19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Мәдина Мунәууәрә дәуірі

Мәдина Мунәууәрә дәуірі

        Пайғамбарымызға пайғамбарлығы білдірілгеннен кейін 13 жылдан соң 12 рабиул-әууәлда, милади 622 жылы Мәдинаға көшуімен 10 жылға созылатын Мәдина дәуірі басталды.         Пайғамбарымыз Халид бин Зәйд Әбу Әйуб Әл-Әнсаридің үйіне келгеннен кейін астыңғы қабатта тұруды таңдап, сол жерге орналасады. Осылайша, әлемнің сұлтанын қонақ ету құрметі осы сахабаға бұйырды.

 

        Хазіреті Халид былай дейді: «Расулуллаһ үйіме келген кезде төменгі қабатта тұруды таңдады. Біз үстіңгі қабатта тұрып, бұл жағдайдан қатты ыңғайсызданатынбыз. Бір күні «Барлық нәрсем жолыңа құрбан, йа Расулуллаһ! Сіздің төменгі қабатта тұрып, өзімнің жоғарыда тұратыныма еш көңілім тыншыр емес. Бұл маған ауыр тиеді. Сіз үстіңгі қабатта тұрыңыз, мен астыңғы қабатта тұрайын» дедім. Ол маған «Йа, Әбу Әйуб! Үйдің астыңғы қабатында тұру біз үшін ыңғайлырақ» деді. Келген адамдармен оңай кездесіп, сөйлесу үшін астыңғы қабатты таңдаған болатын. Бір күні құманымыз сынып қалды. Төгілген судың Пайғамбарымыздың үстіне тамып, оны әбіржітуінен қорқып, әйелім екеуміз жамылатын жалғыз көрпемізді судың үстіне тастадық». Әбу Әйуб Әнсари үстіңгі қабатта тұратындығына қатты қысылатын. Соңында өзі астыңғы қабатқа түсіп, Пайғамбарымызды жоғары шығарды. Әбу Әйуб былай дейді: «Пайғамбарымызға әрқашан кешкі ас әзірлеп апарып беретінбіз. Қалған тамақты жіберген кезде әйелім екеуміз оның тиген жерін іздеп, сол жерден жеуге тырысатынбыз. Бір күні түнде пияз бен сарымсақ қосылған тамақты Пайғамбарымыз кері қайтарды. Оның жемегенін көріп, оған жүгіріп бардым. «Йа, Расулуллаһ! Кешкі асты қайтарған екенсіз. Онда мүбәрәк қолыңыздың ізін көре алмадым. Біз әйелім Үммү Әйуб екеуміз сіздің жеген жеріңізден жеп, содан берекеттенетінбіз» дедім. Пайғамбарымыз: «Бұл көкөністің бір иісі бар. Оны жемедім. Мен періштемен сөйлесемін» деді. «Ол тамақ харам ба?» деп сұрадым. «Жоқ! Бірақ мен оның иісін ұнатпадым» дегенінде, «Сіз ұнатпаған нәрсені мен де ұнатпаймын» дедім. Пайғамбарымыз «Жоқ, оны жеңдер» деді. Сөйтіп, біз ол тамақты жедік, бірақ одан кейін ол көкөністен Пайғамбарымызға тамақ пісірмедік.

 

        Тағы бірде Расулуллаһ пен Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) жететіндей тағам әзірлеп, алдарына апардым. Расулуллаһ «Йа, Әбу Әйуб! Ансардың ұлыларынан отыз адамды шақыр» деді. Мен тамақтың аз екендігін және Пайғамбарымыз бұл тамақты көп деп ойлап қалды ма деп ойлап тұрғанымда «Йа, Әбу Әйуб! Ансардың ұлыларынан отыз адамды шақыр» деді. Мың-сан ойлармен жүріп, адамдарды шақырдым, олар келді. Сол тамақтан жеді, барлығы тойды. Мұның бір мұғжиза екенін түсініп, келген адамдардың иманы күшейіп, тағы да бағыну антын берді. Сосын олар қайтып кетті. Кейін «Алпыс адам шақыр» деді. Мен мұғжиза ретінде тамақтың азаймағанын көргендіктен тағы да алпыс адамды шақырып келдім. Олар да келіп, тамаққа тойып, Пайғамбарымыздың мұғжизасына куә болып, үйлеріне қайтты. Одан кейін «Ансардан тоқсан адам шақыр» деді. Шақырдым, келді. Пайғамбарымыздың айтуымен он-оннан отырып, барлығы тамақты жеп, тойды. Пайғамбарымыздың мұғжизасын көріп, үйлеріне қайтты. Осылайша, 180 адам тамақ жеді. Ал, тамақ еш азаймай, түртілмегендей күйде тұрды»