Кім болғаның емес, кіммен болғаның маңыздыИманның шарты алты, бұлар – сенілетін нәрселер... Бұл алты шартқа сендім деумен пайда болған иманның жалғасуы үшін, қосымша тағы басқа нәрселер де бар. Мысалы ғибадаттар иманның шарты болмаса да, парыз екеніне сену иманнан. Намаздың парыз екеніне сенбеген адамның иманы болмайды.
Иманның негізі және ең үлкен белгісі болып табылатын тағы бір шарт бар. Бұл шарт – хубби филлаһ және буғди филлаһ. Яғни Аллаһу та'аланың жақсы көргендерін жақсы көру және Аллаһу та’аланың жақсы көрмегендерін жақсы көрмеу деген сөз. Өйткені хадис шәрифте «Дүниеде бір-бірін жақсы көргендер – ахыретте бірге болады» делінген. Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын жақсы көргендер, соңғы демінде иманмен өледі. Және Махшар алаңында сол жақсы көргендерінің қасында тіріліп, ахырет өмірінде солармен бірге болады. Сондықтан кімді жақсы көру керектігін және де кімді жақсы көрмеу керектігін жақсылап біліп алу керек. Кім болғанымыз емес, кіммен болғанымыз маңызды.
Егер адам ғибадаттарын орындаумен қатар Аллаһтың дұшпандарының бірін жақсы көрсе, мысалы Әбу Жаһилді жақсы көрсе, ол адам тозаққа кетеді. Өйткені хадис шәрифте пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм солай деген. Барлық адам сүйгенінің жанында болады. Демек, адам бұл дүниеде жақсы көргендеріне мән беруі тиіс. Айтылып жатқан жақсы көру мен жақсы көрмеу адамның жеке басы үшін емес, Аллаһу та'аланың разылығы үшін болуы керек. Жақсы көру және жақсы көрмеу денемен емес, көңілмен (жүрекпен) болады.
От пен су бір жерде бола алмайтыны секілді, бір-біріне қарама-қайшы екі сүйіспеншілік те бір жерде бола алмайды. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләмді жақсы көрмейтін адамды біз де жақсы көре алмаймыз. Бұл нәрсе көңілде өздігінен пайда болады. Іліммен, үйрену арқылы болмайды. Соңғы демдегі иман осы сүйіспеншілікке байланысты. Сондықтан Ислам ғұламалары: «Адам жақсы көретін адамын дұрыс таңдауы керек, соған қарап жақсы көруі керек...» деген.
Жақсы көремін деген адам, сол жақсы көргенінің дұшпандарынан аулақ болмайынша, мүнафиқ, яғни өтірікші болады. Ғашықтар, сүйіктісінің мәжнүні (ессізі) болып, оларға қарсы ешнәрсе істей алмайды. Қарсы болғандарға да қосыла алмайды. Қарама-қайшы екі нәрсеге деген махаббат бір көңілде (жүректе) орныға алмайды. Бір-біріне қарама-қайшы болған екі нәрсенің біреуін жақсы көру – екіншісін жақсы көрмеуге алып келеді.
Аллаһу та'ала Иса алейһиссаламға: «Егер жер мен көктегі барлық махлұқтарымның ғибадаттарын орындасаң, достарымды жақсы көрмейінше және дұшпандарымнан аулақ болмайынша ол ғибадаттарыңның пайдасы болмайды.» және Мұса алейһиссаламға да: «Йа Мұса! Достарымды мен үшін жақсы көрдің бе, дұшпандарымнан мен үшін аулақ жүрдің бе?» деген. Әрбір мұсылман Аллаһу та'аланың дұшпандарын жақсы көрмеуі, Ислам дінін ұстанғандарды жақсы көруі керек. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләм: «Ғибадаттардың абзалы – мұсылмандарды мұсылман болғаны үшін жақсы көру, кәпірлерді кәпір болғаны үшін жақсы көрмеу.» деп бұйырған.
Махаббат сүйіктінің достарын жақсы көруді, дұшпандарын жақсы көрмеуді талап етеді. Бұл жақсы көру және жақсы көрмеу сезімдері, садық (сенімді, шын) ғашықтардың қолында, еркінде емес. Бейнеттеніп, еңбек етпей-ақ өздігінен пайда болады. Достың достары жағымды көрініп, дұшпандары жиіркенішті, жаман көрінеді. Дүниенің әдемі көріністеріне байланғандарға болған махаббат та осы нәрсені қажет етеді. Сүйемін, жақсы көремін деген адам сүйіктісінің дұшпандарынан алыстамайынша сөзіне берік емес деген сөз. Мұндай адамға мүнафиқ, яғни өтірікші делінеді.
Аллаһу та'аланы жақсы көрмейтіндерді жақсы көру – адамды Аллаһу та'аладан алыстатады. Екі қарама-қайшы нәрсенің бірінен алыстамағанша екіншісіне жақындасу мүмкін болмайды.
