19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Дінімізде әйелдің орны

Дінімізде әйелдің орны

Сұрақ: Қазіргі таңда “Өмір – бәріне ортақ, еркек те әйел де тең” деген сияқты сөздер айтылып әйелдерге зұлымдық жасалуда. Ең ауыр, ең төмен жұмыстарда да әйелдер жүреді. Ислам дінінде әйел адам үй ішінде және сыртында жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр ма? Дініміздегі  әйелдердің құқылары қандай, сол жайында мәлімет бересіз бе?

Жауап: Ислам діні келместен бұрын әйелдердің ешқандай қадірі жоқ еді. Араптар қыз балаларын тірілей көметін, Қағбаның айналасында да әйелдер жалаңаш жүре беретін еді. Ислам діні келгеннен бастап бұл жаман әдеттер жойылды.

Қазіргі заманда да әлемнің көптеген жерлерінде әйелдерге қорлық көрсетілуде. Кеше ғана өткен кеңестік дәуірде әйелдерге зұлымдық етілді, күштеп колхоз, совхоздарда  еркектер сияқты ең ауыр жұмыстарда, еркек басшылардың қысымының астында арзымаған ақшаға күштеп жұмыс істетілді. Бірақ зұлымдықтың арты ұзаққа созылмады. Белгілі соңына жетті.

Еркін әлем делінетін христиан өлкелерінде және Ислам өлкелері делінетін арап елдерінде де әйелдер завод-фабрикаларда, сауда-саттықта еркектер сияқты жұмысыа жұмылдырылуда. Көбінің үйленгендеріне өкініп жүргендері, сот мекемелері ажырасу дауларымен толып жатқандығы көрінуде.

Бір жазушы әйел былай дейді:

«Көрмелерге барған сайын сандарын жалтыратып, соңғы модел машинаның үстіне отырған қысқа етекті юбка киген тірі маникендерді көргенімде ішім ашиды, жаным сыздайды. Сондай-ақ оларға таң қаламын. Азды көпті өзін қадірлейтін бұл әйелдер ол жерде тұрып әлгі машиналардың аксессуары секілді өзінің саудаға салынуына қалай төзе алады. Әйел затын мұншалықты төмендететін осындай әйелдерге де, және оларды сонда отырғызып, алушыны алдап тауарын сатуға тырысатындарға да қарсы ішім ызамен қайнайды.»

Әйелдер ислам дінінің өздеріне берген қадірін, жеңілдігін, еркіндігін білсе, бүкіл дүние жүзінің әйелдері бірден мұсылман болар еді.

Мұсылмандықта әйел сұлтан. Дініміз әйелге көп қадір берген. Ал еркекке көп жауапкершілік жүктеген. Исламда әйел үй ішінде және сыртында жұмыс істеуге, ақша табуға мәжбүр емес. Тұрмыста болса күйеуі, тұрмысқа шықпаған болса әкесі, әкесі жоқ болса, ең жақын еркек туысы еңбек етіп оның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мәжбүр. Жақын туысы жоқ болса немесе кедей болса, “Бәйтул мал”, яғни мемлекет қазынасы әр түрлі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті.

Исламда күнкөріс жүгі еркекпен әйел арасында бөлісілген емес. Ешбір еркек әйелін бақшада, фабрикада немесе қандай да бір жұмыс орнында еңбек етуге мәжбүрлей алмайды. Егер әйел өзі қаласа және күйеуіде разы болса әйел өзіне ыңғайлы болған жұмыста істей алады. Бірақ тапқан табысының бәрі өзінікі болады.

Мұсылман әйелі сауда-саттық, ғылым, өнеркәсіп, егіншілікпен шұғылдануға мәжбүр болмаса да, бұлармен шұғылдануына, ақша табуына тыйым салынған емес, харам да емес. Бірақ бұлармен шұғылданғанда және ілім үйренгенде еркектер арасына кірмеулері, оларға ашық күйде көрінбеуі, харамнан ұзақ болуы керек. Әйелдің жасаған күнәларының жазасын оған сол күнәні жасауға рұқсат берген еркек де тартады. Ал еркектің жасаған күнәсінің әйелге зияны жоқ.

