![]() ![]() БІРІНШІ БӨЛІМКітаптың басынан осы жерге дейін шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) үстемірек екенін нақыл дәлелдерге және ақылға сүйеніп баяндадық. Енді қарсыластардың күдіктерін кетіруге тырысайық. Бұл жерде Имамия және Зәйдия топтарына жауап бермейміз. Оларға аяти карима және хадис шәрифтермен емес, басқа түрлі жауап беру керек. Бұл мәселеде дұрыс ойлайтындар да, қате ойлайтындар да үш топқа бөлінеді. Насыр-и Туси оларды адастырған. Насыруддин Туси «Тәжрид» кітабында хазреті Әлидің шәйхайннан да үстем екенін жазған. Жиһадтарда көрсеткен ерліктерін және Расулуллаһтың қызметінде көрген қиыншылықтарын жазуда. Бәдір, Ухуд, Ахзаб [яғни Хандек], Хайбәр, Хунәйн соғыстарындағы қызметтерін басқа ешбір сахаба жасамаған дейді. «Ғалымдардың білімдері одан келеді. Осылай екенін өзі де хабар берген. «Мубахәлә» аятында «Уә әнфусәнә» делінген, бұл оның абыройын көрсетеді. Ол өте жомарт еді. Расулуллаһтан кейін адамдардың ең тақуасы еді. Ғибадаты ең көп болған еді. Ең ғалымы, ең қадірлісі еді. Алғаш иман келтірген ол. Ең көркем сөйлейтін ол еді. Ой-өрісі, шабыты ең дұрыс болған, Аллаһу та'аланың әмірлерінің орындалуына ең көп атсалысқан, Құран кәрімді ең жақсы жаттаған ол еді. Ол ғайыптан хабар беретін. Дұғалары қабыл болатын. Көп кереметтері байқалды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақын туысы және ахиреттік бауыры еді. Оны жақсы көру, оған көмектесу әр мұсылманға уәжіп (міндет) болды. Пайғамбарларға теңдес екені хабар берілді. Құс оқиғасы оның абыройының жоғары екенін көрсетеді. Мұсаның қасындағы Харундай еді. Халифа болатыны «Ғадыр» деген жердегі хадис шәрифпен хабар берілген. Күпірлікпен бір мезет де өмір сүрмеді. Исламға көп қызмет етті. Рухы да, тәні де кәміл еді» дейді. Жауап: «Фадл-и жузи», яғни бірнеше нәрседе үстем болу мен «Фадл-и күлли», яғни барлық нәрседе үстем болу екі бөлек. Адамды пайғамбарға ұқсататын түрлі сипаттар бар. Оларды бір-бірімен араластырмау керек. Халыққа басшы болу, пайғамбарға халифа болу үстемдігі мен басқа үстемдіктерді жақсы түсіну қажет. Аллаһу та'ала «Маида» сүресінің үшінші аятында: «Бүгін діндеріңді кемелдікке жеткіздім. Сендерге ниғметімді толықтырдым» деді. Сондықтан дін мен халық істерінде пайғамбардан өзгесіне қаралмайды. Аллаһу та'ала сүйікті пайғамбарына нәсіп еткен ниғметтердің көбін тірі кезінде берген, бір бөлігін кейін беретінін уәде еткен, бұларды кейбір сахабалардың қолында жаратқан. Ол сахабалар Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлық міндетінде ұқсаумен абырой тапқан. Асхаби кирамның осы тұрғыдан Расулуллаһқа ұқсаулары өзгеше. Бәрінен көп ұқсағандары шәйхайн болды. Мұны жақсы түсіндіре алу үшін «Тәжрид» кітабының жазбалары төменде жеке-жеке жазылады, әрбіріне жауап беріледі. Сұрақ 1: Хазреті Әли дін үшін жиһад жасады. Ол сияқты ержүректік көрсеткендер болды ма? Жауап 1: Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) соғыстарда ержүректік көрсетуі Расулуллаһтың жәрдемімен еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шәйхайнға да бұл жәрдемді көрсетті. Хижрет пен қайтыс болуы арасындағы уақытта хазреті Әлиге көрсеткен жәрдемі көбірек еді. Хижреттен бұрын және қайтыс болуынан кейін шәйхайнға көрсеткен жәрдемі көбірек еді. Бірақ пайғамбарлық міндетінде ұқсастық шәйхайнда көбірек болды. Сұрақ 2: Асхаби кирам көп нәрсені хазреті Әлиден сұрап білетін еді. Бұл оның үстемірек екенін көрсетпей ме? Жауап 2: Хазреті Омар да білімінің көп екенімен сүйіншіленген еді. Тирмизи хабарлағанындай, хазреті Әли діннен шыққан бірнеше адамды жақты. Мұны Абдуллаһ бин Аббас естігенде: «Мен болсам өртемес едім, өлтіретін едім. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Діннен шыққан адамды өлтіріңдер!» деген. Бір ретінде «Аллаһу та'ала беретін азаппен сендер азаптамаңдар!» деген болатын» деді. Хазреті Әли мұны естігенде: «Абдуллаһ бин Аббас дұрыс айтады» деді. Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) күнәсіз болмағанын, қателескенін көрсететін осындай хабарлар Мүслимде және басқа кітаптарда жазылған. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді мақтағанындай, асхаби кирамның көбін де мақтаған. Шәйхайн туралы: «Менен кейін Әбу Бәкірге және Омарға бағыныңдар!» және «Жәннаттағы адамдардың ең үстемі Әбу Бәкір мен Омар» деген хадис шәрифтер баршаға мәлім. «Омар өткен жолдан шайтан қашады» хадис шәрифі және көйлек түсін, сүт түсін айтып, білім және дінмен жоруы хазреті Омарды сүйіншілеген. Убәйй бин Ка’б туралы да: «Құран кәрімді ең жақсы оқитындарың Убәйй бин Ка’б» делінген. «Ибн Умми Абд разы болған адамға мен де разымын», «Халалды және харамды ең көп білетіндерің Муаз!», «Әр үмбеттің сенімді, адал адамы бар еді. Бұл үмбеттің сенімді, адал адамы Әбу Убәйда», «Әр пайғамбардың хауариы бар еді. Менің хауариым Зубәйр» және «Білімнің төрттен бірін Айшадан үйреніңдер!» хадис шәрифтері әр түрлі сахабаларды белгілі бір үстемдікпен мақтауда. Ынсаппен ойланатын болсақ, бұл үстемдіктердің арасында ең үстем болғаны бағыну және жәннат адамдарының ең үстемі болу. Хазреті Әли де осыны айтып: «Менің сендерге уәзір [яғни кеңесші] болуым сендерге әмір болуымнан жақсырақ» деген. Ғалымдардың білімі одан келгеніндей, шәйхайннан да келеді. Дін ғұламалары қыраат, фиқһ, хадис, тәфсир, усул, тасаууф, кәлам және тіл ғалымдары. Қыраат ғалымдарының жетеуі әйгілі. Олардың бәрінің білімі хазреті Осман жаздырған Құран кәрімнен алынған. Ал бұл Құран кәрімді шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) жинақтады. Оны да хазреті Омар жіберген ғалымдар барлық жерге жеткізді. Хазреті Әлиден (радиаллаһу та'ала анһ) тек екі ғана риуаят келген. Фиқһ ғалымдарынан Ханафи, Шафии және Малики мазһабтарының негіздері хазреті Омар жасаған ижма білімдеріне сүйенеді. Олардың негізгі кітаптарында хазреті Әлиден келетін риуаяттар өте аз. Хадис ғалымдарына келер болсақ, олар хабар берген хадис шәрифтердің көбін Әбу Хурайра, Абдуллаһ бин Омар, Айша, Абдуллаһ бин Мәсуд, Абдуллаһ бин Аббас, Әнәс бин Малик, Әбу Саид Худри және Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу та'ала анһум) хабар берген. Олардың да көбі шәйхайннан риуаят еткен. Мәдина, Шам, Йемен, Мысыр ғалымдарының хазреті Әлиден риуаяттары аз. Куфалықтардың риуаяттары көп болса да, олардың жағдайлары белгісіз. Усул білімін Имам Шафии (рахметуллаһи та'ала алейһ) құрды. Оның кітап, сүннет, ижма және қияс үстіне құрылған негізгі білімдерінің барлығы шәйхайннан келеді. Кейін әр мазһаб имамы өз мазһабы үшін усул қойды. Бұл усулдардың асхаби кирамның сөздеріне ешқандай қатысы жоқ. Кәлам ғалымдарының негізгі білімдері Әһли сүннет уәл жамағат сенімі. Бұл білімдер де шәйхайннан (радиаллаһу та'ала анһума) келуде. Ал уақыт өте қосылған білімдердің асхаби кирамның сөздеріне еш қатысы жоқ. Тәфсир білімін құрған Омар (радиаллаһу та'ала анһ). Тасаууф біліміне келсек, жүректің сұхбатпен тазалануы шәйхайннан келуде. Хасан Басридың хазреті Әлиден фәйз алуы және шапан киюі дұрыс емес дейтіндер де бар. Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) өз үстемдіктерін айтуы рұқсат. Үлкен тұлғаның жақсы ниетпен өзгелердің одан фәйз ала алуы үшін үстемдіктерін айтуы рұқсат. Хазреті Әли хұтбада: «Құран кәрімнен қалағандарыңды менен сұраңдар! Уаллаһи әрбір аяттың түнде немесе күндіз келгенін, сайда немесе тауда түскенін білемін» деді. Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһ) қарапайымдылығы өте жоғары еді. Мысалы Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) ағашта бір құсты көргенде: «Неткен бақыттысың сен, ей құс! Қалаған ағашыңа отырасың. Қалаған жемісіңді жейсің. Қиямет күні есепке тартылмайсың, азапталмайсың. Әттең, сен сияқты құс болсам ғой» дегені әйгілі болған. Хазреті Омардың да бір уыс топырақ болу үшін айтқандары кітаптарда жазылған. Аллаһу та'алаға жақын әулиелердің жағдайлары бір-біріне сай келмейді. Кейбірі мақтанған, кейбірі жоқ болғысы келген. Иса алейһиссалам көңіл шаттығында, қуанышты жүретін еді. Ал Яхия алейһиссалам көбінесе үрейленіп, мұңайып жүретін. Хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ): «Ей, Аллаһтың халифасы!» делінген кезде ол: «Мен Расулуллаһтың халифасымын және бұған разымын» деді. Сұрақ 3: «Уә әнфусәнә» аяти каримасы хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) үстемдігін көрсетпей ме? Жауап 3: Тәфсирлерде жазылуы бойынша, бұл аяти кариманы «Мубахала аяты» деп атайды. Мубахала жасау және мубахала жасағанда бала-шаға мен туыстарды қасына алу Арабстанда салт еді. Расулуллаһ та (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мубахала жасағанда осы салт бойынша балалары мен туыстарын жинады. Бұл аяти карима хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) туыс болу абыройын көрсетуде. Бұл абыройдың үлкендігіне бәріміз сенеміз. Бірақ бұл абырой «Фадл-и күлли», яғни барлық тұрғыдан үстем болуды көрсетпейді. Осы секілді «Сен мененсің. Мен де сененмін» сияқты хадис шәрифтер туыстық абыройды көрсетеді. Өйткені хазреті Аббасқа және Әбу Ләһәбтің қызы Дуррәға қатысты да осылай айтылған. Ондай сөздер «Фадл-и жүзи»-ді, яғни бір тұрғыдан үстемдікті көрсетеді. Барлық тұрғыдан үстемдікті көрсетпейді. Моншада арыстан көрдім деген секілді. Моншада арыстандай күшті адам көргенін білдіреді. Болмаса тістері, табаны және жалы арыстандағыдай деген сөз емес. Сұрақ 4: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) өте жомарт еді. Бұл үстемдігі аяти каримамен мақталды. Жауап 4: Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) әлбетте өте жомарт еді. Осы секілді тағы көптеген үстемдіктері де бар. Хазреті Әлидің бұл үстемдіктеріне және асхаби кирамның көбінен үстемірек екеніне бәріміз сенеміз. Біз бұл жерде шәйхайнның үстемірек екенін айтқымыз келеді. Жомарттық екі түрлі. Біріншісі, өз мал-мүлкінен мұқтаж болғандарға молынан беру. Екіншісі, «Бәйт-ул мал» деген мемлекеттің қазынасы қызметкерлерінің бәйт-ул малдан хақы бар болғандарға хақысын кем қылмай беруі. Шәйхайн екі тұрғыдан да әлдеқайда жомарт еді. Хазреті Әбу Бәкірдің хижреттен бұрын және хижреттен кейін Расулуллаһ үшін берген мал-мүлкінің көбін сияр кітаптары бір ауыздан хабар берген. Бір түні Аллаһ үшін он мын алтын, ертеңіне он мың алтын, одан бөлек жасырын түрде он мың алтын және бәрінің көзінше он мың алтын таратқан кезде «Ниса» сүресінің отыз алтыншы аяты келіп, Аллаһу та'ала тарапынан мақталды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сахабаларымның арасында маған сұхбатымен және мал-мүлкімен ең көп қызмет еткен – Әбу Бәкір» деген. Тәбук соғысында ол мал-мүлкінің бәрін берді. Хазреті Омардың да (радиаллаһу та'ала анһ) Аллаһ жолында мал-мүлкін бергені көп болған. Тәбук соғысында мал-мүлкінің жартысын берді. Хазреті Әлидің осыншалықты мал-мүлік бергені еш естілмеген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған қарайтын еді. Хижреттен кейін де мал-мүлкі жоқ еді. Шәйхайн халифа кезде бәйт-ул малдан тек күн көретіндей шамада айлық алатын. Олар қазынаның бәрін халыққа тарататын еді. Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) халифа кезде халыққа таратқаны олардың таратқанының мыңда бірі де бола алмайды. Укайлдың күнкөріс қиыншылығынан хазреті Әлиге ашуланғаны, осы себепті Муауияның (радиаллаһу та'ала анһ) тарапына өткені мәлім. Сұрақ 5: Хазреті Әли Расулуллаһтан кейін адамдардың ең тақуасы еді. Жауап 5: Иә, хазреті Әлидің тақуалығы көп екені баршаға мәлім. Асхаби кирамның көбінен тақуа еді. Тақуалық – дүниелікке берілмеу деген сөз. Мұның ең құндысы – халифалықты да қаламау. Шәйхайнның халифалықты тастағысы келгенін асхаби кирам бір ауыздан хабар берген. Хазреті Әли болса халифа болуға тырысты. Дінге және мұсылмандарға қызмет ету үшін қалады дейтіндердің шәйхайнды да халифа болғаны үшін жамандауы қажет болады. Бірақ шәйхайн халифа болуға тырыспады. Ал хазреті Әли көп тырысты. Хазреті Омардың тақуалығының кемел болғанын Сад бин Әбу Уаққас хабар берген. Шәйхайнның тақуалығын, қанағатшылдығын көрсететін хабарлар санауға келмейтіндей көп. Тақуалардың ең үстемі Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм). Шәйхайн халифа кезде толықтай Оған ұқсады. Аллаһу та'аланың әмірлерін орнықтыру, тарату үшін бәрін істеді. Осылай екенін хазреті Әли де хабар берген және: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бәрімізден жоғары. Әбу Бәкір де сондай болды. Омар олардың үшіншісі болды. Кейін бәрі бұзылды. Аллаһу та'ала тілеген нәрселер орын алды» деді. Хазреті Әлидің көп ғибадат жасағаны үшін асхаби кирамның көбінен озат болғаны анық. Бірақ шәйхайннан озғанын айтуға болмайды (радиаллаһу та'ала анһум). Сұрақ 6: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) бәрінен бұрын иман келтірді. Бұдан асқан абырой бар ма? Жауап 6: Бәрінен бұрын иман келтірген адам кейбір ғалымдардың айтуынша хазреті Әли. Ал кейбірлерінің айтуынша хазреті Әбу Бәкір. Хазреті Хадишаның олардан да бұрын иман келтіргені бір ауыздан хабар берілген. Бәрінен бұрын иман келтіру үстем болуға себеп болса, хазреті Хадиша мен Зәйд асхаби кирамның ең үстемі болар еді. Бәрінен бұрын иман келтірудің үстемдік болуы басқалардың иманға келуіне себепкер болғаны үшін. Бұл тек балиғат жасына толған, жетілген адамда болады. Хазреті Әли иман келтірген кезде бала еді. Иман келтіргенін тіпті әкесінен де жасырды. Әуелі иман келтіріп, басқаларды иманға келтіру үстемдігі тек қана Әбу Бәкірде (радиаллаһу та'ала анһ) орын алды. Сұрақ 7: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) асхаби кирамның ең әдемі сөйлейтіні еді. Жауап 7: Хазреті Әлидің көркем, әдеби және шешендікпен сөйлегені және осы тұрғыдан асхаби кирамның көбінен үстем екені анық. Бірақ шәйхайннан үстемірек екенін айтуға болмайды. Өйткені шәйхайнның өте көркем хұтбаларын асхаби кирамның ұлылары хабар берген. Хазреті Әбу Бәкірдің өте әдемі, көркем қасидалары Ибн Исхақтың тарих кітабында жазулы. Сонымен қатар өте шешен болудың халифалыққа қатысы жоқ. Иә, исламды түсіндіргенде шешендік қажет. Шәйхайн (радиаллаһу анһума) барлық нәрсені өте көркем түрде жеткізді. Пікір өзгешеліктерін, түсініспеушіліктерді толықтай алып тастады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) заманында пайда болған түсініспеушіліктердің ешбірі шешіле алмады. Хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) сөзімен ижтиһадын өзгерткен сахабаның бар екені естілмеген. Сұрақ 8: Хазреті Әлидің рәйі, кәшфі ең дұрыс емес пе еді? Жауап 8: Иә, хазреті Әлидің ижтиһадының дұрыс екеніне және насстардан үкім шығарудағы, сұрақтарға жауап берудегі тездігіне ешкімнің айтар сөзі жоқ. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) та осыны айтып: «Үкім шығаруда ең озаттарың – Әли» деген. Хазреті Омар асхаби кирамның үстемдіктерін атаған кезде «Үкім шығаруда ең үстемдерің Әли» деген. Бірақ бұл үстемдігін шәйхайннан бұрын халифа болуына себеп ретінде көрсету дұрыс бола алмайды. Өйткені хазреті Әбу Бәкір халифа болғанда арабтарды мүртәд болудан бастартқызу үшін қандай үкім шығарған болса, бәрі пайдалы болды. Иранға және румдықтарға қарсы жасаған жиһадтарда хазреті Омардың ойлары мен бұйрықтарының бәрі жеңіске жеткізді. Хазреті Әли халифа кезінде жасағандары зиянды болды. Ол ақылдасқан адамдарының рәй пікірлерін ұнатпайтын. Абдуллаһ бин Аббас мұны анық хабар берген. Хазреті Осман шәһид етілгенде хазреті Әлиге ұлы хазреті Хасанның айтқандары кітаптарда жазылған. Рәйдің, ижтиһадтың дұрыс болуы пайдалы нәтижелерге жеткізуі деген сөз. Бұл тек қана шәйхайнның рәй және ижтиһадтарында толықтай орын алды. Сұрақ 9: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) Аллаһу та'аланың әмірлерінің орындалуына ең көп күш салған емес пе? Жауап 9: Аллаһу та'аланың әмірлерінің орындалуы және исламның таралуы үшін шәйхайнның да, хазреті Әлидің де (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) бар күшін салып тырысқаны күмәнсіз. Бірақ насспен айқын білдірілмеген істерде асықпау, ақылдасу, ижмаға қолжеткізу қажет. Мұндай жерлерде асығу қате. Хад жазаларында осылай істелмесе, фитна оянады. Шәйхайн әр әмірлерінде Расулуллаһтың осы сүннетін ұстанатын еді. Мұны Омар бин Абдулазиз өте жақсы хабар берген. Хазреті Әли олай жасамады. Тіпті бір түні Муғира бин Шубәмен сөйлескен кезде: «Түсініспеушілік пен фитна қаупі туындаса, күдіктіні бірден тас боранмен жазалаймын» деген, Муғира сол түні қашып хазреті Муауияға барған. Хазреті Әли заманындағы бүліншілікке бір жағынан асығуы себеп болған деуге