19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Бир-и Мағунә оқиғасы

Бир-и Мағунә оқиғасы: Сол жылдың сапар айында Арабстанның Нәжд аймағында Амир ұлдарының басшысы Әбу Бәра Амир бин Малик Мәдинаға келіп, пайғамбарымызға барды. Пайғамбарымыз оған Исламды түсіндіріп, мұсылман болуды ұсынды. Әбу Бәра мұсылмандықты қабылдамады, бірақ Исламның жақсы дін екенін айтты. Сондай-ақ Нәждте Исламның таралуы үшін бірнеше сахабаны сонда жіберуді сұрады. Пайғамбарымыз «Нәжд халқына сенімді емеспін» деді. Амир «Оларды мен өз қамқорлығыма аламын, сонда оларға ешкім зиян келтіре алмайды» деді.Пайғамбарымыз бұған келісіп, сахабалардан жетпіс адамдық елші дайындады. Оларды Мунзир бин Амр (радиаллаһу анһ) басқарып жолға шықты.

 

Өз тайпасының Исламды қабылдауын қалаған Әбу Бәра Асхаб-ы суффадан бұрын жолға шығып, тайпасына барып, келетін елшілерді өз қамқорлығына алғанын, оларға ешкімнің тиіспеуін ескертті. Жиені Амир бин Туфәйлден басқа барлық адам оларға тиіспеуге келісті. Амир бин Туфәйл үш тайпаның адамдарын жинап, оларды басқарып, Бир-и Мағунәға келген сахабаларды қоршауға алды. Жан-жақтан қоршалған сахабалардың біреуінен басқасы шәйіт болғанға дейін батырларша соғысты. Бұл сахабалардың соңғы сөздері: «Йа, Раббым! Қазір біздің жағдайымызды Расулуллаһқа білдіретін сенен басқа ешкім жоқ. Оған сәлемімізді жеткіз» деді. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам қайғылы кейіпте пайғамбарымызға барып, олардың сәлемін жеткізді де «Олар Аллаһу та’алаға қауышты. Аллаһу та’ала олардан разы болды, олар да Аллаһу та’аладан разы» деді. Пайғамбарымыз «Алейһимуссалам» деп жауап бергеннен кейін ренжулі түрде сахабаларына барып «Бауырларың мүшріктермен шайқасты. Мүшріктер оларды шауып найзамен түйреп, тескіледі» деп, жағдайдан хабардар етті.

 

Осы шайқаста жаумен соғысып жүргенде Амир бин Фухәйраның (радиаллаһу анһ) арқасына Жәббар деген адам найзасын қадаған болатын. Сол кезде хазіреті Амир «Уаллаһи, жұмаққа қол жеткіздім» деп, Жәббар мен басқа мүшріктердің көз алдында көкке қарай көтеріледі. Бұл жағдайға барлығы қайран қалады, бірақ іштерінен тек оны шәйіт еткен Жәббар ғана мұсылман болды.

Пайғамбарымыз Рәжи мен Бир-и Мағунә оқиғалаларына қатты қайғырды. Осы қайғылы оқиғаны туындатқан тайпаларды жазалауы үшін Аллаһтан бір ай бойы намаздан соң тілек тіледі. Аллаһу та’ала Расулуллаһтың дұғасын қабыл етіп, ол тайпаларға үлкен құрғақшылық пен жұт жіберді. Сосын жұқпалы ауру тарап, жеті жүз адамдары өлді.

 

Бәни Надир яһудилері

 

Ухуд соғысынан кейін хижреттің төртінші жылы Надир ұлдары деп аталатын яһуди тайпасы пайғамбарымызға қастандық әрекет ұйымдастырды. Мұны Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға білдіріп, олардың қастандық әрекеті нәтижесіз қалды. Осыған орай пайғамбарымыз келісімді бұзған яһуди тайпасына Мұхаммед бин Мәсләмәні (радиаллаһу анһ) жіберіп, «Надир ұлдары яһудилеріне бар. Оларға Расулуллаһ мені сендерге “жерімнен кетіңдер, бұл жерде менімен бірге тұрмаңдар. Сендер маған қарсы қастандық ұйымдастырдыңдар. Сендерге он күн мұрсат беремін. Осы мерзімнен кейін бұл жерден кім көрінсе басы шабылады” деген бұйрықты жеткізуге жіберді деп айт» деді. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) бұл бұйрықты айтқаннан кейін олар қорқып, жолға дайындала бастады. Бірақ мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй оларға «Мекендеріңнен кетуші болмаңдар. Жерлерің мен малдарыңды тастап кетпеңдер. Екі мың адамымды ертіп, сендерге көмекке келемін» деген хабар жібереді.

