Әһли бәйтіСүйікті пайғамбарымыздың барлық жанұя мүшелері әһли бәйт деп аталады. Мүбәрәк жұбайлары, қызы хазреті Фатима мен күйеуі хазреті Әли және олардың мүбәрәк балалары Хасан мен Хусейн (радиаллаһу анһума) және олардың да балаларының барлығы, сондай-ақ пайғамбарымыздың таза тегіне тән болған Хашимұлдары әһли бәйт болып саналады. Аллаһу та’ала Құран Кәрімде әһли бәйт туралы былай дейді: «Аллаһу та’ала сендерден барлық кемшілік пен кірлерді кетіргісі келеді және сендерді толық таза етіп тазалағысы келеді» («Ахзаб» сүресі, 33). Сахабалар «Йа Расулаллаһ! Әһли бәйт кімдер?» деп сұрады. Сол кезде Имам Әли келді. Расулуллаһ оны шапанының астына алды. Кезекпен Фатима-туз-зәхра, Имам Хасан және Имам Хусейн келді. Бұлардың әр қайсысын жанына алып, «Міне, бұлар менің әһли бәйтім» деді. Бұл адамдар Ал-и Аба және Ал-и Расул деп те аталады. Әһли бәйти нәбәуиді жақсы көру ахиретке иманмен кетуге, соңғы демде саламатқа қауышуға себеп болады. Әһли бәйтті жақсы көру – барлық мүмінге парыз. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадис шәрифінде: «Әһли бәйтім Нұх алейһиссаламның кемесі сияқты. Оларға бағынғандар амандыққа қауышады. Қалғандары құриды» деген. Әһли бәйти нәбәуидің ізгілігі мен кемелдігі өте көп. Санап тауысу мүмкін емес. Оларды айтып жеткізуге, мадақтауға адамның күші жетпейді. Олардың құндылығы мен ұлылықтары тек аяттармен түсініледі. Имам Шафии хазреттері «Ей, әһли бәйти Расул! Сіздерді жақсы көруді Аллаһу та’ала Құран Кәрімде бұйыруда. Намаздарында сіздерге дұға етпегендердің намаздарының қабыл болмауы сіздердің құндылықтарыңыз бен жоғары дәрежелеріңізді көрсетеді. Дәрежелеріңіздің ұлылығы соншалық, Аллаһу та’ала Құран Кәрімде сіздерге сәлем айтуда» деп, мұны ең әдемі түрде білдірген. Хазреті Әнәс былай дейді «Расулуллаһтан «Әһли бәйтіңізден ең қатты кімді жақсы көресіз?» деп сұралғанда «Хасан мен Хусейнді» деп жауап берді». Хазреті Әбу Хурайра айтады: «Расулуллаһтың қасында болатынмын. Хасан (радиаллаһу анһ) келді. «Йа Раббым! Мұны жақсы көремін. Сен де оны жақсы көр және мұны жақсы көретіндерді де жақсы көр» деді. Тағы бірде «Хасан мен Хусейн дүниедегі менің хош иістерім» деді» Пайғамбарымыз алейһиссалам тағы былай деді: «Өзімнен кейін сендерге екі нәрсе қалдырамын. Бұларға жабыссаңдар жолдан шықпайсыңдар. Біріншісі екіншісінен үлкен. Біріншісі – Аллаһу та'аланы кітабы болған Құран Кәрім, көктен жерге дейін созылған мықты бір жіп. Екіншісі - Әһли бәйтім. Бұлардың екеуі бір-бірінен ажырамайды. Бұларға бағынбаған менің жолымнан ажырайды.» Хазреті Хасан мен хазреті Хусейн ауырып қалған болатын. Пайғамбарымыз хазреті Әли мен хазреті Фатимаға «Мына сүйіктілерің үшін бір нәзір атаңдар» деді. Хазреті Әли мен хазреті Фатима анамыз және Фыдда деген күңдері үш күннен ораза тұтуды атады. Хасан мен Хусейн хазреттері ауруларына шипа тапты. Бірақ, үйлерінде жейтін ешнәрсе жоқ еді. Хазреті Әли бір яһудиден қарызға арпа алды. Үшеуі де уәде еткен оразаларын тұтуға ниеттенді. Арпаның бір бөлігін хазреті Фатима үгітіп, бес нан пісірді. Өздері бес адам болатын. Ауыз ашатын уақыт болған еді. Әрқайсысының алдына бір-бір наннан қойып, ауыз ашқалы отырды. Бір кедей келіп, «Йа әһли бәйти Расулуллаһ! Міскін кедей мұсылмандардың бірімін. Маған жейтін нәрсе беріңдер. Аллаһу та’ала сендерге жұмақтың сыйын берсін» деді. Олар қолдарындағы нанды оған садақа етіп беріп, өздері сумен ауыздарын ашты. Ертеңіне тағы да ораза тұтты. Қызметші тағы біраз арпа үгітіп, тағы да бес нан пісірді. Ауыз ашатын уақытта, нандарын алдарына алып ауыздарын ашайын деп жатқанда бір жетім келді. Бесеуі де нандарын сол жетімге беріп, оны қуандырып, өздері ауыздарын сумен ашып, ұйқыға жатты. Ертеңіне тағы да ораза тұтты. Қалған арпаны да үгітіп бес нан пісірді. Ауыз