болады. Хазреті Әлиде секр халі мен асығыстық көп еді. Ал шәйхайнда парасаттылық, сақтық және көрегендік көп еді. Осылай екенін Абдуллаһ бин Аббас айқын хабар берген, «Хазреті Омар көреген еді, ақырын, байсалды әрекет ететін. Хазреті Әли қалағанын дереу істейтінін ойлап іске кірісетін. Көбі орындалмай қалатын» деген. Сұрақ 10: Құран кәрімді ең жақсы жаттаған хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) емес пе? Жауап 10: Құран кәрімді жаттау абыройы тек хазреті Әлиге ғана тән емес. Шәйхайн және Зиннурәйн, Абдуллаһ бин Мәсуд, Убәйй бин Ка’б (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) та Құран кәрімді толықтай жаттаған болатын. Шәйхайн халифа кезде жұма және бес уақыт намазды имам болып оқытатын. Таң намазында «Бақара» және «Юсуф» секілді ұзын сүрелерді оқитын. Хазреті Әли мен басқа қарилар жамағат арасында еді. Ешбір намазда қате оқылды дегені естілмеген. Бұл намаздар жамағаттың жаттағандарының сақталуына көмектесетін. Сұрақ 11: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) ғайыптан хабар беретін және дұғалары қабыл болатын. Жауап 11: Ғайыптан хабар беру және дұғаның қабыл болуы хазреті Әлиде де, шәйхайнда да көп байқалатын. Шәйхайнның бұл кереметтері сахих хабарлармен бізге келді. Хазреті Әлидің кереметтерін хабар бергендер арасында өтірікшілердің болғанын хазреті Әли де хабарлаған, көбін қасынан қуып жіберген. Бір-бірінің жамандықтарын да хабарлаған. Бұхариде жазылуы бойынша, шәйхайнның дұғасымен желінетін ас азаймайтын, артатын. Тағы Бұхариде хабар берілуі бойынша, хазреті Омардың Иранда соғысып жатқан әскерін Мәдинада хұтба оқып жатқанда көріп, қолбасшылары Сарияға «Тау жақтан абайлаңдар!» дегені мәлім. Хазреті Омардың өлтірілетінінен бірнеше күн бұрын өлетінін хабар бергені Имам Ахмедтің «Мүснәд» кітабында жазылған. Хазреті Әбу Бәкірдің иман келтіретін және өлетін кезінде көрген түстері сахих кітаптарда жазылған. Ніл өзенінің хазреті Омардың хатына бағынып ағысын өзгерткені хабар берілген. Осындай тағы түрлі кереметтері хабар берілген. Осындай болуымен қатар асхаби кирамның жоғары дәрежелері керемет дәрежесінен үстемірек еді. Халифалық дәрежесінде кереметтің аз болуы қажет екені «Фусус» кітабы Сүлейман алейһиссаламның мұғжизасын баяндағанда хабар берген. Сұрақ 12: Хазреті Әли Расулуллаһтың жақын туысы және ахиреттік бауыры еді. Бұдан асқан абырой бар ма? Жауап 12: Иә, хазреті Әли Расулуллаһтың өте жақын туысы. Бұған ешкімнің қарсылығы жоқ. Шәйхайн да Құрайш тайпасынан және қыздары Расулуллаһқа жұбай болумен абыройланған. Бірақ бұл жақындықтар ең үстем болуға себеп бола алмайды. Туыстардың бір-бірінен жақын болғанын хабарлаған аяти карима мирасқа қатысты келген. Халифалыққа, әкімдікке және имамдыққа қатысы жоқ. Егер халифалық туыстық арқылы болса, хазреті Әлидің емес, хазреті Аббастың (радиаллаһу та'ала анһума) халифа сайлануы қажет болар еді. Корольдердің, диктаторлардың әдеттері бұған дәлел бола алмайды. Халифалықтың мирас секілді әкеден балаға қалмай, қабілетті, лайықты адамның таңдалуы Тауратта да хабар берілген еді. Аллаһу та'ала хазреті Мұсадан кейін Юша алейһиссаламды пайғамбар қылды. Харун алейһиссаламның ұлдарын қылмады. Исламда да халифаның құрайш тайпасынан болатыны хабар берілді. Бұл тайпаның қай тарауынан болатыны хабар берілмеді. Осы тайпадан шығып, халифалықтың тоғыз шарты бойында бар адамның халифа болуға хақы бар болады. Бірақ халифа болу үшін бір ауыздан сайлану немесе алдынғы халифаның өсиет етуі немесе күшпен қолға алынған болуы қажет. Шәйхайн (радиаллаһу та'ала анһума) халифалықтың шарттарына ие еді және бір ауыздан сайланды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Бәкір (радиаллаһу та'ала анһ) туралы «Бауырым және жақын туысым» деді. Омар (радиаллаһу та'ала анһ) туралы да «Бауырым, маған дұға ет!» деді. Ахиреттік бауыры тек қана Әли (радиаллаһу та'ала анһ) болса да, мұның халифалыққа қатысы жоқ. Расулуллаһ сахабаларды бір-біріне бауыр қылғанда хазреті Әли жылап келді де, «Сахабаларыңызды бір-бірімен бауыр қылдыңыз. Мені ешкіммен бауыр қылмадыңыз» деп ренішін білдірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оның жағдайына жаны ашып, «Сен менің дүниеде және ахиретте бауырымсың!» деді. Бәни Нәжжардың басшысы Әсад бин Зарара өлгенде халқы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келіп, «Бізге басшы тағайындап беріңіз» дегенінде: «Сендер менің бауырымсыңдар! Сендердің басшыларың мен болайын!» деді. Бұл бауырлық олардың шәйхайннан үстемірек екенін көрсетпейді. Сұрақ 13: Әр мұсылманның хазреті Әлиді жақсы көру керектігі «Шура» сүресінің жиырма үшінші аятында әмір етілді. Жауап 13: Бұл аяти каримада: «Сендерден жауап ретінде тек туысқандарымды жақсы көрулеріңді сұраймын» делінген. «Әлиді жақсы көру иманның белгісі. Оған дұшпан болу мұнафиқтық (екі жүзділік) белгісі» және «Сенімен соғысқан адаммен соғысамын. Сенімен тату болған адаммен татуласамын» хадис шәрифтері осындай. Иә, әһли бәйтті жақсы көру және құрметтеу әрі Расулуллаһтың жұбайларын да құрметтеу әр мұсылманға уәжіп. Хазреті Аббас (радиаллаһу та'ала анһ) та бұған қатысты. Хадис шәрифте: «Көкемді ренжіткен адам мені ренжіткен болады» делінген. Хадис шәрифте: «Ансар сахабаларды жақсы көру иманның белгісі, ансар сахабаларға дұшпан болу мұнафиқтық белгісі» делінген. Асхаби кирамның бәріне қатысты да: «Сахабаларымды жақсы көрген адам оларды мен үшін жақсы көреді. Сахабаларыма дұшпан болған адам маған дұшпандық жасаған болады. Оларды