Ислам дініИслам – Аллаһу та'аланың Жәбрейіл деген періштесі арқылы сүйікті пайғамбары Мұхаммед алейһиссаламға жіберген, адамдардың дүниеде және ахиретте шаттық пен бақытқа бөленулерін қамтамасыз ететін усул және қағидалар. Барлық үстемдіктер мен пайдалы нәрселер исламның ішінде. Ескі діндердің барлық игі жақтарын Ислам өз бойына жинаған. Барлық бақыт, сый исламның ішінде. Жаңылмайтын, адаспайтын ақылдардың қабыл ететін негіздер мен ахлақтардан тұрады. Табиғаттары, рухтары пәк етіп жаратылғандар оны теріске шығармайды, оған дұшпан болмайды. Исламның ішінде ешқандай зиян, зарар жоқ, сыртында ешқандай пайда жоқ, болмайды да. Исламның сыртында бір пайда таба алатынын ойлау, сағымнан су күткенмен бірдей. Ислам елдерді көркейтіп, адамдардың жағдайын, ауқаттылығын көтеруді бұйырады, Аллаһу та’аланың әмірлеріне құрмет көрсетуді және барлық жаратылысқа рақымды болуды талап етеді. Ислам егін-шаруашылығын, сауда мен өнерді қатаң түрде әмір етеді. Ғылымға, техникаға, өнеркәсіпке үлкен мән береді. Адамдардың бір-біріне көмектесіп, қол ұшын созғанын қалайды. Өз қол астындағы адамдардың, балаларының, отбасының және халықтың құқықтары мен басқару жүйесін үйретеді, өмір сүріп жатқан адамдардың, өмірден өтіп кеткен адамдардың, дүниеге енді келетін жандардың ақылары мен жауапкершілігін белгілейді. Ол өз бойына дүние мен ахирет бақытын жинаған. Ислам адамдардың рухани және материалдық деңгейін ең толық түрде қамтамасыз ететін қағидаларды әкелген. Адам құқықтары мен міндеттерін кең көлемде тәртіптеген. Қысқаша айтқанда, Ислам дінінің иман, ғибадат, мунакәхат (неке, отбасы), муамәлат (қарым-қатынас), уқубат (жаза) негіздері бар.
Иман: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’аланың пайғамбары екенін және Оның тарапынан таңдалған, хабар беруші нәби екенін дұрыс деп білу, сеніп айту, Расулуллаһтың Аллаһу та’ала тарапынан қысқаша білдіргендеріне қысқаша, толық жеткізгендеріне толық сену және күші жететін болса шахадат кәлимасын ауызбен айту. Күшті, қуатты иман былай болады: оттың күйдіретініне, жыланның шағып өлтіретініне қалайша күмәнсіз сенілетін болса, Аллаһу та’алаға және оның сипаттарына да дәл солай күмәнсіз сеніп, Оның ризалығы мен дидарына ұмтылу, азабынан қашу және иманды мәрмәрдің бетіне жазылған жазу сияқты көңілге нық орнықтыру керек. Міндетті түрде сенуіміз керек болған иманның алты шарты бар: Біріншісі, Аллаһу та’аланың уажибул-ужуд және хақиқи мабуд (шынайы табынуға лайық) және барлық нәрселердің жаратушысы екеніне сену. Дүние мен ахирет әлеміндегі барлық нәрсені материясыз, уақыттан тәуелсіз және теңдессіз етіп жоқтан бар еткен – тек қана Аллаһу та’ала деп нақты сену. Барлық болмыстың жаратушысы, иесі, үстемі – Ол. Оның иесі, қожайыны, Одан үстем нәрсе жоқ деп сену керек. Барлық үстемдік, барлық кемел сипат Оған ғана тән. Онда ешқандай кемшілік, ешқандай нұқсан сипат жоқ. Ол қалағанын жасай алады. Жасаған істері өзіне немесе басқаға пайдалы болу үшін емес. Қандайда бір пайда көру үшін жасамайды. Сонымен қатар, барлық ісінде даналық, пайдалар, игіліктер, жақсылықтар бар. Құлдарына жақсы нәрсені, пайдалы нәрсені беруге, кейбіріне сауап жазып, кейбірін азаптауға мәжбүр емес. Өзіне қарсы шыққандардың барлығын жаннатқа жіберсе, бұл Оның жомарттығына жарасады. Мойынсұнып, ғибадат жасағандардың барлығын жаханнамға жіберсе әділетіне қарсы болмайды. Бірақ, мұсылмандарды, ғибадат жасағандарды жаннатқа жіберетінін, оларға шексіз ниғметтер, игіліктер беретінін, ал кәпірлерге жаханнамда шексіз азап беретінін уәде еткен. Ол сөзінен кері қайтпайды. Барлық жандылар иман келтіріп, құлшылық жасаса да Оған ешқандай пайдасы тимейді. Бүкіл әлем кәпір болып, азғындап қарсы келсе де Оған ешқандай зияны жоқ. Ширктен, күпірліктен басқа кез-келген бір күнә істеп, тәубесіз өлген адамды қаласа кешіреді. Қаласа кішкентай бір күнә үшін де азап береді. Кәпір және мүртәд болып өлгендерді еш кешірмейтінін, оларға шексіз азап