19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕКІ КӨЗ ҚАРАШЫҒЫ (Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар)

МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ЕКІ КӨЗ ҚАРАШЫҒЫ (Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар)

Төмендегі жазу ұлы ислам ғалымы шах Уәлиуллаһ Деһлеуидің (рахметуллаһи та'ала алейһ) «Қуррәт-ул айнәйн фи-тафдил-иш шәйхайн» атты парсы тіліндегі кітабынан аударылған. Бұл екі жүз жетпіс беттік кітап, 1310 [м.1892] жылы Пишаверде басылған.

«Қуррәт-ул айнәйн» кітабында бір кіріспе және екі бөлім бар. Кіріспеде шәйхайнның үстемдіктері нақылға және ақылға сүйеніп баяндалуда. Бірінші бөлімде шии ғалымдарынан Насирәддин Тусидың «Тәжрид» кітабындағы жазбаларына жауап берілуде. Мұхаммед Насирәддин Туси 597 [м.1201] жылы Тус қаласында дүниеге келіп, 676 [м.1274] жылы Бағдатта қайтыс болды. Екінші бөлімде көре алмаушылар мен дүмшелер тарапынан шәйхайнға жабылған жалаларға, өтіріктерге жауап берілуде.

Шәйхайн, яғни хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу анһума) асхаби кирамның ең үстемдері. Заманымызда бидғатшылар, яғни адасушылар көбейгендіктен, бұл үстемдікке күмәнмен қарайтындар шыға бастады. Тіпті сәләф-и салихинның дұрыс сенімдері ұмытылуда. Алайда шәйхайнның үстемдігі ақылмен де, нақыл жолымен де айқын болған шындық. Нақыл үш жолдан келеді. Аллаһу та'ала сүйікті пайғамбарына мүмин және салих халифалар беретінін, дінін олар арқылы қуаттандыратынын «Нұр» сүресінің елу бесінші аятында уәде етті. Расулуллаһ көрген және асхаби кирам көріп Расулуллаһ жорған түстер де осыны көрсетеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзінен кейін шәйхайнның халифа болатынын әрі ашық күйде, әрі ишара етіп көп хабар берген. Хақ халифа екенін хабарлайтын бұл дәлелдер тәуатур жолымен бізге келген. Олай болса, шәйхайн мұсылмандардың ең үстемдері. Тирмизи мен Хаким риуаят еткен хадис шәрифте: «Менен кейін Әбу Бәкірге және Омарға бағыныңдар!» делінген. Бұл хадис шәрифті Хузәйфә және Ибн Мәсуд хабар берді. Хакимның кітабында Әнәс бин Малик айтып берген: «Бәни Мусталақ тайпасы мені Расулуллаһқа жіберді. «Сізден кейін зекеттерімізді кімге беретінімізді сұра» деді. Мен келіп сұрадым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Әбу Бәкірге беріңдер!» деп жауаптады. Мені олар қайтадан жіберді. Келіп «Әбу Бәкірден кейін кімге берейік?» деп сұрағанын жеткіздім, «Омарға!» деп жауаптады. Тағы келіп «Омардан кейін кімге берейік?» деп сұрағанын айттым. Бұл жолы «Османға!» деп жауап берді». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соңғы науқастануында өзінің орнына хазреті Әбу Бәкірді (радиаллаһу та'ала анһ) имам қылды. Басқа біреудің имам болуына айқын түрде тыйым салды. Сахабалардың ұлыларынан хазреті Омар мен хазреті Әли хазреті Әбу Бәкірдің халифа болатынын осыдан аңғарды. Асхаби кирамның ешбірі бұған қарсы болмады. Бұхариде жазылуы бойынша, Расулуллаһтың әмірімен Әбу Бәкір Сыддық асхаби кирамға таң намазын оқытқан еді. Расулуллаһ кенеттен бөлмесінің есігіндегі пердені көтеріп, сахабаларының намазда тұрғанын көріп күлімдеді. Әбу Бәкір Сыддық Расулуллаһты намаз оқытуға келе жатыр деп ойлап, кері шегінді. Асхаби кирам да түсініп қуанды. Ол мүбәрәк қолымен ишара етіп, «Намаздарыңды бітіріңдер!» деді. Пердені түсірді. Сол күні қайтыс болды. Хадис ғалымдары бір ауыздан айтуы бойынша, бір әйел Расулуллаһтан бір нәрсе сұрады. Расулуллаһ «Кейін келіп сұра!» деді. Ол «Йа, Расулаллаһ! Келгенімде сізді таба алмасам қайтейін?» деп сұрағанында, «Келгеніңде мені таба алмасаң, Әбу Бәкірден сұра!» деп жауап берді.

Сұрақ: Хазреті Омар және хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһума) «Расулуллаһ өзінен кейін кімнің халифа болатынын айтпады» деді. Бұған не дейсіз?

Жауап: Ол екі имам Расулуллаһ сахабаларын жинап, өзінен кейін Әбу Бәкірге бағынуға әмір бермеді деген. Өйткені екеуі де намаз оқытуға бұйрық беруі халифа болатынын көрсетеді деген. Әбу Уаилдың айтуынша, хазреті Әли жараланып жатқан кезде «Кімді халифа қыласыз?» деп сұралды. Ол: «Аллаһу та'ала сендерге жақсылық қалаған болса, ең жақсыларыңды басшылыққа сайлайсыңдар» деді. Хазреті Әлидің бұл сөзі де хазреті Әбу Бәкірдің ең үстем екенін көрсетуде. Хакимның кітабында хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) жеткізген хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала Әбу Бәкірге аса қамқор болсын! Ол маған қызын берді. Хижретте мені Мәдинаға апарды» делінген. Низал бин Сәбрә (радиаллаһу анһ) айтқан: «Хазреті Әлиден (радиаллаһу анһ) қуанышты кезінде «Кімдерді өзіңізге дос санайсыз?» деп сұрадым. «Расулуллаһтың сахабаларының бәрі менің достарым» деп жауаптады. Әбу Бәкір туралы не айтасыз?» деп сұрап едім, «Ол сондай адам, Аллаһу та'ала Жәбрейіл алейһиссалам арқылы және пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам арқылы оған «Сыддық» есімін берді» деді». Саид бин Мусәйиб (рахимә-һуллаһу та'ала) айтқан: «Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу та'ала анһ) Расулуллаһтың уәзірі еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барлық істерінде онымен ақылдасатын. Исламда Расулуллаһтың екіншісі еді. Үңгірде Расулуллаһтың екіншісі еді. Бәдір соғысында шатырдың астында Расулуллаһтың екіншісі еді. Қабірде де Расулуллаһтың екіншісі болды. Расулуллаһ ешкімді оның алдына өткізбейтін». Абдуррахман бин Ғанем жеткізген хадис шәрифте Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әбу Бәкірге және хазреті Омарға: «Екеуің бір ауыздан келіскен мәселеде мен сендерге қосыламын» деген.

