Қабір өміріҚабірінде тірі болуы: Пайғамбарлар біз білмейтін бір өмірмен қабірлерінде тірі болады. Әулиелер мен шәйіттер де тірі болады. Тірі болулары тек сөз жүзінде емес, шынайы түрде іс жүзінде. «Али Имран» сүресінің 169-аятында: «Аллаһу та’аланың жолында өлтірілгендерді өлді деп санамаңдар. Олар Раббыларының жанында тірі. Ризықтандырылуда» делінген. Бұл аяти кәримә шәһидтердің тірі екендігін көрсетуде. Пайғамбарлар шәһидтерден де ілгері және жоғары тұрады. Ислам ғалымдарының айтулары бойынша, әрбір пайғамбар шәһид болып өледі. Расулуллаһ алейһиссалам соңғы ауырғанында: «Хайбәрде жеген тамағымның уын тамырларымда сезіп тұрмын» деген. Бұл хадис шәриф Расулуллаһтың шәһид болғанын білдіреді. Сондықтан пайғамбарымыздың барлық шәһидтер сияқты қабірінде тірі екендігі осы жерден де аңғарылады. «Бұхари» және «Мүслимде» білдірілген хадис шәрифте: «Миғраж түнінде Мұсаның (алейһиссалам) қабірінің жанынан өткізілдім. Мазарында намаз оқып тұр еді» делінген. Тағы бір хадис шәрифте «Аллаһу та’ала топыраққа пайғамбарларды шірітуін харам еткен» делінген. Мұның дұрыс екенін ғалымдар бірауыздан білдірген. «Бұхари» мен «Мүслимде» «Аллаһу та’ала Миғраж түнінде барлық пайғамбарларды пайғамбарымызға жіберді. Оларға имам болып екі рәкат намаз оқыды» деп жазылған. Намаз руку мен сәжде жасау арқылы жүзеге асырылады. Бұл хабар олардың тірі болып, денемен намаз оқығандығын көрсетеді. Мұса алейһиссаламның қабірінде намаз оқуы да осыны көрсетеді. «Мишкат» кітабының соңғы томында Миғраж бөлімінің бірінші тарауының соңында Мүслімнен алып Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) көрсеткен бір хадис шәрифінде: «Аллаһу та’ала маған көрсетті. Мұса (алейһиссалам) түрегеп тұрып намаз оқып тұрды. Арық болатын. Шашы жалбыраған және шашыраңқы емес еді. Шене тайпасының бір жігіті сияқты еді. Иса (алейһиссалам) Уруә бин Мәсуд Сәкафиге ұқсайтын» делінген. Шене Йемендегі екі тайпаның аты. Бұл хадис шәриф пайғамбарлардың Раббыларының қасында тірі екендіктерін көрсетеді. Олардың денелері рухтары сияқты нәзік болған. Бітім, қатты емес. Материя және рух әлемінде көріне алады. Сондықтан да пайғамбарлар рухтары және денелерімен көрінеді. Хадис шәрифте Мұса мен Иса алейһиссаламның намаз оқығандықтары білдірілген. Намаз оқу деген сөз - әр түрлі әрекеттер жасау деген сөз. Бұл әрекеттер денемен жасалады. Рухпен жасалмайды. Мұса алейһиссаламды «Орта бойлы, арық, шаштары жинақы көрдім» деп айтуы рухын емес, денесін көргенін көрсетеді. Имам Бәйһақи былай дейді: «Пайғамбарлар қабірге қойылғаннан кейін рухы денесіне қайтарылады. Біз оларды көре алмаймыз. Періштелер сияқты көрінбейтін кейіпке енеді. Тек Аллаһу та’аланың керемет ретінде бұйыртқан, таңдалған адамдары ғана көре алады». Имам Суюти де осылай деген. Көптеген адамдар (Расулуллаһтың қабіріне) сәлем бергенде қабірден жауап қайтарылғанын естіген. Басқа қабірлерден де сәлемдерге жауап берілгендігі естілген. Хадис шәрифте де «Маған сәлем берілгенде Аллаһу та’ала рухымды кері қайтарады, оған жауап беремін» делінген. Имам Суюти былай дейді: «Расулуллаһ Илаһтың дидарын көру сезіміне берілген. Денесіндегі сезімдерді ұмытқан. Бір мұсылман сәлем бергенде рухы бұл халден шығып, денелік сезімдеріне ие болады. Дүниеде осындайлар да аз емес. Бір дүниелік немесе ақыреттік іс туралы қатты ойланғанда адам