2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Қаза намаздары

Қаза намаздары

Сұрақ: Мысалы адам намаз оқып жүріп, тастап кетсе. Кейін біраз уақыттан кейін қайтадан бастаса. Қалып қойған намаздарды қалай өтеуге болады? Тәсбих намазын оқыса орнын толтыра ма?

 

Жауап: Өз уақытында оқылмаған намаз қаза болады. Яғни уақытынан өткізіп алсаңыз қазасын оқисыз. Үзірсіз (себепсіз) қазаға қалдыру үлкен күнә болады. Қаза болған намазды мүмкіндік болуымен дереу оқып алу керек. Қаза намазды оқу парыз болып табылады, сонымен қатар қазаға қалдырғаны үшін қосымша тәубе ету де керек. Парыз намаздардың ғана қазасы оқылады. Сүннеттердің қазасы оқылмайды.

 

Хазреті Абдулқадир Гейлани былай дейді:

«Парыз қазасы бар адамның нәпіл намаз оқуы, берешекті адамның алашағы бар адамға сыйлық беруіне ұқсайды, бұл да әлбетте қабыл болмайды. Мұсылман адам саудагер сияқты. Парыздар – оның капиталы, нәпілдер – үстінен қалатын пайдасы, табысы. Капитал жоқ болса, сақталмаса, табыс та болмайды.»

 

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Парыз намаздардан қарызы бар адамның қазасын өтеместен нәпіл намаз оқуы бос-әурешілік болады. Қазасын өтемейінше, нәпіл намаздары қабыл болмайды.» (Футухул ғайб)

 

«Парыз намазынан қарызы болған адамның нәпіл намазы қабыл болмайды» (Дүррәтүл Фаһира)

 

Ханафи ғалымдарынан хазреті Абдулхақ Дәһләуи бұл хадис шәрифті ашықтағанында парыз намаздардан қазасы бар адамның ешбір нәпіл намазы қабыл болмайтынын білдірген.

 

Қазасы бар адамның нәпілдері қабыл болмайтыны "Мәктубати Масумийа", "Бәй уә Шира" рисаласында және "Науадири Фиқһийа фи мазһабил-Ханифийа"да жазылған.

 

Хазреті Имам Раббани былай дейді:

Парыздардың қасында нәпілдердің ешқандай құны жоқ. Теңіздің қасындағы бір тамшы судай бола алмайды. (Мәктубати Раббани, м.260)

 

Парыз намаздардан қазасы болған адамдар дінімізде білдірілген нәпіл намаздарының уақытында қаза намазын оқуы керек! Әрі қаза борышын өтейді, әрі нәпіл намазының да сауабына қауышады. Духа, әууабин (ақшам намазының парызынан кейін оқылатын 6 рәкаттық намаз), тәхәжуд, тәхиятул-мәсжид намаздарын оқығанда, мәселен: "алғаш қазаға қалған таң намазының парызын және құшлұқ намазын оқуға" деп ниет ету керек. Осылайша әрі қаза борышын өтеген болады, әрі аты аталған нәпіл намазын да оқыған болады. (Н. Фиқһийа)

 

Тәсбих намазы сауабы көп болған намаз, бірақ нәпіл намаз, парыздардың орнын толтырмайды. Нәпіл намаз болғандықтан да қазасы бар адам оқығанда қабыл болмайды.

 

Ешқандай қазасы болмаған адамның да қаза намазын оқуы жаиз болады. (Рәддул-мухтар, Хиндийа)

 

Қазаға қалған намаздарды ертерек оқып бітіруге, ертерек намаз қарызынан құтылуға тырысу керек. Мүмкіндік болған кезде қаза намаздарды оқуға тырысу керек. Қазаға қалған намаздарды оңай есептеу үшін, сүннеттерді оқитын кезде “қаза намазын оқуға” деп ниет етілсе (төменде түсіндірілгеніндей) бір күндік қаза намазы оқылған болады.

 

Таң намазының (алғашқы) сүннетін уәжіп деген ғалымдар да бар, сол үшін де таң намазының сүннетіне “сүннет оқуға” деп ниет етіледі.

 

Бесін намазының алғашқы төрт рәкат сүннетін оқитын кезде: «Ең алғашқы қазаға қалған бесін намазының  парызын және бесін намазының алғашқы сүннетін оқуға» деп ниет ету керек. Парыз намазын оқығандай етіп оқу керек. Соңғы екі рәкатындағы зәм сүрені оқуға да, оқымауға да болады. Өйткені төрт рәкаттық парыз намаздарының соңғы екі рәкатында зәм сүре оқудың зияны жоқ.

 

Бесін намазының соңғы сүннетін оқығалы тұрғанда: «Ең алғашқы қазаға қалған таң (бамдат) намазының  парызын және бесін намазының соңғы сүннетін оқуға» деп ниет ету керек.

 

Екінді (аср) намазының сүннетін оқығалы тұрғанда да: «Ең алғашқы қазаға қалған екінді намазының  парызын және екінді намазының сүннетін оқуға» деп ниет ету керек.

 

Ақшам намазының соңғы сүннетін оқығалы тұрғанда: «Ең алғашқы қазаға қалған ақшам намазының  парызын және ақшам намазының сүннетін оқуға» деп ниет етіп, (ақшам намазы секілді) үш рәкат қылып оқу керек. Үш рәкат нәпіл болмағандықтан бұлай ниет ету дұрыс емес дейтіндер бар. Пайғамбарымыз “алейһиссалам” ақшам намазының парызынан кейін 2, 4, 6 рәкат сүннет оқыған. Кімде кім ақшам намазының парызынан кейін кез-келген намаз оқыса осы сүннеттерді орындаған болады.

