Діннен шығу әрекеттері...Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін діннен шығу әрекеттері басталды. Бұл әрекеттер кең өріс ала бастады. Олармен күресуге хазіреті Әбу Бәкір үлкен үлес қосты. Егер осындай табанды адам болмағанда қауіп бүкіл Арабстанға таралар еді. Сондықтан да хазіреті Айша «Расулуллаһтың рухы алынғаннан кейін арабтар діннен шықты. Алауыздық өршіді. Әкеме түскен жүк тауларға түскенде оларды ұсақтатып жіберетіні ақиқат еді» деген. Хазіреті Әбу Хурайра да: «Егер Әбу Бәкір болмағанда Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін Оның үмметі құритын еді» деген. «Өзінен басқа илаһ болмаған Аллаһқа ант етемін, Әбу Бәкір халифалықты өз мойнына алмағанда Ұлы Аллаһқа ғибадат ететін адам қалмас еді» деп, осы сөзін үш рет қайталаған. Әбу Рәжаул Утариди айтады: «Мәдинаға кірген кезде адамдардың жиналғанын және бір адамның «Мен саған құрбан болайын. Уаллаһи, сен болмағанда біз құритын едік» деп екінші бір адамның басын сүйгенін көрдім. «Бұл екеуі кім?» деп сұрадым. «Мүртәдтермен соғысқаны үшін Әбу Бәкірдің басын Омар сүйіп жатыр» деді». Хазіреті Айша былай дейді: «Әкем арабтар дінінен шығып жатқанда қылышын суырып, түйесіне мінген кезде хазіреті Әли түйенің ноқтасынан ұстап «Сізге Расулуллаһтың Ухуд соғысында айтқан сөздерін айтамын: Қылышыңызды қынабына салыңыз, өзіңізді қауіпті іске тастап, бізді қиын жағдайда қалдырмаңыз. Уаллаһи, сіздің басыңызға бір қауіп келетін болса, сізден кейін енді Ислам түзелмейді» деді». (Егер халифалығына қарсы болса оның кетіп өлгенін қалар еді. Осылайша, халифалық үшін өзіне жол ашылар еді). Тағы да хазіреті Айша былай дейді: «Расулуллаһ қайтыс болғаннан кейін араб тайпаларының көбі діндерінен шықты, мүртәд болды. Яһудилік, христиандық және мұнафиқтық ортаға шыға бастады. Мұсылмандар қыстың түні жаңбыр астында қалған қойларға ұқсап, ыдырай бастады. Тіпті, сол кездерде меккеліктердің көбісі Исламнан шығуға дайындалды. Хазіреті Сухәйл бин Амр Қағбаның есігінің алдында тұрып меккеліктерге әсерлі сөздер айтып, діннен шығуларының алдын алды. Ислам тарихында дінді жоққа шығару, діннен шығу мағыналарына келетін «иртижа», кері қайтушы мағынасын беретін «мүртәжи» сөздері осы оқиғадан кейін қолданыла бастады. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін мұнафиқтардың, яһудилердің және христиандардың арандатып, азғыруымен адамдар топ-топ болып діндерінен шыға бастады. Хазіреті Сухәйл бин Амр Қағбаның есігінің алдында тұрып, меккеліктерге былай деді: «Ей, меккеліктер! Сендер мұсылман болғандардың соңғысы болдыңдар. Діннен шыққандардың, мұсылмандықтан шыққандардың алғашқысы болып жүрмеңдер! Уаллаһи, Расулуллаһтың айтқанындай Ұлы Аллаһ бұл істі толықтырады. Мен Оның осы мен тұрған жерде тұрып «Менімен бірге Лә илаһә иллаллаһ деңдер, сендерге қарап арабтар дінге кіріп, араб еместер сендерге жизийа төлесін. Уаллаһи, Кисраның және Кайзәрдің қазыналары Аллаһ жолында жұмсалады» дегенін естігенмін. Мазақ еткендердің зекет пен садақа жинаушы болғандарын көрдіңдер. Уаллаһи, қалғандары да орындалады. Уаллаһи, мен күн туып, батқанша бұл діннің өмір сүретінін білемін. Араларыңдағы ол адамдар сендерді алдамасын. Менің білетін бұл ісімді ол адамдар да біледі. Бірақ, Хашим ұлдарына деген қызғанышы олардың жүректерін мөрлеген. Ей, адамдар! Мен құрайыштың құрлық пен теңізде ең көлігі көп адамымын. Сендер әмірлеріңе (басшыларыңа) бағыныңдар және оған зекеттеріңді төлеңдер. Егер Ислам ісі соңына дейін жалғаспаса мен сендердің зекеттеріңді қайтарып беруге кепілмін» деп, жылады. Осыдан кейін халық басылды. Хазіреті Сухәйл бин Амр әсерлі сөздерімен меккеліктерді діннен шығудан бас тартқызғаннан кейін Мекке билеушісі Аттаб бин Әсид ортаға шықты. Хазіреті Сухәйл бин Амр Бәдір соғысына мүшріктермен бірге қатысып, тұтқынға түскенде пайғамбарымыздың хазіреті Омарға ол туралы «Жиренбейтін бір мақамда тұрып, халыққа сөз арнауы да үміт етілетін нәрсе» деуі оның осы сөзі екенініне белгі береді. Хазіреті Омар да Сухәйлдің (радиаллаһу анһ) сөзін естіген кезде пайғамбарымыздың ол туралы айтқанын есіне түсіріп, «Мен куәлік етемін, Сен нағыз расулуллаһсың» деген. |