3 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     4 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Худаи жолы

    Азиз Махмуд Худаи хазреттері (1541-1628) ұстазы Уфтаде хазреттерінің қайтыс болуынан кейін Хожа Саадеттин ұстаздың айтуымен Бурсадан Стамбулға келіп қоныстанады. Фатих медреселерінде фиқһ, хадис, тәфсир ілімдерінен дәріс береді. Ускудардан жер алып ол жерде медресе (текке) ашады. Стамбулдықтар дәрістеріне және сұхбаттарына ағылып келіп жатты. Аты барлық жаққа жайылады. 4 Сұлтан (ІІІ Мұрат, І Ахмет, ІІ Осман және ІV Мұрат Хан) есігіне келеді. Күн өтуімен Хақ ғашықтары медресеге сыймайтын болып дәрістерін Сұлтан Ахмет Мешітінде өткізеді. Сұлтан Ахмет мешітінің ашылатын күні Жұма хұтбасын оқу міндеті беріледі. Бірақ сол күні теңіз аңғарына симай, толқындар жүргізбейді. Худаи хазреттері дауылға қарамай Бисмилләмен бастап қайығымен шығып кетеді. Қайық жүріп өткен жолдар тынышталады. Шәкірттері бір тунельден өткендей болып артынан еріп бұғаздан өтеді. Қаншама жылдар Ускудар қайықшыларының дауыл кезінде сенімді болып өтіп жүрген бұл жол “Худаи жолы” деп аталып кетті.

   

    Худаи хазреттері бір күні сарайдағы сұхбаттан кейін намаз уақыты таяп дәрет алмақшы болады. Сұлтан Ахмет Хан құманмен су құяды, ханзадалар жайнамазын төсейді. Сұлтанның анасы басқа бөлмеден сүлгі дайындап тұрып “Ах, осы Мүбәрәк кісінің бір кереметін көрсем еді” деп ойлайды. Бұл жағдай Худаи хазреттеріне мәлім болып:

    “Таң қаламын! Кейбіреулер әлі керемет көргісі келіп жүр. Халифаның өзі біз секілді ешкімі жоқ адамға су құйып, анасы сүлгі дайындап тұр. Бұдан асқан керемет бола ма?” деген екен.

    Бір күні Падишах өзінен дұға сұрайды. Сонда былай деп дұға етеді:

    “Йа Рабби! Бізді жақсы көргендер теңізге батпасын, қартайғанда мұқтаж қалмасын, имандарын сақтап өлсін және өлетін кездерін білсін!”