Үш күндік аштық
Пайғамбарымыз бір күні кешкісін үйіне кіріп былай бұйырды: - Ей Айша! Үш күн бойы дәм татпадым. Жейтін бір нәрсең бар ма? Сол кезде есік қағылып хазіреті Әбу Бәкір келді. Не үшін келгендігін сұрағанда былай жауап берді: - Ей Расулаллаһ! Үш күн бойы дәм татпап едім, қасиетті жүзіңізді көріп, аштығымды ұмыту үшін келдім. Сол кезде хазіреті Омар мен Әли де кіріп келді. Оларда сол сөзді қайталады. Хазіреті Әли айтты: - Ей Расулаллаһ! Кеше Муаз бин Жәбәлдің бақшасынан ағашта пісіп тұрған құрмаларын көрдім. Сонда пайғамбарымыз: - Қане онда, Муаздың үйіне барайық,- деді. Бірігіп Муаздың үйіне келді. Муаз есікке қарай жүгіріп, қонақтарды ішке кіргізді. Пайғамбарымыз жағдайды түсіндіргенінде, қатты қамығып былай деді: - Ей Расулаллаһ! Құрмаларды бүгін ғана жинап, біразын жедік те қалғандарын садақа ретінде таратып жіберген едік. Сонда пайғамбарымыз хазіреті Әлиге үйден бір себет алып бақшаға баруын және құрма ағашына: «Расуллуллаһ сенен құрма беруіңді сұрады!» деп айтуын бұйырды. Хазіреті Әли пайғамбарымыздың сөзін айтқанында ағаш бір сәтте құрмаға толып қалды. Себеттітолтырып әкеліп, барлығы тойғанынша жегенінде де себеттегі құрмалар мүлдем азаймады. |