Адам кімді жақсы көрсе үнемі сол жайлы айтады... Аллаһу та'аланың әулие құлдарының бірі ылғи ұстазын айтып отырады екен. Біреу одан: «Сіз ұстазыңызды осыншалық жақсы көресіз, сіз одан не үйрендіңіз» дегенінде, әлгі әулие кісі былай дейді: «Бір-ақ нәрсе үйрендім, сол үйренген нәрсем маған жеткілікті болды. Ұстазым маған кімді жақсы көруге болатынын және кімді жақсы көруге болмайтынын үйретті.»
Бір адам бір күні гүл бақшасынан өтіп бара жатып гүлдердің арасындағы тікендер мен арам шөптерді көреді. “Бұл әдемі гүлдердің арасында тікендер мен арам шөптер неғып тұр, бұлар болмаса одан да жақсы болар еді” деп ойланып тұрғанында, гүлдердің арасынан дауыс естіледі: «Мырзам! Біз осы халімізге разымыз, сіз біздің бұл жағдайымызға араласпаңыз. Біздің қандай шөп екеніміз маңызды емес, қай жерде, ненің арасында екеніміз маңызды, біздің осы гүлдердің арасында болумен құнымыз білінеді. Ешкімге “сен кімсің” делінбейді, “кімнің қасындасың” делінеді.» Ахыретте қайда және кіммен болғымыз келсе, мұны дүниеде таңдап шешім қабылдауымыз керек. Өйткені бұл жерде кіммен бірге болсақ, кімдерді жақсы көрсек ахыретте де солармен бірге болатынымыз анық. Бұл – таңдау мәселесі.
Мәулана Халид Бағдади хазреттері: «Хақтың есігінде лайықтымен лайықсыз бір» деп бұйырған. Бұл дүниеде бір-бірін жақсы көргендер бір жерде тірілгенде, бұлардың арасында жәннатқа кіретін бір адам болса, сол адамның құрметі үшін сол топтағы барлық адамды кешіріп, ешқайсысын «сен бөтенсің» деп кері қайтармайды екен. Бұл – біз үшін үлкен сүйінші... Бұл дүниенің өзінде адамның кім екенін білу үшін, оның достарына қаралады... Олай болса, кім екеніміз емес, кіммен екеніміз маңызды.
Мүшриктер пайғамбарымызға: «Хақ пайғамбар екеніңді айтудасың, бір бәле келсін, сонда көрерміз» деді. Пайғамбарымыз: «Араларыңда мен бармын, мен барда бәле келмейді.» деді. Дін ұлылары былай дейді: «Ғұламалар – Пайғамбарымыздың мұрагерлері. Мұрагер барлық жөннен мұрагер болғаны үшін, олардың болған жеріне де жалпыға бірдей бәле келмейді.» Ол ғұламалардың болған жерлері рухани пана. Пайғамбарымыздың мұрагері болған бұл ерекше жандар, барлық жайттағы сияқты бұл тұрғыдан да біз үшін ниғмет болып табылады. Түн қараңғылығында жұлдыздар қалай жарқырайтын болса, бұл мүбәрәк ғұламалардың болған жерлері де сол сияқты жарқырауда. Бұл ғұламаларды жақсы көретіндер, солар сияқты болуға тырысады. Олардың көркем мінез-хұлқымен мінезденуге, олардан ілім үйренуге тырысады, олардың халіменен халденіп, осылайша бұл ғалымдардың айналасы мінез-хұлық және адамгершілікте өте биік дәрежелерге жеткен мәдениетті адамдар пайда болады. Ол мүбәрәк адамдардың айналасындағы жақсы көретіндері ахыретте де бірге болады. Өйткені хадис шәрифте: «Дүниеде бір-бірін жақсы көргендер – ахыретте бірге болады.» делінген. Олай болса кім болғанымыз емес, кіммен болғанымыз маңызды.
Бір ұлы ғұлама: «Егер Аллаһу та'ала бұл қызметтеріме байланысты (менен разы болып) жәннатын ихсан етер болса, махшар алаңындағы барлық шәкірттерімді алып кетер едім» дейді. Бір шәкірті: «Махшар алаңында адам көп болады, Аллаһ сақтасын, адамдар бір-біріне ұқсайды ғой, бір шәкіртіңіз адасып сол жерде қалып қойса не болады?» деп сұрайды. Сонда ұстазы: «Адамдардың істері шатасады, бірақ Аллаһу та'аланың ісі шатаспайды. Кім-кімді жақсы көрсе, үнемі бірге болады (Магниттің инені тартқаны секілді)» деп жауап береді. Олай болса кім болғаның емес, кіммен болғаның маңызды.
