21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   


Аллаһ ризалығы

Аллаһу та’ала Мұса алейһиссаламнан  “Мен үшін не істедің?” деп сұрағанда, ол:  “Ей Раббым! Сен үшін намаз оқыдым, ораза тұттым, зекет бердім, есіміңді көп зікір еттім” дейді. Аллаһу та’ала бұйырады: “Ей Мұса! Намаздарың - саған дәлел. Тұтқан оразаларың - тозақтан қорғаныс, зекет - қияметтің ыстығынан қорғайтын көлеңке. Менің атымды зікір етуің - қабір мен қиямет қараңғылығынан құтқаратын нұр. Яғни, бұлардың пайдасы саған тиеді. Мен үшін не істедің?”, Мұса алейһиссалам:  “Ей Раббым! Сен үшін не істейтінімді айтшы!” деп жалбарынады. Аллаһу та’ала  “Ей Мұса! Достарымды Мен үшін жақсы көрдің бе? Дұшпандарыма Мен үшін дұшпандық жасадың ба?” деді. Мұса алейһиссалам Аллаһ үшін жасалатын істің Оның достарын ұнату, дұшпандарына қарсы тұру екенін түсінеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам бұйырады: “Иманның негізі және ең күшті белгісі - мұсылмандарды сүю және мұсылмандарға дұшпандық еткендерге қарсы болу”. Аллаһу та’ала Иса алейһиссаламға бұйырады: “Жер мен көктегі барлық жаратылғандардың құлшылығын жасасаң да менің достарымды сүйіп, дұшпандарыма қарсы келмейінше, ғибадаттың ешқандай пайдасы жоқ”.

Барлық нәрсені тек Аллаһтың ризалығы үшін жасау “Ихлас” (ықылас) деп аталады. Ықыласты мұсылман барлық жақсы әрекеттерді, ізгі істерді, ғибадаттармен қайрымдылықтарды, мұсылмандарды қуантуды тек Аллаһтың ризалығы үшін ғана жасайды. Жақсы мұсылман Аллаһу та’аланың көрсеткен тағдырына ризалық білдіреді. Жаман адамдар болса, тағдырға разы болмай, қиын жағдайға тап болғанда, у-шу шығарады.