ренжіткен адам мені ренжіткен болады. Ал мені ренжіткен адам Аллаһу та'аланы ренжіткен болады» делінген. Сұрақ 14: Хазреті Әлиге көмектесу әр мұсылманға уәжіп. «Тахрим» сүресі осыны көрсетеді. Жауап 14: Иә, «Тахрим» сүресінің төртінші аяти каримасында: «Салих мүминдер Оған көмекші» делінген. Бұл аяти каримада салих мүминдердің хазреті Әлиге көмекші болуын емес, Расулуллаһқа көмекші болуын көрсетуде. Салих мүминдердің хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар екенін асхаби кирам бір ауыздан хабар берген. Бұл аяти карима шәйхайнның абыройын көрсетеді. Сұрақ 15: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әлидің пайғамбарлармен тең екенін айтқан. Жауап 15: Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тек хазреті Әлиді ғана емес, басқа сахабаларды да пайғамбарларға (алейһимуссалауату уәттәслимат) ұқсатқан. Бұл арқылы ол пайғамбардың үстем сипаттардың бірінің оның бойында бар екенін хабар берген. Осылайша Әбу Зәрдің тақуалығын Иса алейһиссаламға, Әбу Бәкірдің мейірімділігін де Иса алейһиссаламға, Омардың қаталдығын Нұх алейһиссаламға, Әбу Мусәл Әшаридың әдемі оқуын Дауд алейһиссаламға ұқсатқан. Сұрақ 16: Құс кәуабы оқиғасы Аллаһу та'аланың Әлиді (радиаллаһу та'ала анһ) қатты жақсы көргенін көрсетпей ме? Жауап 16: Расулуллаһтың алдында құс кәуабы бар еді. «Йа, Раббым, сүйікті құлдарыңның бірін жібер. Мына құсты онымен бірге жейік» деді. Хазреті Әли келді. Екеуі бірге жеді. Бұл хабар әлбетте дұрыс. Хазреті Әли әлбетте Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарының бірі. Бірақ бұл сүйінші тек оған ған келмеген. Хазреті Әбу Бәкірге және хазреті Омарға да осындай сүйінші берілген. «Аллаһу та'ала Әбу Бәкірге жалғыз тәжәлли етеді. Басқаларға бәріне бірден тәжәлли етеді» және «Омардан да қайырлы басқа ешкімнің басына күн тумаған» хадис шәрифтері мәлім. Сұрақ 17: «Менің қасымдағы орның Мұсаның қасында Харунның орны секілді» хадис шәрифі де оның халифа болатынын көрсетпей ме? Жауап 17: «Тәжрид» кітабы осыны жазғанда Тәбук соғысындағы «Сен менің қасымда Мұсаның қасындағы Харун секілдісің! Бірақ менен кейін пайғамбар жоқ!» хадис шәрифіне ишара етуде. Бұл хадис шәрифтегі «Менен кейін» дегені «Менен басқа» деген сөз. Құран кәрімде «Жасия» сүресінің жиырма екінші аятында да осылай делінген. Өйткені Харун алейһиссалам Мұса алейһиссаламнан кейін өмір сүрмеді. Одан бұрын қайтыс болды. Бұл хадис шәриф Тәбук соғысына барарда Мәдинада Әлиді (радиаллаһу та'ала анһ) өз орнына қалдырғаны үшін айтылды. Өйткені хазреті Мұса да Тур тауына барарда орнына Харун алейһиссаламды уәкіл етіп қалдырған болатын. Бұл хадис шәриф хазреті Әлиге үлкен абырой және үстемдік. Бірақ шәйхайннан (радиаллаһу та'ала анһума) үстемірек екенін көрсетпейді. Сұрақ 18: Хазреті Әлидің Расулуллаһтың халифасы екені «Ғадир-и Хум»-дағы хадис шәрифте хабар берілмеді ме? Жауап 18: «Ғадир-и Хум» хадисіне келер болсақ, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді Йеменге әкім қылған еді. Бәйт-ул малда болған бір күңді хазреті Әли қолданды. Бұл ісі өсекке айналды. Бұл өсек Расулуллаһтың мүбәрәк құлағына дейін келді. Фитнаның алдын алу үшін хазреті Әлиді жақсы көруді бұйырды. «Кімнің мәуласы болсам, Әли де оның мәуласы» деген еді, «Мені жақсы көрген адам Әлиді де жақсы көрсін» дегенді білдіреді. Мәула сөзі Құран кәрімнің көптеген аятында кездеседі. Жақсы көрілген адам деген мағына берілген. Бұл хадис шәриф «Аллаһқа сенген адам қонағын жақсы күтсін!» хадис шәрифі секілді. Бұл хадис шәриф тек хазреті Әлиге ғана қатысты емес. Хазреті Хасан туралы: «Йа, Раббым! Оны жақсы көремін. Оны сен де жақсы көр! Оны жақсы көргендерді де жақсы көр!» делінген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мекке мен Мәдинаның арасында орналасқан «Ғадир-и Хум» деген жерге келгенде хазреті Әлидің қолынан ұстап, «Кімнің мәуласы болсам, Әли де оның мәуласы! Йа, Раббым, оны жақсы көрген адамды жақсы көр! Оны жақсы көрмейтін адамды жақсы көрме!» деді. Кейін хазреті Омар хазреті Әлидің қасына келіп: «Неткен бақыт саған, йа, Әли! Бүкіл мүминдердің сүйіктісі болдың» деді. «Мүслим» кітабында Зәйд бин Әркамның айтуынша, «Ғадир-и Хум» деген су басында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хұтба оқыды. «Мен де адаммын. Бір күні ажалым келеді. Сендерге Аллаһтың кітабын және әһли бәйтімді қалдырамын. Құран кәрім көрсеткен жолдан айрылмаңдар! Әһли бәйтімнің қадірін біліңдер!» деді. «Тирмизи»-де Имран бин Хасиннің айтуынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізді хазреті Әлидің қолбасшылығында жиһадқа жіберді. Хазреті Әли тұтқын болған күңдердің бірін өзіне алды. Төрт адам мұны Расулуллаһқа айтты. Расулуллаһ қатты ренжіді. «Әлиден сендерге не керек? Әли менен. Мен де оданмын. Менен кейін Ол әр мүминнің уәлиі» деді. Бұл хадис шәрифтер әһли бәйтті жақсы көруді әмір етуде. Мәула, уәли жақсы көрілген адам деген сөз. Зәйд бин Әркам «Тирмизи»-де хабар беруі бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Сендерге екі нәрсе қалдырып жатырмын. Оларға берік болсаңдар, менен кейін дұрыс жолда қаласыңдар. Бірі екіншісінен маңыздырақ. Ол Аллаһтың кітабы. Екіншісі әһли бәйтім. Хауыз басында маған қауышқанға дейін екеуі бір-бірінен ажырамайды!». Бір-бірінен ажырамайды дегені Құран кәрімге берік адамның әһли бәйтті жақсы көруі қажет деген сөз. Әһли бәйтке берік болу оларды жақсы көру деген сөз. Құран кәрімге бағыну сауап болғанындай, әһли бәйтті жақсы көрудің де осындай сауап екені