Қоғамдағы әдептілікСұрақ: Қоғамдағы жүріс-тұрысымызда қандай әдептіліктерге мән беруіміз керек? Жауап: Мұсылман - әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді болуы керек. Әдеп дегеніміз жақсы тәрбие, адамдармен жақсы мәміледе болу, көркем мінезді, ар-ұяттылық, сыпайылық, көркемдік деген сөз. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын құнды қазына. Әдеп – адам мен жануарды ажырататын айырмашылық. Хазреті Омар: «Әдеп – ілімнен бұрын келеді.» деген. Ислам ғалымдарынан хазреті Ибн Мубәрәк: «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін.» деген.
Әдеп қағидаларының біршамасы мыналар: Көшеде: Далаға түкіру, қоқыс тастау, өткен-кеткенге жол бермеу, жиіркенішті лас нәрселер қалдыру – әдепсіздік болып табылады. Қарт, әйел және науқас адамдарға әрдайым жол беріледі. Мұқтаждықтары бар болса көмек беріледі.
Жүрген кезде: Өте баяу немесе өте жылдам және тәкаппарланып жүрмеу керек. Құран кәрімде “Лұқман” сүресінің 18-ші аятында: «Тәкаппарланып жүрме!» деп бұйырылған. Жолда үлкен кісімен немесе ғалыммен бірге кетіп бара жатқан адам, оның алдында және сол жағында жүрмейді. Оң жағында жүреді.
Қоғамдық көліктерде: Мініп-түсетін кезде қағып-соғу, итеру, кезекке тұратын жерлерде кезегін күтпеу дөрекілік болады. Жастар үлкендерге және ауру адамдарға орын береді. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Үлкендерін сыйламаған адам бізден емес.» деп бұйырған. (Тирмизи)
Қазіргі таңда кейбір жастар орын бермеу үшін ұйықтаған сыңай танытады немесе құлаққалқан (наушник) тағып отырады. Ата-бабамызға лайықты, тәрбиелі ұрпақ болуға тырысуымыз керек. Сауда-саттықта: Рұқсат сұрамастан сатушының тауарын ұстамау керек. Тауардың көрінісін, сапасын бұзатындай дәрежеде ұстауға және көруге болмайды. Бағасы жөнінде көп салғыласып тұрмаған жөн. Тауарды алса да, алмаса да рахмет айтылады. Сатушы сатып алушы разы болатындай әл-әрекетте болу керек. Тауарын сатып алмағандарға ашуланбау, ренжімеу керек. Артынан жамандайтын сөздер айтпау керек. Сауда-саттықта екі жақ та бір-бірін алдаудан ұзақ болуы керек. Көпшілікті жерлерде: Үйлену тойы, жаназа және айт мейрамдарында аса сезімтал, нәзік және сыпайы болу керек. Орнына, уақытына қарай лайықты мәміледе, көңіл-күйде болу керек. Жаназада жаназа иелерінің қайғысына ортақ болу керек. Оларға материалдық және рухани көмектер атқару керек. Көңілін жұбататын сөз және мәміле жасалады. Жақын туыстарын жоғалтқан адамдарға бұрынғыдан да жақын, жылы мәміледе болу керек.
Үйлену тойы және айт мейрамдарында күндегіден де жайдарлы, қуанышты, қонақжайлы болу, үлкендерге және кішілерге сәйкесінше сыйлықтар беру, разылықтарын және дұғаларын алу – әдептіліктің белгісі. Әдептіліктің негізі – қолымен де, тілімен де өзгелерді ренжітпеу. Көршілікте: Жақсы сыйласу, бір-бірлеріне көмектесу, қайғысы мен қуанышына ортақтасу, кездескен кездерінде сәлемдесу, хал-жағдайын сұрау, бір-бірлерінен сұраған нәрселерінде мүмкіндігінше көмектесу – маңызды әдептерден болып табылады. Айқай-шу, қоқыс, нәжіс, жаман иіс және т.б. осыған ұқсаған жағымсыз нәрселермен көршілердің мазасын алу әдепсіздікке жатады. Көрші әйел және балаларына ерекше құрмет және мейірімділік көрсетіледі.
