Кімде-кім Мәсжидул-Харамға сыйынса...Әбу Суфйан Мәдинадан кеткеннен кейін пайғамбарымыз Меккені алуға шешім қабылдады. Өйткені, құрайыштықтар келісімді бұзған еді. Бірақ, мұны құпия етіп сақтап, мүшріктердің дайындалуына мүмкіндік берместен Харем шәрифте қан төкпестен Меккені бағындырғысы келді. Бұл бір соғыс шарасы еді. Өйткені, Мекке алынса қаншама адам мұсылман болатын еді. Бұл жағдайды хазіреті Әбу Бәкір мен біраз сахабаларына айтты. Сахабаларға сапарға дайындалуды бұйырды, бірақ қайда баратындығын айтпады. Сахабалар жихадқа дайындала бастады. Пайғамбарымыз сондай-ақ айналадағы мұсылман тайпалардан Әсләм, Әшжа, Жухәйнә, Хусайн, Ғифар, Музәйнә, Суләйм, Дамра және Хузаа ұлдарына хабар жіберді: «Аллаһу та’алаға және ақырет күніне иман еткендер рамазан айының басында Мәдинада болсын» деп оларды соғысқа қатысуға шақырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір шара ретінде Меккеге баратын жолдарды кесіп, байланысты үзу ісін хазіреті Омарға тапсырды. Хазіреті Омар дереу тау жолдарына, өткелдерге және басқа да жолдың бастарына кезекшілер қойып, «Меккеге бара жатқан барлық адамды кері қайтарасыңдар» деп бұйрық берді. Пайғамбарымыз бұл істің жасырын жүргізілуі үшін «Йа Раббым! Елдеріне тұтқиылдан барып оларға жеткенше құрайыштықтардың тыңшылары мен хабаршыларын ұста, оларды көрмейтін, естімейтін қыл. Бізді кенеттен көрсін, естісін» деп дұға етті. Пайғамбарымыз солтүстіктегі мүшріктер немесе византиялықтарға баратын байланысты үзу үшін Әбу Қатадәны әскери жасақпен солтүстікке, Изам жеріне жіберді. Бұл кезде Мәдинадағы дайындықтар туралы меккелік мүшріктерге хабарлау үшін жіберілген бір хат туралы пайғамбарымыз мұғжиза ретінде хабар берді. Хазіреті Әлиді жіберіп, ұстатты. Рамазан айының екінші күніне дейін айналадағы тайпалардан көмек келіп, Әбу Инәбә құдығының басындағы ордаға жиналды. Сахабалардың саны он екі мыңға жеткен еді. Олардың төрт мыңы ансар, жеті жүзі мұхажир, қалғандары айналадағы мұсылман тайпалар болатын. Пайғамбарымыз Мәдинаға өкіл ретінде Абдуллаһ бин Үмми Мәктумды (радиаллаһу анһ) қалдырды. Зубәйр бин Аууамды (радиаллаһу анһ) екі жүз адамдық атты әскерге қолбасшы етіп, барлаушы топ ретінде алға жіберді. Пайғамбарымыз көңілдері Аллаһу та’ала мен Расулының сүйіспеншілігіне толы он екі мың адамдық алып әскерінің басында Аллаһу та’аланың есімімен жолға шықты. Бұдан сегіз жыл бұрын қастандық, зұлымдық көріп, хижрет етуге мәжбүр болған елдеріне, Меккеге бара жатыр еді. Пұтханаға айналған қасиетті Қағбаны пұттардан тазалауға бара жатыр еді. Қыңырлықтарынан бас тарта алмаған мүшріктерге хақ, әділет пен мейірімділікті көрсетуге бара жатыр еді. Аллаһу та’аланың дінін таратуға, ол жердегілердің мәңгілік тозақ отынан құтылуларына себепші болуға бара жатыр еді. Бұл не деген рақымдылық еді! Ислам әскері Зул-хуләйфәға барған кезде Меккеден отбасымен хижрет еткен пайғамбарымыздың көкесі хазіреті Аббаспен кездесті. Пайғамбарымыз көкесінің келгеніне қатты қуанып, «Ей, Аббас! Мен пайғамбарлардың соңғысы болсам, сен мұхажирлердің соңғысысың» деді. Хазіреті Аббастың заттарын Мәдинаға жіберді. Хазіреті Аббас (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың қасында қалып, Меккенің алынуына қатысты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеге жақын жердегі Қудәйдке барған кезде сахабаларын сапқа тізді. Әр тайпаға бөлек тулар мен байрақтар берді. Мұхажирлердің туын хазіреті Әли, Зубайр бин Аууам және Са’д бин Әбу Уаққас (радиаллаһу анһум) ұстады. Ансардың он екі ту ұстаушысы, Әшжалар мен Сүләймдердің бір ту ұстаушысы, Музәйнәлардың үш, Әсләмдердің екі, Хузаа ұлдарының үш, Жүхәйнәлардың төрт ту ұстаушысы бар болатын. Мәдинадан шыққандарына он күн болған еді. Кешке қарай Меккеге жақындап, құптан