Мұсылман әйелдің үй істерін жасауы оның ихсаны (жақсылығы) өте сауапты болады. Жасамаса күнә емес. Ешкім мәжбүрлеп жасата алмайды. Расулуллаһ алейһиссаламның дәуірінен осы күнге дейін мұсылман әйелдер бұл ихсанын жасап келген.

Әрбір әйел бір еркектің қызы, не әпке-қарындасы немесе әйелі не болмаса анасы. Әйелдерге жаман, әбес нәрселерді лайық көрмеу керек. Оларды лайықты түрде қадір тұту керек. (Р. Насихин)

Хадис шәрифте былай делінген:

«Мүмин жаман мінезді деп әйеліне ашуланбасын! Жақсы мінезі де болады.» (Мүслим)

«Әйел әлсіз жаратылыс. Әлсіздігін үндемеу арқылы жеңіңдер! Үйдегі кемшіліктерін көрмеуге тырысыңдар!» (Ибн Лал)

«Әйелімен жақсы мәміледе болып, қалжыңдасқан адамды Аллаһу та’ала жақсы көреді, ризықтарын арттырады.» (И. Лал)

«Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам.  Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды, ең пайдалы болған менмін.» (Нәсаи)

«Әйеліне күлімдеп қараған еркектің амал дәптеріне бір құл азат еткендей сауап жазылады.» (Р. Насихин)

«Әйелдерді тек текті және абыройлы адам ғана қадір тұтады. Оларды тек жаман және төмен адамдар ғана қор көреді.» (И. Асакир)

 

Сұрақ: “Исламда әйелдердің қадірі жоқ” деп айтылып жатады. Исламда әйелдердің орны қандай?

Жауап: Дінімізді білмейтін адамның Исламның әйелге берген қадірі туралы айтуы, соқыр адамның пілді сипаттап беруіне ұқсайды. Бір соқыр кісі пілдің аяғынан ұстап, “Піл тірек сияқты” дейді. Басқа бір соқыр адам пілдің денесінен ұстап “піл дуал сияқты” дейді. Тағы бірі пілдің тұмсығын ұстап “піл жылан сияқты” дейді. Көрген адаммен көрмеген адам бірдей болмайтынындай, білетін адаммен білмейтін адам да бір емес.

 

Еркектер үнемі кемшілікті өзінде деп ойлауы керек

Құран кәрімде адамға келген қиыншылықтар күнәларының себебімен келетіні білдірілуде. Фудайл бин Ияд хазреттері: «Дінге сай болмаған іс жасағанымды әйелімнің мінез өзгерісінен аңғаратын едім. Дереу ол ісіме тәубе еткенімде әйелімнің мінезі де дұрысталатын. Осылай тәубемнің қабыл болғанын түсінетін едім» деген. Олай болса мұсылман еркек әйелімен жақсы мәміледе болады. Өйткені еркектердің мойнында әйелдердің де ақылары бар. Хадис шәрифте: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер! Олар Аллаһу та’аланың сендерге берген аманаты. Оларға жылы мәміледе болыңдар, жақсылық жасаңдар!» делінген. (Мүслим)

Үйге келгенде әйеліне сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек, ренішімен қуанышына ортақ болу керек. Өйткені ол басқалардан үмітсіз және өзіңе ғана байланған жолдасың, дертіңе ортағың, көңіліңді көтеруші, бала тәрбиелеп жетілдіруші және түрлі қажеттіліктеріңді толықтырушы.

