Тәбүк жорығыПайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдина Мунаууараға барғаннан кейін әр түрлі мемлекеттерге елшілер жіберіп, оларды Исламға шақырды. Оман, Бахрәйн билеушілері мұсылмандықты қабылдады. Сондай-ақ, бірнеше тайпалардан елшілер келіп, пайғамбарымызға бағынатындықтарын білдірді. Ислам ендігі шапшаң тарала бастады. Айналадағы тайпаларға, елдерге діннің негіздерін үйретуге мұғалімдер, оларды басқаруға әкімдер жіберілді. Хижреттің тоғызыншы жылы Мәдина мұсылман болғанын білдіруге келген тайпа елшілерінің ағымына айналды. Хижреттің тоғызыншы жылының Ражаб айы болатын. Бір күні Расулуллаһ алейһиссалам сахабаларына «Бүгін бір салих бауырларың қайтыс болды. Тұрып, оның жаназа намазын оқыңдар» деді. Пайғамбарымыз имам болып, ғайып жаназа намазын оқыды. Сосын «Бауырларың Нәжаши Әсхамә үшін Аллаһу та’аладан кешірім сұрадық» деді. Арада біраз күн өткен соң Хабашстаннан Нәжаши Әсхамәнің (радиаллаһу анһ) қайтыс болған хабары келді. Қайтыс болған күні пайғамбарымыздың жаназа намазды оқытқан күніне сәйкес келетін еді. Ислам діні Араб түбегінде шапшаң тараған осы тоғызыншы жылы Ислам мемлекетіне қызғанышпен қараған және оның өсіп-өркендеуіне кедергі болғысы келген Византия императоры Гераклиусқа христиан арабтар «Мына пайғамбарлық мәселесімен шыққан адам қайтыс болды. Мұсылмандар қазір қиналу үстінде. Егер оларды өз дініңе тартуды қаласаң, қазір дәл соның уақыты» деп хат жазды. Осы хатқа орай Гераклиус қырық мың адамдық әскерді Кубадтың қолбасшылығымен мұсылмандармен соғысуға жібереді. Бұл жағдай туралы естіген пайғамбарымыз сахабаларын жинап, соғысқа дайындалуға бұйрық берді. Сол жылы құрғақшылық болып, сахабалар материалдық жақтан тарлық көрген болатын. Тек саудамен айналысқандардың жағдайы ғана біраз жақсырақ болатын. Пайғамбарымыз сахабаларының соғысқа қатысатын әскердің құрал-жабдығы үшін қаржылай көмек берулерін де қалаған болатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұл қалауы сахабаларды іске кірістірді. Барлығы қолындағы барларын әкеліп, жихадқа дайындалуға тырысты. Пайғамбарымыздың үңгірдегі жолдасы хазіреті Әбу Бәкір мал-мүлкінің барлығын әкелген болатын. Пайғамбарымыз «Отбасы мүшелеріңе не қалдырдың?» дегенде ол «Аллаһу та’ала мен Расулын қалдырдым» деп жауап берді. Хазіреті Омар мал-мүлкінің жартысын көмек ретінде әкелгенде пайғамбарымыз оған да «Жанұяңа не қалдырдың йа Омар?» деп сұрайды. «Осыншасын қалдырдым» деп жауап береді. Пайғамбарымыз «Екеуіңнің араңдағы айырмашылық сөздеріңнің арасындағы айырмашылық сияқты» деген. Сонда хазіреті Омар «Ата-анам саған құрбан болсын йа Әбу Бәкір! Қайырымдылық жолындағы барлық жарыстарда менен оздың. Енді сенен ешнәрсе аса алмайтынын жақсы түсіндім» дейді. Сахабалар күштерінің жеткенінше көмек беруге тырысты. Бірақ, мұнафықтар «Сендер өздеріңді көрсету (рия) үшін беріп жатырсыңдар» деп сахабаларды мазақ етті. Пайғамбарымыз «Кім бүгін бір садақа берсе, садақасы қиямет күні Аллаһу та’аланың құзырында оның пайдасына куәлік етеді» деді. Пайғамбарымыздың сөзіне қарай мүміндер көбірек көмек беруге тырысты. Хазіреті Осман бин Аффан әскердің үштен бірін жабдықтады. Осылайша, мұсылмандардың ең көп берген адамы болды. Хазіреті Осман әскердің қажеттіліктерін қанағаттандырғаны