уақытында Мәрруз-захранға жетті. Пайғамбарымыз сахабаларына осы жерге тоқтауды бұйырды. Сондай-ақ, хазіреті Омарға тапсырма беріп, әр мүжахидтың от жағуын бұйырды. Бір сәтте он екі мың от жанған кезде Мекке алаулаған жарыққа бөленді. Еш нәрседен хабарсыз жатқан меккелік мүшріктер әбігерге түсіп, не болғанын білмей қалды. Жағдайды біліп келуді Әбу Суфйанға тапсырды. Ол қасына бір адамды ертіп, Ислам әскеріне жасырын жол тартты. Осы кезде пайғамбарымыз кейбір сахабаларына «Әбу Суфйаннан абай болыңдар. Оны міндетті түрде табасыңдар» деді. Құрайыштықтар алға жылжыған сайын таңданыстары артып, үрейленген еді. Меккенің айналасына қаншама әскер жиналып, қаншама от жағылған еді. Олар осылар туралы айтып келе жатып, Әрак деген жерге жетеді. Осы кезде пайғамбарымыз «Әбу Суфйан қазір Әракта» деді. Хазіреті Аббас оларды танып, оларды пайғамбарымызға алып барды. Жолда Әбу Суфйан хазіреті Аббасқа «Не болып жатыр?» деп сұрады. Ол «Ей, Әбу Суфйан! Саған обал болсын! Расулуллаһ сендерге, сендер қарсы тұра алмайтын әскермен келе жатыр. Ант етемін, құрайыштықтардың жағдайы жаман болады. Шаруаларың бітті!» деді. Әбу Суфйан мен оның қасындағылар қорқып, мүжахидтердің арасынан өтіп, пайғамбарымыздың алдына барды. Пайғамбарымыз оларды жақсы қарсы алды. Меккеліктер туралы сұрады. Біраз уақыт сөйлескеннен кейін оларды Исламға шақырды. Хаким бин Хизам мен Будәйл дереу шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды. Бірақ, Әбу Суфйан әлі екі ойлы болып тұрған еді. Таң атқаннан кейін пайғамбарымыз «Ей, Әбу Суфйан! Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екенін білетін уақыт әлі келген жоқ па?» деді. Ол «Ата-анам саған құрбан болсын. Жұмсақ мінез бен құрметте және туыстарға жақсы қарауда сенен асқан адам жоқ. Саған қанша жапа шектірсек те сен әлі бізді тура жолға шақырудасың. Не деген мейірбан жансың. Аллаһтан басқа илаһ жоқ екеніне сендім. Егер бар болса маған бір пайдасы болар еді. Сен – Аллаһтың Расулысың» деп сахабалардың қатарына қосылу құрметіне ие болды. Хазіреті Аббас «Йа Расулаллаһ! Әбу Суфйанға меккеліктер қадірлейтіндей бір нәрсе бересіз бе?» деді. Пайғамбарымыз оны қабыл етіп, «Кімде-кім Әбу Суфйанның үйіне кіріп, паналаса, ол өлімнен құтқарылады» деді. Әбу Суфйан «Йа Расулаллаһ! Тағы біраз кеңейтесіз бе?» дегенде Пайғамбарымыз «Кім Мәсжидул-Харамға (Қағбаға) кіріп, паналаса соған кешірім беріледі. Кімде-кім есігін жауып, үйінде отыратын болса соған кешірім беріледі» деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Әбу Суфйанның Ислам әскерінің айбаты мен көптігін көріп, меккелік Мүшріктерге оны жеткізуі үшін хазіреті Аббасқа «Оны жердің тарылатын, аттар қысылып әрең өтетін тау бұғазына жеткіз. Мұсылмандарды, Аллаһу та’аланың әскерінің ұлылығын көрсін» деді. Әбу Суфйан көрген көрінісін мүшріктерге айтып барып, оған қарсы келетін адам болмауы керек еді. Осылайша, Харем Шәрифте қан төгілмеуі тиіс еді. Хазіреті Аббас Әбу Суфйанмен тау өткеліне бара жатқанда мүжахидтер соғысқа дайындалды. Әр тайпа туларын көтеріп, өткелден өте бастады. Барлығы сауыт киініп, қаруланған болатын. Әр тайпа өткен кезде тәкбір айтып өтті. Әбу Суфйан «Мыналар кім?» деп сұрады. Хазіреті Аббас «Бұлар Сүләйм ұлдары! Қолбасшылары Халид бин Уәлид. Мыналар Ғифар ұлдары. Мыналар Қаб ұлдары» деп жауап берді. Жер мен көкті «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыс жаңғыртып, мүжахидтердің көптігі мен қаруларының жарқылы көзді шағыстырды. Хазіреті Әбу Суфйанның ең қатты таңырқағаны Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) еді. Оның айналасындағы әскерлердің өткеніне таңырқап, басқалардан айрықша болады деп шамалаған еді. Сондықтан да жиі-жиі «Мыналар Расулуллаһтың жасағы ма?» деп сұрап тұрды. Бір кезде