Еркектер үнемі кемшілікті, кінәні өзінде деп ойлауы керек, «Егер мен жақсы болғанда, ол мұндай болмас еді» деп ойлауы керек. Әйелінің жақсылығын, арлылығын Аллаһу та’аланың берген үлкен ниғметі деп білу керек. Әйелінің жаман мінезіне жұмсақ, сабырлы мәміле жасау керек. Жақсылығы көбейіп, барлық ісін қуана қуана істегенінде оған дұға ету керек және Аллаһу та’алаға шүкір ету керек. Өйткені жақсы әйел үлкен ниғмет. Жақсы мәміледе болу тек қана оны ренжітпеу емес, сондай-ақ оның берген қиыншылықтарына да төзу деген сөз. Яғни еркек "мен жақсы күйеумін" дегісі келсе, әйелінен келетін қиыншылықтарға төзуі, сабырлы болуы керек. Хадис шәрифте: ««Әйелінің жаман мінезіне сабыр еткен еркек, Әййуб пайғамбардың сабыры үшін берілгендей сауаптарға қауышады» делінген. Жақсы мұсылман болу үшін әйелімен жақсы мәміледе болу шарт. Құран кәрімде де «Олармен жақсы мәміледе болыңдар!» делінген. (Ниса 19)

Ақылды ерлі-зайыптылар бір-бірлерін ренжітпейді. Өмірлік жарын ренжіту ақымақтықтың белгісі. Жаман мінезді адамның әйелі үнемі ренжи беріп, жүйке жүйесі тозады. Жүйке ауруына шалдығады. Түрлі ауруларға душар болады. Әйелі ауру болған адам бақытсыз болады. Әйелінің қызметінен, көмектерінен махрұм қалады. Бүкіл өмірі оның дертіне дауа іздеумен өтеді. Ал негізінде бүкіл бұл дерттеріне өзінің жаман мінезі себеп болған. Қанша өкінсе де, бұл өкінішінен ешқандай пайда болмайды. Олай болса, әйеліңе көрсеткен жаман мінезіңнің зияны өзіңе тиеді. Сондықтанда оған үнемі жылы жүзді, жұмсақ тілді болуға тырысу керек! Осыны іске асыра алған адам тыныштық және бақыт ішінде өмір сүреді, Аллаһу та'аланың разылығына да қауышады.

 

Әйелдердің жаратылысы

Сұрақ: Әйелдер әлсіз, нәзік жаратылғандықтан еркектерге аманат етілгендігі, ер адамның отбасында отбасы басшысы болуы керектігі, әйелге ер адам жауапты екендігі, бірақ әйелдің ер адамға жауапты еместігі айтылуда. Осы жайлы аят немесе хадис бар ма?

Жауап: Иә, бар. Құран кәрімде былай делінеді:

«Ей иман келтіргендер, өздеріңді және бала-шағаларыңды оттан қорғаңдар, ол оттың отыны адамдар мен тастар.» (Тахрим 6)

«Еркектердің әйелдерде, әйелдердің еркектерде ақылары бар. Алайда еркектер әйелдерге қарағанда бір дәреже үстемдікке ие.» (Бақара 228)

«Еркектер әйелдердің басшысы. Өйткені Аллаһу та'ала кейбір құлдарын кейбірінен үстем етіп жаратқан.» (Ниса 34)

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Әйелдерді Аллаһу та'аланың аманаты ретінде алдыңдар және оларға жақындауларың Аллаһтың әмірімен халал етілді. Сендердің оларда ақыларың болғанындай, олардың да сендерде ақылары бар. Төсектеріңе ешкімді жақындатпау және белгілі жағдайларда сендерге бас көтермеулері – сендердің оларда болған ақыларың. Олар сендердің бұл ақыларыңа мойынсұнса, ризықтандырылу, киіндірілу олардың ақылары.» (Ибн Жәрир)

«Әйел қабырға сүйегінен жаратылған. Ешқалай да түзу бола алмайды. Оны түзулеуге тырыссаң сындырып аласың. Әйелдің сынуы – ажырасуы деген сөз.» (Бұхари)

«Әйел әлсіз жаратылған және әурет болып табылады. Әйелдердің әуреттерін үйде ұстап жабыңдар!» (Ибн Лал)

 

Сұрақ: Әйел үстем бе әлде еркек пе?