айтылуда. Бұл хадис шәрифтердің ешбірі хазреті Әлидің халифа, имам болатынын көрсетпейді. Осы хадис шәрифті көрсетіп әһли сүннетті жамандау, мұсылмандар арасында араңдатушылық жасау өте әділетсіз және үлкен қате. Аллаһу та'ала бәрімізге әһли бәйтті және асхаби кирамның барлығын (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) жақсы көруді нәсіп етсін! Әмин! Сұрақ 19: Хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) иман келтіруден бұрын күпірлікпен бір мезет те өмір сүрмеді. Жауап 19: Иман келтіруден бұрын күпірлікте болмау үстемдік болса, кейіннен келген мұсылмандардың бәрінің асхаби кирамнан үстемірек болуы қажет болар еді. Хадис шәрифте: «Иман келтірген адамның өткен күнәларының барлығы кешірілді» делінген. Сұрақ 20: Хазреті Әли исламға өте көп қызмет етті. Жауап 20: Исламға көп қызмет еткендер шәйхайн екені күндей анық. Өйткені Құран кәрімді жинақтаған шәйхайн. Хадис шәрифтерді риуаят ету жолын ашып берген, діни білімдерді бөлімдерге ажыратқан, Арабстанды жаулап алған, ислам дінін Рум және Иран аймақтарына орнықтырған шәйхайн. Жер жүзіндегі мұсылмандардың көбі малики, ханафи және шафии мазһабтарында. Бұл мазһабтардың негізгі білімдері хазреті Омар қалыптастырған ижма мәселелері. Бұл мазһабтарда хазреті Әлиден келген білімдер өте аз. Хазреті Әли заманында ешбір кәпір мемлекеті жаулап алынбады. Мұсылмандар арасында бірлік пен ынтымақ орнамады. Бұл үмбет шәйхайннан хазреті Әлиге қарағанда әлдеқайда көп пайда көрді. Жол ашқандардың сауабы оларға ергендердің көптігіндей көп болады. «Әһли сүннет» болған мұсылмандардың бәрі шәйхайн көрсеткен жолда. Жер жүзіндегі мұсылмандардың көпшілігі әһли сүннет. Хазреті Әлиді жақсы көремін дейтіндерден үш адасқан топ пайда болды. Үшеуі де исламды бөлуге тырысты. Аллаһу та'ала мейірімділігін танытпағанда, олар исламды жоқ қылар еді. Олардың бірі «Имамия» тобы. Олардың айтуынша, Құран кәрімді жинақтағандар сенімді адамдар емес екен-міс. Өйткені Имамия тобындағылар асхаби кирамға және әйгілі жеті қыраат имамына сенбейді. Олар сенетін он екі имамнан келген бірде-бір хабар жоқ. Мәрфу хадистер де риуаят етпегендіктен, сенімді бір хадис кітаптары да жоқ. «Зәйдия» тобы да хадис шәрифтерден алынған діни білімдердің көбіне сенбейді. Ислам тарихында олар қанды бөлінулерге себеп болды. «Исмаилия» тобы болса бәрінен жаман. Олар нағыз ислам дұшпандары. Мұсылмандардың имандарында және амалдарында сансыз бұзық бидғаттардың бәрін осы үш топ шығарды. Иә, олардың жамандықтары хазреті Әлидің (радиаллаһу та'ала анһ) атына дақ түсіре алмайды. Осы секілді Язидтің және Әмәуи билеушілерінің жамандықтары да хазреті Муауияның (радиаллаһу та'ала анһ) атына дақ түсіре алмайды. Олардың зұлымдықтары, күнәлары өздеріне. Хазреті Әлиге олардан ешқандай сауап келмейді. Алайда жер жүзіндегі әһли сүннеттің сауабынан қияметке дейін күнде шәйхайнға сансыз сауап келіп жатыр. Сұрақ 21: Хазреті Әлидің денесі де, рухы да кемел еді. Сондықтан ол шәйхайннан үстем. Жауап 21: Денелік және рухани үстемдікке жауап беруден бұрын «Мәуақиф шәрһі» жазбасын да келтіру, бәріне бірден жауап беру жөн көрілді. «Мәуақиф»-та былай жазылған: «Үстемдікке себеп болатын қасиеттер хазреті Әлиде жиналған. Хазреті Әли сахабалардың ең ғалымы еді. Ол Расулуллаһтың көз алдында өсті. Оған күйеу бала болды. Өте зерек, зейіні ашық еді. Расулуллаһтан оның үйренгенін басқа ешкім үйрене алмады. Хазреті Әбу Бәкір болса үлкен жаста [отыз сегіз жасында] иман келтірді. Расулуллаһпен ол күнде бір рет көрісетін. Хазреті Әлидің тақуалығын білмейтін адам жоқ. Жомарттығы да мол. Тіпті намаз үстінде жүзігін садақа қылып берді. Сол үшін аяти каримамен мақталды. Нәзір [атаған] оразасын ұстаған күні ауыз ашатын кезде алдындағы асын толықтай келген кедейге, жетімге және тұтқынға берді. Хазреті Әлидің соғыстардағы батылдығы, қаһармандығы, ержүректігі де бәрінен көп еді. Хандек соғысында: «Әлидің қылышпен бір ұрғаны бүкіл адамзат пен жынның ғибадаттарынан құндырақ» хадис шәрифімен мақталды. Хайбәрде және басқа соғыстардағы қаһармандықтары және мақталуы да әйгілі. Көркем мінезі де соншалықты әйгілі болған. Күші де көп еді. Хайбәр қамалының есігін қопарып алды. «Ол есікті білегімнің күшімен емес, Аллаһу та'ала берген басқа күшпен қопардым» деген. Хазреті Әли туыстық арқылы да, некесі арқылы да Расулуллаһқа өте жақын еді. Аббас Абдуллаһтың тек әкесі бір бауыры еді. Ал Әбу Талиб анасы да, әкесі де бір бауыры еді. Хазреті Әли әйелдердің ең үстемінің күйеуі еді. Жәннат жастарының ең үстемдері болған Хасан мен Хусейннің әкесі еді». Жауап ретінде айтарымыз, хазреті Әли (радиаллаһу анһ) әлбетте осы үстемдіктерге ие. Бүкіл мұсылмандардың бұған сенуі және оны қатты жақсы көруі қажет. Бірақ халифа болу үшін басқа үстемдіктер де бар. Түрлі мамандықтарда, түрлі өнеркәсіптерде ең үстем болу үшін талап етілетін үстемдік ерекшеліктері басқа басқа. Ғалымдардың ең үстемі болу үшін тегіне, көрінісіне, мал-мүлкіне қаралмайды. Бұларға қаралатын болса, Әбу Ханифаның, Шафиидың, Маликтың және Ахмед бин Ханбалдың шәкірттері арасында олардан да үстемдері бар болар еді. Әскерде ең үстем болу үшін медициналық білім, көркем жазу, өлең шығару секілді үстемдіктерге қаралмайды. Пайғамбарларға халифа болу үшін талап етілген үстемдік пайғамбарлық міндетті атқару үшін пайғамбарларға берілген үстемдіктерге ұқсайтын үстемдіктер. Осы себептен ғалымдар, әулиелер және әмри маруф пен нәхий мүнкәр әрі жиһад жасап діннің жайылуына атсалысқандар