһу та'алаға болады. Өйткені барлық нәрсені жаратқан, тәрбиелеген, жетілдірген, әр жақсылықты жасатқан, жіберген тек Ол. Құдірет, күш иесі тек қана Ол. Ол еске түсірмесе, жақсылық пен жамандықты ешкім қаламайды, таңдамайды. Құлдың қалағанынан кейін Ол да қаламайынша, күш пен мүмкіндік бермейінше, ешкім ешкімге жақсылық пен жамандық жасай алмайды. Мейірім танытқан құлдары жамандық жасауды қалайтын болса, Ол қаламайды және жаратпайды. Ондай құлдардан ылғи жақсылық шығады. Ашуланған дұшпандарының жаман қалауларының жаратылуын Ол да қалайды және жаратады. Бұл жаман құлдар нәпсілеріне ергендіктен жақсылық жасауды қаламайды. Олардан ылғи жамандық шығады.

Аллаһу та'аланың ең сүйікті пайғамбары Мұхаммед алейһиссаламға дұға мен сәлем айтамыз. Ол ұлы пайғамбардың әһли бәйтіне (отбасына), сахабаларының әрқайсысына (радиаллаһу та'ала анһум) қайырлы дұға етеміз.

Аллаһу та'ала мұсылмандарға Құран кәрімге жүгінуін, Құран кәрімнің айналасында бірігуін әмір етеді. Асхаби кирам әрбір әмірге толықтай бағынғандықтан бірікті, бір-бірін жақсы көріп бауыр болды. Олардың бір-бірін жақсы көргенін Аллаһу та'ала «Фәтх» сүресінде хабар беруде және мақтауда. Бірігуде күш бар. Бөліну пәлекетке себеп болады. Біз де асхаби кирам секілді болайық. Олардың көркем мінезін бойымызға сіңірейік. Бір-бірімізді жақсы көрейік. Құран кәрім көрсеткен тура жолда бірігейік. Бұл жолдан адасқандардың, араңдатушылардың өтіріктеріне алданбайық. Баршаға жақсылық жасайық. Әр адамға жылы жүзбен мәміле жасап, жылы сөйлеп, мұсылмандардың қадірін бүкіл әлемге танытайық. Үкіметке, заңға қарсы шықпау әрбір мұсылманның міндеті. Фитна, бүлік шығару үлкен күнә. Мазһаб бөлінулері қақтығысқа себеп болмауы керек. Бізді бөлгісі келетін шетелдіктер әр тілде кітап басып шығаруда. Хадис шәрифтерді өзгертіп, аяти карималарға қате, бұзылған мағыналар беріп, жөнсіз хикаялар ойлап шығарып, таза жастарды алдауда.

Исламды іштен құлатқысы келетіндерді хабарлау және олардың өтіріктеріне, жалаларына жауап беру үшін ислам ғалымдары мың жылдан бері мыңдаған кітап жазған, мұсылмандарды бұл бәлеге еруден қорғаған. Осындай пайдалы кітаптардың бірі – Үндістанның ұлы ғұламаларынан Шах Уәлиуллаһ Ахмед Сахибтың (рахметуллаһи алейһ) парсы тілінде жазған «Қуррәт-ул айнәйн» кітабы. Шах Уәлиуллаһ хазрет 1114 [м.1702] жылы Делиде дүниеге келіп, 1176 [м.1762] жылы сол жерде қайтыс болған.