беретінін білдірген. Мұсылман және әһли қибла (Қағбаны қыбла деп білетін адам) болып бірақ, сенімі Әһли сүннет сеніміне сай келмейтін және тәубе етпей өлген адамдар тозаққа тасталып азапталса да, мұндай бидғатшылар жаханнамда мәңгі қалмайды. Аллаһу та’аланы дүниеде көзбен көру жаиз. Бірақ, ешкім көрмеген. Қиямет күні махшар алаңында кәпірлерге және күнәсі көп болған мұсылмандарға азабымен және ашуымен; салих мұсылмандарға игілігімен және көріктілігімен көрінеді. Мұсылмандар Аллаһты жаннатта жамал сипатымен көреді. Кәпірлер бұдан махрұм қалады. Жындардың да махрұм қалатыны туралы хабар бар. Аллаһу та’ала үшін күндіз-түн және уақыт деген мәселе жоқ. Аллаһу та’алада ешқандай тұрғыдан ешқандай өзгеріс болмайтындықтан бұрын мынадай болған, келешекте мынандай болады деп айтуға болмайды. Аллаһу та’ала ешнәрсенің кейпіне кірмейді. Ешнәрсемен бірікпейді. Аллаһу та’аланың қарама-қайшысы, ұқсасы, ортағы, көмекшісі, қорғаушысы жоқ. Анасы, әкесі, баласы, жұбайы жоқ. Барлық адамға олардың күре тамырынан да жақын. Бірақ, оның әзір болуы, барлық әлемді қоршап тұруы, бірге және жақын болуы біздің түсінігіміздегідей емес. Оның жақындығы ғұламалардың ілімі, ғалымдардың зейіні және әулиелердің кәшф және шухудымен түсініле алмайды. Мұның сырын адамның ақылы ұғына алмайды. Аллаһу та’ала заты мен сипаттарында бір, ешқайсысында өзгеру, басқа нәрсеге ауысу болмайды. Аллаһу та’аланың есімдері шексіз. Мың бір есімі бар делінеді. Яғни, есімдерінің мың бірін адамдарға білдірген. Мұхаммед алейһиссаламның дінінде олардың тоқсан тоғызы білдірілген. Олар «әсма-и хусна» деп аталады. Иманның алты негізінің екіншісі – періштелерге сену. Періштелер – дене, материя болып табылады. Жеңіл, нәзік, газ күйінен де жеңіл. Нұрдан жаратылған, тірі, ақылды. Адамдардағы жамандықтар періштелерде жоқ. Олар барлық пішімге ене алады. Газдар сұйыққа және қатты затқа айнала алатыны, қатты затқа айналғанда бір пішімге, формаға енетіні секілді періштелер де әдемі кейіптерге ене алады. Періштелер ұлы адамдардың денелерінен шыққан рухтар емес. Христиандар періштелерді осындай рухтар деп ойлайды. Энергия, күш сияқты материясыз да емес. Көне философтардың біразы осындай пікірді ұстанған. Періште (мәләк) – елші, хабар беруші немесе күш, қуат дегенді білдіреді. Көпше түрі «мәлаикә» деп айтылады. Періштелер барлық жандылардан бұрын жаратылды. Сондықтан, кітаптарға иман келтіруден бұрын періштелерге иман келтіру керектігі білдірілді. Кітаптарға сену пайғамбарларға сенуден бұрын келеді. Құран Кәрімде де сенілуі керек нәрселердің есімдері осы ретпен білдірілген. Періштелерге иман былай келтіріледі: Періштелер - Аллаһу та’аланың құлдары. Аллаһтың ортағы, серігі емес. Періштелер Аллаһтың қыздары емес. Кәпірлер мен мүшріктер солай ойлаған. Аллаһу та’ала періштелердің барлығынан разы. Олар Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойынсұнады. Күнә істемейді. Аллаһтың әміріне қарсы шықпайды. Еркек және ұрғашы болып бөлінбейді. Үйленбейді. Балалары болмайды. Өмір сүреді, яғни тірі. Аллаһу та’ала адамдарды жарататынын айтқан кезде: «Йа Рабби! Жер бетінде бүлік, тәртіпсіздік орнататын және қан төгетін махлұқтарды жаратасың ба?» деген сияқты періштелердің зәллә деген сұрақтары олардың масум, кінәсіз болуларына зиян тигізбейді. Жаратылғандардың ішінде саны ең көбі - періштелер. Олардың санын Аллаһу та’аладан басқа ешкім білмейді. Көктерде періштелер ғибадат жасамайтын бос орын жоқ. Көктердің барлық жері руку мен сәждедегі періштелерге толы. Көктерде, жерде, өсімдіктерде, жұлдыздарда, жандыларда, жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаштардың жапырақтарында, әрбір молекулада, әрбір атомда, әрбір реакцияда, әрбір әрекетте, барлық нәрседе періштелердің атқаратын міндеттері бар. Барлық жерде олар Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындайды. Олар Аллаһу та’ала мен жаратқандарының арасындағы арашы болып табылады. Кейбірлері басқа