Аллаһу та'ала ислам дінін хазреті Омар арқылы күшейтті. Тирмизи, Әбу Дауд және Хаким хабар берген хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала хақты Омардың тіліне және жүрегіне орналастырды» деді. Бұхари мен Мүслим хабар берген хадис шәрифте: «Шайтан Омардың көлеңкесінен қашады» делінген. Бұхари мен Мүслим хабар берген хадис шәрифте Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Миғражда Омарға берілетін зәулім сарайды көрдім» деді. Мақам-и Ибраһим, әйелдердің орануы, Бәдірде түскен тұтқындар туралы Аллаһу та'ала хазреті Омардың сөзіне сай аяти карима жіберген болатын. Хаким жеткізген хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала қиямет күні әуелі Омарға сәлем береді» делінген. Әбу Саид Худри жеткізген хадис шәрифте: «Жәннатта үмбетім арасында дәрежесі ең жоғары болатын осы» деп Омарды көрсетті. Хазреті Омар умра жасау үшін Расулуллаһтан рұқсат сұрағанда Ол рұқсат беріп, «Ей, бауырым, дұға еткенде бізді ұмытпа!» деді. Абдуллаһ бин Аббас жеткізген хадис шәрифте: «Омар иман келтірген күні Жәбрейіл алейһиссалам келіп, періштелердің бір-біріне Омардың мұсылман болғанын сүйіншілегенін айтты» деді. Тирмизиде жазылған Ақабә бин Амир жеткізген хадис шәрифте: «Менен кейін пайғамбар келсе, Омар бин Хаттаб пайғамбар болар еді» делінген. Тирмизиде жазылған хадис шәрифте Имам Зәйнәл Абидин Әли әкесі хазреті Хусейннен, ол әкесі хазреті Әлиден хабар берген: Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге отырған едім. Әбу Бәкір мен Омар келді. «Бұл екеуі пайғамбарлардан басқа жәннаттағылардың ең үстемдері» деді. Ибн Мажада Әнәс бин Маликтың айтуынша, «Ең көп кімді жақсы көресіз, йа, Расулаллаһ?!» деп сұралғанда «Айшаны» деп жауаптады. «Ер адамдардан кімді?» деп сұралғанда «Айшаның әкесін» деді. Тирмизиде жазылған Хузәйфа мен Абдуллаһ бин Мәсуд хабар берген хадис шәрифте: «Менен кейін Әбу Бәкірге және Омарға бағыныңдар!» делінген. Тирмизиде Әнәс бин Маликтың айтуынша, асхаби кирам отырған кезде Расулуллаһ та келіп араларына отыратын. Орындарынан тұруға рұқсат бермейтін. Ешбірі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бетіне қарай алмайтын. Тек қана Әбу Бәкір мен Омар қарайтын. Расулуллаһ оларға қарап, бір-біріне күлімдейтін. Хакимның кітабында жазылған Хузәйфа Йәмани жеткізген хадис шәрифте: «Сахабаларымды барлық мемлекеттерге жіберіп, сүннеттердің және парыздардың барлық жерде үйретілуін қалаймын. Иса алейһиссалам да хауарилерін осы себепті жіберген еді» деді. «Әбу Бәкір мен Омарды да жібересіз бе?» деп сұралғанда: «Ол екеуін қасымнан айырмаймын. Олар менің құлағым, көзім секілді» деп жауап берді. Абдуллаһ бин Омар жеткізген және Тирмизи мен Хакимде жазылған хадис шәрифте айтылғанындай, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітке келді. Оң жағында Әбу Бәкір, сол жағында Омар бар еді. Олардың қолын ұстаған еді. «Қиямет күні қабірден осылай тұрамыз» деді. Хаким жеткізген хадис шәрифте Әби Әруа айтып берген: Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) отырған едік. Әбу Бәкір мен Омар келді. «Аллаһу та'алаға шүкір, мені осы екеуімен күшейтті» деді. Тирмизиде және Ибн Мажада жазылған Әбу Саид Худри хабар берген хадис шәрифте: «Жәннатта жоғары дәрежелерде болатындар төменнен аспандағы жұлдыздар секілді көрінеді. Әбу Бәкір мен Омар олардан» делінген.

Хадис ғалымдары бір ауыздан хабар бергені бойынша, Әбу Мусәл Әшари (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бақшада отырған едік. Біреу есікті қақты. Расулуллаһ «Есікті аш та, келген адамға жәннаттық екенін сүйіншіле!» деді. Есікті ашқанымда Әбу Бәкір ішке кірді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүйіншісін оған айттым. Есік тағы қағылды. «Есікті аш та, келген адамға жәннаттық екенін сүйіншіле!» деді. Есікті ашып едім, ішке Омар кірді. Оған да сүйіншіні айттым. Есік тағы қағылды. «Есікті аш! Келген адамға жәннаттық екенін айт және басына бәле келетінін де айт!» деді. Есікті аштым, Осман ішке кірді. Сүйіншіні және Аллаһу та'аланың тағдырын оған айттым. «Аллаһу та'алаға шүкір. Апатта да, бәле-жала келгенде де тек қана Аллаһу та'алаға сиыну керек» деді».

Хакимде және Имам Ахмедтің Мүснәд кітабында жазылған хазреті Әли хабар берген хадис шәрифте: «Басшылыққа Әбу Бәкір келген кезде оны дүниеде тақуа, ахиретке бейім екенін көресіңдер. Басшылыққа Омар келгенде оны күшті, адал және Аллаһ жолында ешкімнен тартынбайтынын көресіңдер. Басшылыққа Әли келген кезде хади және мухди болады. Сендерді дұрыс жолға түсіретінін көресіңдер» делінген.

Тирмизиде және Ибн Мажада жазылған Саид бин Зәйд (радиаллаһу та'ала анһ) хабар берген хадис шәрифте: «Он адам жәннатта: Әбу Бәкір, Омар, Осман, Талха, Зубәйр, Абдуррахман бин Ауф, Әли бин Әбу Талиб, Са’д бин Әбу Уаққас, Әбу Убәйда бин Жәррах». Саид бин Зәйд тоғыз сахабаның есімін атады. Оныншысын айтпады. Оныншысы кім екені сұралғанда «Әбул А’уәр» деп өзі екенін ишара етті.

Ибн Мажада және Тирмизиде жазылғаны бойынша Ирбат бин Сария айтып берген: Асхаби кираммен жиналған едік. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Аллаһу та'аладан қорқыңдар. Басшыларың хабештік құл болса да оған бағыныңдар! Менен кейін мұсылмандар арасында бөліну орын алады. Сол дүрбелең кезінде менің сүннетімді және хуләфа-и рашидиннің сүннеттерін ұстаныңдар. Менің халифаларым дұрыс жолды көрсетеді. Олардың көрсеткен жолында болыңдар! Кейіннен шығарылған нәрселерден сақтаныңдар! Бидғаттардың барлығы адасушылық». Расулуллаһқа жылдар бойы қызмет еткен Сәфина хазрет айтқан, «Расулуллаһтан естідім: «Менен кейін халифаларым отыз жыл менің жолымды сүргізеді. Одан кейін үмбетімнің басына патшалар келеді» деді. Әбу Бәкірдің халифалығы екі жыл, Омардың халифалығы он жыл, Османның халифалығы он екі жыл, Әлидің халифалығы алты жыл сүрді» деді (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин).

Әбу Бәкірдің және Омардың (радиаллаһу та'ала анһума) үстемдіктерін және жәннаттық екенін хабарлайтын осы секілді түрлі хадис шәрифтер бар. Асхаби кирамның, мухажир сахабалардың, Бәдір, Ухуд, Биат-ур ридуан және басқа да соғыстарға қатысқан сахабалардың үстемдіктерін хабар берген жүздеген хадис шәриф осы екі халифаны да мақтап мадақтауда.

Бұл үмбеттің ең үстемі Әбу Бәкір, одан кейін Омар екенін асхаби кирам мен табиин-и изам бір ауыздан хабар берген. Хазреті Әбу Бәкір халифа сайланғаннан кейін асхаби кирамның ешбірі бұған қарсы ештеңе айтпады. Хазреті Әбу Бәкір өзінен кейін хазреті Омардың халифа болуын өсиет еткен кезде асхаби кирамның ешбірі бұған қарсы ештеңе айтпады. Абдуррахман бин Ауф хазреті Османды халифа қылып сайлағанда шәйхайнның жолын ұстануды шарт қылды. Ол жақтағылардың ешбірі бұған қарсы ештеңе айтпады. Әли Османның (радиаллаһу та'ала анһума) өзінен үстемірек екеніне қарсы болса да, бұл шартқа қарсы болмады.

Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) халифа кезінде түрлі жерлерде шәйхайнның одан үстем екенін көп айтатын. Бұл сөзіне күмән келтіргендерге ұрсатын. Асхаби кирамның үлкендері мұны еститін. Ешбірі қарсы келмейтін. Бұхарида жазылған, Әнәс бин Малик: «Әбу Бәкір Расулуллаһтың ең жақыны. Көп жерде Расулуллаһтың екіншісі болған. Басшылығымызға оның шығуы қажет. Тұрыңдар, оған бағыныңдар!» деді. Тағы Бұхарида Әнәс бин Малик айтқан: «Біреу Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қияметтің белгілерін сұрады. Расулуллаһ: «Қияметке қандай дайындығың бар?» деп сұрады. Ол: «Ешқандай дайындығым жоқ. Бірақ Аллаһу та'аланы және Оның Расулын (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты жақсы көремін» деді. Расулуллаһ: «Қияметте жақсы көргендеріңнің қасында боласың!» деді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл сөзін естігенде қатты қуандым. Мен де Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және Әбу Бәкір мен Омарды қатты жақсы көремін. Олар сияқты бола алмасам да, осы сүйіспеншілігім мені олардың қасында болғызуын қалаймын дедім».

