2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Ридуан анты

Пайғамбарымыз Худәйбийада болған кезінде бұрыннан мұсылмандармен достық қатынаста болған Хузаа тайпасының басшысы Будәйл келіп, Құрайыш әскерінің айналадағы тайпалардың да қосылуымен Худәйбийаға тоқтағандығын, әскерлері тарағанға дейін соғысуға ант ішіскендерін білдірді. Осыған орай пайғамбарымыз «Біз бұл жерге ешкіммен соғысуға келген жоқпыз. Тек умра жасау, Қағбаны тауап және зиярат ету үшін келдік. Соған қарамастан бізге кім Бәйтуллаһты зиярат жасауға кедергі болса, онымен соғысамыз. Күмәнсіз, соғыстар құрайышты барынша әлсіретті, көп зиянға ұшыратты. Егер олар қаласа, оларға бітімге келу үшін уақыт берейік. Осы  уақыт ішінде менің тарапымнан қауіпсіздікте болсын. Олар менімен басқа тайпалардың арасына соқтықпасын. Мені олармен жеке қалдырсын. Егер мен ол тайпаларды жеңіп, Аллаһу та’ала да оларға тура жолды нәсіп етіп мұсылман болса, құрайыш мүшріктері қаласа олар сияқты мұсылман бола алады. Егер мен олар ойлағандай басқа тайпалардан жеңілсем, онда олардың өздері де тыныштыққа қол жеткізген болады. Егер құрайыш мүшріктері бұларды қабыл етпей, менімен соғысатын болса, Аллаһу та’алаға ант етемін, таратуға тырысқан осы дінім үшін өлгенше солармен соғысамын. Сол кезде Аллаһу та’ала да маған көмектесетіні туралы уәдесін орындайды»,- деді. Хузаа тайпасының басшысы Будәйл пайғамбарымыздың айтқандарын құрайыш ордасына жеткізу үшін жолға шықты.

 

Мүшріктер Будәйлден пайғамбарымыздың сөздерін естігеннен кейін Уруа бин Мәсудты пайғамбарымызға жіберді. Уруа құрайыштың ешкімді Меккеге кіргізбеу туралы нақты шешім қабылдағанын айтқанда пайғамбарымыз «Ей, Уруа! Аллаһ үшін айт. Мына құрбандық түйелердің құрбандыққа шалынуларына, мына Қағбаны зиярат пен тауап етуге кедергі жасала ма?» деген соң Хузаа тайпасының басшысына айтқандарын Уруаға да айтты.

 

Уруа бір жағынан пайғамбарымызды тыңдаса, екінші жағынан сахабалардың әрекеттеріне, олардың бір-біріне деген және пайғамбарымызға деген құрметтеріне назар салды. Пайғамбарымыздың ұсынысын тыңдағаннан кейін орнынан тұрып, құрайыштықтарға айту үшін кері қайтты. Оларға барып: «Ей, құрайыш қауымы! Менің Кайзәр, Нәжаши, Кисра сияқты бірқатар билеушілердің алдына елші болып барғанымды білесіңдер. Ант етемін, мен қазірге дейін мұсылмандардың Мұхаммедке көрсеткен құрметінің ешқандай билеушіге жасалғанын көрмедім. Сахабалардың ешқайсысы одан рұқсат алмай сөйлемейді, басынан бір қыл түссе дереу алып қойындарына салады. Қасында сөйлесіп отырғанда дауысын барынша бәсеңдетеді. Оны құрметтейтіндіктері соншалық жүзіне қарай алмайды. Ол сахабаларына бір ишара жасаса немесе бір нәрсе айтса олар жанын салып орындайды.

 

Ей, құрайыш жамағаты! Сендер қандай шара қолдансаңдар да олар пайғамбарларының бір тал шашын да сендерге бермейді. Тіпті, оған ешкімнің қолының ұшын тигізуіне жол бермейді. Жағдай осы. Ендігісін дұрыстап ойланыңдар. Мынадай мүшкіл халде тұрғанымызда Мұхаммед бізге жақсы бітімді ұсынып отыр, соны пайдаланайық» деді. Құрайыш мүшріктері бұл сөздерді қабылдамай, Уруаны балағаттап ренжітті.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) құрайыш ордасынан хабар келмеген соң Хыраш бин Умәййаны (радиаллаһу анһ) ұсыныстарын қайталап білдіруге елші етіп жіберді. Мүшріктер Ислам елшісіне дөрекілік танытты. Түйесін сойып жеді, өзін өлтіруге ұмтылды. Олардан қолдарынан әрең құтылған Хыраш бин Умәййа пайғамбарымызға барып, жағдайды айтқаннан кейін пайғамбарымыз елшісіне жасалған мұндай әрекеттерге қатты ренжіді. Осы кезде мүшрік ордасынан Ахабиш тайпасының басшысы Хуләйс көрінді. Пайғамбарымызға қарай келе жатты. Мүшріктер оны елші етіп жіберген еді. Пайғамбарымыз Хуләйстің келе жатқанын көріп, «Мына келе жатқан адам құрбандықты құрметтейтін, Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындауды және ғибадат жасауды қалайтын бір тайпадан. (Ей сахабаларым!) Құрбандық түйелерді соған қарай жіберіңдер, көрсін» деді. Сахабалар құрбандық түйелерді соған қарай жіберіп, «Ләббәйк! Аллаһуммә ләббәйк!» дей бастады. Хуләйс мойындары байланған, құлақтарына ен салынған құрбандық малдарды көргенде оларға ұзақ қарады. «Мұсылмандардың Қағбаны тауап етуден басқа ешқандай ниеттері жоқ. Олардың бұл ниеттеріне кедергі болу қандай жаман іс. Қағбаның Раббысына ант етемін, құрайыштықтар осы қате әрекеттеріне байланысты құриды» деді. Бұл сөздерді естіген пайғамбарымыз «Иә, солай, ей Кинанә ұлдарынан шыққан бауыр» деді. Хуләйс ұялғаннан пайғамбарымыздың қасына келе алмай, тіпті бетіне де қарай алмады. Құрайыш ордасына кері қайтты. Көргендерін айтып, «Сендердің Оның Қағбаны зиярат етуіне кедергі болуларың дұрыс емес» деп пікірін ашық білдірді. Құрайыш мүшріктері ашуланып, Хуләйсті надан деп айыптады.