періштелердің басшысы болуы мүмкін. Кейбірлері адамдардың пайғамбарларына хабар әкеледі. Кейбірлері адамдардың көңіліне (жүрегіне) жақсы ой салады, ондай ой «илхам» деп аталады. Кейбірлерінің адамдардан, басқа жаратылғандардан хабарлары жоқ, олар Аллаһу та’аланың дидары алдында естерінен айрылған. Әрқайсысының белгілі орны бар. Сол орындарынан кетпейді. Жаннат періштелері жаннатта. Олардың үлкендерінің аты – Ридуан. Жаханнам періштелері Зәбани деп аталады. Олар бұйырылған міндеттерді жаханнамда атқарады. Теңіздің балыққа зияны болмайтыны секілді, жаханнамның оты оларға зиянын тигізбейді. Жаханнам зәбанилерінің үлкендері он тоғыз дана. Ең үлкенінің аты Малик. Әр адамның жақсылығы мен жамандығын, барлық істерін жазатын, екеуі түнде, екеуі күндіз келетін төрт періште Кирамән катибин немесе Хафаза періштелері деп аталады. Хафаза періштелерінің бұлардан бөлек екендігі туралы да білдірілген. Оң жақтағы періште сол жақтағының басшысы және жақсы істерді жазады. Сол жақтағы періште жамандықтарды жазады. Қабірлерде кәпірлер мен күнәхар мұсылмандарды азаптайтын періштелер және сұрақ қоятын періштелер бар. Сұрақ қоятын періштелер «Мүнкәр және Нәкир» деп аталады. Мұсылмандардан сұрайтындар «Мүбәшшир және Бәшир» деп те аталады. Періштелердің бір-бірінен үстемдіктері бар. Ең үстемі төртеу. Олардың біріншісі – Жәбрейіл алейһиссалам. Оның міндеті – пайғамбарларға уахи әкелу, әмірлер мен тыйымдарды білдіру. Екіншісі «Сур» деген кернейді үрлейтін Исрафил алейһиссалам. Сурды екі рет үрлейді. Біріншісінде Аллаһу та’аладан басқа барлық тірі нәрсе өледі. Екіншісінде барлығы қайтадан тіріледі. Үшіншісі Микаил алейһиссалам. Оның міндеті – арзаншылық, қымбатшылық, жұт, молшылық жасау және барлық нәрсені әрекет еттіру. Төртіншісі Әзрейіл алейһиссалам. Адамдардың рухын алатын осы періште. Осы төрт періштеден кейін тұратын періштелер төрт топқа бөлінеді. Хамәлә-и Арш деп аталатын періштелер төртеу. Қияметте сегіз болады. Илахи құзырда (Аллаһтың дәргейінде) болатын періштелер Муқаррәбин деп аталады. Азап періштелерінің үлкендері Кәрубиян деп аталады. Рақымдылық періштелері Руханиян деп аталады. Бұлардың барлығы періштелердің үстемдері болып табылады. Мұсылмандардың салихтері мен әулиелері періштелерден абзал және үстем болып табылады. Періштелер күнәхар және пасық мұсылмандардан абзал болып табылады. Иманның алты негізінің үшіншісі - Аллаһу та’аланың түсірген кітаптарына сену. Аллаһу та’ала бұл кітаптарды кейбір пайғамбарларға періште арқылы оқытып, кейбіріне жазулы күйінде, ал ендігілеріне періштесіз есіттіру арқылы түсірді. Бұл кітаптардың барлығы Аллаһу та’аланың сөзі болып табылады. Бұл сөздер бастаусыз және мәңгі, махлұқ емес. Бұл сөздер періштелердің немесе пайғамбарлардың өз сөздері емес. Аллаһу та'ала түсірген кітаптарының барлығы хақ және дұрыс. Құран Кәрім барлық кітаптарды нәсх еткен, олардың үкімдерін жойған. Құран Кәрімде қияметке дейін ешқашан қате, ұмытылу, көбею, нұқсан деген нәрселер болмайды. Құран Кәрімде өткендегі және болашақтағы барлық ілімдер бар. Сондықтан ол барлық кітаптардың ішіндегі ең құндысы және ең үстемі. Расулуллаһ алейһиссаламның ең үлкен мұғжизасы – Құран Кәрім болып табылады. Барлық адамдар мен жындар жиналып, Құран Кәрімнің ең қысқа сүресіндей бір сөз айтуға тырысса да, ондай сөзді ешқашан айта алмайды. Сәмәуи (аспаннан түсірілген) кітаптардың бізге білдірілгенінің саны жүз төрт. Бұлардан он сухуф Адам алейһиссаламға, елу сухуф Шис (Шит) алейһиссаламға, отыз сухуф Идрис алейһиссаламға, он сухуф Ибраһим алейһиссаламға түсірілгендігі белгілі. Тәурат Мұса алейһиссаламға, Зәбур Дәуіт алейһиссаламға, Інжіл Иса алейһиссаламға және Құран Кәрім Мұхаммед алейһиссаламға түсірілген.
