Уәда (қоштасу) қажылығыИсламның бес шартының бірі болған қажылық та хижреттің тоғызыншы жылында парыз етілді. Түскен аяти кәримәда: «Ол жерде (Қағбада) ап-айқын белгілер, Ибраһимнің мақамы бар. Кім ол жерге барса шабуылдан амандықта болады. Оған бір жол таба алғандардың (шамасы жеткендердің) сол Бәйтке қажылыққа баруы (және зиярат етуі) Аллаһу та’аланың адамдардағы ақысы, парызы. Кім бұл парызды қабылдамаса күмәнсіз, Аллаһу та’ала барлық әлемдерден бай.» («Али Имран» сүресі, 97) Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’аланың бұл бұйрығын сахабаларына білдірді. Сол жылы хазіреті Әбу Бәкірді үш жүз адамдық топтың қажылық сапарының басшысы етіп тағайындады. Ол топтың құрамындағы сахабалар хазіреті Әбу Бәкірдің басшылығымен Меккеге барды. Осы кезде «Бәраә» (Тәубә) сүресінің алғашқы аяттары түсті. Онда келісім шарт туралы біраз үкімдер білдірілді. Пайғамбарымыз осыны айту үшін хазіреті Әлиді Меккеге жіберді. Ол кездегі арабтардың арасында кеңінен тараған дәстүр бойынша бір келісім шарт жасалса немесе жасалған келісім шарт бұзылса оның жасаған адамның өзі немесе оның тағайындаған бір туысы жариялайтын. Пайғамбарымыз бұл іс үшін хазіреті Әлиді қажылыққа кеткен топтың артынан Меккеге жіберді. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) топқа жетіп, барлығы бірге Меккеге кірді. Хазіреті Әбу Бәкір бір хұтба оқып, қажылық ғибадатын түсіндірді. Сахабалар (алейһимурридуан) үйретілген негіздер бойынша қажылық міндеттерін атқарды. Қажылық ғибадаты аяқталғаннан кейін хазіреті Әли Минада Жәмрә-и Ақабә деген жерде бір хұтба оқыды. Хұтбасында: «Ей, адамдар! Мені сендерге Расулуллаһ жіберді» деп бастап, «Бәраә» сүресінің алғашқы аяттарын оқыды. Содан соң «Мен сендерге төрт нәрсені білдіруге міндеттімін» деді. Ол төрт мәселе мыналар еді: 1- Мүміндерден басқа ешкім жұмаққа кіре алмайды. 2- Осы жылдан кейін ешқандай мүшрік Қағбаға жақындай алмайды. 3- Ешкім Қағбаны жалаңаш түрде тауап етпейді (ол кезде мүшріктер Қағбаны жалаңаш тауап ететін). 4- Кімнің Расулуллаһпен келісім шарты бар болса мерзімі біткенге дейін күшінде болады. Бұдан тыс адамдарға төрт ай мерзім беріледі. Одан кейін ешқандай мүшрікпен келісім шарт жасалмайды.
Сол күннен кейін ешқандай мүшрік Қағбаға бармады, ешкім жалаңаш түрде Қағбаны тауап етпеді. Осы мәселелер айтылғаннан кейін мүшріктердің көпшілігі мұсылман болды. Қажылықты орындағаннан кейін хазіреті Әбу Бәкір мен хазіреті Әли сахабалармен бірге Мәдинаға қайтты. Хижреттің оныншы жылында Ислам діні бүкіл Араб түбегіне жайылды. Арабстанның түкпір-түкпірінен адамдар Мәдинаға барып, мұсылман болу, мәңгілік бақытқа қауышуға жарысты. Енді Арабстанда мұсылмандарға қарсы тұра алатын күш қалмаған еді. Ислам барлық жерге билік құрған еді. Тек кейбір яһуди және христиан тайпалары мұсылман болмаған еді. Пайғамбарымыз хижреттің оныншы жылында Халид бин Уәлидті (радиаллаһу анһ) төрт жүз мүжахидпен Йеменнің маңындағы Харис бин Қа’б ұлдарын Исламға шақыруға жіберді. Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша бұл тайпаны үш күн бойы Исламға шақырып, насихат айтты. Олар мұсылмандықты қабылдады. Және сол жылы пайғамбарымыз нәжрандық христиандармен келісім шарт жасасты. Олардың біразы кейіннен өз беттерінше мұсылмандықты қабылдады. Сол жылы хазіреті Әли де үш жүз сахабамен Йемендегі Мәдләж тайпасын Исламға шақыруға жіберілді. Алдында қарсы болғандарымен кейіннен олар да мұсылман болды. Пайғамбарымыз сол жылы Ислам тараған барлық жерге әкімдер мен зекет жинайтын қызметкерлер жіберді. Хижреттің оныншы жылында пайғамбарымыз қажылыққа дайындалып, Мәдинадағы мұсылмандарға да қажылыққа дайындалуды бұйырды. Мәдинаның сыртындағыларға да хабар жіберілді. Осыған орай мыңдаған мұсылман Мәдинаға жиналды. Дайындық істері аяқталғаннан кейін пайғамбарымыз зүл-қадә айының 25-күні қырық мың адамдық топпен бесін намазынан кейін Мәдинадан шығады. Пайғамбарымыз «Ей, Аллаһым! Мұны маған ішіне рия, өзін көрсету, атақ құмарлық араласпаған, қайырлы және қабыл болатын қажылық ете гөр» деп дұға етті. Ихрамға киініп, Жәбрейіл алейһиссаламның хабар беруімен, қатты дауыспен тәлбийа айта бастады. Бұған сахабалар да қосылған кезде жер мен көкті тәлбийа дауыстары жаңғырта бастады. «Ләббәйк! Аллаһумма ләббәйк! Ләббәйк! Лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл хамдә уәнни’мәтә ләкә уәл мулкә лә шәрикәләк!..» Пайғамбарымыз жүз түйені құрбандыққа шалуға алып барды. Он күнге созылған жол сапарынан кейін зүлхиджаның төртінші күні Меккеге жетті. Йеменнен және басқа жерлерден қажылық жасауға келгендерді де қосқанда мұсылмандардың саны 124 мыңнан асты. Пайғамбарымыз зүл-хиджаның 8-күні Минаға, 9-күні (арапа) Арафатқа барды. Арафат жерінің ортасында түстен кейін Кусуа деген түйесінің үстінде отырып, Уәда хутбасын оқып, сахабалармен қоштасты.
|