2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Сәләфилік

Сұрақ: Сәләфиттік деген жаңа секта пайда болыпты. Сәләфиттік деген өзі не?

Жауап: “Сәләфилік” – модасы өтіп бара жатқан және мұсылмандарға қара бет болған уаххабилердің жаңа бетпердесі (маскасы). Соңғы елу жылдың уаххабилері өздерін осы атпен жасыруда. Тіпті өздерін нағыз сүнни деген мағынадағы “Әһли сүннети хасса” деп атайды.

“Сәләф” бұрынғылар, өткендер, алғашқылар деген мағыналарды береді. Яғни дінімізде сахабаларға, табеиндерге (сахабаларды көрген ұрпақ) және табеи табеинге (Табеинді көрген ұрпақ) берілген есім. Дінімізде осы үш ұрпаққа “сәләф” немесе “сәләф-ус- салихин” деген термин қолданылады. Бұның мағынасы «Өткен салих адамдар» дегенді білдіреді. Сәләф-ус- салихин жолында жүрген мұсылмандар Әһли сүннет деп аталады. Әһли сүннет болмаған және Әһли сүннет ғұламаларының ашық білдірілмеген, астарлы мағынадағы аяттардан шығарған үкімдерін, ижтиһадтарын менсінбей, қабылдамай мұндай аяттарға өз (пікірлерімен) ақылдарымен жаңаша мағына беріп, шығарған үкімдерімен ашқан жолдарын “міне Сәләф-ус-салихиннің жолы осы” деп атайтын азғындар Сәләфиттер деп аталады.

Алғашқы дәуір мұсылмандары болған Сәләф-ус-салихин Әһли сүннет уәл жамағат ақидасында еді. Тек олар иман мен ақида ілімдерін ижмалы (қысқаша) түрде, ал кейінгі келген Халеф деп аталатын Әһли сүннет ғұламалары болса ақида ілімдерін кеңінен ашықтап білдірді. Бұл айтылған екі мәселе – астарлы мағыналы, жабық күйдегі мүтәшәбих аяттарда анық көрінеді. Мысалы Құран кәрімде мүтәшәбих сөздерден болған “йәд” сөзінің тура мағынасы “қол” дегенді білдіреді. “Истиуа” сөзі тура мағынада “отыру” дегенді білдіреді. Бірақ, бұл екі сөзді Аллаһу та’алаға қолданғанда тура мағынасы алынбайды, “йәд” сөзі құдірет, “истиуа” сөзі “билеуші, билігіне алушы” деп тәуил етіледі (тәфсирленеді). Хижри төртінші ғасырда Ханбәли мазһабынан және Әһли сүннеттен бөлініп, өздерін сәләфия немесе сәләфи деп атаған кейбір азғындар, мүтәшәбих аяттарда және хадис шәрифтерде келген сөздердің тура мағынасын алып, өз ой-пікірлерімен қате мағына шығарды.

Осындай себептермен тәшбих және тәжсим (Аллаһу та’аланы Өзі жаратқан мақұлықтарына ұқсату) секілді қате сенімге ұрынды. Сөздерін сенімді етіп көрсете алулары үшін сәләф-ус-салихин жолындамыз деп, өздерін сәләфилер деп атады. Ханбали мазһабының ғұламаларынан болған Әбул-Фәрәж ибни Жәузи және басқа да ғұламалар бұл сәләфиттердің Сәләф-ус-салихиннің жолында емес екендіктерін, бидғатшы, мүжәссимә (Аллаһу та’аланы дене (зат)) деп аталатын топтан екенін білдіріп, бұл фитнаның жайылуына жол бермеді. Хижри жетінші ғасырда ибн Тәймия әл-Харрани (өлген жылы м.1328-х.728) бұл фитнаны қайта жандандырды. Ибн Тәймиянің шәкірті болған ибн Қаййум әл-Жаузи (өлген жылы м.1350-х.751) ұстазының адасқан жолын жалғастырды. Хижри он екінші ғасырда сәләфи фитнасы Мұхаммед бин Абдулуаһһаб тарапынан қайта ортаға шықты. Бұл ағым Оның және ибн Тәймияның жолындағылар тарапынан жалғасын тапты.

Ислам дінінде сәләфийә жолы деген нәрсе жоқ. Тек қана дұрыс ақида және сәләф-ус-салихиннің жолы болған Әһли сүннет уәл жамағат жолы бар. Әһли сүннеттің Матуридийа және Әшарийа деген екі тармағы бар. Ғасырлар бойы мұсылмандар Әһли сүннет ақидасын осы екі тармақтан үйреніп келген.