21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   


Хазреті Әбу Бәкір

Басқа бір риуаят бойынша Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызға пайғамбарлығы білдірілместен бұрын сауда мақсатында Йеменге барған. Сол сапарында Йемендегі Азд тайпасынан көп кітап оқыған бір қарт адамға жолығады. Бұл қария хазіреті Әбу Бәкірге қарап: «Сен Мекке халқынансың ғой шамасы» дейді. Хазіреті Әбу Бәкір: «Иә, солай» деп екеуі әңгімені былай жалғастырады:

 - Сен құрайыштансың ба?

 - Иә.

 - Бәни Темимненсің бе?

 - Иә.

 - Тағы бір белгі қалды.

 - Ол не?

 - Ішіңді аш, көрейін

 - Мақсатың не, айт.

 - Кітаптардан оқыдым, Меккеде бір пайғамбар шығады. Оған екі адам көмектеседі. Бірі жас, екіншісі егде адам. Жасы небір қиындықтарды жеңілдетеді. Көптеген бәле-жалаларды жояды. Ал егде адам болса ақ құба, ашаң тұлғалы, қарнында бір қара меңі бар болады. Мен сол адамды сен деп ойлаймын. Ішіңді аш, көрейін.

 

Содан соң хазіреті Әбу Бәкір ішін ашады, кіндігінің үстіндегі қара меңді көргенде: «Уаллаһи, сол адам сенсің» деп, Әбу Бәкірге көп насихаттар айтады.

 

Хазіреті Әбу Бәкір жұмысын бітіргеннен кейін қоштасуға жаңағы адамға барады. Пайғамбарымыз туралы бірнеше өлең оқуын сұрайды. Ол кісі он екі шумақ өлең оқиды. Хазіреті Әбу Бәкір оларды жаттап алады.

 

Хазіреті Әбу Бәкір сапардан Меккеге оралғанда Уқба ибни Муайт, Шәйба, Әбу Жәхл, Әбул Бухтари сияқты құрайыштың алдыңғы қатарлы адамдары оның үйіне барады.

 

Әбу Бәкір оларға: «Бір жағдай болды ма?» деп сұрады. Олар: «Мынадай жағдай болды, Әбу Тәліптің жетімі пайғамбарлық туралы айтуда, сендер және ата-бабаларың жалған дінненсіңдер дейді. Егер сен болмағанда оны бұл кезге дейін тірі қалдырмас едік. Сен Оның жақын досысың. Бұл істі сен шеш» дейді.

 

Хазіреті Әбу Бәкір оларды жіберіп, пайғамбарымыздың Хадиша анамыздың үйінде екенін есітіп, барады. Пайғамбарымыз оны қарсы алғанда: «Йа, Мұхаммед! Сен туралы айтылып жатқандар не сөз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Мен Хақ та’аланың пайғамбарымын. Саған және бүкіл адамзат баласына жіберілдім, иман келтір, сонда Аллаһу та’аланың ризалығына қауышасың және жаныңды тозақтан қорғайсың» дейді. Әбу Бәкір: «Бұған дәлелің бар ма?» деп сұрайды. Расулуллаһ: «Ана Йеменде көрген қарт адамың туралы оқиға дәлел» дейді.

Хазіреті Әбу Бәкір: «Мен Йеменде көптеген қарт пен жас адам көрдім» дейді. Пайғамбарымыз: «Ол қарт саған он екі шумақ өлеңді тапсырып, маған жіберді» деп, сол өлеңдерді оқиды. Хазіреті Әбу Бәкір: «Мұны саған кім айтты?» деп сұрағанда: «Менен бұрынғы пайғамбарларға келген періште айтты» дейді. Осыны естігеннен кейін Хазіреті Әбу Бәкір: «Қолыңды берші» деп, пайғамбарымыздың қолынан ұстап: «Әшһәду ән Ла илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп мұсылман болады.