 

Осыдан соң пайғамбарымыз сахабаларымен Мәдинаға төрт шақырым қашықтықтағы Надир ұлдарының мекеніне бет алды. Туды хазіреті Әли ұстап жүрді. Олардың тұратын жерін қоршауға алды. Әуел баста жалын атып өркөкіректенген яһудилердің бекіністерінен шығуға батылдықтары жетпеді. Мұнафықтардан да көмек келмеді. Сахабалар бекіністі қатаң бақылауға алды. Жиырма күннен астам уақытқа созылған қоршау нәтижесінде яһудилер берілді. Барлық қаруларын, алтындары мен күмістерін мұсылмандарға тастап, біразы Шамға, біразы Хайбәрге айдалды. Осылайша, Мәдинада яһудилерден тек Курәйза ұлдары ғана қалды.

 

Хазіреті Фатима бинти Әсадтың қайтыс болуы: Ішімдік ішуді харам еткен аяти кәримә да хижреттің төртінші жылында түсті. Ухуд соғысында жараланып, қайтыс болған хазіреті Үммү Сәләмәнің күйеуінің артында бірнеше баласы қалған еді. Үммү Сәләмә (радиаллаһу анһа) жасы біразға келіп қалғандықтан қиын жағдайда болатын. Оған пайғамбарымыздың жаны ашып, мейірім етіп, оны өз некесіне алып мәртебелендірді.

Осы жылы Затурриқа соғысы болып, айналадағы мүшрік тайпалары бағындырылды.

Хазіреті Османның пайғамбарымыздың қызы хазіреті Рукаййадан туған алты жасар баласы Абдуллаһ қайтыс болды. Пайғамбарымыз немересінің жаназа намазын оқытып, өз қолымен қабірге қойды. Қатты қайғырып, егілді. Көз жасы қабірге тамды. Мүбәрәк қолдарымен құлыптасын қойып, «Аллаһу та’ала мейірімді және мейірбан жүректі құлдарына рақымдылық жасайды» деді.

 

Хазіреті Әлидің анасы Фатима бинти Әсад та (радиаллаһу анһа) осы жылы қайтыс болды. Пайғамбарымыз қатты қайғырып, «Бүгін анам қайтыс болды» деген. Пайғамбарымыз атасы Абдулмутталиб қайтыс болғаннан кейін соның қасында өскен болатын. Пайғамбарлығын айтқанда да алғашқы болып иман келтірді. Сол себептен Пайғамбарымыз оны анасындай көріп, қатты құрметтейтін. Үстіндегі көйлегін шешіп, оған кебін етіп орауды бұйырды. Жаназа намазын оқығаннан кейін жетпіс мың періштенің намазда тұрғанын айтты. Қабірге дейін барып, оның ішіне түсіп көрді. Қабірдегі өмірі рахат өтуі үшін қабірдің бұрыштарына қарай кеңейткендей ишара жасап, қабірге жатты. Қабірден шыққан кезде көздері жасқа толған еді. Неткен мейірбандық!.. Фатима анамыз да неткен бақытты жан еді!.. Хазіреті Омар да шыдай алмай, «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Ешкімге жасамағаныңызды осы әйелге жасадыңыз» дегенде пайғамбарымыз «Әбу Тәліптен кейін осы әйелдей маған жақсылық жасаған ешкім болған жоқ. Ол менің анам еді. Өз балалары аш болса да ең алдымен мені тойдыратын. Өз балалары шаң-шаң болып жүрсе де алдымен менің шашымды тарап, гүл майын жағатын. Ол менің анам болатын!