 

Құптан намазының алғашқы сүннетін оқығалы тұрғанда: «Ең алғашқы қазаға қалған құптан намазының  парызын және құптан намазының сүннетін оқуға» деп ниет ету керек.

 

Құптан намазының соңғы сүннетін оқығалы тұрғанда: «Ең алғашқы қазаға қалған үтір уәжіпті және құптан намазының соңғы сүннетін оқуға» деп ниет етіп, үш рәкат үтір намазы оқылады. Бұл жерде де парыздан кейін намаз оқылғаны үшін сүннеттің орнын жапқан болады.

 

Осылайша бір күндік қаза намазы да, сүннеттері де орындалған болады. Кімде кім осылай қаза намазын оқып жатып “уақыттың сүннеті" деп ниет етпесе де сүннет орындалған болады. Өйткені “сүннет” сол уақыттың парызынан бөлек тағы да бір намазды оқу деген сөз. (Н. Фиқһийа)

 

Сұрақ: Қаза болған намазды өтегенде, сүннет оқылады ма? Ал, азан шақырылады ма?

Жауап: Тек парыз намаздардың қазасы оқылады. Сүннеттердің қазасы оқылмайды, тек қана таң намазының сүннетінің қазасын сол күні ишрак уақытынан зауал уақытына дейінгі аралықта яғни күн шыққаннан шамамен 55 минут өткеннен кейін және бесін намазына шамамен 20 минут қалғанға дейінгі аралықта оқуға болады.

Әр бір қаза намаз үшін азан және қамат айтылады. Бір уақытта бірнеше қаза намаз оқылатын болса бәрі үшін ең басында бір рет азан айтылады және әрбір қаза үшін бөлек бөлек қамат айтылады.  

Ишрак уақыты: Күннің көкжиек сызығынан 5 градус көтерілуінен басталатын уақыт “ишрақ уақыты” деп аталады. Бұл уақыт күн шыққаннан кейін шамамен 50-55 минуттан кейін кіреді. Күн шыға бастағаннан ишрақ уақытына дейін намаз оқу харамға жақын мәкрүх болып саналады.  

Зауал уақыты: Күннің горизонттан бастап ең биікке көтерілген уақыты “зауал уақыты” деп аталады. Бұл барлық заттардың көлеңкесі ең қысқа болатын уақыт. Бұл уақытта намаз оқу харамға жақын мәкрух болып табылады.

 

Сұрақ: Мен үкіметтік мекемеде жұмыс істеймін 5 уақыт намаз оқимын қазір жұмыс орнымда намаз оқуға еш ыңғай жоқ намаз оқитын жер жоқ. Таң намазын үйден оқимын, Бесинді мешіттен оқимын, енді Екінті мен Ақшам намазын кешке Құптан намазының уақытында үйден оқып жүрмин. осылай оқысам болады ма? Болмаса не істесем болады екен?

Жауап:  Ғалымдарымыз "Намаз оқуға кедергі болатын жұмыста береке болмайды" дескен. Бірақ орналасқан жұмысымыздың шынымен де намазға кедергі болып-болмағанын анықтап алуымыз керек. Кейде көпшілік намаз оқымау үшін еш қандай кедергі болмаса да, жұмысын сылтау етеді.

            Адам өмірін сақтап қалу үшін ғана намазды қазаға қалдыруы мүмкін. Егер сондай салада жұмыс істейтін болсаңыз бұл жеңілдіктен пайдалана аласыз. Болмаса, әр намазды уақтылы оқу шарт болады. Егер жұмыста шынымен де намаз оқып алуға кететін 15 минуттай уақыт табылмайтын болса, онда ең болмағанда фарздарды ғана оқып жүру керек. Фарзды оқу үшін ары кетсе 3-4 мин уақыт кетеді. Онсызда кез келген жұмысшы шәй, туалет, темекі су ішу дегендей себептермен жұмысынан күнде 3-4 рет белгілі уақытқа оңаша қалу мүмкіндігін ала алады. Егер бастықтар намаз оқығаныңызды білмесін десеңіз, сіз де сондай бір нәрсені сылтау етіп оңаша бір жерде фарз намаздарыңызды оқып алуға тырысып көріңіз. Мәселен дәретті болып, өзіңіз сиятындай (жайнамаз ретінде) бір клеенка алып жүрсеңіз, әжетханаға кіріп клеенканы төсеп фарзды ғана тез оқып алсаңыз болады. Демек жұмысты да, намазды да тастамаңыз.

 

Сұрақ: Намаздың парызын әжетханада оқып алсаңыз болады депсіз, ол қалай, ондай намаз қабыл бола ма? Сосын ваннада намаз оқуға бола ма?

 

Жауап: Намаз оқуға ыңғайлы орын таппаған кездерде, унитаздың қақпағын жауып барып, қасына таза бір нәрсе төсеп жіберіп намаз оқуға да болады. Қақпағы жабылмайтын болса да, суын ағызып, нәжістің белгілері қалмайтын болса, онда да ол жерге намаз оқуға болады. Намазды қазаға қалдыру харам, ал туалетте намаз оқу әдепке сай емес болғанымен жаиз. Ваннада оқуға да болады.