19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өзгелерге қол жаю

Өзгелерге қол жаю

Кәсб - өмір сүру, тіршілік ету үшін қажеттіліктерді халалдан табу деген сөз. Адамның өзінің, бала-шағасының напақасын, қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін және қарыздарын төлеу үшін еңбек етуі парыз болып табылады. Хадис шәрифте: «Бес уақыт намазды оқығаннан кейін жұмыс істеп халалдан табыс табу әр мұсылманға парыз.» делінген.

 

Пайғамбарлардың барлығы еңбек етіп, табыс тапқан. Еңбек етпей, мен Аллаһу та'алаға тәуекел етемін дейтіндерге сенбеу керек. Мұндай адамдардың көңілі Аллаһу та'алаға емес, құлдардың қалталарына, мал-мүлкіне байлаулы болады. Қажеттілігін қамтамасыз ететіндей мал-мүлік тапқаннан кейін, артығымен жұмыс істемей, ғибадат ету жаиз. Мақтану, кібірлену үшін қажеттілігінен артық табыс табу харам болады. Қажетінен артық жұмыс істеп, табысын жақсы нәрсеге жарату мүстаһаб, сауабы нәпіл ғибадаттардан да  артық болады. Хадис шәрифте: «Адамдардың жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны.» делінген.

 

Мұсылман – дүниені жақсы көріп, дүниеге берілгендігі үшін емес, Аллаһу та'ала еңбек етуді әмір еткені үшін жұмыс істеп табыс табады. Нәпсінің жаман қалауларына, зауқтарына қауышу үшін жұмыс істеп ақша табу және жұмыс істегенде халалды харамнан ажыратпау, өзгелердің ақысына мән бермеу, өзгелерден алған қарыздарын қайтармау – дүниеге берілгендікті көрсетеді. Дүниеге берілу үлкен күнә. Аллаһу та'ала әмір еткені үшін көп жұмыс істеп, көп табыс табу және Оның әмір еткен жерлеріне жарату, ғибадат болады және көп сауап болады.

 

Жұмыс істемей адамдардан қайыр сұрау, тілену харам болады. Тек, зәру (мәжбүр) жағдайда ғана мубах болуы мүмкін. Тілену, өлім аузында жатқан адамға және жұмыс істеуге шамасы болмаған адамға мубах болады. Зәру болмайынша тілену айдаһардың, жыланның аузына қолды салып, бір нәрсе алып шығаруға ұқсайды. Хадиқа кітабында: «Зәру жағдай болмастан тілену харам болып табылады. “Құдай үшін” деп адамдардан дүниелік нәрсе сұрау жаиз емес. Хадис шәрифте мұндай адамдардың малғұн екендігі білдірілді.» делінген.

 

Мешіттерде адамдарды мазалап тілену және бұлай тіленіп жүргендерге садақа беру харам болады. Мухаммед Масум Фаруқи хазреттері былай деген: «Бір күндік жейтін азығы болмаған адамның, мұны сұрауы жаиз екеніне фәтуа берілген. Бірақ тақуалығымен абзалы мүлдем сұрамау. Өлім және ауру қауіптілігі сияқты зәру жағдайларда мубах болады. Жұмыс істеп табыс таба алатын адамның тіленуі жаиз емес. Дін білімдерімен айналысып, табыс таба алмағанның сұрауы жаиз болады. Мишқат шархында (ашықтамасында) былай делінген: “Жұмыс істей алмайтын ауру адамның бір күндік азығын тіленуі жаиз болады. Одан артығы жаиз емес. Нәпіл намаз және нәпіл ораза себебімен жұмыс істеуге уақыт таба алмаған адамның зекет немесе садақа сұрауы жаиз емес.”

 

Адамдардан садақа сұраудың, тіленудің үш зияны бар:

1-  Аллаһу та'аланың ниғметті аз бергенін хабарлау, бұл харам болады.

2-  Өзін төмен түсіру, масқаралау. Мұсылманның Аллаһтан өзгеге мойын июі жаиз емес.

3-  Қайыр сұрап адамдарды мазалау, ыңғайсыз, қиын жағдайға түсіру. Зәру жағдай болмайынша бұл да харам болады.

 

Сондықтан, тақуа мұсылмандар ешкімнен ешнәрсе сұрамаған. Бишри Хафи хазреттері Сырри Сақати хазреттерінен басқа ешкімнен ешнәрсе сұрамайтын еді. «Оның мал-мүлкін бергенде қуанатынын білемін, оны қуандыру үшін сұраймын.» дейтін еді. Бишри Хафи хазреттері тағы былай дейді: «Үш түрлі кедей бар. Сұрамайды, берсең де алмайды. Бұлар Иллийунда (жәннаттың ең жоғары қабатында) періштелермен бірге. Сұрамайды, берсең алады. Бұлар, жаннатта Мұқаррабтармен бірге. Қажеттілік кезінде сұрайды. Бұлар садықтар болып, Әсхаби йәминмен бірге...»

 

Қорыта айтқанда зәру жағдай болмастан тілену, қайыр сұрау харам  болып табылады. Зәру және мұқтаж жағдайда тілену мубах болса да, дәреженің төмендеуіне себеп болады. Расулуллаһ алейһиссалам хазреті Омарға сыйлық жібергенінде, хазреті Омар ол сыйлықты алмай кері қайтарады. Кездескен кездерінде Расулуллаһ алейһиссалам:

-         Неге алмадың? – деп сұрады.

-         Йа Расулаллаһ, «Ең жақсыларың – ешкімнен ешнәрсе

aлмағандарың» деп едіңіз ғой.

-         Оны тіленіп алатындар үшін айтқанмын. Сұрамай келген нәрсе – Аллаһу та'аланың жіберген ризығы – деп бұйырды. Сонда хазреті Омар:

-         Аллаһу та'алаға ант етемін, бұдан былай ешкімнен ешнәрсе сұрамаймын және сұрамай келген барлық нәрсені аламын- деп жауап берді.

 

Хадис шәрифте  айтылғанындай:

«Аш болған немесе мұқтаж болған адам, ешкімнен сұрамай, Аллаһу та'аладан тілесе, Аллаһу та'ала оған бір жылдық ризық есіктерін ашады.»