ашатын кезде бір тұтқын адам келіп «Үш күннен бері ашпын. Мені залымдар байлап, тамақ бермеді. Аллаһу та’ала үшін маған көмектесіңдер» деді. Бесеуі де нандарын соған беріп, тағы да сумен ауыздарын ашты. Осыдан соң бір аят келіп, Аллаһу та’ала былай деді: «Олар атағандарын орындады. Ұзақ және үздіксіз қиямет күнінен қорыққандықтан қатты қалап тұрған тамақтарын да міскін, жетім, тұтқындарға берді. Оларға біз бұларды Аллаһу та’аланың разылығы үшін жегіздік. Сендерден қайтарым ретінде бір рахмет те, ешнәрсе күтпедік, ешнәрсе тілемейміз де, деді. Сондықтан Хақ та’ала оларға шараб-ы тахур ішкізді...» («Инсан» сүресі, 7-9, 21) Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтады: «Пайғамбарымыз «Сендердің жақсыларың - менен кейін әһли бәйтіме жақсылық жасағандар»- деген». Хазреті Әли айтады «Пайғамбарымыз «Әһли бәйтіме жақсылық жасағандарға қиямет күні шапағат етемін». «Сырат көпірінен аяқтары таймай өтетіндер - әһли бәйтімді және сахабаларымды жақсы көргендер»- деген.» Имам Раббани хазреттерінің білдірген бір хадис шәрифінде «Әлиді жақсы көрген адам мені жақсы көрген, оған дұшпандық жасаған адам шынында маған дұшпандық еткен болады. Оны ренжіткен мені ренжітеді. Мені ренжіткен Аллаһу та’аланы ренжіткен болады» делінген. Расулуллаһ алейһиссалам былай деп бұйырды: «Аллаһу Та'ала маған төрт адамды жақсы көр деп бұйырды. Оларды өзінің де жақсы көретінін білдірді». «Олар кім? Есімдерін айтасыз ба?»- деп сұралған кезде «Әли солардан, Әли солардан, Әли солардан, Әбу Зәр, Миқдад және Салман»- деп жауап берді. «Отбасыма байланысты мені ренжіткендерге ауыр азап бар». Бір хадис шәрифте де: «Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені ренжітеді» деген. Хазреті Әбу Хурайра айтады «Пайғамбарымыз хазреті Әлиге «Фатима маған сенен де сүйкімді. Сен маған одан да азизсің (яғни қадірлісің)»- деді». Тағы бір хадис шәрифте былай делінген: «Сендерге Ислам дінін әкелгенімнің есесіне сендерден ешнәрсе талап етпеймін. Тек маған жақын болған әһли бәйтімді жақсы көрулеріңді қалаймын». Ислам ғұламалары әһли бәйтті жақсы көруді ахиретке иманмен кетудің шарты деп санаған. Оларда Расулуллаһтың кішкентай бөлшектері бар. Әһли бәйтті қадірлеу, құрметтеу - әр мұсылманның міндеті. Ұлы ислам ғұламасы Имам Раббани (рахметуллаһи алейһ) айтады: «Әкем захир және батын ілімдерінде, яғни көңіл ілімінде үлкен ғалым болған. Әрдайым әһли бәйтті жақсы көруді насихат ететін. Бұл сүйіспеншілік адамның ахиретке иманмен кетуіне көп көмектеседі дейтін. Ол қайтыс боларда қасында болдым. Соңғы сәтінде оның есіне осы насихатын түсіріп, бұл сүйіспеншіліктің қалай әсер еткенін сұрадым. Қиналып жатса да «Әһли бәйттің сүйіспеншілігінің дариясында жүзіп жүрмін» деді. Дереу Аллаһу та’алаға шүкіршілік етіп, мадақ айттым. Әһли бәйтке деген сүйіспеншілік әһли сүннеттің қазынасы болып табылады. Ахирет табыстарын осы қазына әкеледі.» Расулуллаһтың әһли бәйті үшке бөлінеді: Несеб, тегі арқылы туыс болғандар. Оған әпкелері жатады. Екіншісі – таза жұбайлары. Үшіншісі, жұбайларының шашын тарау, тамақтарын пісіру, бөлмесін жинау, кір жуу және сол сияқты үй шаруасымен айналысатын - қызметші әйелдер. Сырттағы істерді атқаратын, мешітте азан оқитын Біләл, Салман, Сухәйб (радиаллаһу анһум) да Оның үйінен ішіп-жейтін. Хазреті Фатима мен қияметке дейінгі балалары - әһли бәйт болып табылады. Оларды күнәһар болса да жақсы көру керек. Оларды жақсы көру, оларға көңілмен, дене және мүлікпен көмектесу, оларды құрметтеп қадірлеу иманмен жан тапсыруға себеп болады. (Сирияның Хама қаласында сейіттер үшін сот бар болатын. Бұл мүбәрәк әулеттен туылған балалар екі куәгер арқылы соттың алдында тіркеуге тұрғызылатын. Бұл іс ағылшындардың адал досы – Мұстафа Рәшит Паша тарапынан тоқтатылды). |