Бұл кітаптағы жазбалардың барлығының дәлелдері, құжаттары «Тухфә-и исна ашария» кітабында ұзақ жазылған. Мысалы жетінші бапта хазреті Әлидің бірінші халифа болатынын дәлелдеу үшін базбіреулердің бес аяти каримаға және он екі хадис шәрифке берген мағыналарының қате екенін айтқан соң былай дейді: «Әһли сүннет бойынша Құран кәрімнен кейін ең құнды кітап – «Бұхари шәриф». Бұл кітапта пайғамбарымыздың хадис шәрифтері жазылған. Кей адамдардың айтуынша, Құран кәрімнен кейін ең құнды кітап – «Нәһж-ул бәлаға». Ол кітапта Ради есімді адам хазреті Әлидің хұтбаларын жазған. Сол хұтбаларды жазған кезде хазреті Әлидің шәйхайнды мақтайтын сөздерін шығарып тастап, басқа қосымшалар енгізіп, өзгертулер жасаған. Хазреті Әлидің хұтбалары өзгеріп кеткені, бұзылғаны сонша, «Нәһж-ул бәлаға» кітабын шәрһ еткен, түсіндірме жасаған шии ғалымдары көптеген жерлеріне мағына бере алмай, сол күйінде жазуға мәжбүр болған». «Тухфә-и исна ашария» кітабы парсы тілінде. Араб тіліне аударылған. Махмұд Шукри Алуси бұл араб тілді аударманы қысқартып, «Мухтасар-и Тухфә» деп атаған. Захири білімдердегі және тасаууф білімдеріндегі жоғары дәрежесімен танылған ұлы әулие сәйид Абдуллаһ Деһлеуи хазрет парсы тіліндегі «Мәктубат» кітабының алпыс бірінші хатында «Нәһж-ул бәлаға» кітабындағы хұтбалар сахих емес деген. Кей адамдар бұл қате кітапты «Истинад-и Нәһж-ул бәлаға» атымен басып шығарып, барлық елге тегін таратуда. Мұхаммед бин Хусейн Мусауи Ради – Мұртада есімді яһудидің бауыры. Әли бин Хусейн Мусауи Мұртада да «Хусния» кітабында өте жаман, жиіркенішті сөздермен әһли сүннет ғұламаларына тіл тигізуде. Екеуі де парсылық. «Тухфә-и исна ашария» кітабының авторы хафыз Ғұлам Халим Абдулазиз бин Кутб-уддин шах Уәлиуллаһ Ахмед Сахиб Деһлеуи 1239 [м.1824] жылы қайтыс болған.

Әр мұсылманның әһли сүннет ғұламалары жазған «Ілімхал» кітаптарының бірін оқып білім алуы және балаларына үйретуі қажет. Бәріміздің ішіміздегі нәпси әммара – кәпір. Бұл нәпіс иманымыздың кетуін, тура жолдан адасуымызды қалайды. Дінсіздердің, адасушылардың қате, зиянды кітаптарын, журналдарын оқуымызға, шетелдіктердің радиоларын, теледидарларын тыңдауымызға бізді жетелейді. Харам нәрселерді істеу, адасушылардың өтіріктеріне сену және кәпірлердің әдеттеріне, модаларына еру нәпсімізге жағымды келеді. Ғибадат жасау оған қиын келеді. Осы себептен де кәпірлік пен адасушылық барлық жерге оңай тарайды. Аллаһу та'ала хадис құдсида айтқан: «Нәпсілеріңді дұшпан деп біліңдер! Нәпсілерің маған дұшпан». Нәпсінің жақсы көретін, қалайтын амалдарын істемеу үлкен жиһад. Үлкен сауап болады.

Нәпси әммарамыздың және адасушылардың, мазһабсыздардың, кәпірлердің тұзақтарына түспеу үшін жалғыз шара – ілімхал кітаптарын оқу, иманды және ғибадаттарды дұрыс күйде осы кітаптардан үйрену. Мұсылмандар балаларын Құран үйрететін ұстаздарға жіберуі, Құран кәрім оқуды, намаз оқуды, иманның, исламның шарттарын оларға міндетті түрде үйретуі қажет. Нәпси әммара бұл жерде де алдымыздан шығады. «Алдымен күнкөрісіне ақша табуды үйренсін. Бұларды кейіннен үйрене береді» деп алдайды. Баласының мұсылман болуын қалайтын, дүниеде де, ахиретте де бақытқа кенелуін тілейтін ата-ана нәпсінің және адам шайтандардың өтіріктеріне алданбауы керек, балаларын әлбетте Құран кәрім ұстазына жіберуі қажет. Мектеп оқуын бастаған соң жіберу қиын, тіпті мүмкін емес болады. Ағаш жас кезінде иіледі. Қатайған соң июге тырыссақ, сынады, зиянды болады. Ислам білімдері берілмеген бала адасушы немесе кәпір болады. Ата-ананың кейіннен өкініп санын соғуы өздерін және балаларын тозақтан құтқара алмайды. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте ауыр ақиқатты жеткізу үшін «Хәләкәл мусаууифун» (кейін істеймін деген, ісін ертеңге қалдырған адам құриды) деген. Қайырлы істердің алғашқысы, ең маңыздысы – бала-шағаға ислам дінін үйрету. Әрбір мұсылманның осы алғашқы міндетін дереу орындауы, ертеңге қалдырмауы қажет.

 

Ешкімге мәңгі емес, дүниенің мал-мүлкі, алданба бекер,

Қарайған жүректі қалпына келтіру үлкен өнер.

Бұған фәни дүние дейді, тоқтамай айналатын.

Адам баласы шамшырақтай, соңында бір күні сөнер!