19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Аз сөйлеудің пайдалары

Аз сөйлеудің пайдалары

Сұрақ: Аз сөйлеудің, үндемеудің пайдалары туралы және көп сөйлеудің зияндары туралы мәлімет бересіз бе?

 

Жауап: Пайғамбарымыз «Аз сөйлеу иманнан, көп сөз екі жүзділіктен» деп білдірген.

Тіл – үлкен ниғмет. Жақсылығы да, жамандығы да үлкен. Жәннатқа да, жаһаннамға да апарады. Көлемі кіші, зардабы үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие.       

 

Тіл туралы көптеген хикметті сөздер айтылған:

 

Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.

 

Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл.

 

Ауызда жиек жоқ,

Тілде тиек жоқ.

 

Көнектей басыңа шүмектей тілің жау.

 

Көп сөйлеу достықты бұзады, қажетсіз сөйлеу айыптарды ашады, ащы сөйлейтіндерден достары қашады.

 

Егер көңілде мұң, реніш, денеде қажырлық және әлсіздік, ризықта кемшілік және берекесіздік болса, мұның бос және орынсыз сөздерден туындағанын білу керек!

 

Хикметті сөйлеуден емес, үндемеуден іздеу керек!

 

Үндемеу ақылдың әшекейі және надандықтың перделенуі.

 

Жылы сөзді және жомарт қолды болу керек!

 

Үндемеу ғалымның зейнеті, наданның пердесі.

 

Ғибадат он бөліктен тұрады, оның тоғызы үндемеу, бір бөлігі жаман достан ұзақ тұру.

 

Аз сөз әдеп, жақсы амалдарды қорғауға себеп.

 

Кісі тілінің астына жасырылған. Сыр сақтаған адам мұратына жетеді.

 

Бұлбұл қыран құсқа:

«Екеуміз де құс болсақ та сен патшаның сарайындасың, мен болсам бақшаның тікендеріндемін. Сен құстарды аулап жейсің, патшаның қасында қадірің өсіп, мұратыңа жетесің. Құстардың сұлтаны боласың. Мен болсам күнді күнге қосамын, әр түні таңға дейін гүлдің ашылуын күтемін. Мен ұйықтамайынша ол ашпайды, оянғанда ашылған кейпін көремін. Ашылып жатқанын көре алмаймын, мұратыма жете алмаймын. Тікен арасында мұратсыз жылаймын, жүрегімді сыздаймын» дейді.

Сонда қыран құс былай деп жауап береді:

«Мен мың мұратыма жетемін бірақ біреуін де айтпаймын. Сен болсаң бір мұратыңа жете алмастан мың мұрат айтасың. Үндемеген мұратына жетеді, ал шырылдап шағымданған мұратсыз қалады.»

 

Хазреті Лұқман қонаққа ең жақсы тағам ретінде тілмен жүректі ұсынады. Басқа бір уақытта ең жаман тағам ретінде тағы да тілмен жүректі ұсынады. Тіл қылыш секілді дұрыстап қолданылмаса өз өліміңе себеп болады.

 

Үндемеу шаршамастан жасалатын ғибадат, шығынсыз тағылатын әшекей, билікті талап етпейтін дәулет, тау-тастарды қажет етпей салынған қорған, еңбек етпей қол жеткізілген байлық және айыптардың жабылуы.

 

Патшаның үгіті

Үш патшаның бірі айтады:

«Бүкіл өкініштерім айтқан сөздерімнен болды. Айтпаған сөздерімнен мүлдем өкінбедім.»

 

Екіншісі айтады:

«Айтпаған сөздерімнің иесімін. Бірақ айтқан сөздерімнің тұтқынымын.»

 

Үшіншісі айтады:

«Кейбір сөздерді айтуға күшім жетті, бірақ айтқан сөздерімді қайтарып алуға күшім жетпеді.»

 

Күмәнды сөздерден сақтанған, күлімдеген жүзді болған, адамдарға мейірімділік еткен, қажетті дін ілімдерін үйренген және дұрыс сөйлеген адам мүнафық (екі жүзді) бола алмайды.