Жауап: Бұл қате сұрақ. Бұл «Мына инженер мықты ма әлде ана адвокат па» деген сұраққа ұқсайды. Адвокаттан мықты инженер, инженерден мықты адвокат болады. Еркектен үстем әйел көп. Жыныстары, қасиеттері өзгеше болғандар салыстырылмайды. Мысалы, алма алмұрттан немесе алмұрт алмадан жақсы делінбейді. Өйткені, бұлар екі түрлі нәрсе.

Жүз келілік палуан мен елу келілік палуан бір-бірімен күреске шықпайды. Әр палуан өз салмағындағы палуанмен күреседі. Ауыр салмақтағы палуан өз қарсыластарының барлығынан жеңіліп, елу келідегі палуандардың барлығын жеңсе медаль ала алмайды. Бір типтегі нәрселердің өзінде әртүрлі шарттарға қаралады. Жұмыс істейтін әйелдердің жалақыларын білу үшін Америкадан келген екі адамның біреуі министрлікте істейтін әйелдің жалақысын көрсе, екіншісі мектепке жаңа орналасқан мұғалімнің жалақысын көрсе, екеуінің рапорты екі түрлі болады. Қатардағы жұмысшы әйел мен министр әйелдің жалақылары салыстырылмайды.

Әйел мен еркекті салыстырып, «Әйел баланы дүниеге әкеледі, еркек әкелмейді, бұл теңдік емес» дегендей қорытынды шығару әбестік. Аллаһу та'ала әйел мен еркекті әртүрлі іс үшін жаратқан. Физикалық тұрғыдан екеуі бір-біріне ұқсамайды. Бір-біріне ұқсамайтын екі нәрсе бір-бірімен салыстырылмайды.

Еркек тұрып: «Ақыры әйел мен еркек тең екен, неге әйелдер де біз сияқты жердің астында көмір және де басқа қазба жұмыстарында жұмыс істемейді» демеуі керек. Өйткені әйел адамның дене бітімі бұған төзімді емес. Кейбір мемлекеттерде әйелдер мұндай салада жұмыс істеп жатқан болса да бұл теңдік емес, қорлық болып табылады. Әр адамға өзіне лайық жұмыс берілуі керек!

Аллаһу та'ала әйелді де еркекті де кез-келген іске бейім етіп жаратпаған. Әйелдің боксшы, күресші болмауы оның абыройын түсірмейді. Лимонның қышқыл болуы лимон үшін кемшілік емес. Өйткені лимон сол қышқылдығы үшін алынады. Аллаһу та'ала да әйелді ауыр істерге бейім етіп жаратпаған. Еркек пен әйел екі жыныс. Алма мен алмұрттың салыстырылмайтыны сияқты, әйел мен еркектің бір-бірінен артықшылығы туралы айтылмайды. Тек сипаттары бірдей болған нәрселер ғана салыстырылады. Сипаттары әртүрлі болған нәрселер салыстырылмайды.  Мысалы, кеме, ұшақ және автобус көлік құралы болса да бірінің екіншісінен артықшылығы айтыла алмайды. Ұшақ теңізде жүре алмағандығынан кемеден нашар деп айтылмайды. Кеме жерде жүре алмағандықтан велосипедтен жаман деп айтылмайды. Кеме басқа бір кемемен, ұшақ басқа бір ұшақпен салыстырылуы мүмкін. Екеуі де жерде жүре алса да танк пен автомобиль салыстыруға келмейді. Танк автомобиль сияқты тез жүре алмағандықтан ол нашар деп айтылмайды. Әр қайсысының өз міндеті, қолданылатын жері бар.

