Міндеттердің орындалу кезегіСұрақ: Дінде алдымен бұйрықтарды орындау керек пе немесе тыйым салынғандардан қашу керек пе? Қысқасы қайбірі бұрын тұрады? Жауап: Дінімізде зияннан құтылу пайда арттырудан бұрын келеді. Қателікке (жамандық) жол бермеу, жақсылық жасаудан бұрын келеді. Әдетте, көптеген жақсы істеріміз ұмытылып жатады, бірақ, бір ғана жаман ісіміз ешқашан ұмытылмай, алдымызға қайта-қайта шығарылады. Қаншама жақсы істер істесек те, олар көрінбейді, бірақ, бір қателік жасасақ көрініп қалады. Сондықтан, әуелі қате сөзден, қате көзқарастан, қате тірліктен тыйылу, тазару, арылу керек. Ислам хұқығы жазылған «Мәжәллә» атты кітапта «Дәф-и мәфасид, жәлб-и мәнафиден әула» деген бап бар, бұл «Зиянды жоқ қылу пайда табудан бұрын келеді» деген мағынаны береді. Бірнеше мысал келтірейік: Күнәдан сақтану сауап табудан бұрын келеді. Мәкрухтан сақтану сүннет амалды орындаудан бұрын келеді. Харамнан сақтану парыз амалды орындаудан бұрын келеді. Әмір мен тыйым бір уақытта адамның алдына шығатын болса, бірінші кезекте тыйымнан қашу, яғни тыйылу керек болады. Бір әмірді орындау бір харамды істеуге себеп болатын болса, харам істемеу үшін ол әмір тәрк етіледі, орындалмайды. Мысалы, намаз оқырда нәжістен тазалану әмір болып табылады, өзгелердің жанында аурет жерді ашу болса тыйым болып табылады. Аурет жерді ашпай тазалану мүмкін болмаса, тыйымнан қашу керек болады, яғни аурет жерді ашпау керек (нәжісті тазаламау керек). Әмірге мойынсұну сүннетке, мүстахабқа, әдепке мойынсұнудан бұрын келеді. «Әл әмру фәуқәл әдәб» делінген. «Әмірге мойынсұну әдептен бұрын келеді» деген сөз. Мысалы, бір жерге үлкендерден бұрын кіру әдепке қайшы болып саналады. Бірақ, ол үлкен кісі «Кір» деп айтқан болса, дереу кіру керек болады. «Әстағфируллаһ, әуелі сіз кіріңіз» деп оның өзіне жұмыс бұйыру қателік болады. Дүниеге деген махаббатты көңілден шығармай, Аллаһқа деген махаббатты орнықтыру мүмкін емес. Көңіліне Аллаһқа деген махаббатты орнықтырғысы келген адамның харамдардан қашу арқылы дүниеге деген сүйіспеншілікті көңілінен шығаруы керек. Көңілден дүниеге деген сүйіспеншілік шыққан кезде, Аллаһқа деген сүйіспеншілік өздігінен орнығады. Сонымен қатар дінімізде «Әһәммді муһиммге тәржиһ» қағидасы бар. Бұл – екі маңызды жұмыстан ең маңыздырағын бірінші кезекке қою деген сөз. Мысалы, нәпіл амалды орындаудың орнына сүннет амалды орындау. Хазреті Омар таң намазын оқытып болып, жамағатта бір жігітті көре алмаған соң, ол жігіттің қайда екенін сұрады. Сахабалар «Ол әр түнін нәпіл намаз оқумен өткізеді. Бәлкім таң намазын оқып ұйықтап қалған шығар» деді. Хазреті Омар: «Түні бойы ұйықтап, таң намазын жамғатпен оқығанында жақсы болар еді» деді. Бұдан көрініп тұрғандай: бір парызды орындап жатқанда, оның ішіндегі әдептерінен бір әдебін орындау және бір мәкрухынан тыйылу - зікір, тәфәккур және мурақәбә (Аллаһты көргендей ойлау) етуден қаншама есе құнды болып табылады. Бұлар (зікір, тәфәккур және мурақәбә) сол әдепті орындаумен және мәкрухтардан тыйылумен бірге жасалса, әрине пайдасы көп болады. Бірақ, олар болмаса еш пайдасы болмайды. Осы сияқты, бір теңге зекет беру, мыңдаған теңге садақа беруден артық. Сол бір теңгені беріп жатқанда зекеттің бір әдебіне мән беру, мысалы: жақын туысқа беру де нәпіл садақадан қаншама есе артық болады. Қазаға қалған намаздары бар адамның алдымен қазаларын өтеуі өмір бойы нәпіл ғибадат жасауынан артық болады. Себебі жоғарыда айтқанымыздай дінімізде бірінші кезекте зияндардан (қарыз, қаза, күнә) құтылу тұрады. Осылардан тазарғаннан кейін қанша нәпіл ғибадат жасаса да жарасады әрі пайдасын да көреді. Әйтпесе, терлеп иістенген адамның жуынып-шайынбай үсті басына әтір себуіне ұқсап пайдасыз тірлік болады. Сондықтан, әуелі Әһли сүннетке иман келтіру керек, сосын харамдардан тыйылу, сосын парыздарды орындау, сосын мәкрухтардан тыйылу, сосын муәккәд сүннеттерді орындау, сосын мүстахабтарды орындау керек. Осы кезекте алдын тұрған міндеттерді орындамаған адамның кейін тұрғандарды орындағанының пайдасы болмайды және алдыңғы кезекте тұрғанын орындай алу үшін оның артында тұрғандарды тәрк ету жаиз, тіпті уәжіп болады. Салих, тақуа және әулие болу үшін де осыларды өз кезегімен орындау керек. Кезекпен, алдымен Әһли сүннет ғұламаларының білдіргеніндей иман келтіру керек, сосын харамдардан тыйылу, парыз болған ғибадаттарды орындау және салих болған мұсылмандарды жақсы көру керек. Ықыласпен орындалмаған ғибадаттың пайдасы болмайды, сауабы да болмайды. Ықылас – барлық нәрсені Аллаһ разылығы үшін істеу деген сөз. Мысалы: илмихал кітаптарында жазылған өзіңе парыз болған ілімдерді үйрену әр адамға фарзи айн болып табылады. Үйренілуі фарзи айн болған ілімді үйрену үшін бір сағаттай оқу, мың жыл нәпіл ғибадат жасаудан құнды болып табылады. Өйткені, нәпілдің сауабы (парыздың сауабы қасында) теңіздің қасындағы бір тамшыдай да бола алмайды. |