19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Хайбәрдің алынуы

Нұрлы Мәдинада сырттай қарағанда мұсылман болып көрінетін, ал шындығында мұнафық болған яһудилер бар болатын. Олардың ішінде сиқыр жасаумен аты шыққан Ләбид бин Асам деген мұнафық бар еді. Яһудилер оған алтын беріп, «Мұхаммедтің қауымымызды Мәдинадан айдап шығарғанын және ер адамдарымызды қалай өлтіргенін білесің. Оған сиқыр жасап, жазаландыруыңды қалаймыз»- деді. Ол бұған келісіп, пайғамбарымыздың шашы мен тарағының тісін қолға түсіруге тырысты. Бұл пиғылына Расулуллаһқа қызмет ететін бір яһуди бала арқылы қол жеткізді.

 

Ләбид пайғамбарымыздың шашы мен тарағының тісіне жіппен түйін жасап, үрледі. Құдыққа түсіріп, бір тастың астына бастырып қойды. Осыдан соң пайғамбарымыз науқастанды. Ауырып, төсек тартып жатып қалды. Бірнеше күн орнынан тұрмады. Сахабалар оған жиі-жиі барып, күн сайын ауруының асқындағанын көріп, бауырлары езіліп, көздері жасқа толатын. Ал, мұнафықтар қуанғандарынан мерекеледі.

 

Бір күні пайғамбарымыз хазіреті Айшаға: «Ей, Айша! Білесің бе, Аллаһу та’ала маған шипамды білдірді, маған екі адам (Жәбрейіл мен Микайл) келіп, бірі бас жағыма, екіншісі аяқ жағыма отырды. Бірі екіншісінен «Бұл адамның ауруы не?» деп сұрады. Екіншісі «Сиқыр жасалған» деп жауап берді. «Кім сиқыр жасаған?» деп сұрағанда «Ләбид бин Асам» деп жауап берді. Сосын «Бұл сиқыр немен жасалған?» деп сұрады. Ол «Бір тарақ пен түскен шашқа және бір құрма бүршігінің ішіне жасалған» деп жауап берді. «Ол қайда?» деген сұраққа «Зәруан құдығында» деп жауап берді»,- деді.

 

Зәруан Мәдинадағы Бәни Зурәйк тайпасының бақшасындағы құдық болатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ол құдыққа хазіреті Әли, Талха және Аммарды (радиаллаһу анһум) жіберді. Құдықтың суын тартып, түбіндегі тасты алды. Астынан он бір түйінмен түйінделген жіп тапты. Алып, пайғамбарымызға апарды. Түйінді шешуге қанша тырысқанымен шеше алмады. Жәбрейіл алейһиссалам «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін түсірді. Расулуллаһ осы сүрелерді, яғни барлығы он бір аяттың әр қайсысын оқыған кезде түйіндер біртіндеп шешілді. Түйіндер шешілген соң пайғамбарымыз ауруынан айықты.

 

Сахабалар Ләбид деген яһудиді ұстап, пайғамбарымызға алып барды. Пайғамбарымыз оған «Аллаһу та’ала маған жасаған сиқырың туралы айтып, орнын көрсетті. Сен мұны не үшін жасадың?» дегенде ол «Алтынға деген құштарлығым себеп болды»- деп жауап берді. Кейбір сахабалар: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат беріңіз мына яһудидің басын шабайық»- деді. Өзі үшін ешкімді жазаламайтын пайғамбарымыз «Оның соңында көретін илаһи азабы одан да қатты» деп оны өлтіруге рұқсат бермеді.

 

Яһудилер Мәдинадан шығарылғаннан кейін олар Арабстанның солтүстік жағына кеткен болатын. Олардың біразы Хайбәрге қоныстанды. Ал біразы солтүстіктегі Шамға кетті. Олар расулуллаһқа қастандық ұйымдастыруларына байланысты жерлерінен қуылған болатын. Бірақ, олардың ішіндегі мұсылмандарға деген өшпенділік, кек сезімдері ешқашан сөнбеген еді. Тіпті, күннен-күнге өсе түсті. Тезірек расулуллаһты өлтіріп, Исламды жоюды қалады. Алдыңғы қатарлы кейбір адамдары «Ғатафандықтарға барып көмек сұрайық, мұсылмандарға қарсы солармен бірігіп соғысайық» десе, біразы «Фәдәк, Тәйма және Уад-ил-Қура яһудилерін де шақырып, мұсылмандар бізге шабуылдамастан бұрын біз олардың қаласына шабуыл жасайық, барлық кегімізді қайтарайық»- деді. Хайбәр яһудилері осы сөзді мақұлдап, айналадағы яһуди тайпалары мен ғатафандықтарды көмекке шақырды. Тек ғатафандықтардан ғана көптеген жауынгер келіп, Хайбәрде дайындық жұмыстарын бастады.