Хазреті Әли «Аллаһу та'ала Әбу Бәкірге қамқор болсын! Құран кәрімді ол жинақтады. Расулуллаһ хижрет еткенде ол қызмет етті. Омар мешіттерімізді жарқыратқанындай Аллаһу та'ала Омардың қабірін нұрмен жарқыратсын» деп дұға етті. Салим бин Әбил Жадтың айтуынша, Нәжранда қырық мың адам тұратын. Хазреті Омар оларды отандарынан көшірді. Олар хазреті Әлиге келіп, шапағат етуін сұрап жалбарынды. Хазреті Әли оларды қуып, «Омардың әр ісі дұрыс» деді. Хазреті Әли хазреті Омарды жамандайтын болса, нәжрандықтарға жақсы көзбен қарайтын еді. Бірақ олай істемеді. Хазреті Омарды мақтады. Әбу Яла хабар берген түс жоруында хазреті Хасан хазреті Омарды мақтаған. Хаким кітабында жазылуы бойынша, Абдуллаһ бин Жафар Тайяр: «Әбу Бәкір бізге әкім болған кезде оның адамдардың ең жақсысы әрі ең мейірімдісі екенін көрдік» дейтін. Зәйд Шәһид соғысқа бара жатқанда: «Әкелерім шәйхайнды қатты жақсы көретін» деген. Хакимның кітабында Абдуллаһ бин Аббастың хазреті Омарды мақтаған сөздері ұзақ жазылған. Имам Ахмедтің Мүснәд кітабында Хасан бин Зәйд айтып берген: Әкем Зәйд әкесі Хасаннан естіп айтқан, әкем хазреті Әлиден естідім. Ол «Расулуллаһпен отырған едім. Әбу Бәкір мен Омар келді (радиаллаһу та'ала анһума). Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Йа, Әли! Бұл екеуі жәннаттағылардың ең үстемі. Пайғамбарлардан басқа олардан үстем ешкім жоқ!» деді».

Бір адамның өзгесінен абзал болуы дегені көптеген жақсылықтарда ортақ болып, біріншісінде басқа да жақсылықтардың бар болуы деген сөз. Бүкіл кемелдіктердің қайнары – Расулуллаһтың сұхбаты. Асхаби кирамның бәрі осы сұхбатқа қатысумен қадірленді. Осылайша бүкіл үмбеттен үстем болды (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). Әбу Бәкір Сыддық сұхбатқа бәрінен көп қатысты. Бәрінен де үстем болды. Шәйхайнда одан бөлек ақиқатты түсіну және жеткізу үстемдігі де бәрінен көп еді. Абдуллаһ бин Мәсудтың айтуынша, Арабстан халқының білімі таразының бір жағына, Омардың білімі басқа жағына қойылса, Омардың білімі ауыр басады. Қазіргі кезде белгілі болған хадис шәрифтердің бәрінде дерлік шәйхайнның риуаяттары бар. Шәйхайн хабар берген хадистерді тек риуаятшылары арасында шәйхайнның есімдері бар хадистер деп санамау керек. Кітаптардағы мәрфу хадистердің бәрін шәйхайн риуаят еткен болып, оларды басқа сахабалар жеткізген. Шәйхайн (радиаллаһу анһума) асхаби кирамды жаулап алған елдеріне жіберді. Хадис шәрифтерді жаюын әмір етті. Хакимның кітабында Мұса бин Әли бин Рәбах хабар беруі бойынша, хазреті Омар хұтбада: «Құран кәрімнен сұрағы болғандар Убәйй бин Кабтан сұрасын. Халалды, харамды Муаздан, фәраиз ғылымын Зәйд бин Сабиттен, ақша табу жолдарын менен сұрап үйреніңдер!» деді. «Истиаб» кітабында жазылуы бойынша, Палестинада алғаш тағайындалған қазы Убада бин Самит. Палестина әкімі Муауия қазының бір үкімін ұнатпады. Өзі ұнататындай етіп үкім шығаруы үшін оны қыспаққа алды. Убада «Мұндай жерде әділет құру мүмкін емес» деп Мәдинаға келді. Халифа Омар жұмыстан босау талабын қабылдамай, оны қайта жолдады. «Сен және сен сияқты адал қазы болмаған жерде әділет болмайды» деді. Муауияға әмір жазып, «Убаданың жұмысына араласпа!» деді. Истиаб кітабында Хасан айтқан: «Халифа Омардың фиқһ үйрету үшін біздің елімізге жіберген он ғалымның бірі Абдуллаһ бин Мағфәл еді». Даримидың кітабында Омар бин Әшжа айтқан: «Халифа Омар айтты, бір уақыт келеді, Құран кәрімге қате, бұзылған мағына беретіндер шығады. Дұрысын хадис ғалымдарынан үйреніңдер! Өйткені Құран кәрімді ең жақсы хадис ғалымдары біледі». Даримидың кітабында Мәймун бин Мәхран айтқан: «Хазреті Әбу Бәкірге шағымданушы келгенде ол Құран кәрім бойынша үкім шығаратын. Құран кәрімнен таба алмаса, хадис шәриф бойынша үкім беретін. Хадис шәрифтерден де таба аламаса, асхаби кирамға айтып, «Расулуллаһтың осындай шағымға жауап бергенін білетіндер бар ма?» деп сұрайтын. Бір ауыздан жауап берілсе, шүкір етіп, солай үкім шығаратын. Хабар берілмесе, сахабалардың үлкендерін жинап, оларға айтып беретін. Бір ауыздан келісімге келсе, сол бойынша үкім беретін». Хазреті Омар да қазы Шурәйхке осылай істеуді, еш жауап таппаса, өзінің ижтиһадымен үкім шығаруын әмір еткен еді. Тағы Даримиде Абдуллаһ бин Язид хабар берген: «Абдуллаһ бин Аббастан бір нәрсе сұралғанда ол Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден таба алмаса, хазреті Әбу Бәкірдің және Омардың сөздеріне қарай жауап беретін. Олардың сөздерінен де таба алмаса, өзінің ижтиһадымен айтатын». Даримиде Хузәйфаның айтуынша, фәтуа беретін адамның мәнсуһ және насиһ аяттарды білуі қажет. «Бұларды білетін кім бар?» деп сұралғанда «Омар бин Хаттаб олардан» деп жауаптады. Даримиде Зияд бин Жәдир айтып берген: хазреті Омармен сойлесіп отырған едім. «Исламды құлатқан не?» деп сұрады. Мен «Сіз айтыңыз» дедім. «Дін адамдарының қате айтуы және мұнафиқтардың қате пікірлерін аятпен, хадиспен дәлелдеуге тырысып, мұсылмандарды алдауы және адасушылардың үкім иесі болуы исламды құлатады» деді. Тағы Даримиде Амр бин Мәймун «Хазреті Омар қайтыс болғанда білімнің үштен екісі кетті» деген еді. Мұны Ибраһимға айтқан кезде «Омар білімнің оннан тоғызын алып кетті» деді. Даримиде Амр бин Әбу Суфянның айтуынша, хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) «Білетіндеріңді жазып, ұмытылудан сақтаңдар!» деді. Хадис ғылымының негізі – хазреті Омардың осы сөзі.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында және хазреті Әбу Бәкір заманында анықталмаған көп мәселе бар еді. Хазреті Омар олардың барлығын ижмаға байланыстырды. Оларда күмән қалдырмады. Хазреті Омар хабар бермеген мәселелерде қияметке дейін бір ауыздан келісім болмайды. Хазреті Омардың қайраттылығы болмаса ислам ғалымдары қияметке дейін қиын жағдайда қалатын еді. Ислам дінінің туын көтерген әһли сүннеттің негізі хазреті Омар Фаруқтың бір ауыздан шешімін шығарған мәселелері.

Имам Ахмедтің «Мүснәд» кітабында Абдурраззақ айтқан, Ибн Журәйһтен жақсырақ намаз оқитын адам көрмедім. Ибн Журәйһ олай оқуды Атадан, ол Абдуллаһ бин Зубәйрден, ол Әбу Бәкір Сыддықтан, Әбу Бәкір Расулуллаһтан көріп үйренген. Хазреті Әбу Бәкірдің және хазреті Омардың фиқһтың бүкіл тарауларындағы сөздерін Шах Уәлиуллаһ Деһлеуи кітап беттерінде жеткізген. Мұны оқыған ынсапты адам екі халифаның да ислам мемлекеттерін кеңейтудегі қызметімен қатар ислам білімдерін жаюда да үлкен қайраты мен қызметі болғанын жақсы түсінеді. Сондықтан да хазреті Әли «Омардың шешімдерінің бәрі дұрыс» деді. Бір ретінде: «Омардың қамшысы біздің қамшымыздан пайдалырақ» деген. Хадис шәрифте: «Замандардың ең қайырлысы – менің заманым. Кейін одан кейінгі ғасыр» делінген. Асхаби кирам (алейһимурридуан) өздерінен кейін келгендер мен Расулуллаһтың арасында арашы болғандықтан, олардан үстем болды. Әр ғасырдың мұсылмандары кейінгі ғасырдағыларға исламды үйрету арқылы олардың ұстаздары болған. Олардан қайырлырақ, үстемірек болған. Бір ғасырда өмір сүргендер арасында үйретуші болғандары үйреткендерінен үстемірек. Шәйхайнның баршадан ізгі болуы осыдан шыққан. Имам Ахмедтің кітабында хазреті Әли айтқан, біреуден хадис естіген кезімде оған ант еткізетінмін. Ант еткенінде қабылдайтынмын. Тек Әбу Бәкірді бірден растайтынмын. Әбу Бәкір айтқан, Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, «Күнә істеген адам дәрет алып, кейін екі рәкат намаз оқып, кейін истиғфар етсе, күнәсі кешіріледі» деген. (Истиғфардың қалай жасалатыны «Хақ сөздің дәлелдері» атты кітабымыздың 344-ші бетінде жазылған). Хазреті Омар жараланған кезде Абдуллаһ бин Аббас көңілін сұрап келіп, «Йа, әмир-ул мүминин! Саған жәннатты сүйіншілеймін. Ешкім сенбеген кезде сен мұсылман болдың. Бәрі Расулуллаһқа дұшпандық көрсеткенде сен Онымен бірге жиһад еттің. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) саған разы болып қайтыс болды. Сенің халифа болуыңа ешкім қарсы шықпады. Шәһид болып жан тапсырудасың» деді.