Сену керек болған шарттардың төртіншісі - Аллаһу та’аланың пайғамбарларына сену. Пайғамбарлар адамдарды Аллаһу та’аланың қалаған жолына қауыштыру, тура жолды көрсету үшін жіберілген. Жаратылысы, мінез, ілім және ақыл тұрғысынан пайғамбарлар өз дәуірлеріндегі барлық адамнан үстем, құрметті, қадірлі болған. Олардың ешқандай жаман мінез-құлқы, ұнамсыз қылықтары болмаған. Пайғамбарларда исмет деген қасиет болады. Яғни, олар пайғамбар екендігі білдірілместен бұрын және білдірілгеннен кейін де ешқандай үлкен немесе кішкентай күнә істемейді. Пайғамбар екендігі білдірілгеннен кейін, пайғамбар екендігі жайылып, жан-жаққа белгілі болғанға дейін оларда соқыр, керең және сол сияқты басқа кемшіліктер болмайды. Әр пайғамбарда мына жеті сипаттың болатындығына сену керек: Аманат (аманатқа қиянат жасамау), сыдқ (шыншыл болу), таблиғ (уағыздаушы), адалет (әділдік), исмет (күнәсіз), фәтанат (ақылдылық) және әмнул-азл (пайғамбарлықтан босатылмайды). Жаңа дін әкелген пайғамбар Расул деп аталады. Жаңа дін әкелмей, адамдарды алдындағы дінге шақыратын пайғамбар Нәби деп аталады. Бұйрықтарды уағыздауда және адамдарды Аллаһу та’аланың дініне шақыруда расул мен нәбидің арасында айырмашылық болмайды. Пайғамбарларға сену – оларды бір-бірінен ажыратып отырмай барлығының сенімді, шыншыл екендігіне сену дегенді білдіреді. Олардың біріне сенбеген адам барлығына сенбеген болады. Пайғамбарлыққа еңбектену, ашығу, қиыншылық көру және көп ғибадат жасау арқылы қол жеткізілмейді. Тек Аллаһу та’аланың ихсанымен, таңдауымен болады. Адамдардың дүние мен ахиреттегі істерінің жүйелі және пайдалы болуы үшін және оларды зиянды істерден қорғап, саламатқа (тура жолға), хидаятқа, бақытқа қауыштыру үшін пайғамбарлар арқылы діндер жіберілген. Пайғамбарлар дұшпандарының көп болғанына, айтқандарына сенбей оларды мазақ еткендеріне, ренжіткендеріне қарамай, Аллаһу та’аланың бұйрықтарын адамдарға білдіруде, уағыздауда дұшпандарынан қорықпаған. Аллаһу та’ала пайғамбарлардың сыдқ иесі екендіктерін, айтқандарының дұрыс екендігін көрсету үшін оларды мұғжизалармен қуаттандырған. Ешкім бұл мұғжизаларға қарсы келе алмады. Пайғамбарды қабылдап, оған сенген адам сол пайғамбардың үмметі деп аталады. Қиямет күні пайғамбарларға өз үмметтерінен күнәсі көп болғандарға шапағат етулеріне рұқсат беріледі және шапағаттары қабыл болады. Үмметтерінен ғұлама, салих, әулие болғандарына да шапағат етуге Аллаһу та’ала рұқсат береді және олардың шапағатын Аллаһу та’ала қабыл етеді. Пайғамбарлар алейһимуссалауату уәт-таслимат қабірлерінде біз білмейтін тәрізде өмір сүруде. Мүбәрәк денелерін топырақ шірітпейді. Сондықтан да хадис шәрифте “Пайғамбарлар қабірлерінде намаз оқиды” делінген. Пайғамбарлардың алейһимуссалам мүбәрәк көздері ұйқыда болғанда, олардың көңіл көздері ұйықтамайды. Пайғамбарлық міндеттерін атқаруда, пайғамбарлық үстемдікті алып жүруде барлық пайғамбарлар бірдей. Жоғарыда айтылған жеті сипат олардың барлығында бар. Пайғамбарлар пайғамбарлық міндетінен ешқашан босатылмайды. Әулиелер әулиелігін жоғалтуы мүмкін. Пайғамбарлар алеһимуссалауату уәттаслимат адамдардан болады. Жындардан, періштелерден және әйелдерден адамдарға пайғамбар болмайды. Жын мен періштелер пайғамбарлардың дәрежесіне дейін көтеріле алмайды. Пайғамбарлардың бір-бірінен ерекшеліктері, үстемдіктері бар. Мысалы, үмметтерінің көп болуы, жіберілген елінің үлкен болуы, ілімінің көп болуы, ілімінің кең аймаққа таралуы, мұғжизаларының көп және үздіксіз болуы және өзіне берілген ихсандардың көп болуы тұрғысынан ақыр заман пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам барлық пайғамбарлардан жоғары тұрады. Улул-азм пайғамбарлар басқа пайғамбарлардан, расулдар нәбилерден жоғары тұрады. Пайғамбарлардың алейһимуссалам саны белгісіз. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендігі айтылады. Олардың үш жүз он үш немесе үш жүз он бесі расул. Олардың ішінде алтауы қалғандарынан жоғары тұрады. Олар Улул-азм пайғамбарлар деп аталады. Улул-азм пайғамбарлар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса және Мұхаммед Мұстафа «алейһимуссалауату уәссәлләм». Ибраһим алейһиссалам Халилуллаһ болып саналады. Өйткені, оның жүрегінде Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігінен басқа ешқандай махлұқтың сүйіспеншілігі жоқ. Мұса алейһиссалам Кәлимуллаһ болып табылады. Өйткені, ол Аллаһу та’аламен сөйлесті. Иса алейһиссалам Рухуллаһ және Кәлиметуллаһ болып табылады. Өйткені, оның әкесі жоқ. Тек «Бол» деген Аллаһу та’аланың сөзі арқылы анасынан дүниеге келді. Бұдан басқа Аллаһу та’аланың даналыққа толы сөздерін уағыздап, оларды адамдарға жеткізді. Барлық жаратылыстың жаратылуына себеп болған және адамзат баласының ең үстемі, ең құрметтісі, ең құндысы болған Мұхаммед алейһиссалам Хабибуллаһ болып табылады. Оның Хабибуллаһ екенін және үстемдігін көрсететін нәрселер өте көп. Сондықтан да оған «Жеңіліске ұшырау», «Күйреу» деген сияқты сөздер қолданылмайды. Мұхаммед алейһиссалам қияметте ең бірінші болып қабірден тұрады (тіріледі). Жаннатқа барлығынан бұрын кіреді. Көркем мінезін, ахлағын айтып тауысу мүмкін емес және оны айтып жеткізуге адамның тіл байлығы жетпейді. Қиямет күні барлық пайғамбарлар оның туының астын көлеңкелейді. Аллаһу та’ала әрбір пайғамбарға «Жаратқандарымның ішіндегі жақсы көріп, таңдаған, хабибім Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар болған кезеңіне жетсеңдер оған иман келтіріп, көмек беріңдер» деп бұйырды. Барлық пайғамбарлар да үмметтеріне осыны өсиет етіп, бұйырды. Мұхаммед алейһиссалам Хатәм-ул әнбия, яғни одан кейін ешқандай пайғамбар келмейді. Иман етілуі керек болған шарттардың бесіншісі – ахирет күніне сену. Ахирет адамның өлген күнінен басталады. Қияметтің соңына дейін жалғасады. Қияметтің қашан болатыны білдірілген жоқ, оның уақытын ешкім біле алмады. Бірақ, пайғамбарымыз қияметтің біраз белгілерін былай хабарлады: Хазреті Мәхди келеді, Иса алейһиссалам көктен Шамға түседі, Дәжжал шығады, Йәжуж Мәжуж дегендер барлық нәрсені астан-кестің етеді. Күн батыстан шығады. Үлкен зілзалалар болады. Дін ілімдері ұмытылады. Жамандық көбейеді. Дінсіз, ахлақсыз, намыссыз адамдар ел басқарады. Олар Аллаһу та’аланың бұйрықтарына тыйым салады. Барлық жерді харам істер қаптайды. Йеменнен бір от шығады, көктер мен таулар бөлшектенеді, күн мен ай тұтылады. Теңіздер араласып, қайнап, кеуіп кетеді. Күнә істейтін мұсылмандар фасық деп аталады. Фасықтар мен барлық кәпірлер қабірде азапқа тартылады. Бұларға сену қажет. Мәйіт қабірге қойылғаннан кейін біз білмейтін түрде тіріліп, рахаттық немесе азап шегеді. Мүнкәр және Нәкир деген екі періштенің беймәлім қорқынышты түрде қабірге келіп, сұрақ сұрайтынын хадис шәрифтер айқын көрсетеді. Қабір сұрақтары кейбір ғалымдардың айтуынша кейбір сенім мәселелерінен болады, ендігі бір ғұламалардың айтуынша тұтас сенімнен болады. Сондықтан балаларға «Раббың кім? Дінің не? Кімнің үмметісің? Кітабың не? Қыблаң қайда? Сенім мен амалдағы мазһабың қандай?» деген сұрақтардың жауабын үйретуіміз керек. Әһли сүннет болмаған адамның дұрыс жауап бере алмайтындығы «Тәзкирә-и Қуртуби» кітабында жазылған. Жақсы жауап бергендердің қабірі кеңейіп, оған жаннаттан бір терезе ашылады. Таңертең және кешке жаннаттағы орнын көріп, періштелер тарапынан жақсы нәрселерге ие болады, сүйіншілер беріледі. Дұрыс жауап бере алмаса темір тоқпақтармен қатты ұрылатындығы соншалық, оның бақырған даусын адам мен жыннан басқа барлық нәрсе естиді. Қабірі тарылатындығы соншалық сүйектері сығылады. Оған жаһаннамнан бір терезе ашылып, тозақтағы орнын көріп, қабірден махшарға дейін ащы азап тартады. Өлгеннен кейін қайтадан тірілуге сену керек. Сүйек пен ет шіріп, топырақ пен газға айналғаннан кейін барлығы қайтадан жиналып, рух тәнге кіріп, барлық адам қабірлерінен тұрады. Сондықтан, сол уақыт қиямет күні деп аталады. Барлық жанды болмыстар Махшар алаңына жиналады. Әрбір адамның амал дәптерлері өздеріне ұшып келеді. Бұларды жер мен көкті жаратқан құдіреті шексіз Аллаһу та’ала жүзеге асырады. Бұлардың болатынын Аллаһу та’аланың Расулы (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) хабарлаған. Оның