қасындағының сөзін естімей қалады. Илаһтың дидарына берілген адам дауысты есіте ала ма?» Кады Йиад хазіреттері «Шифа» кітабында Сүлейман бин Сухаймнан алған риуаятында: «Бір түні түсімде пайғамбарымызды көрдім. «Йа Расулаллаһ! Сізге келіп сәлем бергендердің сәлемін білесіз бе?» деп сұрадым. «Иә, білемін және олардың сәлемін алып, жауап беремін» деді» делінген. Пайғамбарлардың қабірлерінде тірі екендіктерін білдіретін хадис шәрифтер өте көп, олар бір-бірін қуаттайды. Мысалы, «Қабірімнің қасында мен үшін оқылған салауатты естимін. Алыс жерде оқылғандар маған білдіріледі» делінген. Бұл хадис шәрифті Әбу Бәкір бин Әбу Шәйба білдірген. Және осы сияқты хадис шәрифтер алты ұлы хадис имамының кітаптарында кездеседі. Хазіреті Абдуллаһ бин Аббастан Ибни Әбуд-дунияның жеткізген хадис шәрифінде «Кімде-кім танысының қабіріне тоқтап сәлем берсе, мәйіт оны танып, жауап береді. Танымайтын мәйітке сәлем берсе, мәйіт қуанады және жауап береді» делінген. Әлемнің барлық түкіпірінде бір уақытта салауат айтып, сәлем берген адамдардың барлығына Расулуллаһ қалай жеке-жеке жауап береді деген сұраққа, түскі уақытта күннің бір сәтте мыңдаған қалаға сәуле шашқаны сияқты деп жауап беріледі. Ибраһим бин Бишар хазіреттері «Қажылықтан кейін пайғамбарымыздың қабірін зиярат етуге Мәдинаға бардым. Қабірдің алдында сәлем бердім. Уә алайкәссәлам деген жауап естідім» деген. Расулуллаһ «Мен қайтыс болғаннан кейін тірі кезімдегідей түсінемін» деген. Тағы бір хадис шәрифте «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі болып, намаз оқиды» делінген. Ұлы әулие Сейд Ахмет Рифаидің және бірнеше әулиелердің Расулуллаһқа берген сәлемдеріне жауап алғандықтарын және Ахмет Рифаидің Расулуллаһтың қолын сүю абыройына қауышқанын көптеген тура кітаптар жазған. Имам Суюти өзінің кітабында «Жоғары дәрежедегі әулиелер пайғамбарларды өлмеген сияқты көреді. Пайғамбарымыздың Мұса алейһиссаламды мазарында тірі көруі мұғжиза еді. Әулиелердің де осылай көруі керемет болып табылады. Кереметке сенбеу надандықтан келіп шығады» деген. Ибни Хиббан, Ибни Мажә және Әбу Дауд білдірген хадис шәрифте «Жұма күндері маған көп салауат оқыңдар. Олар маған білдіріледі» делінген. «Өлгеннен кейін де білдіріле ме?» дегендерге жауап ретінде «Топырақ пайғамбарлардың денесін шірітпейді. Бір мүмін маған салауат оқыған кезде бір періште маған үмметіңнен пәленшенің баласы пәленше саған сәлем айтты және дұға етті деп хабарлайды» делінген. Пайғамбарымыз алейһиссалам тірі кезінде Аллаһу та’аланың сахабаларға жіберген бір ниғметі, рақымдылығы болса, қайтыс болғаннан кейін де үмметі үшін үлкен ниғмет болып қала береді. Жақсылықтарға себепші болады. Бәкир бин Абдуллаһ Музәнидің жеткізген хадис шәрифінде Расулуллаһ «Өмірім сендер үшін қайырлы. Маған айтасыңдар. Мен де сендерге айтамын. Қайтыс болғаннан кейін өлімім де сендер үшін қайырлы болады. Амалдарың маған көрсетіледі. Жақсы істеріңді көрген кезімде Аллаһу та’алаға шүкіршілік етемін. Жаман істеріңді көргенде сендер үшін кешірім тілеймін» деген. Қусәм бин Аббас хазіреттері Расулуллаһты жерлеу ісін атқарды. Қабірдегі іс біткеннен кейін ең соңынан сол шықты. Ол «Расулуллаһтың жүзін ең соңғы көрген адам менмін. Қабірінде мүбәрәк еріндері жыбырлап жатты. Оған еңкейіп құлақ салдым. «Йа Раббым! Үмметім!... Йа Раббым! Үмметім!...» деп жатты» деді. |