 

Тілге ие болу

Тіліне ие болмаған адамды шайтан әрқалай ойнатады. Үлкен құздың шетіне келтіріп, құлатады, пәлекеттерге душар қылады. Адам тіліне ахлақ тізгінін тақса, дүние және ахырет бақытына қауышады. Егер бос қалдырса зияндарға  ұшырайды.

 

Мүшелердің ең көп қарсы шығатыны тіл. Қалаған тарапына оңай кете алады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге мынадай деп жалбарынады: Біздің атымыздан сөйлегенде Аллаһтан қорқ, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи)

 

Хазреті Лұқманға «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда «Дұрыс сөйлеу, аманатқа қиянат етпеу және пайдасыз сөздерді тәрк етумен жеттім» деп жауап береді.

 

Әһли хикмет ғұламалардың айтқандары:

Бір адамның жаһил (надан) екендігінің белгілері мыналар: Жанды-жансыз барлық нәрсеге ашуланады. Сыр сақтай алмайды. Ақшасын орынды жарата алмайды. Бәріне сене береді. Досын дұшпанынан ажырата алмайды. Жаман адамдармен достық құрады.

 

Үндемеу хикмет, жақсы қасиет. Тілдің үндемеуі, көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады. Адамның амандығы тілін қорғауында. Қалам да екінші тіл деген сөз.

 

Тіл жыртқыш жануарға ұқсайды, еркіне жіберілсе иесін талайды. Үндемеген адам қатеге түсуден, өтіріктен, өсектен, сөз тасудан, өзін мақтаудан, бос сөйлеуден және тағы көптеген тіл апаттарынан құтылады.

 

Көп сөйлейтін адамның тілі шалынады, көңілі (жүрегі) қараяды. Көңілі қарайған адам қате үстінен қате істейді, адамдарды ренжітеді, өзінің бұдан хабары да болмайды. Тіліне ие болған адам дінін қорғайды.

 

Көп сөйлейтін адам қате істейді. Сахабалар үнемі жақсы сөз сөйлегенімен қате сөйлеп қоймау үшін емес, бәлкім бос сөз айтпайын деп үндемейтін. Хазреті Әбу Бәкір аузына тас салып жүретін, «Басқа келетін бүкіл пәлекеттер осыдан (тілден) келеді» деп айтатын.  

 

Ең зиянды нәрсе

Аллаһу та’ала бос сөйлейтіндерді жақсы көрмейді. Бос сөйлеудің өзі осыншалықты жаман болса, зиянды нәрсе айтудың пәлекеті қалай болмақ? Хадис шәрифте: «Ең зиянды нәрсе көп сөйлеу» делінген. (Дәйләми)

 

Тілге ие болу, аз сөйлеу дініміздің әмірі. Құран кәрімде былай делінеді:

«Садақа беру, жақсылықты әмір ету және адамдарды татуластырудан басқа сөйлеуде, сыбырласуда қайыр жоқ.» (Ниса 114)

 

Тілге ие болуға қатысты білдірілген хадис шәрифтердің біршамасы мынадай:

«Тілін тыйған адам құтылады.» (Тирмизи)

 

«Амандық қалаған адам үндемесін, тілін тұтсын» (Ибн Әбиддунийа)

 

«Үндемеу хикмет, бірақ үндемей жүретіндер аз» (Дәйләми)

 

«Амалдардың ең қабыл болатыны тілін тыю» (Табарани)

 

«Жақсы сөзден өзге нәрселерде тілін тыйған адам шайтанды жеңеді.» (Табарани)

 

«Аз сөйлейтін мүминге жақын болыңдар! Ол хикметсіз емес.» (Ибн Мажә)

 

«Аллаһқа және ахыретке сенген адам не жақсылық айтсын не үндемесін!» (Бұхари)

 

«Ең оңай ғибадат үндемеу және көркем мінез» (Ибн Әбиддүнийа)

 

«Мүмин алдымен ойланады кейін сөйлейді, ал мүнафиқ (екі жүзді) ойланбастан сөйлейді» (Хараити)

 

«Көп сөйлейтін адам, көп қателеседі, көп қателескен адамның өтірігі көп болады. Өтірігі көп болған адам жаһаннамға лайықты болады.» (Табарани)

 

«Құтылу үшін тіліңді тый, үйіңде отыр, күнәларың үшін жыла!» (Тирмизи)