айтқандары әрине дұрыс. Олардың барлығы орындалады. Салих, жақсы адамдардың амал дәптерлері оң жағынан, фасықтардың, жаман адамдардың дәптерлері сол жағынан немесе арқасынан беріледі. Жақсы, жаман, үлкен, кіші, ашық, жасырын жасалған барлық нәрсе дәптерде жазулы болады. Кирамән катибин періштелері білмеген нәрселері ағзаның көрсетуімен немесе Аллаһу та’аланың білдіруімен белгілі болады, барлық нәрседен сұрақ-жауап болады. Махшарда Аллаһу та’аланың қалаған әрбір жасырын нәрсе айқындалады. Періштелерден: «Жерде, көкте не істедіңдер?», пайғамбарлардан: «Аллаһу та’аланың үкімдерін құлдарға қалай жеткіздіңдер?», адамдардан: «Пайғамбарларға қалай бағындыңдар, сендерге білдірілген міндеттеріңді қалай орындадыңдар? Бір-біріңнің құқықтарыңды қалай қорғадыңдар?» деп сұралады. Махшарда иманы болып, амалы мен мінезі жақсы адамдар сыйға бөленеді, жаман мінезді, бұзық амалды адамдарға ауыр жазалар беріледі. Аллаһу та’ала әділдігімен кейбір кіші күнәлар үшін де ауыр азаптар береді, қалаған мүміндерінің үлкен және кіші барлық күнәларын ихсанымен кешіреді. Шірктен, күпірліктен басқа барлық күнәні қаласа кешіреді, қаласа кіші күнәларға да ауыр азаптар береді. Мүшрік және кәпір болып өлгендердi еш кешірмейтінін білдірген. Кітабы бар және кітапсыз кәпірлер, яғни Мұхаммед алейһиссаламның барлық адамдардың пайғамбары екендігіне сенбеген, оның білдірген үкімдерін, яғни бұйрықтар мен тыйымдарды елемегендер сол қалпында өлетін болса, әрине жаһаннамға барып, мәңгі азап тартады. Қиямет күнінде істерді, амалдарды өлшеу үшін біз білмейтін бір мизан, өлшем құралы, таразы болады. Ол таразының бір бетіне жер мен көк сияды. Сауап беті жарық болады, ол Арштың оң жағында, жаннат жақта болады. Күнә тарапы Арштың сол жағында, жаһаннам жақта, қараңғыда болады. Ол кезде дүниеде жасалған істер, айтылған сөздер, пікірлер, көзқарастар бір пішім алып, жақсылықтар жарқырап, жамандықтар қараңғы және жиіркенішті болып, осы таразыда тартылады. Бұл таразы дүниедегі таразыларға ұқсамайды. Ауыр жағы жоғары шығады, жеңіл жағы төмен түседі делінген. Ғұламалардың біразының айтуы бойынша әр түрлі таразылар болады. Сырат көпірі болады. Сырат көпірі Аллаһу та’аланың бұйрығымен жаһаннамның үстіне құрылады. Барлық адамға осы көпірден өту бұйырылады. Ол күні барлық пайғамбарлар: «Йа, Раббым! Саламат бере-гөр» деп жалбарынады. Жаннаттықтар көпірден оңай өтіп, жаннатқа кіреді. Бұлардан біразы найзағай сияқты, ендігі біразы жаңбыр сияқты, тағы бір бөлігі шапқыр ат сияқты өтеді. Сырат көпірі қылдан жіңішке, қылыштан өткір болады. Дүниеде Исламға мойынсұну да осындай, сырат көпірінен өту сияқты. Ислам дініне толық мойынсұнуға тырысу – сырат көпірінен өту сияқты. Дүниеде нәпсісімен күрескендер ол жерде сыраттан оңай өтеді. Сол үшін де Аллаһу та’ала Ислам дінінің көрсеткен тура жолын «Сират-ы мустақим» деп атады. Бұл атаудың ұқсастығы да Исламның жолында болудың сырат көпірінен өту сияқты екендігін көрсетеді. Жаһаннамдықтар сыраттан өте алмай, жаһаннамға түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тән Кәусар деген хауыз бар. Үлкендігі бір айлық жол шамасында. Суы сүттен ақ, иісі хош иісті. Айналасындағы кеселердің саны жұлдыздардан көп. Одан бір рет ішкен адам жаһаннамда болса да ешқашан шөлдемейді. Шапағат - хақ. Тәубесіз өлген мұсылмандардың кіші және үлкен күнәларының кешірілуі үшін пайғамбарлар, әулиелер, салих адамдар, періштелер және Аллаһу та’ала рұқсат берген адамдар шапағат етеді және шапағаттары қабыл болады. Жаннат пен жаһаннам қазір бар. Жаннат жеті қабат көктің үстінде. Жаһаннам барлық болмыстың астында. Сегіз жаннат, жеті жаһаннам бар. Жаннат жер шарынан, күннен және көктерден үлкен. Жаһаннам да күннен үлкен. Иман етілуі қажет болған алтыншы шарт – тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһу та’аладан екеніне сену. Адамдарға келетін жақсылық пен жамандық, пайда мен зиян, табыс пен шығындардың