 

Мүшріктер енді жауыздығымен танылған Микрәз бин Хафсты елші етіп жіберді. Ол да жауабын алып, кері қайтты. Микрәздің елшілігінен кейін мүшріктер мұсылмандардың тұтқиылдан шабуыл жасауынан қорықты.

 

Пайғамбарымыз істі жарты жолдан тастағысы келмей, құрайыштықтар үшін  беделді саналатын сахабаларын жібергісі келді. Нәтижеде хазіреті Османды жіберуге шешім қабылданды. Пайғамбарымыз Осман бин Аффанға (радиаллаһу анһ) «Біз бұл жерге ешкіммен соғысу үшін келген жоқпыз. Тек Қағбаны тауап етіп, зиярат жасауға келдік. Құрбандық түйелерімізді сойып, кері қайтамыз деп айт және оларды Исламға шақыр» деді. Сондай-ақ, Меккедегі мұсылмандарға Меккенің жақын арада алынатынын сүйіншілеуді де ескертті.

 

Хазіреті Осман мүшріктерге барып, пайғамбарымыздың айтқандарын сол қалпында жеткізді. Олар хазіреті Османның ұсынысына теріс жауап берді. Қалаған кезінде тек өзінің ғана Бәйтуллаһты тауап етуіне рұқсат берді. Хазіреті Осман болса «Расул алейһиссалам Бәйтуллаһты тауап етпейінше мен де тауап етпеймін» деді. Бұған ашуланған мүшріктер оны ұстап қамауға алды. Бұл хабар сахабаларға «Осман шәйіт етілді» болып жетті. Жағдайды пайғамбарымызға айтқанда ол қатты қайғырып, «Бұл хабар рас болса, бұл қауыммен шайқаспайынша бұл жерден кетпейміз» деді. Сосын сол жердегі Самура деген ағаштың астында отырып, «Аллаһу та’ала маған ант етулеріңді бұйырды» деп, сахабаларды ант етуге шақырды. Сахабалар қолдарын пайғамбарымыздың қолының үстіне қойып, «Аллаһу та’ала сізге жеңісті ихсан еткенге дейін алдыңызда соғысып, жеңіске жету немесе осы жолда шәйіт болуға ант еттік» деп уәде берді. Пайғамбарымыз бір қолын екінші қолының үстіне қойып, хазіреті Османның атынан ант етті. Пайғамбарымыз сахабаларының бұл антына қатты қуанып, «Ағаш астында шынымен ант бергендердің ешқайсысы тозаққа кірмейді» деді. Бұл ант "Бәйъәт-ур-Ридуан" (Ридуан анты) деп аталды.

 

Сахабалар (радиаллаһу анһум) қылыштарын асынып, пайғамбарымыздың бұйрығын күтіп тұрды.

 

Осы кезде Ислам әскерін бақылап жүрген құрайыш тыңшылары мүжахидтердің пайғамбарымызға осы жолда шәйіт болғанға дейін соғысуға ант бергенін және дайындық жасағандарын көрді. Дереу құрайыш ордасына барып, болған жәйттерді айтты.

 

Пайғамбарымыз түнде сахабаларды қорғауға кезекпен күзетші қойды. Хазіреті Осман ұсталған күндердің бір түнінде Микрәз басқарған елу адамдық мүшрік жасағы Ислам әскерін ұйқыда жатқанда бас салу үшін шабуыл жасады. Сол түні Мұхаммед бин Мәсләмә мен жолдастары (радиаллаһу анһум) күзетте тұрған болатын. Келген кәпірлерді қысқа шайқастан кейін ұстап алды. Тек Микрәз ғана қашып құтылды. Тұтқындарды пайғамбарымызға алып барды. Біразы қамалып, біразына кешірім берілді. Мүшріктер ертеңіне түнде тағы да шабуылдап, тағы да ұсталды. Пайғамбарымыз оларды да кешіріп, босатып жіберді.