соншалық, су ыдыстарын жөндегенде қолданатын жуалдызды да ұмытпады. Осыған қарап пайғамбарымыз «Бүгіннен кейін Османға күнә жазылмайды» деді. Тұрмыстық жағдайы өте төмен болған бір сахаба жихадқа көмек сауабын алу үшін сол түні азанға дейін бір құрма бақшасында су тартып, өзіне берілген құрманы пайғамбарымызға апарып, «Йа, Расулаллаһ! Раббымның ризалығын алу үшін қолымда барын әкелдім. Қабыл етіңіз» деген. Мұсылман еркектер қолдарынан келгенінше көмек беруге тырысса, әйелдер де өздерінің осы жолдағы міндеттерін атқарды. Тәбүк жорығына дайындалып жатқанда мұсылмандардың жағдайы ауыр болатын. Жұт жайлап, қолында ешнәрсесі қалмаған біраз сахабалар (радиаллаһу анһум) пайғамбарымызға барып, «Йа, Расулаллаһ! Жаяу қалдық. Жейтін нәрсеміз жоқ. Бұл соғыста сізден айрылмай, жихад сауабын алғымыз келеді» деді. Пайғамбарымыз оларға мінуге беретін еш нәрсесі жоқ екенін өкінішпен білдірді. Бір жолы Салим бин Умәйр, Абдуллаһ бин Муғаффәл, Әбу Ләйла Мазини, Улбә бин Зәйд, Амр бин Хумам, Хәрәми бин Абдуллаһ, Ирбад бин Сарийа да (радиаллаһу анһум) пайғамбарымызға барып, осындай өтініш жасайды. Пайғамбарымыз оларға өкінішпен «Сендерге мінуге беретін ештеңем жоқ еді» дегенде олар пайғамбарымыздан ажырап қалу және жихадқа қатыса алмау қайғысынан өкініп, жылай бастайды. Осыған орай Аллаһу та’ала мына аяти кәримәны түсірді: «Және өздерін соғысқа ерт деп келген кезде оларға «сендерді мінгізетін жануар таба алмадым» деген адамдарыңа күнә жоқ. Осы жолда сарп ететін нәрсе таба алмағандарына қайғырып, көздерінен жас төгіп, кері қайтты» («Тәубе» сүресі, 92) Соңында оларды да хазіреті Аббас пен хазіреті Осман соғысқа дайындады. Дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін пайғамбарымыз әскерді Сәнийәтул-Уәдаға жинады. Соғысқа қатыспайтын адам өте аз болатын. Пайғамбарымыз әскерді жинап, алға жылжуға бұйрық беріп, Мұхаммед бин Мәсләмәні (радиаллаһу анһ) Мәдинаға өзінің орнына қалдырды. Жорықты бастайтын кезде пайғамбарымыз «Артық аяқ киім алыңдар. Қосымша аяқ киімдерің болса қиналмайсыңдар» деді. Әскер жолға шыққан кезде мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй мұсылмандарды қорқыту үшін жағымсыз сөздер айтты. Тіпті, «Ант етемін, Оны және сахабаларын екі-екіден жіпке байланып тұрғанын көріп тұрғандаймын» деді. Бірақ, бұл сөздерге сахабалар назар аудармастан, олардың жихадқа қатысу құмарлығы арта түсті. Мұны көрген мұнафықтар ызаға булықты. Расулуллаһ Сәнийәтул-Уәдадан Тәбүкке шығатын кезінде әскердің тулары мен байрақтарын аштырды. Ең үлкен туды хазіреті Әбу Бәкірге, ең үлкен байрақты Зубайр бин Аууамға (радиаллаһу анһ) берді. Әус тайпасының байрағын Усәйд бин Худайрға, Хазрәж тайпасының туын Әбу Дужанәға (радиаллаһу анһум) берді. Пайғамбарымыз қолбасшылық еткен сахабалардың саны отыз мың адам, оның он мыңы атты әскер болатын. Оң қанаттың қолбасшысы хазіреті Талха бин Убәйдуллаһ, сол қанаттың қолбасшысы Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһум) болып тағайындалды. Сахабалар ыстық күні Расулуллаһтың басшылығымен алға жылжыды. Өздерін Аллаһу та’аланың сүйікті құлы басқарғандықтан олар аштықтан тайсалмай, жолдарынан қайтпады, баратын жерлерінің алыстығы, жау әскерінің көптігі оларды қорқыта алмады. Осы қалыптарымен