Иман - өте нәзік. Бір сөзбен келеді, бір сөзбен кетеді... Адамда өте қымбат бір гаухар тас болса, ешкім ұрламасын деп ешжерге тастамайды. Ылғи соны ойлайды және оны ұмытпайды. Оны ешкім ұрламасын деп ойының бәрі сол таста болады. Ал негізінде ол бір дүниелік зат, ұрланса не, ұрланбаса не болады. Бірақ, иман кетсе, Құдай сақтасын. Барлық бақыт кетіп, барлық пәлекет келді деген сөз. Бір ғұлама былай дейді: «Иманды сақтап қалу – тек имандылардың қасында жүрумен ғана мүмкін болады.» Харамдардан, күнәлардан сақтану – дүниеден сақтану болып табылады. Мұндай құнды иманды қалай сақтап қалуға болады. Оны сақтап қала алу үшін не істеу керек. Имам Раббани хазреттері былай дейді: «Оны сақтап қалғандармен бірге болу керек.» Жалғыз басыңа, бөтендермен қалатын болсаңдар сақтап қала алмайсыңдар, өйткені адамның ахлақы жұқпалы. Жаман мінез де жұқпалы, жақсы мінез де. Сондықтан жақсы адамдармен бірге болу – құтылудың белгісі. Олай болса, кім екенің емес, кіммен екенің маңызды.
Көптеген адамның ақиқатты көрмеуінің себебі көзі болып табылады. Көзіне сенген адам мүбәрәк адамның киіміне, жұмысына қарап қателеседі, ол адамды тыңдамайды және пайдалана алмайды. Маңдайдағы көзге емес, көңілдегі көзге бағыну керек. Көңілдегі көз дұрыс пен бұрысты ажырата алады, кімді сүйіп, кімді сүймеу керек екенін біледі. Ақиқатты ақиқат, қатені қате деп біледі. Ешкімнің жұмысы мен киіміне қарап таңдау жасалмайды, істің бұлағына қаралады, айтқан ілімін қайдан алғанына қаралады. Дененің азығын жақсылап таңдағанымыз секілді, рухтың азығын да дұрыс таңдауымыз керек. Денесіне жаман азық берген адамның дүниесі қирайды, ал рухына жаман азық берген адамның ахыреті құриды. Лас құбырдан шипа су келмейді. Судың бұлағы да, өткен жолы да таза болу керек. Пайғамбарымызға хазреті Әбу Бәкірдің көзімен қарағандармен, Әбу Жәһилдің көзімен қарағандар әрине әртүрлі. Егер адам бұл ғұламаларға осындай көзбен қарайтын болса көр болады. Егер мүбәрәк адам деп қарайтын болса, көңіл көзі ашылады. Егер Аллаһу та'ала бір құлына хидаят нәсіп еткен болса, оған әһли сүннет ақидасын берген болса, оған сүйікті құлын танытқан болса, бұл бастағы көзбен емес, көңіл көзімен болады. Бұл адамның көңіл көзі ашылған деген сөз. Көңіл көзі шындықты қатеден ажырату үшін керек, ұшу-ұшыру үшін емес, мұны жақсылап түсініп алу қажет. Ең қиын іс – дұрыспен бұрысты ажырата алу. Пайғамбарымыз алейһиссаламның да: «Йа Раббым, маған хақты хақ, жалғанды жалған етіп көрсет» деген дұғасы бар. Хақты өтірік деп, өтірікті хақ деп ұстанған адам құриды. Пайғамбарымыз «Үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді, жетпіс екісі бұзылады, тек біреуі ғана тура жолда болады.» деп бұйырған. Бұл жетпіс екі топ ақидалары бұзық болғаны үшін жаһаннамға түседі. От – бұл ластықтың тазалануы үшін, бірақ пайғамбарымыз оларды үмметім дегені үшін, олар кейіннен жәннатқа барады. Ешкімнің өз басымен тура жолды табуы мүмкін емес. Әһли сүннет кітаптарынан жиналған, он мыңдаған гүлден жиналған бал секілді болған төрт мазһабтың илмихал кітаптарын оқу керек, өткені кітап – маңызды дос, оны дұрыс таңдау керек... Әһли сүннет ғұламаларының кітаптарына қауышқандар бұл ғұламаларды жақсы көре бастайды. Дүние мен ахыретте олармен бірге болғысы келеді, солар сияқты өмір сүргісі келеді.
Имам Раббани хазреттері бұл жолда файз бар деген. Адам Африкада болса да бұл файздан пайдалана алады делінеді. Тек мына екі адам ғана файз ала алмайды. Бірі – ренжіткен, екіншісі – қарсы шыққан. Ренжіту наразылық білдірумен, қарсы шығу сенбеу арқылы іске асады. Сенбеген адам махрұм қалады. Ренжітпей, шәк-шүбәсыз тыңдаған адамдар ғана пайдаланады. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деп бұйырады: «Қай жерде ілім бар болса, сол жерде дін бар. Қай жерде ілім жоқ болса, ол жерде дін жоқ.» Біліп орындау керек. Намаздың парыздары орындалмаса намаз өтпейді, оразаның парызы орындалмаса, ораза өтпейді... Сондықтан ілім – шарт. Бірақ, ол ілімнің бұлағы дұрыс болу керек.
Адам дүниеде кімді жақсы көрсе, кімнің кітабын оқып ұстанса ахыретте сонымен бірге болады. Ахыретте кіммен, қай жерде болғымыз келсе, мұны дүниеде таңдап шешім қабылдауымыз керек.
Олай болса, кім болғанымыз емес кіммен болғанымыз маңызды.
|