 

Олар осындай дайындықтар жасап жатқанда пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) яһудилердің бұл пиғылдарынан хабардар болды. Абдуллаһ бин Рәуаханың қасына үш сахаба қосып беріп, Хайбәрде не болып жатқанын біліп келуге жіберді. Абдуллаһ бин Рәуаха мен үш жолдасы (радиаллаһу анһ) тез арада Хайбәрге жетті. Бұл жер сегіз мықты бекінісі, құнарлы жері, көптеген бау-бақшасы бар бай қала болатын. Хазіреті Абдуллаһ жолдастарының бірін Шық, бірін Кәтибә, бірін Натат бекінісіне жіберді. Өзі басқа бекініске кіріп, үш күн яһудилердің жағдайларын, соғысқа дайындықтарын жақыннан көрді. Үш күннен кейін кездесетін орынға жиналып, Мәдинаға барып, олардың дайындықтары туралы жеке-жеке айтып берді.

 

Пайғамбарымыз сахабаларына тез дайындық жасауды бұйырды. Яһудилердің Мәдинаға шабуылдауына тосқауыл болу үшін Хайбәрге шабуыл жасауға шешім қабылдады. Бұл хабарды естіген Мәдинадағы яһудилер алаңдай бастады. Мұсылмандардың көңіл-күйін бұзу үшін «Ант етеміз, егер сендер Хайбәрдегі бекіністерді, ол жерге жиналған жауынгер жігіттерді көрсеңдер ешқашан оларға қарай қадам баспас едіңдер... Таулардың төбесіндегі биік бекіністерді сауыт киген жігіттер қорғайды. Айналадан мыңдаған әскер оларға көмекке барды. Сендердің Хайбәрді алуларың мүмкін бе?»- десті. Оларға ер жүрек сахабалар: «Аллаһу та’ала Расулына Хайбәрді алатынын уәде еткен»- деп, яһудилерден ешқашан қорықпайтындықтарын білдірді. Сахабалардың осындай табандылық танытуы яһудилерді одан әрі түңілтіп, абыржытты.

 

Мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй: «Мұхаммед аз ғана күшпен сендерге шабуылдайды. Қорқатын ештеңе жоқ, бірақ мұқият болып, бекіністеріңе заттарыңды толтырып алыңдар. Оларды бекіністен шығып қарсы алыңдар»- деп, Хайбәрге шұғыл хабар жіберді.

 

Сахабалардың дайындық жұмыстары аяқталып, үйдегілермен қоштасып, пайғамбарымыздың қасына жиналды. Екі жүз атты әскер және мың төрт жүз жаяу әскер жиналған болатын. Аллаһу та’аланың дінін тарату, жихад ету және шәйіт болу үшін барлығы пайғамбарымыздың бұйрығына дайын тұрды. Осы кезде біраз әйелдер соғыста сахабаларға тамақ дайындау, жараларын таңу және басқа да қолдарынан келетін қызметтерді атқару үшін пайғамбарымыздан рұқсат сұрады. Пайғамбарымыз рұқсат берді. Осылайша, мүжахидтерге пайғамбарымыздың әйелі Үммү Сәләмә (радиаллаһу анһ) бастаған жиырма әйел мүжахида да қосылды.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға өкіл ретінде Ғифар тайпасынан Сибаны қалдырды. Сөйтіп, Хайбәрге қарай жүруді бұйырды. (Нумәйлә бин Абдуллаһты қалдырғаны туралы да айтылады.) Жолда тәкбірлер айтылды. Үзірлі себептермен соғысқа қатыса алмаған, жастары кіші болған сахабалар пайғамбарымызға, ержүрек әкелеріне, көкелеріне, аталарына, ағаларына қызығып қарап, оларды тәкбір мен дұғамен шығарып салды.

 

