Бәни Курәйза яһудилеріРасул-и Әкрам (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға қайтқаннан кейін хазіреті Айша анамыздың үйіне барды. Қаруларын түсіріп, сауытын шешті. Мубәрәк денесі шаң болған еді. Жуынды. Сол кезде хазіреті Дыхие кейпінде, үстіне сауыт киіп, қару асынған адам келді. Ол Жәбрейіл алейһиссалам болатын. Пайғамбарымыздың қасына барып, «Ей, Аллаһу та’аланың Расулы! Хақ та’ала Курәйза ұлдарына шабуыл жасауыңды бұйырды» деді. Пайғамбарымыз хазіреті Біләлді шақыртып, сахабаларға былай деп хабарлауды бұйырды: «Ей, сахабаларым! Тұрыңдар, аттарыңа, түйелеріңе мініңдер. Мойынсұнғандар екінді намазын Курәйза ұлдарының жерінде оқысын!».
Пайғамбарымыз дереу сауытымен дулығасын киді. Қалқанын арқасына асынып, найзасын қолына алды. Сосын атына мініп, сахабаларының арасына барды. Хазіреті Әлиге Исламның туын беріп, алдыңғы күш ретінде Курәйза яһудилерінің бекінісіне жіберді.
Сахабалар пайғамбарымызды орталарына алып, Мәдинадан «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтып, шықты. Жолда Ғанм ұлдарына кезікті. Олар қаруларын асынып, пайғамбарымызды күтіп тұрған еді. Пайғамбарымыз оларға «Сендерге ешкім кездеспеді ме?» деді. Олар «Йа, Расулаллаһ! Бізге Дыхие Кәлби кездесті. Ақ қашырға мінген еді. Қашырдың үстінде барқыт бар еді. Пайғамбарымыз оларға «Ол – Жәбрейіл. Бекіністерін сілкіп, жүректеріне қорқыныш салсын деп Бәни Курәйзаға жіберілді» деді. Курәйза яһудилерінің бекінісіне барғанға дейін Ислам әскерінің саны үш мыңға жеткен еді.
Хазіреті Әли Ислам туын Курәйза яһудилерінің бекінісінің алдына қойды. Мұны көрген яһудилер пайғамбарымызға қарсы сөздер айтты. Хазіреті Әли пайғамбарымызға барып жағдайды жеткізді. Расулуллаһ алейһиссалам үш мың әскермен сол жерге барып, мейірімділік танытып, алдымен оларды Исламға шақырды. Яһудилер бұл ұсынысты қабылдамады. Пайғамбарымыздың «Олай болса, Аллаһу та’ала мен Расулының бұйрығына мойынсұнып, бекіністен түсіп, беріліңдер» деген бұйрығын да қабылдамады, содан соң пайғамбарымыз оқшылардың шебері Са’д бин Әбу Уаққасқа «Ей, Са’д! Алға шығып, оларға оқ жаудыр» деп бұйырды. Хазіреті Са’д пен басқа да мергендер садақтарындағы оқтарын тәкбір айтып, яһудилердің бекінісіне жаудыра бастады.
Мұсылмандардың әлсіз кезеңінде арқадан соққы берген және Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығын қабылдамаған бұл яһуди тобының бекіністің есігін ашып, майданға шығатындай батылдықтары жоқ еді.
Соғыс қоршау түрінде жалғасты, Ислам әскерінің ішіндегі мұнафықтар да бекініске жасырын хабар жіберіп, «Берілмеңдер! Мәдинадан кеткендеріңді қаласа да қабылдамаңдар. Егер соғысуды жалғастыра берсеңдер біз сендерге бар күшімізбен көмектесіп, сендерден ештеңемізді аямаймыз. Егер сендерді Мәдинадан шығарса, біз де сендермен бірге шығып кетеміз» деді. Осы хабармен мұнафықтардың көмегін күткен яһудилер қорғануды үмітпен жалғастыра берді. Қоршау ұзаққа созылды, бір ай өтсе де мұнафықтардан жәрдем келмеді. Ақырында көңілдеріне қорқыныш ұялаған яһудилер келісімге келетіндіктерін білдірді.
Келісім жасау үшін Наббаш бин Қайс деген яһуди пайғамбарымызға барып, «Йа, Мұхаммед! Надир ұлдарына көрсеткен мейірімділігіңді бізге де көрсет. Малымыз бен қаруымыз сендердікі болсын. Қанымызды төкпесең болды. Бала-шағамызбен жерімізден шығуымызға рұқсат бер. Қарудан басқа әр отбасы үшін бір түйе жүк әкетуге рұқсат бер» деді. Пайғамбарымыз «Жоқ, бұл ұсынысты қабылдамаймын» деді. Сосын олар «Зат әкетуден бас тарттық. Қанымызды төкпеңдер. Әйелдер мен балаларды әкетуге рұқсат беріңдер» деді. Пайғамбарымыз «Жоқ, Ешқандай шартсыз үкіміме мойынсұнудан, бағынып, берілуден басқа шараларың жоқ» деді. Наббаш бекініске барып, осы сөздерді жеткізді. Курәйза ұлдарының бұл жолы қабақтары мұң шалып, қатты қынжылды.