Қонақ күткенде: Қонаққа құрмет көрсету керек. Пайғамбарымыз :«Аллаһқа және қияметке сенген адам қонағына икрам етсін.» деп бұйырған. (Бұхари)
Қонаққа икрам – оған қарсы күмлімдеген жүзді және жылы сөзді, жұмсақ мәмілелі болу дегенді білдіреді. Қонақ үшін көп әуреге түспеу керек. Үйде не бар болса, соны ұсыну керек. Пайғамбарымыз: «Қонақ үшін шектен тыс әуреге түспеңдер, қонақ бұдан ыңғайсызданады. Қонақты ренжіткен Аллаһты ренжіткен болады.» деп бұйырды. (Ибн Лал) Хазіреті Әли былай деген: «Достың ең жаманы, сен үшін әуреге салынған, сені кешірім сұрауға мәжбүр қылған адам.» Қонақтан қызмет күтпеу керек. Пайғамбарымыз: «Қонақтан қызмет күту – ақыл кемшілігінің белгісі.» деген. (Дәйләми)
Бір кісі айтқан еді: «Бір апта бойы үйімізде қонақ болған жақын досыма: “Келіншегім бір жұмыстарымен сыртқа шығып кеткен еді. Мен намаз оқып болғанша сіздің келіншегіңіз дастархан жасай берсе жақсы болатын еді.” дедім. Кейін бұл сөзіме өкпелеп қалғандарын білдім. Бұл орынсыз тәжірибем қонақтан қызмет күтудің дұрыс емес екендігін айқындап бергендей.» Қонақ үй иесінің көрсеткен жеріне отыруы керек. Оған қарсылық көрсетпеуі керек. Пайғамбарымыз: «Бір досыңа барғанда, сол жерден кеткенге дейін ол досың сенің - әміршің.» деп бұйырған. (Ибн Адий) Науқас адамның халін сұрап барғанда: Науқас адамның хал-жағдайын сұрауға барған кезде жаңа киіммен емес, күнделікті киіп жүрген киіммен бару керек. Барғанда жеміс-жидек немесе гүл секілді сыйлық апарған жақсы болады. Науқасқа қарамай, оңға-солға немесе алдына қарап отыру әдепсіздік болғанындай, үнемі науқастың жүзіне қарап отыру да жақсы емес. Науқас адамның қасында қабақшытып, суық жүзді болып отырмау керек, жақсы нәрселер туралы айту керек. Тез сауығып кетуі үшін дұға ету керек. Оқуда: Ілімге ерекше мән берген Мұсылмандар ілімнің ұясы болған оқу орындарындағы әдептіліктерді де қатты ұстанған. Өте қадірлі, ардақты болған ұстаздың айтқан сөздерін ықыласпен ден қойып тыңдалады. Оқушылар арасында бір-бірлеріне құрметсіздік, дөрекілік жасалынбайды. Тақта, парта, карта секілді сабақ құралдарын қиратуға, істен шығаруға, бұзуға болмайды. Сабақ кезінде және сабақтан тыс уақытта да мұғаліммен сөйлескенде сыпайы болу керек. Дінімізде ұстаз ақысы – ата-ана ақысынан да бұрын тұрады. Телефонда: Телефон шалған адам қарсы тараптағы адам телефон тұтқасын көтергенде ең әуелі сәлем беріп, өзін таныстыруы керек. Танитын адам болса, “Бұл мен пәленше...” деп, ал егер танымайтын адам болса, “Менің есімім пәленше...” деп не мақсатпен телефон шалып тұрғанын айту керек. Сөздерін қысқа және анық түрде жеткізу керек, сөзді ұзатпау керек. Ұзақ уақыт әңгіме-дүкен құрмау керек және сыпайы түрде сөйлесу керек. Барлық жерде, барлық уақытта үнемі нәзік және сыпайы болу керек. Жаргонды және ұятсыз сөздер айтпау керек.
Сөйлескенде: Сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлу - әдепсіздікке жатады. Хадис шәрифте: «Досы сөйлеген кезде үндемеу – мурууәттен.» делінген. Мурууәт сөзі адамгершілік, ерлік, игілік, жомарттық, пайдалы болу секілді мағыналарға, яғни халдердің ең жақсысын білдіреді. Хат жазғанда: Хат қысқа және анық түрде жазылу керек. Мақсатын дұрыс жеткізе білу керек. Үлкендерге, ілім иелеріне хат жазғанда өте әдепті болу керек.
Үйге кірерде: Үйге кірерде Бисмилләһ пен “Ихлас” сүресін оқып кіру керек. Оң аяқпен кіріп, үйдегілерге сәлем беру керек. Әрбір істі Бисмилләһпен бастауға әдеттену керек.
Біреудің үйіне кірерде рұқсат сұрау керек. Есіктің қоңырауын шалып немесе есікті қағып, дауыс шығару арқылы рұқсат сұрау керек. Рұқсат үш мәрте сұралады. Біріншісінде үйдің ішінен дауыс шықпаса, бір минуттан кейін екінші рет қоңырау шалынады. Бұдан да дауыс шықпаса, үшінші рет қоңырау шалынады. Тағы да дауыс шықпаса, 4 рәкат намаз оқитындай уақыт күткеннен кейін кету керек. Есік аздап ашылса, іздеген адамын сұрамастан бұрын өзін таныстыру керек. |