Расулуллаһқа алғаш иман келтірген адам Әбу Бәкір Сыддық. Хазреті Әли иман келтіргенінде бала еді. Расулуллаһтың үйінде және қамқорында еді. Хазреті Әбу Бәкірдің хазреті Әлиден де бұрын иман келтіргенін хабарлағандар бар. Иман келтіргенін алғаш рет баршаға жариялаған және басқалардың да иман келтіруіне себепші болған Әбу Бәкір. Әбу Амрдың «Истиаб» кітабында Афираның құлы Омар айтқан: «Хазреті Әли иман келтіргенін әкесі Әбу Талибтен де жасырды. Ал Әбу Бәкр иман келтіргенін достарына айтып, оларды да иман келтіруге шақырды». Шабидың айтуынша, әуелі кімнің иман келтіргені туралы Абдуллаһ бин Аббастан сұралған кезде ол: «Хассан бин Сабиттың өлеңін естімедің бе?» деді. Ол өлеңде «Расулуллаһты растауда адамдардың біріншісі Әбу Бәкір» делінген. Бұл қасида асхаби кирам арасында тараған еді. Мұны хазреті Әли де оқитын. Жәрир Әбу Надрадан хабар бергені бойынша, Әбу Надра айтқан, хазреті Әбу Бәкір хазреті Әлиге «Мен сенен бұрын иман келтірдім» деді. Хазреті Әли мұны жоққа шығармады. Хазреті Әбу Бәкір иман келтірген кезде қырық мың дирхам күміс ақшасы бар еді. Олардың бәрін Расулуллаһқа және иман келтіргендерге жұмсады. Иман келтіргені үшін қорлық көрген жеті құлды осы ақшаға сатып алып азат етті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеде тұрған он үш жыл ішінде әр күні таңертең және кешке Әбу Бәкірдің үйіне келетін. Мұны Бұхари хабар берген. Хазреті Хадиша қайтыс болған кезде Расулуллаһ қатты қайғырды. Хазреті Әбу Бәкір қызы Айшаны қолынан ұстап, «Йа, Расулаллаһ! Қызымды жұбайлыққа қабыл алыңыз. Сізге қызмет етіп қайғыңызды азайтсын» деді. Расулуллаһ хазреті Айшаны Мәдинада қабыл етті. Миғражды алғаш растаған Әбу Бәкір Сыддық. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден Мәдинаға хижрет еткенде хазреті Әбу Бәкір бірге барып, күндіз-түні қызмет етті. Бәдір соғысында Расулуллаһтың қасынан айрылмады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеңіс үшін көп дұға етті. Әбу Бәкір дұғаның қабыл болғанын түсінгенде: «Йа, Расулаллаһ! Мұңаймаңыз! Аллаһу та'ала бізге көмектеседі» деді. Көп жерде уахи келуден бұрын асхаби кирамға осылай аян келетін. Азан үшін Абдуллаһ бин Зәйдтің түсі және хазреті Омардың қиясы да уахидан бұрын болған еді.

Ухуд соғысында хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһты қорғау үшін бар күш-жігерін салды. Хандек соғысында ордың бір бөлігін қорғау міндеті хазреті Әбу Бәкірге жүктелді. Қазір «Мәсжид-и Сыддық» сол жерде орналасқан. Хайбер соғысында бірнеше қамалдың алынуы үшін Әбу Бәкір соғысты. Хакимның кітабында Бәридә Әсләмидің айтуынша, Расулуллаһта шақиқа деген бас ауруы болған кезде бір-екі күн сыртқа шықпайтын. Хайберге келген кезде шақиқа басталды. Ол шатырынан сыртқа шықпады. Байрақты Әбу Бәкір алып, ауыр соғыс өткізді. Расулуллаһ Меккені алып, мешітке кіргенде Әбу Бәкір әкесін байлаған күйде Расулуллаһқа әкелді. Иман келтіруін айтты. Расулуллаһ: «Йа, Әбу Бәкір! Бұл қарияны осында әкеліп шаршатпағаныңда жақсы болар еді. Біз оның үйіне барар едік» деді. Әбу Бәкір «Йа, Расулаллаһ, оның сізге өзі келуі керек» деді. Расулуллаһ Әбу Бәкірдің әкесін мүбәрәк тізесінің алдына отырғызып, кеудесін сипады да, «Мұсылман бол!» деді. Ол бірден иман келтірді. Әкесінің және ұлдарының иман келтіруі асхаби кирам арасында Әбу Бәкірден басқа ешкімге нәсіп болмады (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин).

Хижреттің тоғызыншы жылы Расулуллаһ хазреті Әбу Бәкірді қажылық үшін әмір қылды. Хазреті Әлидің ұлы Мұхаммед бин Ханафия айтқан: «Әбу Бәкір қажылыққа кеткен соң «Бәраа» сүресі түсті. Хазреті Әлиге оқып, «Мұны Нахр күні Минада қажыларға оқы» деп бұйырды. Хазреті Әбу Бәкір Меккеде хазреті Әлиді көргенде «Әмір ретінде келдің бе, әлде қызметпен бе?» деп сұрады. Хазреті Әли «Міндетпен келдім» деп жауаптады. Хазреті Әбу Бәкір бәріне қажылық міндеттерін жасатқызды. Нахр күні келгенде хазреті Әли қажыларға азан айтып, «Бәраа» сүресін және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтарын оқыды».

Уәда (қоштасу) қажылығында Расулуллаһтың заттары мен Әбу Бәкірдің заттары бір түйеде еді. Расулуллаһ ауырып қалған соң мешітке келді. Ұзақ хұтба оқыды. Алдымен Ухуд шәһидтері үшін дұға мен истиғфар оқыды. Кейін: «Аллаһу та'ала бір құлына дүниеде қалу мен ахиретке көшу арасында таңдау берді. Ол Аллаһу та'аланың ниғметтеріне кенелуді қалады» деді. Бұл сөздердің Расулуллаһтың жақында қайтыс болатынын көрсететінін тек қана Әбу Бәкір түсініп жылады да, «Йа, Расулаллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм), сіз өлмеңіз! Сіздің орныңызға біз өлейік. Балаларымыз өлсін!» деді.

Хазреті Омар Расулуллаһтан бұрын жиырма сахабамен бірге Мәдинаға хижрет етті. Хазреті Әбу Бәкірдің кеңесшісі әрі қазысы еді. Алғаш ислам қазысы хазреті Омар. Расулуллаһтың екі ісі бар еді. Біріншісі, кітапты және сүннетті үйрету еді. Екіншісі, тәдбир-и мәнзил және сиясати мәдина еді. Яғни ислам дінін жүргізу, орындату еді. Хазреті Омар халифа болғанда бұл екі міндетті толық орындады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсінде бір стақан сүт ішті. Қалғанын хазреті Омарға берді. Мұны білімімен жорды. Хазреті Омардың заманының ең үлкен ғалымы болғанын асхаби кирам бір ауыздан хабарлады. Оның халифа болуы Аллаһу та'аланың мұсылмандарға берген үлкен рақымы болды. Хижреттің он бесінші жылында Хомс қаласы алынғанда рум кайзері Гераклиус сол жерден Константинопольге [яғни Стамбұлға] қашты. Қадсия соғысында жеті мың мұсылман алпыс мың мәжуси парсыны жеңіп шықты. Он алтыншы жылы Халеп пен Антакья бейбіт келісіммен алынды. Осы жылы Әбу Убәйда Куфа қаласын құрды. Хазреті Омар бәйт-ул муқаддеске келді. Жиырма бірінші жылы Мысыр алынды және Нәһавенд жеңісі орын алды. Жиырма екінші жылы Муғира бин Шубә Әзірбайжанды және Амр бин Ас Траблусғарбты алды. «Раудат-ул ахбаб» кітабында жазылуы бойынша, хазреті Омар заманында бір мың отыз алты үлкен қала алынды. Төрт мың үлкен мешіт құрылды. Төрт мың шіркеу жабылды. Жұма намазы үшін мың тоғыз жүз мінбер жасалды. Алғашқы ислам әскерін құрған, әскерді тәлім және тәрбие еткен хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ).