 

«Адамдарды жаһаннамға сүйрейтін тілдері» (Тирмизи)

 

«Тілін тыймаған адам толық иманға қауыша алмайды.» (Табарани)

 

«Рахаттық қалаған адам тілін тыйсын» (Әбушшәйһ)

 

«Көп сөйлеу көңілді қарайтады, ал көңілі қарайған адам Аллаһу та’аладан алыстайды.» (Бәйһақи)

 

«Әмри маруф және зікірден басқа барлық сөз адамның зиянына» (Тирмизи)

 

«Адамның қателерінің, кемшіліктерінің көбі тілінен келеді.» (Табарани)

 

«Асқазанын, ар-намысын және тілін қорғаған адам бүкіл жамандықтардан қорғанған болады.» (Дәйләми)

 

«Көңілі дұрыс болмағанның иманы, ал тілі дұрыс болмағанның көңілі дұрыс болмайды.» (Ибн Әбиддунийа)

 

«Көңілі тіліне, тілі көңіліне, ісі сөзіне сай болмаған адам мүмин бола алмайды.» (Исфахани)

 

«Аллаһты көріп тұрғандай ғибадат ет, өзіңді өлді деп сана, бұлардан да ең жақсысы болса тіліңді тыю» (Табарани)

 

«Үнсіздігі тәфәккур, қарағаны ғибрат болып көп истиғфар айтқан адам құтылды.» (Дәйләми)

 

Сөйлеп тұрған адамның сөзін бөлу әдепсіздік болады. Хадис шәрифте: «Дін бауыры сөйлеп тұрғанда үндемей тұру адамгершілік қасиеттен» делінген (Хатиб)

 

Қажетсіз сөйлеу

Сұрақ: Ешкімге зияны болмаған әңгімелерден де жауапкер боламыз ба?

Жауап: Ғайбат, айтысу, сөз таластыру және осыған ұқсаған әңгімелерден ұзақ болу керек. Не жақсы сөйлеу керек, немесе сөйлемей, тыныш отыру керек.

 

Керексіз сөздермен құнды уақытымызды өлтірген боламыз. Ал Аллаһу та’аланың ұлылығын, жаратқан жанды-жансыз махлұқтарын тәфәккур етсек, үлкен сауап аламыз. Немесе кәлимаи тәуһид, салауат секілді тәсбихтерді айтсақ өзіміз үшін қайырлы болады.

 

Бұларды айтып жәннатта құнды қазыналарға қауышу мүмкін бола тұра, тілімізді пайдасыз нәрселермен әуре қылып, бұл ниғметтерден махрұм қалу ақымақтық емес пе?

 

Сауап та, күнә да емес болған мубах істермен уақыт өкізу харам болмаса да, уақытын ғибадаттармен уақыт өткізіп, үлкен қазыналардан құр қалмау керек. Өйткені мүминнің үнсіздігі тәфәккур, қарауы ғибрат, сөйлеуі ғибадат болуы тиіс.

 

Адамның ең құнды байлығы - уақыты. Уақытымызды босқа өткізіп, ахырет үшін азық дайындамасақ, байлық қолдан кетті деген сөз. Хадис шәрифте: «Бос және пайдасыз істерді тәрк ету мұсылманның көркем мінезінен» делінген. (Тирмизи)

 

Ухуд соғысында шәһид болған жігіттің анасы, ұлын қан ішінде көргенде «Балам саған жәннат сүйінші болсын!» дегенінде пайғамбарымыз: «Қайдан білесің, бәлкім өмірін бос сөздермен өткізген шығар» деді. (Тирмизи)

 

Яғни есепсіз жәннатқа кірмейді. Бос сөйлегендер бұл сөздерінен есепке тартылады. Есепке тартылу да азаптың бір түрі.

 

Хазреті Абдуллаһ бин Саламның жәннаттық екендігі білдірілгенде сахабалар одан қай амалы жәннаттық болуына себепші болғанын сұрады. Ол «Бос сөз сөйлемеймін және ешкімге жамандық тілемеймін» деп жауап берді.