олардан әлдеқайда күшті болған спортшылардан, саудагерлерден, есеп-қисап мамандарынан қадірлірек, үстемірек. Сондықтан халифа таңдалуда Расулуллаһ маңызды санаған білімде, ахлақта және амалдарда ең үстем болу қажет. Тіпті осы үшеуінің арасында амалға көбірек қаралады. Өйткені үмбет арасында зерттеу арқылы немесе аян келу арқылы жаңа білімдерге қол жеткізгендер болуы мүмкін. Бірақ бұл білімдер пайғамбардың біліміндей құнды болмайды. Пайғамбарлық білімі исламды жаюға, олардан үкім шығаруға, оларды түсіндіруге, күмәнға түскендер арасында дұрысын таңдауға, бір ауыздан шешімге келуге жарайтын білім. Ал үстем болған амал – үмбет арасында рахаттық, тәртіп және бақыт қамтамасыз ететін амал. Төрт халифаның замандары жақсылап зерттелетін болса, хазреті Әлидің пайғамбарлық білімдерінде және істерінде шәйхайннан үстемірек екені мүлде байқалмайды. Хазреті Әлидің білімі тез жауап беруде үстем болғанындай, шәйхайнның білімдері де сабыр және іздестіріп, бір ауыздан келісімге жеткізіп жауап беруде үстемірек. Хазреті Әлидің тақуалығы көп болғанындай, шәйхайнның тақуалығы да көп еді. Шәйхайнның жомарттығы хазреті Әлидің жомарттығынан әлдеқайда көп еді. Намазда жүзігін бергені және ауыз ашуға арналған асын бергені де сенімді түрде хабар берілмеген. Сенімді хабар десек те, хазреті Әбу Бәкірдің садақалары, сыйлары және аяти карималармен мақталуының қасында үстемірек болмағаны анық. Хазреті Әлидің білек күші үстем болса да, шәйхайнның мүртәдтерге, Иран мен Рум елдеріне басымдық көрсетуіндегі күштері үстемірек. Шәйхайнның бүкіл үмбетті разы қылуы және алауыздықты басудағы көркем мінезі әлдеқайда көп еді. Хазреті Әли туыстық жағынан өте жақын болғанымен, шәйхайн қабірде, махшарда және жәннатқа бара жатқанда Расулуллаһқа жақынырақ. Хазреті Әли хазреті Фатиманың күйеуі болумен абыройланғанындай, хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың сүйікті жұбайы және жәннаттағы жолдасы болған хазреті Айшаның әкесі болумен абыройланған. Құран кәрімде он аят хазреті Айшаны мақтауда. Фиқһ ғылымының төрттен бірі одан алынған. Хазреті Омардың қызы хазреті Хафса да Расулуллаһтың дүниеде және жәннатта жұбайы әрі Жәбрейіл алейһиссалам оны «Көп намаз оқушы және көп ораза ұстаушы» деп мақтаған. Хазреті Әлидің балалары арасында адамдардың ең жақсылары болғанындай, исламға көп зиян тигізгендері де бар. «Исмаилия», «Зәйдия» және «Имамия» адасқан ағымдары оның балаларынан пайда болды. Айналасына надандарды жинап, сансыз мұсылманды тура жолдан шығарған жүзге жуық немересінің қанды қақтығыстары тарих кітаптарында ұзақ баяндалған. Шәйхайнның балалары арасында ондай дін құлатушылар мүлде байқалмады. Абдуллаһ бин Омар, хазреті Айша, Салим, Қасым, Убәйдуллаһ бин Омар Омари және басқа балалары адамдарды хидаятқа, бақытқа жетеледі. Он екі имамнан кейін келген Шихабуддин Сухрауарди, Фахруддин Сухрауарди секілді тасаууфшылар және Фахруддин Рази Уәлиуддин секілді кітап иелері, бәрі шәйхайнның ұрпағынан фәйз алып хидаятқа түсті. Адамның әкесі мен анасының хашими болуы немесе бала-шағасының көп болуы ең үстем болуға себеп болғанда, хазреті Әлидің Расулуллаһтан (әстағфируллаһ) үстем болуы қажет болар еді. «Бұл үстемдіктердің пайғамбарлық дәрежесінің қасында әсері жоқ. Өзгелерден үстемірек болуға әсері бар» делінетін болса, бұл үстемдіктердің пайғамбарлыққа әсері болмағанындай, пайғамбарлық сипаттарында пайғамбарға ұқсауға да әсері болмайтыны анық. Иә, бұлардан басқасының үстемдігіне әсер етеді. Сондықтан да хазреті Әли өз халифалығы заманындағы асхаби кирамның бәрінен үстем. Әһли сүннет ғалымдары осылай сенеді. Осы жерге дейін жазылғандар Насируддин Тусидың «Тәжрид» кітабына жауап. Сұрақ 22: Халифа болу үшін абзал болу, үстемірек болу сөзі қалайша дұрыс болуы мүмкін? Хазреті Әли үстемірек бола тұра, Расулуллаһпен бірге соғысқан кезде құрайштықтардың әкелерін, достарын өлтіргені үшін, дінге шақыруда ешкімнің көз жасына қарамағаны және жаза беруде асыққаны үшін надандар оның қол астына кіргісі келмеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) рухани аурулардың маманы болғандықтан, осы себеппен басқаларды халифа қылған болуы мүмкін. Жауап 22: Халықтарды оңалту, бақыт пен шаттыққа кенелту үшін Аллаһу та'ала пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) жіберді. Пайғамбардың да пайғамбарлық сипаттарында ең үстем болған адамды халифа ретінде таңдауы қажет. Басқасын таңдаса, қателік пен зұлымдық жасаған болады. Құрайштықтар әкелерін, достарын өлтірген адамның қол астына кіруді қаламады деп айту қате. Дұрыс болса, хазреті Әлиден бұрын Расулуллаһты қаламайтын еді. Өйткені хазреті Әлидің ғана емес, барлық сахабалардың соғыстарда құрайштықтарды өлтіруі тек Расулуллаһтың бұйрығымен болды. Алайда иман келтіргендері Расулуллаһты өз жанынан артық жақсы көрді. Сұрақ 23: Расулуллаһқа көмектесу, исламды жаю, Арабстанда, Парсы және Рум елдерінде жиһад ету, Құран кәрімді жинақтау, мемлекеттерді жаулап алу, мұсылмандарға жәрдем беру пайғамбарлық сипаты деп шәйхайнды үстемірек деп білу түрлі сұрақтарға себеп болды. Мәселен «Шәрһ-и мәуақиф» және «Шәрһ-и ақаид» секілді әһли сүннеттің ең құнды кітаптарында үстемдікті сауаптың көп болуы деп жазған. Жоғарыда аталған үстемдік бұл кітаптардың ауызбіршілігін өзгерту болмай ма? Кейін сол сипаттама бойынша кәпір мемлекеттерін жаулаған хазреті Муауия және басқа қолбасшылардың хазреті Әлиден үстем болуы қажет болмай ма? Үшіншіден айтарымыз, ол үстемдіктер кейіннен қолжеткізілген