Расулуллаһтың үш насихатыӘһли хикмет ғұламалар былай деген: Мүбәрәк бір кісі елінің сұлтанына мына нәрсені айтып береді: Пайғамбарымыз алейһиссалам қайтыс боларына жақын Біләл Хабашиге былай деді: Йа Біләл, үмметіме айт, мына үш нәрсені орындаса, барлық істерінде жетістікке жетеді: 1) Не істесе де тек Аллаһ разылығы үшін істесін. Адам әрбір жұмысын мына екі мақсаттың бірімен іске асырады: Аллаһ разылығы үшін немесе нәпістің, яғни адамдардың разылығы үшін. Адамдардың разылығын таңдағандардың шаруасын Аллаһу та'ала адамдарға тастап қояды. Аллаһтың разылығын көздегендерді Өз панасына алады. Кім Аллаһ үшін болса, Аллаһ та сол адам үшін болады. Айналасындағы адамдар Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттеріне «Сіз қандай мүбәрәк адамсыз!» дейді. Абдулқадир Гейлани хазреттері: «Сендер қайдан білесіңдер?» дейді. Адамдар: «Жұрттың бәрі сізді жақсы көріп, мақтайды» деп жауап береді. Сонда Абдулқадир Гейлани хазреттері былай дейді: «Біз, адамдар бізді жақсы көрсін деп мұсылман болмадық. Аллаһ жақсы көрсін деп мұсылман болдық. Бұл адамдарға сенім жоқ. Бүгін жақсы көрсе, ертең жамандап жатады.»
2) Әрқашан татулық, бірлік ішінде болсын Бірлікте рахмет, бөлінуде азап бар. Бірлікте қуат, бөлінуде пәлекет бар. Бірліктен мақсат денелердің бір жерде болуы емес, көңілдердің бірге болуы, мақсаттың бір болуы. Мақсаты Аллаһтың разылығы болғанның жүзі ақ болады, оның көмекшісі – Аллаһу та'ала болады.
3- Ешқашан туралықтан шықпасын Аллаһу та'ала дұрыс (адал) адамдардың жәрдемшісі. Пайғамбарымыз алейһиссалам мұсылманды «Қолынан және тілінен (ешкімге зиян тимейтін) сенімді адам» деп сипаттаған. Мұсылман – адал, әдепті, дұрыс адам деген сөз. Мұсылманның өзі тура, сөзі тура, ісі, амалы тура, барлық нәрсесі дұрыс, көзі мен көңілі тоқ адам, онда суайттық, қулық болмайды. Дұрыстық, адалдық оның белгісі және саламаты. Осы кезде сұлтан: «Барлық адамға жақсылық жасаудамын, бірақ, кейбірінен дұшпандық көремін. Олар неге бұлай істейді?» деп сұрайды: Мүбәрәк кісі былай деп жауап береді: Мырзам, мұны пайғамбарымыз алейһиссалам былай ашықтаған: «Жақсылық жасағандарыңа қатты мұқият болыңдар! Сендерге бір зияны тиюі мүмкін.» Егер жақсылық жасаған адамың пасық болса немесе дін мен иманды білмейтін болса, жақсылығың оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Тәтті тағамдардың қант диабетімен ауыратын адамға тигізетін зиянындай. Сондықтан жақсылық жасаған адамадарымызға қатты мұқият болуымыз керек. Сұхбатта осы мүбәрәк кісінің ұлы да бар еді. Сұлтан бұл кісілерді шығарып салады. Жолда кетіп бара жатып баласы әкесіне: «Әке, сіз сұлтанға тек дін туралы насихат айттыңыз. Дүние тірліктері, саясат туралы айтпадыңыз ғой» дейді. Әкесі: «Ұлым, біздің басқа қазынамыз жоқ. Ыдыстан ішінде не бар болса, сол құйылады. Бізден де осылар құйылды» деп жауап береді. |