Пайғамбарлар (алейһимуссалам) бүкіл адамдарға мейірім ретінде жіберілген. Олар надандық пен зұлымдықты тоқтатқан. Бұл қайыр мен рақым шәйхайн заманында да толық орындалды. Халифалық деген де осы. Тарихтың көрсетуі бойынша шәйхайннан кейін ешкім бұл дәрежеге шыға алмады. Бөліну, қан төгу басталды. Шәйхайн исламды ең әлсіз күйден ең күшті күйге шығарды. Бұл қызмет басқаларына нәсіп болмады. Шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) заманында ижма етілген білімдердің ешбірінде төрт мазһаб арасында бөліну жоқ. Олар хабар бермеген мәселелерде айырмашылық орын алған. Бұл сөзімізді усул ғалымдары түсінеді. Сауатсыз дін адамдары түсінбейді.

Әр мұсылман ойлану керек! Кәпірден, мәжусилерден өзін ажырататын қадір не? Бұл қадірлердің біріншісі – Құран жолы. Құран кәрімді жинақтаған шәйхайн. Ақида және фиқһ білімдерін жинақтаған, ижма білімдерін белгілеген, жасырын қалған білімдерді айқындаған және асхаби кирамды жинап қияс жасаған – хазреті Омар. Әр қалаға Құран қариын және хадис ғалымын тағайындады. Қазір белгілі болған ислам ғылымдарының барлығын шәйхайн белгіледі. Арабты да, басқа ұлттарды да хидаятқа түсуіне, мәдениетке жетуіне себеп болды. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Шәйхайнға бүкіл адамзат қарыздар. Мұны түсіне алмау аспандағы күнді көре алмауға ұқсайды.

Әһли сүннет ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) шәйхайнның үстем екенін, екі күйеу баласын да жақсы көру қажет екенін хабар берді. Өйткені мұсылманның бірінші міндеті Құран кәрімге және хадис шәрифтерге бағынуды қалау. Екінші міндет бұларды үйрену. Бұларды үйренбесе ислам дінін ұстана алмайды. Мүлхид (діннен шыққан) болады. Бұл білімдерді жинақтаған, анықтап көрсеткен – шәйхайн.

Төрт мазһабтың бірін ұстанған адам өз мазһабының имамының үстемірек екенін көрсетуге тырысады. Олай деп санамаса, ол мазһабты ұстануы сахих болмайды. Осы секілді Құран кәрімді және хадис шәрифтерді ортаға шығарғандардың және екеуінің де мағыналарын түсіндіргендердің үстем екеніне сенбейтін адам олар көрсеткен дінді ұстанған бола алмайды. Шиилердің айтуынша халифалардың бүкіл үмбеттен абзал болуы, күнәсіз болуы және Аллаһу та'ала мен Расулуллаһ тарапынан таңдалған болуы қажет. Бұл сөздерін дұрыс мағынаға да, қате мағынаға да тартуға болады. Бүкіл үмбеттен үстем болу пайғамбар уәкілі болған халифаларға қатысты сахих. Өйткені олар аяти карималардан және хадис шәрифтерден мағына шығарады әрі исламды үйретеді. Ислам дінін барлық жерге жаяды. Олар бүкіл үмбеттен үстем болмаса, істегендеріне жүгінуге болмайды. «Күнәсіз» сөзінің орнына «қорғалған» деу керек. Яғни Аллаһу та'ала оларды қорғайды және күшейтеді. «Аллаһ және Расулы тарапынан таңдалған» дегеннің орнына «Насспен ишара етілген» деу керек. Әһли сүннет уәл жамағат осылай айтқан. Осылайша шәйхайнның, тіпті төрт халифаның хақ халифа екенін хабарлаған. Исламның бастамасында халифалардың осындай болуы керек. Өйткені олар ислам дінін құрды және барлық жерге жайды. Ал төрт халифадан кейін келгендер «Мәлик-и адуд» еді. Мемлекет және үкімет басшысы еді. Білім басқалардың қолында еді. Мүфтилер осындай. Алғашқы уақыттарда мүфтилердің ғалым болуы қажет еді. Ал қазір мүфти болу үшін бұрынғы ғұламалардың кітаптарын оқып түсінуі жеткілікті. Күнәсіз болу да әдет ретінде жасалатын істердегі күнәсіздік. Өйткені қазір адамдардың қарым-қатынасы, табысы, күнкөрісі әдет бойынша. Ақылға сүйенетін негізгі білімдер бойынша емес.

Хазреті Осман да хақ халифа. Расулуллаһтың әкесінің қыз бауыры Бида хазреті Османның анасының анасы. Ол жахилия заманында зина мен ішкілікпен мүлде ластанбады. Ол алғашқы иманға келгендердің бірі. Діннен шығару үшін көкесі жасаған қорлықтарға шыдады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі қызына үйлену абыройына кенелді. Аллаһ жолында үй-жайын, мал-мүлкін және саудасын тастап, Хабешистанға хижрет етті. Кейін Мәдинаға да хижрет етті. Құран кәрімді жинақтаған мухажирлердің бірі. Міндетпен басқа жерге жіберілгендіктен, Бәдір, Ухуд соғыстарына және Худәйбия биатына қатыса алмады. Басқа барлық соғыстарға қатысты. Бәдір кезінде Мәдинада Расулуллаһтың сүйікті қызын емдеумен айналысуы бұйырылған еді. Бәдірге қатысқандардың сауабына және олжасына кенелетіні айтылған болатын. Ухудқа қатыспағандардың кешірілгені аяти каримамен айтылған. Худәйбияда Османның Аллаһ ісінде және Расулуллаһтың ісінде екені хадис шәрифте айтылды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзінің мүбәрәк қолына Османның қолы деп екінші қолын қысып қол алысты. Асхаби кирамды шөлден құтқару үшін құдық сатып алды. Тәбук соғысында тоғыз жүз елу түйе, елу ат және сансыз ақша беріп көмек көрсетті. «Османға бүгіннен кейін істегендері еш зиянын тигізбейді» хадис шәрифімен абыройланды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мешітімізді кеңейткен адамға жәннатта жақсырағы бар» деген кезде мешіттің айналасындағы алты жер телімін сатып алып мешітке қосты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Бәкір, Омар және Османмен бірге «Субәйр» тауының үстінде тұрғанда зілзала болған кезде: «Ей, Субәйр! Шайқалма! Үстіңде нәби, сыддық және шәһид бар!» деді. Осылайша Омар мен Османның шәһид болатынын сүйіншіледі. Бір хадис шәрифте халифа болатыны хабарланып: «Аллаһу та'ала саған бір көйлек кигізеді. Оны шешкілері келсе, шешпе!» делінген. Құран кәрімді жинақтау және жер жүзіне жаю абыройы оған нәсіп болды. Кабулға дейін Азия және Стамбұлға дейін Анадолы оның заманында мұсылман болды. Расулуллаһ хазреті Османның мойнынан құшақтап: «Сен менің дүниеде және ахиретте сүйіктімсің!» деді. Талхаға қарап: «Ей, Талха! Әр пайғамбарға үмбетінен біреуі дос болады. Менің жәннаттағы досым Осман» деген.

Діндері, имандары әлсіз болған көптеген адам Мысырдан Мәдинаға келді. Олар сахаба және табиин емес еді. Асхаби кирамға қарсы кек сақтаған еді. Үш талаптарының бірін қабыл етуі үшін хазреті Османды қинады. «Халифалықты таста немесе әміршілерді, әкімдерді тағайындау және орнынан босату үкімін бізге бер. Болмаса сені өлтіреміз» деді. Хазреті Осман Расулуллаһтың өсиетін ұстанып, халифалықтан бас тартпады. Тағайындауды оларға беру де халифалық міндетті тастау болғандықтан, бұған да разы болмады. Мысырлықтар халифаның үйін қоршап алды. Мәдинадағы асхаби кирамның бір бөлігі бұл мәселенің өлімге апаратынын ойламады. Мысырлықтарды кері қайтады деп ойлады. Ал бір бөлігі азғындарға қарсы төтеп беретіндей күштері жоқ еді. Осман (радиаллаһу анһ) Адам алейһиссаламның екі ұлынан қайырлысының жолын ұстанды. Қиыншылықтарға төзгеннен кейін шәһид етілді. Бұл хабарға асхаби кирам қатты қайғырды. Басқа да пәлекеттер басталмасын деп әрекетке кірісті. Мысырлықтар қорқып, құтылуды хазреті Әлиді халифа қылуда көрді. Асхаби кирам да бұған қарсы болмағандықтан, хазреті Әли халифа сайланды. Асхаби кирамнан хазреті Айша, Талха, Зубәйр және Бәни Умәйяның көбі қылмыскерлерді ұстап алу үшін арттарынан Басраға кетті. Халифаның сайлануы қылмыскерлердің бастамасымен жасалғаны үшін фитналы шешім десті. Халифа да олардың артынан кетті. Мысырлықтар халифаның айналасында еді. Келісімге келе алмады. Халифа Куфаға кетті. Әскер жинап, Басраға қарай басты. Жәмәл оқиғасы орын алды. Осыған орай Шам әкімі Муауия (радиаллаһу та'ала анһ) мәселеге араласты. Асхаби кирамның көбі және мұсылмандардың көбі оған ерді. Ниеті бұзық фитнашылар «Харура» деген жерде жиналды. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) оларға қарсы шабуылдап, сол «харижилерді» өлтірді. Құтылғандардан [Абдуррахман бин Мулжәм есімді] біреу хазреті Әлиді таң намазына бара жатқанында шәһид етті.