Күнтізбе бойынша хижреттің жетінші жылы болатын. Пайғамбарымыздың туын хазіреті Әли көтеріп, оң қанатты хазіреті Омар басқарды. Сапар салтанатты түрде жалғасты. Ақындар өлеңдерімен Аллаһу та’алаға, берген ниғметтеріне, шүкіршілік айтып, пайғамбарымызға салауат айтып, сахабаларды мадақтады. Сахабалар да мерекеге бара жатқандай барлығы бірге «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар!» деп, жан-жақты жаңғыртты. Әр тоқтаған жерде пайғамбарымыз: «Аллаһым! Болашаққа алаңдаудан, өткенге өкінуден, әлсіздік пен босаңсудан, сараңдық, қорқақтық пен бел қайыстырар қарыздан, залым мен хақсыз адамдардың зорлығынан сақтай гөр!»- деп дұға етті. Хайбәрге жақындаған кезде пайғамбарымыз сахабаларды тоқтатты. Қолын жайып, «Ей, көктер мен астындағылардың Раббысы болған Аллаһым! Ей, жерлер мен үстіндегілердің Раббысы болған Аллаһым! Ей, шайтандардың және оның адастырғандарының Раббысы болған Аллаһым! Ей, желдердің және ұшырғандарының Раббысы болған Аллаһым! Біз сенен осы аймақтың қайыры мен жақсылығын, осы аймақта тұратын адамдардың қайыры мен жақсылығын, сондай-ақ осы аймақтағы барлық нәрсенің қайыры мен жақсылығын тілейміз. Бұл аймақтың жамандығынан, адамдардың жамандығынан және ішіндегі барлық нәрсенің жамандығынан сақтай гөр!» деп мінәжат етті. Сахабалар «Әмин! Әмин!» деді. Содан соң сахабаларына«Бисмилләһиррахманиррахим деп алға жылжыңдар» деді.

 

Сахабалар (радиаллаһу анһум) пайғмбарымызбен бірге тағы да алға ілгерілей бастады. Хайбәрдің ең күшті бекіністерінің бірі Нататқа жақындап барып, ордаларын құрды. Кешкі мезгіл болатын. Пайғамбарымыз әдеті бойынша таң атпастан шабуыл жасамайтын және алдымен Исламға шақыратын. Ұсынысын қабылдамаған жағдайда соғысты бастайтын. Сол себептен сахабалар таңның атқанын күтті. Яһудилердің ешқайсысы Ислам әскерінің келгенін білген жоқ.

 

Пайғамбарымыз бамдат намазын оқытқаннан кейін дайындықтарын аяқтап, мүжахидтерді әрекетке көшірді. Екі жүз атты, және мың төрт жүз жаяу әскер сап тізіп, Натат бекінісінің алдына жақын барды. Осы кезде бау-бақша, егістік жұмыстарына шыққан яһудилер Ислам әскерін көріп, сасқалақтап қалды. «Ант етеміз, бұл Мұхаммед пен оның әскері» деп, кері қаша бастады. Оларды көрген пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Хайбәр қирады» деп, осы сөзін үш рет қайталады.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) яһудилерге мұсылман болуларын, не болмаса беріліп, хараж бен жизийа төлеуді немесе соғысып қан төгілетінін білдірді. Яһудилер үлкендері болған Сәллам бин Мишкенге барып, жағдайды жеткізді. Сәллам «Бұдан бұрын Мұхаммедке шабуыл жасаңдар деген едім. Қабыл етпеген едіңдер. Ең болмаса енді олармен соғысуда бостық жасамаңдар. Мұсылмандармен соғысып өлулерің өмірде ешкімсіз қалуларыңнан жақсы» деп оларды соғысуға шақырды. Яһудилер тез арада әйелдер мен балаларды Кәтибә бекінісіне, азық-түліктерін Наимге, әскерлерін Натат бекінісіне жинады.

 

Ислам әскерінің иманға келіңдер деген ұсынысына яһудилер оқпен жауап қайтарды. Мүжахидтер оққа қалқандарын тосты. Пайғамбарымыздың бұйрығымен садақтар керіліп, барлығы бірден яһудилерге «Аллаһу әкбар» деп, оқ жаудырды. Соғыс басталған еді. Бір жақта әлемнің сұлтаны мен ержүрек сахабалар Исламды жаю, олардың мұсылман болып, тозақтан құтылуларына себеп болу үшін шайқасты. Екінші жақта насихатты түсінбейтін, сәті түссе мұсылмандардың біреуін қоймай қыруды армандаған яһудилер бар еді. Яһуди қауымы, соңғы пайғамбардың өз қауымдарынан шықпағанын көріп, қызғаныштарынан Оны қабыл етпестен, бала кезінен бастап оны өлтіру үшін неше түрлі айлалар қолданған еді, бірақ Аллаһу та’ала оны қорғағандықтан оған еш нәрсе істей алмаған еді.

 

Мың алты жүз мүжахидке қарсы он мыңнан астам яһуди әскері оқ жаудырды. Сахабалар бұл оқтарға қалқандарын тосты. Мүмкіндік болса жерге түскен оқтарды яһудилерге лақтырды. Бірақ, кейбір сахабалар жараланған еді. Бір кезде пайғамбарымыздың алдына Хаббаб бин Мунзир (радиаллаһу анһ) үлкен әдеппен барып, «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Ордамызды басқа жерге құрсақ болмай ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Иншаллаһу та’ала кешке ауыстырамыз» деді. Мүжахидтер оқтың ортасында жүрген еді. Яһудилердің бекіністен атқан оқтары Ислам ордасының артқы жағына дейін жететін.