барлық жерді алатын еді. Пайғамбарымыз бен сахабалар тоқтаған жерлерінде біраз демалып қайтадан жолдарын жалғастырды. Сегізінші тоқтаған жерлері Салих алейһиссаламның қауымы жойылған Хижр болатын. Пайғамбарларының бұйрығын тыңдамағандықтан Аллаһу та’ала қатты дауыспен оларды жер бетінен жойған болатын. Пайғамбарымыз сахабаларына «Бұл түні теріс бағыттан қатты дауыл соғады. Ешкім жалғыз орнынан тұрмасын. Барлық адам түйелерінің тізесін байласын. Бұл жер азап түскен жер. Ешкім бұл судан ішпесін және дәрет алмасын» деді. Барлық адам бұйрықты орындады. Түнде тұрған күшті дауыл жан-жақтың барлығын алай-дүлей етті. Осы кезде түйесін байлауды ұмытқан бірі оны іздеу үшін жалғыз орнынан тұрғанда дауыл оны Тай тауының етегіне апарып тастады. Тағы бірі қатты қыстанып, дәрет сындыруға барған жерінде «Хунак» деген ауруға шалдығады. Кейін пайғамбарымыздың дұғасымен ауруынан айықты. Таңертеңгісін ыдыстарда ешқандай су қалмаған еді. Барлығы қатты шөлдеген болатын. Мұнафықтар осыны пайдаланып, «Мұхаммед (алейһиссалам) шынымен пайғамбар болса дұға етіп жаңбыр жаудырар еді» деп сөз тарата бастады. Бұл жағдайды пайғамбарымыз естігенде қолын жайып, Аллаһу та’аладан жаңбыр тіледі. Ыстық, ашық аспанда бұлт пайда болды. Нөсер жаңбыр жауа бастады. Барлығы ыдыстарын толтырып алды. Дәрет алып, малдарын суарып алды. Жаңбыр жауып, бұлт ыдыраған кезде жаңбырдың тек әскердің үстіне ғана жауғаны байқалды. Сүйікті пайғамбарымыз бен ардақты сахабалар тәкбір айтты. Аллаһу та’алаға мадақ айтты. Мұнафықтарға «Енді айтатын сылтауларың қалмады. Аллаһу та’ала мен Расулына иман келтіріңдер, мұсылман болыңдар» деді. Бірақ, арсыз мұнафықтар «Не болыпты? Бір бұлт өтіп бара жатып жауды да кетті» деп жауап қайтарды. Аштық та шегіне жеткен еді. Бір құрманы екі адам бөліп жейтін жағдайға жетті. Ыстыққа, аштыққа, шөлге қарамастан олар Тәбүкке жақындады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Ертең иншаллаһ таң сәріде Тәбүк бұлағына барасыңдар. Мен келгенге дейін ол суға қол созбайсыңдар» деді. Ертеңіне сол жерге барды. Бұлақтың суы өте аз болатын. Пайғамбарымыз ол судан бір ыдысқа құйып алып, ішіне қолын салып дұға оқыды. Сосын ол суды бұлаққа төкті. Су бірден көбейіп кетті. Отыз мың адамдық Ислам әскері ішсе де азаймады. Сосын пайғамбарымыздың мұғжизасы болған осы су жан-жаққа себілді. Ол аймақ жап-жасыл желекке оранып, береке кірді. Пайғамбарымыз сахабаларымен Тәбүкке барған кезде византиялықтармен, Амилә, Лахм және Жузам сияқты христиан дініне өткізілген араб тайпаларынан құрылған грек әскерін кездестірмеді. Мутәде үш мың мүжахидке қарсы жүз мың адамдық грек әскері жеңіліс тапқан болатын. Ал, қазір алдарында отыз мың мүжахид тұр еді. Және оларды пайғамбарымыз басқарған еді. Гректер пайғамбарымыздың сахабаларын ертіп келгенін естіп, барлығы қашып кеткен еді. Пайғамбарымыз сахабалармен кеңесіп, Тәбүктен ары қарай өтпеді. Осы кезде осы аймақта тұратын кейбір тайпалар мен елдер Ислам әскерінің келгенін естіген болатын. Қорыққандарынан пайғамбарымызға елшілер жіберіп, жизийа төлейтіндерін айтып, кешірім сұрады. Пайғамбарымыз рақымшылық жасап, олардың ұсыныстарын қабылдап, әрқайсысына бөлек-бөлек келісім шарт баптарын жазып, олардың қауіпсіздікте екендерін білдірді. |