 

Хазреті Ибн Аббас былай деген:

«Саған қажеті болмаған, пайдасы тимейтін мәселелерде ауыз ашып сөйлеме, өйткені бұл артықша іс. Оның үстіне зиянынан да сенімді емессің. Қажетті сөздерді де орынсыз сөйлеме! Көбінесе пайдалы сөздер орнын таба алмағандықтан жоғалып кетеді.»

 

Лұқман Хаким хазреттеріне хикметтің анықтамасын сұрағанда «Бізге керек болмаған нәрсемен айналыспау және жасырын нәрселерді іздестірмеу» деп жауап береді.

 

Бізге қажетсіз нәрсені өзгелерден сұрау да малаяни (бос әурешілік) болады. Мұны сұраумен құнды уақытымызды жоғалтқан боламыз. Сондай-ақ сұраған адамның да уақытын алған боламыз.  

 

Пайдасыз нәрселермен айналыспау керек, аузымыздан шыққан әр сөзіміз үшін есеп береміз. Тіліміз жәннат ниғметтеріне қауыштыратын себеп. Тілімізге немқұрайлы қарап, еркіне жіберу үлкен зияндарға себеп болады.    

 

Бос сөз сөйлеу секілді артықша сөйлеу де жаман. Қысқаша түсіндіру мүмкін бола тұра, ұзын сөйлемдермен және қайталаулармен айту артышқа. Яғни қажетінен артық сөйленген болады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ілімімен амал еткен, мал-мүлкінің артығын садақаға берген және сөзінің артығын тыйған адамға сүйінші болсын!» (Табарани)

 

Адам болмашы, мәнсіз деп ойлаған кейбір сөздердің кесірінен құрдымға кетеді. Хадис шәрифте былай делінген: «Адам маңызы жоқ деп ойлаған бір сөз айтады. Бұл сөз Аллаһу та’аланың разылығына сай болғаны үшін қияметке дейін одан разы болады. Тағы бір адам мән бермеген бір сөзінің кесірінен қияметке дейін Аллаһу та’аланың ашуына ұшырайды.» (Тирмизи)

 

Аллаһу та’аланың разылығы және ашуы қай істе, қай сөзде екенін білмейміз. Бұл тұрғыдан ешбір сөзді, ешбір жақсылықты, жамандықты кіші, маңызсыз деп қарамау керек. Хақ та’ала разылығын жақсылықтар ішіне, ашуын күнәлардың ішіне жасырған. Мән берілмей жасалған бір күнә Аллаһу та’аланың ашуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан сөзімізге мұқият болуымыз керек.

 

Құптаннан кейін сөйлеу

Сұрақ: Құптаннан кейін сөйлеудің мәкрух екендігі білдірілген, сондай-ақ пайғамбарымыздың құптан намазынан кейін сөйлегені де білдірілген. Мұны қалай түсінуге болады?

Жауап: Қажеттілік жоқ болса, сөйлеу мәкрух болады. Уағыз-насихат айту, кітап оқу секілді пайдалы істерде сөйлеу жаиз.

 

Құптан намазды оқымай тұрып ұйықтау және құптанды оқығаннан кейін қайырлы істерден бөлек нәрсе үшін сөйлеу мәкрух болады. Құптан намазынан кейін діни насихат айтқанға, намаз оқығанға, жолаушыға немесе неке төсегіне кіргендерге сөйлеу мәкрух емес. (Рәддул мухтар)

 

Құптаннан кейінгі сөздер пайдасыз әңгіме болса немесе таң намазына немесе әдеттенген адамның түнгі (тәһәжжүд) намазын өткізіп алуына себеп болатын болса мәкрух болады. Бір қажеттілік себебімен сөйлейтін болса, мәкрух болмайды. Құран оқу, зікір ету, әулиелердің ғибратты оқиғаларын айту, фиқһ ктіабын оқу және қонақпен сөйлесу де мәкрух емес. Бұл жерде ол күннің амал дәптеріне ғибадатпен басталғанындай ғибадатпен бітіріп екеуінің арасында істелген күнәлардың кешірілуіне себеп болуға тырысу керектігі негізге алынған. Таң намазынан бұрын да қажетсіз сөйлеу мәкрух болады. (Имдад-ул-фәттах)

 

Имсак уақытынан таң намазын оқығанға дейін қажетсіз сөйлеу де мәкрух болады. (Дурр-ул-мухтар)