 

Сол күні кешке дейін шайқас оқ атумен жалғасты. Елу шақты сахаба жараланды. Кеш болғаннан кейін жаңа орын іздеу Мұхаммед бин Мәсләмәге (радиаллаһу анһ) тапсырылды. Ол Рәжи деген жердің лайықты екенін айтқанда Ислам ордасы сол жерге көшірілді. Жаралыларға ем жасалды.

 

Ертеңіне Нататтың алдына дейін барған сахабалар кешке дейін соғысты. Үшінші, төртінші, бесінші күндері де қоршау жалғасты. Яһудилер қоршауда қалды. Сол күндері пайғамбарымыз қатты бас ауруына шалдығып, екі күн мүжахидтердің арасында бола алмады. Алғашқы күні туды хазіреті Әбу Бәкірге, екінші күні хазіреті Омарға берді. Олардың екеуі де сахабаларды басқарып, яһудилермен шайқасты, бірақ бекіністі ала алмады.

 

Осы кезде батылдықтары арта түскен яһудилердің бекіністің есігін ашып, шабуылға шыққаны байқалды. Енді бетпе-бет шайқас басталған еді. Соғыс қызу жүріп жатты. Пайғамбарымыз сахабаларына «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтыңдар» дегенде  олар тәкбір айтқан  дауыстарымен бар күштерін салып, дұшпанға қылыштарын сілтеді. Бір кезде хазіреті Мұхаммед бин Мәсләмәнің бауыры Махмуд (радиаллаһу анһума) шәйіт болды. Соғыс қызу жалғасып, кешке дейін созылды.

 

Ертеңіне Хайбәрдің ең танымал қолбасшыларынан Мәрхаб сауытқа оранып, бекіністен сыртқа шықты. Күшті, алып денелі адам болатын. Осыған дейін оған қарсы шығатын палуан жоқ еді. Ол мүжахидтерге қарап, «Мен батырлығымен, ержүректігімен танылған Мәрхабпын» деп мақтана бастады. Осы кезде сахабалардың арасынан бір мүжахид шықты. Мәрхабқа «мен де қатты шайқастың ортасына атылудан қорықпайтын Амирмын» деп, қарсы алдына барып тұрды. Мәрхаб «Кімге тисе жояды» деп жазылған қылышын хазіреті Амирге бар күшімен сілтеді. Ержүрек Амир (радиаллаһу анһ) сол сәтте қалқанын көтерді. Қылыш қалқанға соғылған кезде қатты дауыс шығып, құлақты шыңылдатты, қылыш қалқанға қадалды. Хазіреті Амир Жаратушыға сыйынып, «Йа Аллаһ!» деп қылышын Мәрхабтың сауыт киген аяқтарына сілтеді. Қылыш болат сауытқа тие сала кері теуіп, сахабаның аяғына тиді. Ол хазіреті Амирдің аяғының тамырына тиген еді. Сахабалар жүгіріп Амирдің жанына барды, емдеу үшін ордаға алып кетті. Бірақ, Амир (радиаллаһу анһ) сол жерде шәйіт болды.

 

Шайқас қызу жүріп жатты. Кешке қарай пайғамбарымыз яһудилерге төрт мың әскермен көмекке келіп, соғысқа қатысқан мүшрік ғатафандықтарға елдеріне қайтуды ұсынды. Осылай жасаса Хайбәрдің бір жылдық құрма өнімін беруді уәде етті. Бірақ, ғатафандықтар бұл ұсынысты қабылдамады. Содан соң пайғамбарымыз сахабаларына ғатафандықтар орналасқан бекіністің маңында таңға дейін ұйықтамай ары-бері жүруді бұйырды. Ғатафандықтар түнде мүжахидтердің шабуылдауынан қорқып, ұйықтай алмады. Сол түні қайдан шыққаны белгісіз бір дауыс ғатафан еліне шабуыл жасалғанын, бала-шағаларының және мал-мүліктерінің жаулап алынғанын хабарлады. Бұл дауыс үш рет қайталанып, оны барлық ғатафандықтар үрейленіп тұрып естіген еді. Қолбасшылары Уәйнә де бұл дауысты үш рет естіп, Хайбәрден әскерін алып, еліне қарай жолға шықты. Таңертең яһудилер ғатафандықтардың себепсізден-себепсіз Хайбәрді тастап кеткеніне таң қалып, үміттерін үзе бастады. Оларды көмекке шақырғандарына да қатты өкінді.