Ислам ғалымдарының айтуынша, хазреті Османның шәһид етілуіне хазреті Әлидің еш қатысы жоқ. Мұны өзі де түрлі хұтбаларында айтқан болатын. Имам Нәуәуи айтқан: «Хазреті Осман хақ халифа еді. Зұлымдық жасалып шәһид етілді. Пасықтар тарапынан шәһид етілді. Бұл зұлымдыққа ешбір сахаба араласпаған. Оңбағандар Мысырдан келді. Мәдинадағы сахабалар оларға қарсы тұра алмады. Хазреті Әлидің халифалығы да бір ауыздан сахих. Ол тірі кезінде басқа халифа жоқ. Хазреті Муауия да әділ, үстем. Ол асхаби кирамнан. Арадағы соғыстар күмәннен туындады. Тараптардың әрқайысы өзінің хақ жолда екенін білген еді. Бұл соғыстар ешбірінің әділдіктен айрылуына себеп болмаған. Олар ижтиһадта бөлінді. Олардың жағдайы мазһаб имамдарының бөлінуі секілді. Бұл бөлінуі ешбірін жақсы көрмеуге себеп болмаған». Бұл соғыстар кезінде асхаби кирамның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) ижтиһадтары үш түрлі болды. Бірінші топ хазреті Әлидің халифалығын хақ деп көрді. Қарсы тарапты көтерілісші деп білді. Оларға көтерілісшілерге қарсы соғысу уәжіп болды. Екінші топ қарсы тарапты дұрыс санады. Хазреті Әлиді бүкіл мұсылмандар сайламады. Мәдина халқы болса мәжбүрлікпен, қорқыныштан қабылдады. Ал куфалықтар ижтиһадпен емес, жаман мақсатпен қатысты деді. Үшінші топ ешқандай тарапты таңдамады. Олардың соғысқа араласпауы уәжіп болды. Өйткені көтерілісші болмаған мұсылманға қарсы соғысу халал емес.

Абдулқадир Гейлани (қаддәсаллаһу та'ала сиррәһул азиз) «Ғуния» кітабында жазған: «Имам Ахмед бин Ханбал :«Хазреті Талханың, Зубәйрдің, хазреті Айшаның және хазреті Муауияның (радиаллаһу анһум) соғыстары туралы сөйлеспеу керек. Өйткені Аллаһу та'ала қиямет күні асхаби кирам арасында ешқандай наразылық болмайтынын, жәннатта бетпе-бет отырып сұхбаттасатынын хабар беруде» деді. Хазреті Әли соғыстарда ақиқатты ұстанған еді. Өйткені өзінің сахих халифа болып сайланғанына сенген еді. Оған қарсы шыққандарға көтерілісші деген еді. Оларға қарсы соғысу жаиз (рұқсат) болды. Хазреті Әлимен соғысқан хазреті Муауия, Талха және Зубәйр (радиаллаһу анһум) шәһид етілген халифаны өлтіргендерге қысас жазасы берілуін қалаған еді. Өлтірушілердің бәрі хазреті Әлидің әскерінің ішінде еді. Мұсылмандардың бұл ұлы тұлғалардың жұмысына араласпауы, мәселенің шешілуін Аллаһу та'алаға қалдыруы қажет».

Хадис шәрифте: «Аммар бин Ясерді көтерілісшілер шәһид етеді. Оларды жәннатқа шақырады. Бірақ олар оны тозаққа шақыруда» делінген. Хадис шәрифтен бұл пақыр [яғни Шах Уәлиуллаһ Ахмед Сахиб Деһлеуи] түсінгенім, «Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) заманының ең үстемі еді. Ең үстем болған адам халифа болып сайланса, ислам діні жақсырақ жүргізіледі. Басқа біреу халифа болса, ислам дінінің жүргізілуінде немқұрайлық болады. Біріншісінде халық жәннатқа, екіншісінде тозаққа жетеленеді. Аммар бин Ясер біріншісін қалаған еді. Хадис шәрифті осылай түсіну хазреті Әлидің абыройын арттыруда, ал қарсы тараптағыларды кешірімді жағдайда көрсетуде». Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мүжтәһид кейде дұрысты табады. Ал кейде қателеседі» деді. Асхаби кирамның ұлыларынан Са’д бин Әби Уаққас, Абдуллаһ бин Омар, Усама бин Зәйд, Әбу Мусәл Ашари, Әбу Мәсуд және көптеген сахабалар (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бұл соғыстарға қатыспады. Олар «Фитна кезінде тыныш отырыңдар!», яғни фитнаға, бүлікке араласпаңдар деген хадис шәрифті ұстанды. Бірақ олардың барлығы хазреті Әлиді қатты жақсы көретін, көп мақтайтын және халифалыққа лайық екенін айтатын еді. Кейбірлерінің сөздері оның халифалыққа хақысы болмағанын емес, халифа сайлануында орынсыздық болғанын көрсетуде.

Анықтама: Көп адамның ойынша, асхаби кирамнан сол соғысқа қатыспағандар (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) «Мұсылмандармен соғыспаңдар!» бұйрығына бағынған. Алайда бұл бұйрық үкіметке қарсы соғыспаңдар дегенді білдіреді. Соғысқа қатысқандарға келер болсақ, олардың ойынша үкіметке көмектеспеу фитна, бүлік шығуына себеп болады. Олар бүліктің алдын алуымыз әмір етілген деді. Бұл пақырдың түсінгені бойынша, бүліктің алдын алу жан алусыз және дүрбелеңсіз мүмкін емес. Сондықтан шарттарына сай жасалмай сайланған халифамен бірге соғыспау және ондай халифаға қарсы шықпау керек.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) парасат нұрымен бұл бүліктің тоқтатылмайтынын түсінді. Сондықтан «Менен кейін фитналар шығады. Ол кезде тыныш отырғандар фитнаға араласқандардан жақсы» деді.

Аллаһу та'аланың әдеті сондай, сүйікті құлдарынан әрбірін бір үстемдікпен өзгелерінен ажыратқан. Хазреті Әбу Бәкірдің мейірімділігі, хазреті Омардың қаталдығы көбірек. Дауд және Сүлейман (алейһимассалам) мемлекет басшылары еді. Иса, Юнус, Яхия (алейһимуссалам) пайғамбарлар жалғыздықты ұнататын. Хассан бин Сабит өлеңмен Расулуллаһты мақтайтын. Осы жолмен жәннатпен сүйіншіленді. Убәйй бин Ка’б Құран кәрімді жаттау арқылы, Абдуллаһ бин Мәсуд фиқһ білімдерінде, Халид бин Уәлид соғысумен атақты болды. Сүйіспеншілік және ықыласпен сұхбатқа бәрінен көп қатысу, өзін Расулуллаһтың разылығы үшін әр мезетте пида ету, Расулуллаһ үшін және ислам дінін жаю үшін жанын, малын, мансабын пида ету үстемдігі ең көп хазреті Әбу Бәкірге нәсіп болды. Ислам дінін тарату хазреті Омарға нәсіп болды. Әр қиыншылықта мал-мүлкімен көмекке келуде, ар-ұятта, ашуын жеңуде, тазалықта, Құран оқуда және кедейлерге көмектесуде хазреті Осман бәрінен озат еді. Расулуллаһтың тегінен болу, Оның қолында өсіп, тәрбиесімен жетілу, батылдық, тақуалық, зеректік және шешендікте хазреті Әли бәрінен озат еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының осы үстемдіктерін айтып, әрбірін мақтаған (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин).

