Амал - иманның бөлігі емесСұрақ: Амал иманның бір бөлшегі ме? Яғни бір парызды орындамаған немесе бір харамды жасаған адам кәпір бола ма? Жауап: Жоқ, кәпір болмайды. Амал иманның бөлігі болғанда күнә істеген адамдардың барлығы кәпір болар еді. Дүниеде мүлдем мұсылман қалмас еді. Өйткені күнә істемеу тек қана пайғамбарларға тән қасиет. Мутазила, уаххабилер және кейбір адасқан топтағылар: «Амал иманның бөлігі» деген болса да, амал иманның бөлігі емес. Күпірліктің терісі – иман, ал күнәнің терісі – ғибадат. Иманды тәрк еткен адам кәпір болады. Ал ғибадатты тәрк еткен адам күнәһар болады. Ғибадатсыз иман өтеді, қабыл болады. Ал имансыз жасалған ғибадат қабыл болмайды. Әйелдердің әдет (хаиз-нифас) күндерінде намаз, ораза секілді ғибадаттарын тәрк етуі жаиз, тіпті міндетті болғанымен иманын тәрк етуі еш уақытта да жаиз емес.
Тек қана иманмен жаннатқа кіруге болады, бірақ тек амалмен жаннатқа кіру мүмкін емес. Амалсыз иман қабыл болады, ал имансыз амал қабыл болмайды. Иман басқаға сыйға берілмейді, бірақ амалдың сауабын басқаға сыйға беруге (бағыштауға) болады. Иман өсиет етілмейді, бірақ өзі үшін амал жасалуын өсиет етуге болады. Амалды тәрк еткен адам кәпір болмайды, бірақ иманды тәрк еткен адам сол мезетте кәпір болады. Үзірі бар адамның жасамаған амалдары кешіріледі, бірақ иман келтірмеу ешкімге, ешқандай үзірмен де кешірілмейді.
Хазреті Имам Ғазали былай дейді: Адасқан топтағылар «Олар иман келтіріп, салих амал істеді.» деген мағынадағы Рад сүресінің 29-шы аяти кәримасын дәлел ретінде көрсетіп «Амал иманның бір бөлшегі.» дейді. Алайда бұл және осыған ұқсас аяттар ғибадат иманның ішінде емес, керісінше сыртында екендігін көрсетеді. Егер мұның терісі болғанда “уә амилуссалихат” сөзі қажетсіз қайталанған болар еді. Мутазила тобының (және уаххабилердің) күнә істеген адамдардың мәңгі тозақта қалатынын айтулары дұрыс емес. Өйткені хадис шәрифте: «Растаған (сенген) нәрсесіне қарсы шықпаған адам кәпір болмайды.» делінген. Күнә істеген адам өзі тасдиқ еткен (растаған) иманның шарттарына қарсы шыққан болып саналмайды. Ахыретте тек қана имансыздарға шапағат етілмейді. Бұл да шапағат етілетін күнәһарлардың кәпір еместігін көрсетеді. Хадис шәрифте: «Үлкен күнә істегендерге шапағат етемін» деп бұйырылды.
Хазреті Әбуддәрда: «Уа Расулаллаһ, зина және ұрлық жасаған адам да шапағатқа қауышады ма?» деп сұрағанда «Иә, зина және ұрлық жасаған адамға да шапағат етемін.» деп жауап берді. Иманмен жан тапсырғандардың барлығы ертелі-кеш жаннатқа кіреді. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Аллаһу та’алаға серік (ширк) қоспай өлген мұсылмандарға шапағат етемін.» (Бәззар, Хаким, Бәйһаки) «Зина жасаған, ұрлық жасаған, ішімдік ішкен мұсылмандар да жаннатқа кіреді.» (Бұхари) «Жүрегінде зередей (титімдей) иманы болған адам тозақта мәңгі қалмайды.» (Бұхари) «Үлкен күнә істеген мұсылмандарға шапағат етемін.» (Нәсаи, Тирмизи) «Иманмен өлген күнәһарларға шапағат етемін.» (Бұхари, Муслим)
Күнәһар болған мұсылман жазасын тартқаннан кейін жаннатқа кіреді. «Зина жасаған адамның, ішімдік ішкен адамның иманы шығады.» деген хадис шәриф күнәһарлардың кәміл мұсылман болмағандықтарын көрсетеді. «Иман – жүрекпен сену, тілмен растау және дене мүшелерімен амал ету.» сөзінің мағынасы мынадай: «Адамның иманы – денедегі басқа ұқсайды. Қол, аяқ секілді дене мүшелері – жасайтын амалдарына ұқсайды. Қолсыз, аяқсыз адам болса да бассыз адам болмайды. Адамды суреттегенде бүкіл ағзалары да қоса суреттеледі. Яғни кейбір ағзалары кем болса да адам болып саналады. Сол секілді кәміл мұсылманды суреттегенде де жасаған ғибадаттары қоса айтылады. Қолы, аяғы шолақ адамға «тірі өлік» делінсе, үлкен күнә жасаған адамға да “кәміл мұсылман емес” деген мағынада «мұсылман емес» делінген. (Ихия)
Сұрақ: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге бола ма? Жауап: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге болмайды. Өйткені, әһли сүннет сенімі бойынша адам күнә істеумен кәпір болмайды. Кейбір адасқан топтағылар күнә істеген адамға, өздеріндей ойламаған мұсылмандарға кәпір деп айтып адасуда. Хадис шәрифте былай делінеді: «Мұсылманға кәпір деген адамның өзі кәпір болады.» (Бұхари)
Мұсылманмын деп “шәһадат кәлимасын” айтқан адамға кәпір делінбейді. Бір соғыста шәһадат кәлимасын айтқан біреуді өлтірген адамға пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Кәлимаи шәһадат айтқан адамды не үшін өлтірдің?» дейді. Әлгі адам «Ол тілімен айтты, жүрегімен қабылдамады.» деді. Сонда пайғамбарымыз: «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?» деп оны жазғырды. Сондықтан мұсылмандарға кәпір деп айтудан сақтану керек. |