Олардың көсемдері Қа’б бин Әсад ынсапқа келіп, қауымына былай ұсыныс жасады: «Ей, қауымым! Көріп тұрғандарыңдай, басымызға үлкен бәле төніп тұр. Бұл жағдайда сендерге үш нәрсені насихаттаймын. Осылардан қалағандарың бойынша әрекет жасай аласыңдар. Біріншісі, бұл адамға бағынып, пайғамбарлығын қабылдайық. Уаллаһи, Оның Аллаһ тарапынан жіберілген және кітаптарымызда сипаттары берілген пайғамбар екенін бәріміз білеміз. Егер Оған иман келтіретін болсақ, қанымыз, балаларымыз, әйелдеріміз, мал-мүліктеріміз аман қалады. Біздің Оған бірден-бір бағынбау себебіміз арабтарға деген қызғаныш сезіміміз бен Оның Исраил ұлдарынан болмауы. Алайда, бұл Аллаһтың білетін ісі. Келіңдер, Оған бағынайық...» Яһудилер барлығы бірден қарсы шығып, «Жоқ, біз мұны қабылдамаймыз және бізден басқаға бағынбаймыз» деді.
Сосын Қа’б екінші ұсынысын айтты: «Барлығымыз балаларымызды өлтіріп, артымызда ойлайтын ешкім қалмағанша мұсылмандарға қарсы жүрейік, өлгенге дейін олармен шайқасайық...» Яһудилер мұны да қабылдамады.
Қа’б үшінші ұсынысында «Бұл түн – сенбінің түні. Мұсылмандар бұл түні біздің соғыспайтындығымызды білгендіктен сенімді болып, ұқыптылық танытпауы мүмкін. Қылыштарымызды суырып, есіктен бәріміз бірге шығайық. Осындай шабуылмен бәлкім жеңуіміз мүмкін» деді. Яһудилер «Бізге сенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынған, біз мұны жоя алмаймыз» деп, бұл ұсынысты да қабылдамады. Олардың ішінен тек Әсид пен Саләбә деген ағайындылар және көкелерінің баласы Әсад алғашқы ұсынысты қабылдап, мұсылман болды. Бекіністен шығып, сахабаларға қосылды.
Яһудилер өз араларында ұзақ уақыт тартысты. Нәтижеде біреуі туын көтеріп, пайғамбарымыздан өздеріне қатысты үкім беруі үшін бір адамды төреші етіп сайлауын сұрады. Пайғамбарымыз «Сахабалардан қалаған адамдарыңды төреші етіп алыңдар» деді. Олар «Біз Са’д бин Муаздың (радиаллаһу анһ) беретін үкіміне ризалық білдіреміз» деді. Пайғамбарымыз мұны қабыл етіп, хазіреті Са’д бин Муазды әкелуді бұйырды.
Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) Хандек соғысында ауыр жараланған болатын. Пайғамбарымыз оны Мешіт Нәбиде бір шатырда емдетіп жатқан еді. Төреші болып сайланған соң зембілмен оны Курәйза бекінісіне апарды. Жолда хазіреті Са’д өз-өзіне «Уаллаһи, Аллаһу та’аланың жолында ешқандай айыптаушының айыптауына құлақ аспаймын» деді. Пайғамбарымыздың алдына апарып, оны зембілден түсірді. Пайғамбарымыз «Ей, Са’д! Мыналар сенің үкімің бойынша берілуді қабылдады. Оларға берер үкіміңді айт» деді. Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһ) «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Үкім беруге Аллаһу та’ала және Расулы лайық» деді. Пайғамбарымыз «Бұлар туралы үкім беруді Аллаһу та’ала саған бұйырды» деді. Хазіреті Са’д яһудилерден өзінің беретін үкіміне разы болатындығы туралы уәделерін алды. Осыдан соң хазіреті Са’д өзінің артықшылығын көрсететін, өз атағына лайықты мынадай үкім айтты: «Менің үкімім: ақылы толық, балиғатқа толған барлық ер адамдардың басы алынсын. Әйелдері мен балалары тұтқынға алынсын, малдары мұсылмандарға таратылсын!».
Осындай өткір үкімге яһудилер сілтідей тынып, тұрып қалды. Өйткені, өз кітаптарында мұндай азғындық жасағандарға берілетін жаза дәл осындай болатын: «Бір қалаға соғысуға барғанда оларды бейбіт келісімге шақыр. Мұны қабыл етіп, есіктерін ашса, ондағылардың бәрі саған хараж (салық) төлеп, қызмет етсін. Егер, соғысуға шешім қабылдаса оларды қоршауға ал. Аллаһу та’аланың ихсанымен оларды жеңген кезіңде еркектерінің бәрін өлтір. Әйелдерін, балаларын және малдарын олжа етіп ал» деп жазылған еді. Са’д бин Муаздың берген үкімі илаһи үкімге сай келгендіктен пайғамбарымыз оны құттықтап, «Сен оларға Аллаһу та’аланың жеті қабат көктердің үстінде Ләухул-махфуздағы үкіміне сай үкім бердің» деді.
Яһудилер өз кітаптарында білдірілген бұл үкімге қарсы шыға алмады. Ақылы толық барлық еркектерді жинап, байлап, үкім жүзеге асырылды. Балалар, әйелдер мен мал-мүліктер сахабалар арасында үлестірілді. Осылайша, мұсылмандар қатты қиналған сәтте арқадан соққы берген, жасалған барлық келісімдерді бұзған, пайғамбарымызды кішкентайынан осы кезге дейін құртуға тырысқан бұл қауымнан Мәдина тазарған еді.
Сахабалар бақытты түрде, қуанышпен нұрлы мәдинаға жолға шықты. Тұтқындардың ішінен бір әйел мұсылмандықты қабылдады. Оның бұл әрекетіне қатты қуанған пайғамбарымыз оның да қуануын, жұмақта дәрежесінің жоғары болуын қалап, оны әйелдікке алды. Бұл – хазіреті Райханә анамыз болатын. |