2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Хижреттің бірінші жылында орын алған кейбір оқиғалар

Хижреттің бірінші жылында орын алған кейбір оқиғалар

Хижреттің бірінші жылы Ансардан Әсад бин Зурарә, Бәра бин Марур, Күлсүм бин Хидм, мұхажирлерден Осман бин Мазун (радиаллаһу анһум) қайтыс болды. Кәпірлермен соғысуға рұқсат берілді. Сондай-ақ, Мәдинаның ауасы мен суына шыдай алмаған Әбу Бәкір мен Біләл Хабәши (радиаллаһу анһум) безгек ауруына шалдықты. Осыған орай пайғамбарымыз «Йа, Раббым! Меккені жақсы көргізгенің сияқты Мәдинаны да жақсы ет, бұл жерде бізге береке мен мол ризық бер» деп дұға етті. Хақ та’ала дұғасын қабыл етіп, мұхажирлер үшін Мәдинаны жайлы мекен етті.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өзі де қатысқан Әбуа, Уәддан соғыстары осы жылы болды. Екінші жылдың басында Бууат, Сафәуан, Зулушәйра соғыстары жалғасты.

 

Алғашқы жазбаша келісім: Меккелік мүшріктер де қарап тұрмады, Пайғамбарымызға Меккеде жасай алмағандарын Мәдинада жасауға тырысты. Мәдиналық мүшріктерді ескертіп, шарт қойған хаттар жазып, Мәдинадағы яһуди тайпаларына да қорқытатын мәндегі хаттар жазып, хабарлар жіберді. Олардың бұл әрекеттері яһудилердің Расулуллаһқа жақындай түсуіне себеп болды.

Осы арада яһудилер Пайғамбарымызға барып, «Сізбен бейбіт келісімге келу үшін келдік. Бір келісім жасасайық, бір-бірімізге зиян келтірмейік» деді. Пайғамбарымыз олармен 55 баптан тұратын келісім жасасты. Онда қабылданған шешімдердің біразы мыналар:

1- Бұл келісім Мұхаммед алейһиссалам тарапынан меккелік және мәдиналық мұсылмандар мен оларға бағынатындар және кейіннен қосылғандар және солармен бірге соғысқандар арасында жазылған құжат болып табылады.

2- Күмәнсіз, бұлар басқа адамдардан бөлек бір жамағат.

3- Әрбір тайпа тұтқындарын босатып алу төлемдерін (мұсылмандар арасындағы әділет бойынша) ортақтаса төлейді.

4- Мұсылмандар өз араларында қақтығыс шығарған адамдарға өз балалары болса да қарсы тұрады.

5- Яһудилердің ішінен мұсылмандарға бағынғандар зұлымдыққа ұшырамайды, оларға көмек беріледі.

6- Яһудилер мұсылмандармен бірігіп, бір қоғам құрайды, әркім өз дінінің міндетін орындайды.

7- Яһудилердің ешқайсысы Мұхаммед алейһиссаламның рұқсатынсыз әскери жорыққа шыға алмайды.

8- Ешкім келісім жасасқан адамына жамандық істемейді, зұлымдыққа душар болған адамға көмек береді.

9- Мәдина жері осы келісімді жасасқан адамдар үшін тиісуге болмайтын аймақ болып табылады.

10- Меккелік мүшріктер мен оларға көмектескендерге ешқандай қолдау көрсетілмейді.

11- Мәдинаға шабуыл жасайтын адамдарға қарсы яһудилер мен мұсылмандар өз араларында көмекке келеді.

 

Яһудилер осы келісім арқылы (көріністе) мұсылмандармен достық қатынас құрады, оларға кек сақтамауы және дұшпандық әрекеттер жасамауы керек болатын.