барлығы Аллаһу та’аланың жазмышымен жүзеге асады. Аллаһу та'аланың бір нәрсенің болмысын қалауы тағдыр деп аталады. Тағдырдың, яғни болмысы қаланған нәрсенің бар болуы қаза деп аталады. Тағдыр мен қаза сөздері бір-бірінің орнына қолданыла береді. Барлық жануарлардың, өсімдіктердің, жансыз нәрселердің, қатты заттардың сұйықтықтардың, газдардың, жұлдыздардың, молекулалардың, атомдардың, электрондардың, электро-магниттік толқындардың, қысқасы, барлық нәрсенің әрекеті, физикалық құбылыстар, химиялық реакциялар, энергиялардың алмасуы, жандылардағы физиологиялық іс-әрекет, барлық нәрсенің болып-болмауы, құлдардың жақсы және жаман әрекеттері, дүние мен ахиретте олардың жазаларын тартуы және барлық нәрсе Аллаһу та’аланың ілімінде әзелден (басы жоқ ежелден) бар еді. Әзелден мәңгіге дейін болатын заттарды, қасиеттерді, әрекеттерді, оқиғаларды әзелде білгені бойынша жаратуда. Адамдардың жақсы, жаман барлық істерін, мұсылман болуларын, күпірліктерін, қалап, қаламай істеген барлық істерін Аллаһу та’ала жаратуда. Жаратушы тек қана Ол. Себептер туындатқан нәрселерді жарататын Ол. Ол барлық нәрсені бір себеппен жаратуда. Мысалы, от жандырады. Бiрақ, жануды жарататын Аллаһу та’ала болып табылады. Оттың жанумен еш қатысы жоқ. Алайда, Аллаһу та'ала әдеті бойынша бiр нәрсеге от тимейiнше жануды жаратпайды. От тұтану температурасына дейiн ысытудан басқа ешнәрсе iстемейдi. Органикалық денелердiң құрамындағы көмiртегi, сутегi, оттегiнi бiрiктiрiп, электрондарды алмастыратын от емес. Ақиқатты көре алмайтындар бұларды от атқарады деп санайды. Өртейтiн, жану реакциясын жүзеге асыратын от емес. Оттегi де емес. Жылу да емес, электрондардың алмасуы да емес, өртейтін тек - Аллаһу та’ала. Бұлардың бәрiн өртеудiң себептерi етiп жаратқан. Ілімі болмаған адам от өртеп жатыр деп ойлайды. Бастауыш мектепті бітірген адам «От өртейді» деген сөзді қабылдамайды, «Ауа өртейді» деп айтады. Орта мектепті бітірген адам мұны қабылдамайды, «Ауадағы оттегі өртейді» дейді. Колледж бітірген адам «Жану оттегіге тән емес. Әр электронды тартқан элемент өртейді» дейді. Университет бітірген адам болса материямен бірге энергияны да есепке алады. Ғылым iлгерiлеген сайын себеп деп есептелген нәрселердiң арғы жағында басқа қаншама себептердiң бар екендiгi аңғарылуда, ғылымның шырқау шегiне шыққан, ақиқатты толық көрген пайғамбарлар мен оның жолымен жүрген, ғылым дариясынан сусындаған ислам ғұламалары (рахметуллаһи та’ала алейһ) қазiргi таңдағы жағушы, жасаушы деп саналатын нәрселердің тек арашы құрал екенін және бұлардың өзі жаратылған нәрсе екенін, нағыз жасаушының, жаратушының араға қойған себептері ғана екенін білдіруде. Өртейтiн – Аллаһу та’ала. Ол отсыз да өртейдi. Бірақ, от арқылы өртеу, жағу – әдеті болып табылады. Өртеудi қаламаса от болса да өртемейдi. Ибраһим алейһиссаламды отта да өртеген жоқ. Оны қатты жақсы көргендiктен әдетiн бұзды. Аллаһу та’ала қаласа барлық нәрсенi себепсiз, құралсыз жаратар едi. Отсыз өртер едi, жеместен тойдырар едi. Алайда, құлдарына жақсылық жасап, барлық нәрсенi жаратуды бiр себепке байлады. Белгiлi нәрселердi белгiлi құралдармен жаратуды қалады. Істерді, жұмыстарды себептермен орады. Осылайша құдіретін себептердің артына жасырды. Аллаһтың бір нәрсені жаратуын қалаған адам әуелі сол нәрсенің себебін орындайды, сосын барып қалаған нәрсесіне қауышады. Мысалы, шырағданды жаққысы келген адам сіріңке қолданады. Зәйтун майын жасағысы келген адам сығу құралын қолданады. Басы ауырған адам дәрi қолданады. Жаннатқа барып, шексіз ниғметтерге қауышқысы келген адам, Исламға мойынсұнады. Өзiн тапаншамен атқан немесе у iшкен адам өледi. Терлеп тұрып су iшкен адам ауырады. Күнә iстеп күпірлікке түскен адам жаһаннамға барады. Кім қандай себепті қолданса, сол себеп құрал етілген нәрсеге қол жеткізеді. Мұсылман кiтаптарын оқыған адам исламды үйренiп, мұсылмандықты қабылдайды. Дiнсiздердiң арасында өскен, олардың сөзiн тыңдаған адам