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тәржуман-и ғайб еді. Келешекте болатын жағдайларды хабар беретін еді. Сахабалары атқаратын үлкен қызметтерді хабарлайтын. Бәрі айтқанындай болды. Болмайтын нәрсені хабар бергені мүлде байқалмады. «Халифалық Әлидің және балаларының хақысы» деп айту дұрыс емес. Ондай хақы хабар берілсе, орындалатын еді. Халифалықты олар алып, ешкім тартып ала алмайтын еді. Халифа болмауы Расулуллаһтың хабар бермегенін көрсетуде. Шиилердің хабар деп айтқандарының бәрі өтірік екенін дәлелдеуде.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әркімнің хақысына мән беруде бәрінен озат еді. Сондықтан хазреті Аббасты «Көке әке секілді» деп мақтады. Хазреті Фатима туралы: «Оны ренжіткен адам мені ренжіткен болады» деді. Хазреті Әбу Бәкір туралы: «Неліктен досымды ренжітіп, менің құрметімді елемейсіңдер?» деді. Хазреті Әли туралы: «Ол менен. Мен де оданмын» және «Мен кімнің мырзасы болсам, Әли де оның мырзасы» деді. Ақылды және ынсапты адам туыстық тұрғысындағы мақтау мен діндегі үстемдік пен халифалыққа лайықтылық тұрғысындағы мақтауды бір-біріне араластырмайды. «Мен оданмын. Ол да менен» сөзі туыстық тұрғысынан. Туыстық хақысын орындау болып табылады. «Фадл-и күлли»-ді, яғни барлық тұрғыдан үстем болуды көрсетпейді. Өйткені бұл сөздер хазреті Әли мен хазреті Фатимаға қатысты айтылуымен қатар, хазреті Аббас туралы да айтылды. Тіпті Әбу Ләһәбтің қызы Дуррә туралы да айтылды. Имам Ахмед бин Ханбалдың кітабында Дуррә айтып берген: «Айшаның бөлмесінде едім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. «Дәрет аламын, су әкеліңдер!» деді. Айша екеуміз шылапшын мен құмған әкелдік. Ол дәрет алды. Маған қарап, «Сен мененсің. Мен де сененмін!» деді». Бұл сөздің туыстық хаққы үшін екендігі, үстемдікті көрсету үшін болмағандығы осы жерден жақсы аңғарылуда.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көп адамға «Жақсы көремін» деді. Жағдайға, уақытқа және сол адамның өзіне байланысты бұл сөзге әр түрлі мағына берілген. Онсыз да жақсы көру әр түрлі болады. Жұбайын, баласын, досын, ұстазын жақсы көру бір-біріне ұқсамайды. Адам біреуді жақсы көреді. Басқа тұрғыдан өзгесін көбірек жақсы көруі мүмкін. Сондықтан да Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Айшаны қатты жақсы көремін» деді. Басқа жерде: «Усаманы қатты жақсы көремін» деді. Үшінші жерде: «Әбу Бәкірді қатты жақсы көремін» деді. Төртінші жерде: «Әлиді қатты жақсы көремін» деді. Бұл жақсы көрулердің әр түрлі тұрғыда екендігі мәлім.

Адамның басқа біреуден үстем болуы бірдей үстемдіктің оның бойында көбірек болуы деген сөз. Бұл көбірек болу бір үстем сипаттың толығында болуымен қатар бөлшегінде де болуы мүмкін. Біреуде бір бөлігі, өзгесінде басқа бөлігі болуы мүмкін. Мысалы, батылдықтың бір бөлігі палуанның [спортшының] батылдығы. Бір бөлігі болса үкімет басшысының батылдығы. Патшаның батылдығы палуанның батылдығынан әлбетте құндырақ. Білім сипатының тараулары көп. Сұрақты жақсы түсіну, мұны басқа мәселемен араластырмау бұлардың бір бөлігі. Тақуалық та екі бөлімнен тұрады: әулиенің тақуалығы – харамдардан сақтану. Ал пайғамбарлардың (салауатуллаһи та'ала алейһим әжмаин) тақуалығы – исламды таратудан басқа ештеңе ойламау.

Исламның таралуы Құран кәрім мен хадис шәрифтерді жаю арқылы іске асады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы себепті асхаби кирам арасында кейбірлерінің Құран қариы және білімі көп екенін айтып, адамдардың олардан үйренуін қалады. Бұл мақтаулар олар үшін дипломдай болды. Оларды сөздерінен тани алмағандар осы жолмен таныды. Асхаби кирамның ғалымдарының бәрі осы үстемдікте ортақ.

Меккенің алынуынан бұрын Аллаһ жолында мал-мүлік бергендердің және жиһад етушілердің үстем екендігін Құран кәрім білдірген. Асхаби кирам бұл аяти кариманың Әбу Бәкір Сыддыққа қатысты келгенін айтады. Өйткені бәрінен бұрын мал-мүлік берген және жиһад еткен ол еді. Бұл міндетті бүкіл өмірі бойы атқарып, кейіннен бастағандардан немесе одан бұрын бастағанымен шәһид болып ұзақ уақыт бойы жасау нәсіп болмағандардан үстем болды.

Хадис шәрифте: «Менен кейін Әбу Бәкірге және Омарға бағыныңдар!» делінген. Бағынылу керек болған адамның ғалым болуы қажет. Хазреті Омар сұрақ қойылған кезде асхаби кирамның ғалымдарын жинап, бәрінің бір ауыздан келісімін алатын. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) заманында бұлай болмады. Ол (радиаллаһу анһ) өткір зеректігімен, терең білімімен дереу жауап беретін. Шешен және дана болғандықтан, сөздерін қате түсінетіндер де болатын. Тіпті хазреті Османның шәһид болуына қатысы бар деп түсінгендер болды. Фиқһта мута некесінің харам екенін, аяқты жуудың парыз екенін және көптеген мәселелерді хабарлаған нәзік сөздерін қате түсінгендер көп болды. Бұл ғалымдардың арасында бөлінуге себеп болды. Хазреті Омардың бір ауыздан келісіліп берілген жауаптары болса жақсы түсінілді. Бұл төрт мазһабтың білімдеріне негіз болды. Мысалы, «Жеребе тарту» ақылары тең адамдар арасынан бірін таңдау үшін жасалады. Біреудің сөзі дұрыс екенін көрсету үшін жасалмайды деген сөзді Омар (радиаллаһу та'ала анһ) айтқан.

Имам Әлидің сөздерін «Әһли сүннет», «Имамия» және «Зәйдия» топтары зерттеген. Әрқайсысы өзгеше түсінген. Зәйдия мен Имамия әулиелікті жоққа шығарды. Шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) заманында мұсылмандар арасында бөлінушілік болмады. Бәрі бірге кәпірлерге қарсы жиһад етті. Әли (радиаллаһу та'ала анһ) заманында бөлінушілік орын алғанда кәпірлермен қақтығысуды тастап, бір-бірін қыруды бастады. Хазреті Әли фитнаның алдын ала алмады. Тіпті халифалықты да қолынан жіберіп алды.

Сұрақ: Алғашқы екі халифа дәуірінде асхаби кирам көп еді. Олар халифаға көмекші болды. Хазреті Әли дәуірінде асхаби кирам азайды. Әр түрлі елдерде жаңадан мұсылман болған сауатсыздар, адасқан адамдар фитна шығарды. Бұл фитналардың алғашқы екі халифа да алдын ала алмайтын еді. Осы тұрғыдан олардың үстем екенін айту дұрыс бола ма?

Жауап: Аллаһу та'аланың фәйздері, ниғметтері ешкімді таңдамай баршаға келуде. Бірақ Аллаһу та'аланың әдеті бойынша Ол фәйздерін, ниғметтерін себеппен, біреу арқылы жібереді. Бұл себептің сол ниғметке арашы бола алуы керек. Жақсылыққа себеп болғанның жақсы екені, пәлекетке, азапқа себеп болғанның жақсы болмағаны аңғарылғанындай, жақсылар арасындағы үстемдік дәрежелері де осыдан аңғарылады. Алғашқы халифа дәуірінде сауатсыз, адасқан, бұзық адамдар жоқ деп айту дұрыс емес. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған мезетте Арабстан халқының көбі діннен шықты. Асхаби кирамнан (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) оларға міндетпен келгендерді шәһид етті. Екі халифаның еңбегі және қайраты үлкен пәлекеттің алдын алды. Ақылды адам бұл оқиғаларға кездейсоқтық дей алмайды. Аллаһу та'аланың тағдыры осындай екен деп қызметтерді жоққа шығаруға тырысу да әмри маруфты және нәхий мүнкәрді жоққа шығару болады. Хазреті Әлидің үстемдіктерін жоққа шығаруға да жол ашады.

Сұрақ: Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) мұсылмандармен соғысуы ақиқатты қорғау еді. Әділетсіздікті жою үшін еді. Сондықтан бұл соғыстары жиһад саналмай ма?

Жауап: Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) ақиқат үшін, жақсылық үшін күш салғаны мәлім. Сондықтан оның атына дақ түсіруге болмайды. Бірақ бұл соғыстарды Расулуллаһтың бұйрығымен жасады деп айту дұрыс емес. Өйткені оның фитналарды басуы тағдырға жазылған болса, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған бұйрық беретін еді. Ол бұл қайырлы іске себепші болар еді.

