19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Достықты тәрк ету...

Достықты тәрк ету...

Хиджр – достықты тәрк ету, араздау, ренжісу деген сөз. Мұсылманның дін бауырына ренжіп, ашуланып үш күннен көп араздауы харам болып табылады. Мұсылмандар исламға мойынсұнбаса оларға араздау, мұсылмандық міндетіне шақыру парыз. Хадис шәрифте: «Мұсылманның мұсылманға үш күннен артық хиджр етуі, араздауы халал болмайды. Үш түннен кейін оған барып сәлем беруі уәжіп болады. Сәлеміне жауап берсе ортақ сауапқа ие болады. Жауап бермесе күнәсі оған болады» делінген.

Ерлердің де, әйелдердің де дүниелік іс үшін мұсылманның мұсылманға араздауы, яғни оны тәрк етуі, онымен байланысын үзуі жаиз емес. Мұсылман еместерге де дүниелік істер үшін араздау жаиз емес. Жылы жүзбен, жылы сөзбенен олардың да көңілдерін табу керек, ренжітпеу керек, кісілік ақыларына мән беру керек.

Бір күні Мәулана Жәлаладдин Руми хазреттерінің алдына бір-бірлеріне ренжулі екі адам алып келінеді. Хазреті Мәулана олардың татуласулары керектігін айтқаннан кейін былай дейді:

«Аллаһу та'ала кейбір адамдарды су сияқты таза, қарапайым, әрдайым төменге қарай ағатын және жұмсақ мінезді етіп, ал кейбіреулерді топырақ, тас сияқты қатты, қатаң етіп жаратты. Су топыраққа араласады, жемістердің өсіп-өнуін, жандылардың өмір сүрулерін қамтамасыз етеді. Сол сулардан рух пен денелерге азық дайындалып, пайдаларына жарайды. Су топыраққа бармаса, су мен топырақтан керегінше пайдаланыла алмайды. Ей Нурәддин! Мына досың топырақ сияқты болып орнынан тұрмаса, татуласпаса сен су сияқты қарапайым болып, онымен татулас. Бір-бірімен ренжіскен адамның қайбірі екіншісінен бұрын татуласса, жаннатқа одан бұрын кіретінін барлығы біледі. Ол көбірек сауапқа ие болады. Нәтижесінде бұл татулықтан екеуің де пайда тапқан боласыңдар.»

Мәулана Жәлаладдини Руми хазреттерін тыңдап отырған бір-бірімен араздаулы екі кісі, көбірек сауапқа ие болу үшін дереу бір-бірімен татуласады...

Араздасқан адамдардың үш күн толмай тұрып татуласқаны дұрыс. Қиын болмасын деп үш күн рұқсат берілген. Үш күн өткеннен кейін күнә жазыла бастайды және күн өткен сайын ол күнә арта береді. Күнәнің артуы татуласқанға дейін жалғасады. Үш күннен артық араздаған адам шапағат етілмесе, яғни кешірілмесе жаһаннамда азап көреді. Хадис шәрифте: «Саған араздаған адамға барып татулас! Зұлымдық жасағанды кешір. Жамандық жасағанға жақсылық жаса!» деп бұйырылған.

Күнә істеген адамға оған насихат ретінде сабақ болсын деп араздау жаиз, тіпті мүстаһаб болады. Аллаһу та'ала үшін араздаған болады. Хадис шәрифте: «Амалдардың, ғибадаттардың ең құндысы – хубби филлаһ және буғди филлаһ» делінген.

Дауд алейһиссаламның алдына бір-біріне шағымданып екі адам келеді. Дауд алейһиссалам оларды тыңдап, мәселелерін шешіп, кетіп бара жатқанда Әзрейіл алейһиссалам келіп:

- Бұл екі адамның біріншісінің ажалына бір апта қалды. Екіншісінің өмірі бір апта бұрын біткен еді, бірақ өлмеді,- деді. Дауд алейһиссалам таң қалып себебін сұрағанда:

- Екіншісінің бір туысы бар еді. Ол бұған араздаған еді. Бұл оған барып көңілін аулады. Осыған орай оған Аллаһу та'ала тағы жиырма жыл өмір қосты,- деді.

Пайғамбарымыз алейһиссалам хазреті Әлиге былай деген: «Йа Әли! Жәбрейіл алейһиссалам, “Адам баласы болып жеті нәрсені істесем ғой” деп армандаған. “Бес уақыт намазды жамағатпен оқу, ғұламалармен бірге отыру, науқастардың көңілін сұру, жаназа намазын оқу, елге су тарату, араздағандарды татуластыру, жетімдерге мейірім ету.” Йа Әли, сен де осыларды істеуге тырыс».

Атаи Хорасани хазреттері былай деген:

«Бір шақырым алыста болса да барып науқастанған бауырыңның көңілін сұра. Екі шақырым алыста болса да барып, ренжіскен екі бауырыңды татуластыр. Үш шақырым алыста болса да барып, Аллаһу та'аланың разылығы үшін жақсы көретін бауырыңды қал-жағдайын сұра.»

Қорыта айтқанда араздамау, ренжіспеу, ұрыспау керек. Достықты тәрк етпеу керек және араздағандарды татуластыруға тырысу керек. Мұса алейһиссалам Аллаһу та'аладан:

- Йа Раббым! Ренжіскен екі адамды татуластырған және сенің разылығыңды алу үшін зұлымдық жасамаған адамға қандай сауап бересің,- деп сұрағанда, Аллаһу та'ала: «Қиямет күні оларға сәлемет беріп, қорыққан нәрселерінен амандықта қыламын, үміт еткен нәрселеріне қауыштырамын» деген.