дiнде надан болады. Дін надандарының көпшілігі имансыз болады. Адам қай жақтың көлігіне мінсе сол жерге барады. Аллаһу та’ала өз iстерiн құралдармен жаратпағанда ешкiм ешкiмге мұқтаж болмас едi. Барлық адам барлық нәрсені Аллаһтан сұрап, басқа ешнәрсе істемейтін еді. Ол кезде адамдар арасында басшы, қызметкер, жұмысшы, қолөнершi, шәкiрт, ұстаз сияқты адам қатынастары жойылып, дүние мен ахиреттiң тәртiбi бұзылар едi. Әдемi мен көрiксiз, жақсы мен жаман, күнәсiз бен күнәхар арасында айырмашылық қалмас едi. Ислам мұсылмандардан пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сенген және көрсеткені сияқты иман келтірулерін қалайды. Пайғамбарымыз бір ғана иманды білдірген. Сахабалардың барлығы Оның білдіргені бойынша сенген, сенімде айырмашылықтары болмаған. Пайғамбарымыз алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін адамдар Ислам дінін сахабалардан естіп, сұрап үйренді. Барлығы бірдей иманды үйретті. Олардың пайғамбарымыздан жеткізген бұл иманы әһли сүннет ақидасы деп аталды. Сахабалар (радиаллаһу анһум) бұл иман ілімдеріне өз пікірлерін, философтардың сөздерін, жеке қалауларын, саяси көзқарастарын және сол сияқты басқа да нәрселерді еш араластырмаған. Сахабалар барлық нәрседе кемел дәрежеде болған Аллаһу та'аланы барлық кемшіліктен пәк көру, Оның білдіргендерін қарсы келместен қабыл етіп сену, мутәшабих (мағынасы ашық болмаған) аяттардың тәуиліне берілмеу... сияқты қасиеттері мен имандарын пайғамбарымыздан есіткеніндей сақтаған. Исламдағы иман негіздерін сұраған адамдарға таза, анық және негізгі қалпында уағыздап, насихаттады. Сахабалардың Расулуллаһтан жеткізген бұл уағызды сол қалпында, еш нәрсе қоспастан және алмастан қабылдап, солайша сеніп, олардың жолында болғандар әһли сүннет уәл жамағат тобы, ал осы тура және ақиқат Ислам жолынан тайғандар бидғат топтары (адасқан, бұзылған топтар)деп аталды. Сахабалардың барлығы мүжтәһид болған. Олар дін білімдерін тікелей Расулуллаһтан алды. Оны тікелей көрудің, сұхбатына қатысудың арқасында туындаған рухани кемелдікке, үстемдіктерге қол жеткізді. Нәпістері мутмәиннә (тәрбиеленген) болып, әрбірі ықылас, әдеп және ғылымда, сахабалардан болмаған ғалым мен әулиелер қол жеткізе алмайтын дәрежелерге қол жеткізді. Әрқайсысының тура жолдың жұлдыздары екендігі хадис шәрифтермен білдірілді. Барлығының иманы, ақидасы бір болды. Олар аяти кәримә мен хадис шәрифте көрсетілмеген мәселелер бойынша ижтихад етті, үкімдер шығарды. Әрқайсысы амалда жеке мазһаб иесі еді. Көбісінің ижтихадтарынан шығарған үкімдері бір-біріне ұқсайтын. Ижтихадтары жиналып, кітапқа жазылмағандықтан мазһаптары заман өтуімен ұмытылып кеткен. Сондықтан да қазіргі уақытта сахабалардың кез-келген бірінің мазһабына бағыну мүмкін емес. Исламды сахабалардан үйренген табиин (екінші ұрпақ) және табииндерден үйренген тәбә-и табииндерден (үшінші ұрпақ) де дін ілімдерінде көтеріліп, мутлақ мүжтәһидтік дәрежесіне қауышқан ұлы имамдар жетілді. Бұлар да амалда мазһаб иелері еді, әрқайсысының ижтихадтарынан пайда болған үкімдер сол ғалымның мазһабы деп аталды. Бұл ғұламалардың да көпшілігінің мазһабы кітапқа түспегендіктен ұмыт болды. Тек төрт имамның ижтихадтары шәкірттері тарапынан кітаптарға жазылып, сақталды және мұсылмандар арасына таралды. Жер бетіндегі барлық мұсылмандарға тура жолды көрсететін және Ислам дінін өзгеруден, бұзылудан сақтап қалған осы төрт имамның біріншісі Имам Ағзам Әбу Ханифа, екіншісі Имам Малик бин Әнәс, үшіншісі Имам Мұхаммед бин Идрис Шафии, төртіншісі Ахмед бин Ханбал (рахметуллаһи таала алейһим ажмаин). Әһли сүннет ақидасында болған осы төрт имамнан Имам Ағзамның жолы Ханафи мазһабы, Имам Маликтің жолы Малики мазһабы, Имам Шафиидің жолы Шафии мазһабы, Имам Ахмед бин Ханбалдың жолы Ханбали мазһабы деп аталған. Қазіргі таңда бір мұсылманның Аллаһу та’аланың разылығына сай іс пен ғибадат жасай алуы тек осы төрт мазһаптың біріне бағынуы арқылы ғана жүзеге асады. |