нәрселер. Адамның өзінде бар үстемдіктерімен бірге болса, одан сайын үстем болады. Сондай-ақ хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала бұл дінді фажир [кәпір] адамдармен де күшейтеді» делінген. Одан бөлек айтарымыз, тек бір-екі адам ғана сенген пайғамбарлар бар еді. Ал бұл мемлекеттер жаулаудың, дінді жаюдың пайғамбарлық сипаттары болмайтынын көрсетеді. Жоқ егер біздің пайғамбарымызға ұқсауды ойлайтын болсақ, пайғамбарлар бір-біріне әлбетте ұқсайтын еді. Демек пайғамбарымызға ұқсау басқа сипаттарда ұқсау екен! Кейін мемлекеттерді жаулау үстемірек болуды көрсетсе, хазреті Омардың хазреті Әбу Бәкірден үстем болуы қажет болар еді. Пайғамбарымыздың заманында жасалған соғыстарда хазреті Әлидің қызметі бәрінен көп еді. Пайғамбарымыздан кейін орын алатын жеңістер мен қызметтер алғаш халифа сайланғанда белгісіз еді. Олай болса хазреті Әбу Бәкірдің үстем екені және халифа сайлануының бір ауыздан болғанын қалайша қабылдауға болады? Жауап 23: Бұл күмәндар сөзіміздің жақсы түсінілмегенін көрсетеді. Үстемдік тек қана дінді жаю, жиһад ету, мемлекеттер жаулап алу және Құран кәрімді жинақтау деп айтпадық. Бұлар үстемдікке себеп болатын жақсылықтардың бірнешеуі. Бұл себептерді үшке бөлуге болады. Біріншісі, пайғамбарлық сипаттарына ұқсау. Расулуллаһқа көмектесуде үстем болу. Расулуллаһтан кейін Оның міндеттерін толықтыру. Әһли сүннет ғалымдары міндетті бөлістірді. Біреуі хадис шәриф білімдерін, екіншісі кәләм [ақида, сенім] білімдерін жайды. Әһли сүннет ғалымының сөзі дегенде екі топтағылардың да ауызбіршілігі аңғарылады. Әһли сүннет ғалымдары шәйхайнның үстем екенін бір ауыздан хабарлады. Жиһад дегенде қылышпен жиһад аңғарылғанындай, сөзбен, жазумен жиһад ету де және нәпсімен жиһад ету де аңғарылады. Екінші және үшінші жиһадта хазреті Әбу Бәкір үстемірек еді. Жиһад аяты келмей тұрып ол он үш жыл Меккеде және бір жыл Мәдинада жиһад етті. «Менен кейін пайғамбар келетін болса, Омар әлбетте пайғамбар болар еді» хадис шәрифі шәйхайнның пайғамбарлық сипаттарына ие екенін айқын көрсетуде. Фажирлердің дінге қызмет етуі оларға әлбетте пайда бермейді. Бірақ осыны меңзеп әмри маруфтың және жиһадтың үстемдігі мен сауабының көптігін де жоққа шығаруға болмайды. Шәйхайнның (радиаллаһу та'ала анһума) фажир болмағаны, салих болғаны да аяти карималар мен хадис шәрифтер арқылы хабар берілген. Бұған сенбейтін адамның өз иманына күмәндануы қажет болады. Расулуллаһқа ұқсау үш түрлі болады. Біріншісі, пайғамбарлық дәрежеде ұқсау болып, мұндай ұқсаулар тек қана пайғамбарларға тән. Екіншісі, пайғамбарлық міндеттерді атқаруда ұқсау. Шәйхайнның осы тұрғыда ұқсағандарын алдыңғы беттерде ұзақ баяндадық. Үшіншісі, Ол жасаған ғибадаттарды орындауда ұқсау. Бұл ұқсау заманға және діндерге қарай өзгереді. Діндердің көбінде жиһад ету әмір етілмеген болатын. Ол пайғамбарлардың жиһад етуі ғибадат болмайтын еді. Үстемдік болуы қайда қалды. Біздің дінімізде жиһад ету, мемлекет жаулау әмір етілді. Пайғамбарлық міндеті болды. Хазреті Омар хазреті Әбу Бәкірден үстем болар еді деген сөз қате. Дұрыс делінетін болса, шәйхайнның Расулуллаһтан үстем болуын айтуға жол ашады. Шәйхайн Расулуллаһ бастаған және аяқталатынын хабарлаған жиһадтарды және жаулауларды атқарды. Көзі тірісінде де, қайтыс болуынан кейін де Оның жиһадында қызмет етті. Хазреті Омар да хазреті Әбу Бәкір бастаған жиһадты толықтырды. Сондықтан «Мен Әбу Бәкірдің халифасымын» деді. Сұрақ 24: Расулуллаһ «Әбу Бәкір намаз оқытсын! (имам болсын)» деген кезде хазреті Әли ол жерде жоқ еді. Ол жерде болғанда «Әли имам болсын» дейтін еді. Немесе жасы үлкен болғаны үшін имам болуын бұйырды. Шәйхайнның жәннаттағылардың ең үстем болуы және Әбу Бәкірдің жәннатқа бұрын кіруі де хазреті Әлиден өзгесіне қатысты болуы мүмкін. Хазреті Әлидің «Бұл үмбеттің ең үстемі Әбу Бәкір. Одан кейін Омар» деуі де менен кейін үстемі дегені емес пе? Өйткені хазреті Әли өте жоғары дәрежелі болғандықтан, Расулуллаһ секілді үмбеттің сыртында, үстінде. Жауап 24: Хазреті Әбу Бәкірдің үстем екенін біз айтып жатқан жоқпыз. Мұны хазреті Омар, хазреті Әли, Әбу Убәйда, Абдуллаһ бин Мәсуд секілді асхаби кирамның ұлылары әрі ансар сахабалардың көбі айтты. Оны халифа ретінде сайлады. Қайс бин Убада айтып берген: «Хазреті Әли маған айтты, Расулуллаһ ауырып қалғанда намаз уақыты келді. «Әбу Бәкірге айтыңдар! Намаз оқытсын, имам болсын!» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанда ойландым. Діннің тірегі болған намазда Расулуллаһ алдымызға шығарғанын біз де алдымызға шығарып Әбу Бәкірді халифа сайладық». Хазреті Әлидің бұл сөзін Әбу Амрдың «Истиаб» кітабында Хасан Басри хабар беруде. [Истиаб кітабын жазған Әбу Амр Юсуф бин Абдуллаһ Қуртуби деген кісі Ибн Абдилбәрр есімімен танымал болып, төрт жүз алпыс үшінші [463] жылы қайтыс болды. Истиаб кітабы 1328 жылы Мысырда басылған, 1379 [м.1960] жылы Бейрутта көшірмесі жасалған «Әл-исабә» кітабының шетінде басылған. Хасан Басри хабар берген хазреті Әлидің бұл сөзі «Истиаб» кітабының екінші томының екі жүз ету бірінші [251] бетінде Абдуллаһ бин Әби Кухафа есімінде жазылған. Имам Раббанидың «Рәдди рәуафид» кітабында және Абдулқадир Гейланидың «Ғунят-ут талибин» кітабында да жазылған]. Тағы «Истиаб» кітабында Хакәм бин Хажәр айтқан, хазреті Әлиден естідім: «Кім мені Әбу Бәкірден және Омардан үстем санаса, жала жапқан болады. Жала жабушыны сабағаным секілді оны сабаймын» (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин). |