Белгілі болғанындай, Шамның және Ирактың жаулап алынатынын хабар берген болатын. Сондықтан екі халифаның бұл еңбектері жемісті болды. Бұл бүліктер болса тоқтатыла алмады. Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) басу үшін жасаған шаралары фитнаны одан сайын арттырды. Аллаһу та'аладан Расулына уәде етілмегені аңғарылуда. Хазреті Әлидің харижилермен соғысуы ондай емес. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл соғысын хабар берген және жеңіс табатынын сүйіншілеген еді.

Шәйхайн дәуірінде (радиаллаһу та'ала анһума) фиқһ білімдерін ұстануда, ихсан және тариқат деген марифаттарды алуда мұсылмандар бірлік күйінде еді. Кемшілік жібергендерді халифа жазалайтын еді. Алайда өздері секілді олардың көбі де Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатына қатысқан болатын. Са’д бин Әби Уаққас (радиаллаһу та'ала анһ) үйінің есігін парсылардай жасатқанда хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) бұздырды. Халид бин Уәлид секілді атақты қолбасшыны қызметінен босатты. Мысыр әкімі Амр бин Асқа сөгіс берді. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) дәуірінде халифаны қабыл етудің өзінде бөліну болды. Хазреті Османды (радиаллаһу та'ала анһ) өлтіргендерге өлім жазасын берудегі және халифалық үшін хазреті Муауияның (радиаллаһу та'ала анһ) төреші талабын қабыл етуіндегі пікірлерін мұсылмандардың көбіне қабылдата алмады. Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) сұхбатына қатысқандар сахаба болмаса да, исламға бағынып, жүректерін тазалайтын еді. Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) қасындағылардың көбі әскер еді. Олардың жүректері бұзылған еді. Оны жақсы көрмейтіндер де бар еді. Халифа мінберде оларды шағымданатын еді. Хазреті Хасанға (радиаллаһу та'ала анһ) жапа шектіргендер және хазреті Хусейнді (радиаллаһу та'ала анһ) жабайылықпен шәһид еткендердің бәрі Куфа халқынан болды. Халифаны жақсы көретіндердің көбі де бұл жақсы көруінде шектен шықты. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) оларды да шағымданатын еді.

Сұрақ: Хазреті Әлидің руханияты көп еді. Ол періште секілді еді. Сондықтан да ол адамдармен келісе алмады. Ал шәйхайн бәрі секілді адамдар еді. Өздеріне ұқсағандармен оңай келісті. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тіпті туыстары да сенбеді. Бұл айып Расулуллаһқа емес, сенбегендерге қатысты болды ғой?

Жауап: Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һуллаһу та'ала) айтуынша, хазреті Әли (радиаллаһу анһ) туралы ешқандай кемшілік айту жаиз (рұқсат) емес. Біз бұл кітапта әһли сүннет бойынша кемшілік емес, үстемдік айырмашылықтарын белгілеп өткіміз келді. Аллаһу та'ала сүйіктісіне (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұнафиқтарға (екі жүзділермен) дос сияқты көрінуді, сауатсыздарға нәзік мәселелерді айтпауды, бәріне жағдайына, дәрежесіне қарай сөйлеуді әмір етті. Осылайша оларды тәрбиелеу, фәйз беру оңай болды. Аллаһу та'ала онсыз да осы себепті пайғамбарларды (алейһимуссалам) адам кейіпінде жіберді. Періште қылып жібермеді. Халифалар арасында да осындай болғаны әлбетте үстемірек болады. Ислам дінін жаюы, адамдарды тәрбиелеуі сәтті болады. Қай жолмен болса да осылай жасауға бөгет болатын нәрселер, тіпті қайраттылық, тақуалық, әдептілік, халықтан алыстау секілді құнды нәрселер де халифаның дәрежесін азайтады. Қайырымдылық пен жақсылық жасаған адамның алған сауабы оның ұстазына да және себеп болғандарға да беріледі. Осы тұрғыдан шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) Әлиден (радиаллаһу та'ала анһ) үстем болуы қажет болуда.

Хижреттен бұрын кәпірлер Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және мұсылмандарға ойға да келмейтін азап пен қорлық көрсетті. Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһума) оларға қарсы шықты. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) ол кезде бала еді. Хижреттен кейін хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) дұшпанмен шайқасуда, ал шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ақылдасуда озат болды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуынан кейін шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) дәуірінде ислам дінінің жайылуы, мемлекеттердің алынуы өте көп және өте тез болғаны сонша, еш уақытта және еш жерде осындай жемісті және тұрақты жетістік байқалмаған. Ал Әли (радиаллаһу та'ала анһ) дәуірінде ешқандай қала алынбады. Тіпті жиһад толықтай тоқтады.

Хазреті Әлиден (радиаллаһу та'ала анһ) хадис риуаят етушілердің көбі жан-жақтан жиналған әскерлер еді. Кім екендіктері белгісіз еді. Олардың хабар бергендері сенімді емес. Мәдинадағы және Шамдағы ғалымдардан хазреті Әлиден (радиаллаһу та'ала анһ) хадис жеткізгендер өте аз.

Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден кейін исламның негізгі білімі «Фиқһ». Фиқһтың негізгі білімдері – хазреті Омардың (радиаллаһу та'ала анһ) ғалымдардың арасынан бір ауыздан келісімге келтіріп шығарғандары. Мұсылмандардың көбі Ханафи, Малики және Шафии мазһабтарын ұстанады. Малики мазһабының қайнары «Муватта» кітабы. Муватта кітабында хазреті Әлиден (радиаллаһу та'ала анһ) келген тек бірнеше ғана мәселе бар. Ханафи мазһабының қайнары болған Имам Әбу Ханифаның (рахимә-һуллаһу та'ала) Мүснәд кітабы және Имам Мұхаммедтің (рахимә-һуллаһу та'ала) еңбектері де осындай. Имам Шафиидың (рахимә-һуллаһу та'ала) Мүснәд кітабында болса олардағыдан да аз. Фиқһтан кейін «Сияр» білімдері келеді. Мұнда да хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) басқа сахабалар секілді. Тасаууфқа келер болсақ, «Сулук» және жүректі тазалау болған бұл ғылымда хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) сөздері, мысалы Абдуллаһ бин Мәсудтың немесе Абдуллаһ бин Омардың (радиаллаһу та'ала анһ) сөздерінен көп емес.

Сұрақ: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) Құран кәрімді және хадис шәрифтерді бәрінен жақсы білетін еді. Одан естігендердің сенімсіз болуы, мазһаб имамдарына дұрыс жеткізе алмауы осы ұлы имамға кемшілік бола ма?

Жауап: Олардың кемшіліктері Имам хазреттің жоғары дәрежесін әрине түсіре алмайды. Оның халифа болу хақысын әлбетте кетіре алмайды. Бірақ халифаның үстем, жоғары болуы қажет. Халифа болуға хақы бар адамдар арасынан Аллаһу та'ала белгісіз себептермен біреуді осы орынға таңдаса, әлбетте бұл оған ерекше үстемдік болады. Өзінің бойындағы үстемдікке тағы іс атқару арқылы үстемдік қосылады. Қызметі көп болғанның үстемдігі артады. Аллаһу та'ала бұл үстемдікті өзінде үстемдік бар болғанға және одан бөлек еңбек сіңіргенге береді.

Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) жүрек тазалығы, яғни тасаууф тұрғысынан үстемдігін екі жолмен айтуға болады: хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) тақуалығы әулиелердің (рахимә-һумуллаһу та'ала) тақуалығы секілді еді. Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) реттілігін бұзды. Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) тақуалықтары болса халифалықтарын ретке қойды. Екінші жолмен айтарымыз, тақуалық – нәпсінің қалауларын орындамау. Ислам рұқсат берген болса да істемеу. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) халифа болу үшін көп қан төгілуіне себеп болды. Бұл ісінде әлбетте дұрыс еді және ислам рұқсат берген істі жасады. Бірақ шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) тақуалықтарының себебімен халифалықты қаламайтынын айтты. Шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) білім иелеріне және халифалыққа хақы барларға үнемі қарапайымдылық көрсетті. Тақуалық аз нәрсемен күн көру болса, хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) осы тұрғыдан да шәйхайннан (радиаллаһу та'ала анһума) алда екенін айтуға келмейді. Имам Ахмедтің (рахимә-һуллаһу та'ала) кітабында Мұхаммед бин Ка’б Куразидың айтуынша, хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында аштықтан ішіме тас байлағаным болған. Ал қазір мал-мүлкімнің зекеті төрт мың алтынды құрайды» деді.

Еш күмәнсіз хазреті Әли (радиаллаһу анһ) кәміл және мүкәммил еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ешкім ризығын бітірместен өлмейді. Бірақ ризықтарыңды жақсы жерлерден іздеңдер!» деді.