Бокста екі әйел бір еркектей ғана төбелесе алуы мүмкін делінсе, бұл әйелді кемсіткен болмайды. Аллаһу та'ала әйелді ақыл мен дене тұрғысынан еркектерден өзгеше етіп жаратқан. Жаратушы жер бетінде ақылды әйел жаратқаны сияқты, ессіз еркекті де жаратқан. Әйелдердің де, еркектердің де ешбірінің де ақылдары бірдей емес. Ешкім тұрып: «Йа Раббым неге адамдардың ақылдарын бірдей етіп жаратпадың» дей алмайды. Жаратушы сұраққа алынбайды. Көптеген тұрғыдан әйелдер мен еркектер салыстырыла алмайды. Екеуі де барлық жағынан бірдей болуы керек делінбейді. Екі еркек те барлық жағынан бір-бірімен бірдей емес. Екі әйел де осындай. Үстемдік Аллаһтың дәргейіндегі қадіріне байланысты болады. Мұсылман кедей бір қара нәсілді адам, мұсылман емес патшадан салыстыруға келмейтіндей дәрежеде үстем болып табылады.

Дініміздің байлар мен әйелдердің көбісінің жаһаннамға кететінін білдіруі – байлар мен әйелдерді қорлау емес. Байлардың көбі ақшаларын пайдалы нәрседе қолданбайтындықтан, зиянды нәрселерде қолданатындықтан, ысрап ететіндіктен, соларға ескерту мақсатында «Мыналарды істемесеңдер жаһаннамға барасыңдар» делінген.

Сол сияқты әйелдер де еркектерге қарағанда көбірек әсерленіп көбірек күнә жасағандары үшін «Күнә істемеңдер, жаһаннамға түсесіңдер» деп ескертілуде. Жақсы әйелдерді және байлығын жақсы жолда жұмсайтындарды да Аллаһу та'ала мақтаған. Құран кәрімде мүлікті жақсы нәрсе ретінде білдіруде, салиха әйелдерді мақтауда. Кәпір еркектердің жаһаннамға баратынын білдіріп жатып, мұсылман әйелдердің жаннатқа баратынын білдіруде.

Олай болса "ислам әйелге мән бермеген" деп айту, дін дұшпандығынан басқа ешнәрсе емес. Аллаһқа қарсы шыққан әйел немесе еркектің жаһаннамға баруы қалыпты нәрсе емес пе? Мемлекетті құлатуға тырысқан анархист әйелдерді қамауға алғаны үшін мемлекетті әйелдің дұшпаны деуге бола ма?

Дініміз әйелге қатты қадір берген, еркекке көп жауапкершілік жүктеген. Әйелдер үйде немесе сыртта жұмыс істеуге мәжбүр емес. Тұрмыс құрған болса күйеуі, тұрмыс құрмаған болса әкесі әйелге қажеттіліктерін әкеліп беруге мәжбүр болып табылады. (Хидая, Р.Насихин)

 

Сұрақ: Мен атеист немесе феминист әйел емеспін. Хикметін білмесем де ислам әмірлеріне сенемін. Бірақ, феминисттерге және өз сұрақтарыма да жауап бере алуым үшін кейбір сұрақтарым бар. Неге Құранда, хадисте және ислам ғұламаларының жалпы кітаптарында бүкіл насихаттар, ескертулер, әмірлер-тыйымдар еркектерге қарата айтылады? Әйел адам емес пе? Сонымен қатар аяттар мен хадистерде еркекке әйелден бұрын айтылады. Мысалы мына аяттарда еркектерге қарата айтылған:

«Еркектер әйелдерге басқарушы және билеуші (отбасының басшысы). Ей иман келтіргендер, хижрет етіп келген мұсылман әйелдерді сынаңдар. Егер иманды болса, кәпірлерге қайтып жібермеңдер. Өйткені, мұсылман әйелдің кәпірмен үйленуі халал емес.» (Мумтәхина 10)

«Иман келтірмейінше, мүшрик (атеист) әйелдермен үйленбеңдер. Иман келтіргенге дейін мүшриктерге әйелдерді тұрмысқа бермеңдер!» (Бақара 221)

«Ораза түнінде әйелдеріңмен қосылуларың сендерге халал етілді.» (Бақара 187)

«Әһли кітап (Йаһуди және христиан) әйелдермен үйленулерің халал.» (Маидә 5)

«Нашизә әйелдерге насихат етіңдер, төсектеріне кірмеңдер» (Ниса 34) Әйел нашизә болып, еркек нашиз болмай ма? Неге Аллаһ еркектің әйелге насихат етіп, оны тәрбиелеуін әмір етуде? (Нашиз: Жұбайына зұлымдық жасаған еркек. Нашизә: Ерінің төсегіне келмейтін және оның рұқсатынсыз үйін тәрк етіп кететін әйел.)