Оған жұмақ киімдері кигізілуі үшін көйлегімді кебін етіп кигіздім. Қабір өмірі оңай өтуі үшін қабірде жанына жаттым. Жәбрейіл Аллаһу та’ала тарапынан «Бұл әйел жұмақтық» деп маған хабар берді» деді. Сосын Фатима бинти Әсад (радиаллаһу анһа) үшін былай дұға етті: «Аллаһу та’ала сені кешірсін, сені сыйға бөлесін. Ей, анам! Аллаһу та’ала саған рақымын жаудырсын. Өзің аш кезде мені тойдырдың. Өзің кимей, маған кигіздің. Өзің жемей, маған жегіздің. Тірілтетін де, өлтіретін де Аллаһу та’ала. Ол әрқашан тірі. Ол өлмейді. Аллаһым! Анам Фатима бинти Әсадты кешір! Оның қабірін кеңейт. Ей мейірімділердің ең мейірімдісі болған Аллаһым! Менің және келген басқа пайғамбарлардың құрметі үшін осы дұғамды қабыл ет».

 

Осыдан кейін пайғамбарымыздың әйелі хазіреті Зейнеп бинти Хузәймә отыз жасында қайтыс болды. Сол жылы хазіреті Әли мен Фатиманың екінші балалары хазіреті Хусейн дүниеге келді.

 

Осы жылы меккелік мүшріктер Әбу Суфйан басқарған екі мың әскермен Исламды жою үшін Бәдірге қарай бет алды. Пайғамбарымыз мың бес жүз батыр сахабасымен олардан бұрын Бәдірге барады. Мұны естіген мүшріктер қорқып, тек Мәраззахранға дейін ғана барды. Ислам әскерімен соғысуға батылдықтары жетпей, Меккеге кері қайтты. Пайғамбарымыз сахабаларымен мүшріктерді сегіз күн бойы Бәдірде күтті. Сосын Мәдинаға оралды.

 

Бәни Мусталық соғысы: Хижреттің бесінші жылында Мусталық ұлдарының басшысы Харис бин Әби Дирар пайғамбарымызбен соғысу үшін көп адам жинайды. Оларды қару-жарақпен жабдықтап, Мәдинаға шабуылдауды жоспарлайды. Бұл хабар пайғамбарымызға жетіп, ол да дереу жеті жүз адамдық жасақпен Мусталық ұлдарына қарсы жорыққа шықты. Мурәйси құдығының басында орда құрылып, алдымен Мусталық ұлдарын Ислам дініне шақырды. Олар қабылдамай, оқ атып соғысты бастады. Пайғамбарымыздың «Барлығың бірден шабуылға көшіңдер» деген бұйрығын естіген сахабалар Мусталық ұлдарынан он адамды өлтірді. Тайпаның басшысы қашып құтылады. Бірақ қызы Бәрра және тайпасынан алты жүз адам тұтқынға түсті. Олжа үлестіріледі. Бәрра пайғамбарымызға барып, «Үлесіне түскен қожайыныммен тоғыз алтынға азаттық алуға келістім. Маған көмектесіңіз» дейді. Пайғамбарымыз мейірімділік танытып, оның бұл тілегін қабыл алып, оны сатып алады. Сосын оны азат етеді. Ол пайғамбарымыздың Исламды уағыздауымен Исламды қабылдады. Оның мұсылман болғанына қатты қуанған пайғамбарымыз оған сый ретінде өзімен некесін қидырады. Мұны көрген сахабалардың (радиаллаһу анһум) барлығы «Біз Расулуллаһтың отбасынан болған анамыздың туыстарын қызметші етіп ұстауға ұяламыз» деп, тұтқындарын босатты. Бұл неке жүздеген тұтқынның азаттық алуына себепші болды. Пайғамбарымыз әйелінің Бәрра деген есімін Жууәйрийа (радиаллаһу анһа) деп ауыстырды. Хазіреті Жууәйрийа туралы хазіреті Айша «Мен Жууәйрийадан асқан қайырлы, берекелі әйел көрмедім» деген.

 

Ислам әскері жеңіспен Мәдинаға қайтып келе жатқанда айналадағы мүшрік тайпалары мұсылмандарға шабуыл жасаудың қаншалықты қауіпті екенін түсінген болатын.