пайғамбарымыз күндей жарқырап, нұрын төгіп түйесі Қусуаның үстінен көрінді. Айналасында мұхажирлер мен ансарлар бар болатын. Барлығы бастан-аяқ сауыт киініп, қылыштар асынып, аттар мен түйелерге мініп келе жатыр еді. Әбу Суфйан оларды көрген кезде «Бұлар кім, Йа Аббас?» деп таңырқап сұрады. Ол «Ортадағы Расулуллаһ алейһиссалам. Айналасындағылар шәйіт болуға тырысқан ансарлар мен мұхажирлер деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) олардың жанынан өтіп бара жатып, Әбу Суфйанға «Бүгін Аллаһу та’аланың Қағбаның дәрежесін көтеретін күні. Бүгін Бәйтуллаһқа жабу жабылатын күн. Бүгін мейірімділік күні. Бүгін Аллаһу та’аланың құрайыштықтарды (Исламмен) мәртебелендіретін күні» деді. Хазіреті Әбу Суфйан бәрін көріп, естіген еді. «Мен Кайзәрдің де, Кисраның да сұлтандығын көрдім. Бірақ, дәл мынадай керемет салтанатты көргенім жоқ. Мен ешқашан бүгінгідей әскер мен жамағатты көргенім жоқ. Мұндай әскерге ешкім қарсы тұра алмайды. Оларға күші жетпейді» деп Меккеге қарай жолға шықты. Әбу Суфйан (радиаллаһу анһ) Меккеге барып, өзін күтіп тұрған мүшріктерге өзінің мұсылман болғандығын айтқаннан кейін «Ей, құрайыш жамағаты! Мұхаммед алейһиссалам ешкім қарсы келе алмайтындай үлкен әскермен сендерге келе жатыр. Өздеріңді босқа алдамаңдар. Мұсылман болыңдар, мен сендердің көрмегендеріңді көрдім. Сансыз батырлар, қарулар көрдім. Ешкімнің оларға күші жетпейді. Кімде-кім Әбу Суфйанның үйіне кірсе, ол өлімнен құтқарылады. Кімде-кім Бәйтуллаһты паналаса, кімде-кім үйіне кіріп паналаса ол өлтірілмейді» деді. Мүшріктердің біразы Әбу Суфйанға қарсы шығып, оған тіл тигізді. Тіпті, Ислам әскеріне қарсы шығу үшін шұғыл дайындыққа кірісті. Бірақ, олардың саны өте аз болатын. Қалғандары оларға бағынбай, үйлеріне қашты. Біразы Мәсжидул Харамды паналады. Пайғамбарымыз бен сахабалар Зитууа деген жерге барып жиналды. Пайғамбарымыз сахабаларын көзбен шолып өткеннен кейін оның есіне осыдан сегіз жыл бұрын Меккеден кеткен кезі түсті. Сол кезде үйін мүшріктер қоршап алғанын, Йасиннің аяттарын оқып, үйінен шыққанын, хазіреті Әбу Бәкірмен ешкімге көрінбестен Сәур үңгіріне кіргенін, Мекке шекарасынан шықпастан бұрын оған соңғы рет қарап, «(Ей Мекке) Уаллаһи, білемін, сен Аллаһу та’аланың жаратқан жерлерінің ішіндегі ең қайырлысысың. Раббымның алдында да, менің алдымда да ең сүйікті жерсің. Сенен зорлап шығарылмағанда сенен кетпес едім» дегенін, осындай өкінішті сәтінде Жәбрейіл алейһиссаламның «Қасас» сүресінің 85-аяти кәримәсын оқып, өзін жұбатқанын және Мекке Мүкәррәмәға қайтып оралатынын сүйіншілегенін, аз ғана сахабаларымен Бәдірде, Ухудта, Хандекте, Хайбәрде, Мутәде дұшпандармен қалай соғысып жеңіске қол жеткізгенін есіне алды. Қазір он екі мың сахабасы Меккеге кіру үшін оның бұйрығын күтіп тұр еді. Пайғамбарымыз осыларды нәсіп еткен Аллаһу та’алаға шын көңілімен шүкіршілік етіп, басын төмен иді. Пайғамбарымыз сахабаларын төрт топқа бөлді. Оң қанаттың қолбасшысы Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ), сол қанаттың қолбасшысы Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ), жаяу әскердің қолбасшысы Әбу Убәйдә бин Жәррах (радиаллаһу анһ), басқа топқа Са’д бин Убадә (радиаллаһу анһ) қолбасшы болып сайланды. Хазіреті Халид Меккенің оңтүстігінен кіреді, қарсы шыққан мүшріктерге жазасын береді, Сафа төбесінде пайғамбарымызға жолығады. Хазіреті Зубайр Меккенің солтүстігінен кіріп, «Хажун» деген жерге туын тігіп, пайғамбарымызды күтетін болды. Батыстан хазіреті Са’д бин Убадә кіретін болды. Пайғамбарымыз қолбасшыларына «Сендерге шабуыл жасамайынша ешкіммен шайқаспайсыңдар. Ешкімді өлтірмейсіңдер» деді. Тек аттары аталған он бес адамның қайсысы ұсталса, Қағбаның жабуының астына тығылса да бастарын шабуға бұйрық берді. |