Жауап: Аят пен хадистен дін үйренілмейді. Өйткені, дін үйренемін деп жүріп, қате түсініп діннен шығып кету қаупі бар. Сіз жазған бірінші аятта білдірілгеніндей Аллаһ еркекті басқарушы етіп жаратқан. Ит немесе жылан етіп те жарата алатын еді. Аллаһтың әміріне разы болу керек. Фабрикада әр бөлімшенің өзінің бастығы болады. Ең жоғарыдағы басшы әр жұмысшыға не істеу керектігін біртіндеп айтып жүрмейді. Қол астындағы бөлім бастықтарына айтады. Жұмыстың барысынан сол бөлім басшыларын жауапты қылады. Осы сияқты Аллаһу та'ала да үйдің басшысына әмір етуде, соны жауапты етуде. Еркектердің істеген күнәсына әйелді жауапты етпейді. Бірақ, әйелдердің істеген күнәсына күйеуі жауапты болып табылады. Әр ниғмет бір қиыншылықты талап етеді. Жауапкершілігі көп адамның басшы болуы қалыпты нәрсе.

Маидә сүресінің 38-ші аятында «Ұрлық жасаған еркек пен әйел» деген сөз өтеді. Бірінші еркектің айтылуы оның Аллаһ дәргейінде үстем екенін көрсетпейді. Бәлкім, ұрлық еркектер тарапынан көп жасалғандықтан бірінші айтылған шығар. Нұр сүресінің 2-ші аятында «Зина еткен әйел мен еркек» деген тіркес өткен. Бұл жерде бәлкім әйелдің рөлі басымырақ болғандықтан әйел еркектен бұрын білдірілді. Бірінші айтылу оның артық немесе кем екенін білдірмейді. Бір аятта да былай делінген: «Еркек немесе әйел мұсылман болып жақсы амалдар жасаған жаннатқа кіреді.» (Ниса 124) Бұл аят та еркектің әйелден артық екенін көрсетпейді. Артық болу, үстемдік – мұсылман болып жақсы амалдар жасауда.

Еркек болсын, әйел болсын, кәпірдің жақсы іс жасауының ешқандай құны жоқ. Аллаһу та'ала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір етті. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Аллаһу та'аланың сендерге аманаты.» (Мүслим)

«Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны.» (Тирмизи)

«Әйелінің және балаларының ақыларын өтемейінше адамның намаздары, оразалары қабыл болмайды.» (Мүршид-ун-ниса)

«Әйелін ұрған Аллаһ пен Расулына қарсы шыққан болады. Қияметте оның дұшпаны мен боламын.» (Р. Насихин)

 

Сұрақ: Біз хайз (етеккір) себебімен оразамызды қаза қылғанда рамазан сауабына қауыша алмаймыз. Хайз кездегі намаздың қазасын оқымаймыз. Сонда еркектерден аз сауапқа қауышқан боламыз ба?

Жауап: Жоқ. Әйелдер де, еркектер де өз араларында тең сауап алмайды. Бір ғибадатты жасаған немесе бір күнәні істеген адамдар бірдей сауапқа немесе бірдей жазаға ие болмайды. Пайғамбарымыз алейһиссалам ант етіп былай дейді:

«Бір адам Ухуд тауындай алтын садақа берсе, сахабаларымның бірінің берген бір уыс арпасының сауабындай сауап ала алмайды.» (Бұхари)

Сахабалар да өзара бірдей сауап алмайды. Бұл иман және ықыластарының қуатына қарай өзгереді.

 

Сұрақ: Дінде сұмдану, сұмыадамдық деген нәрсе жоқ болса, «Әйел, ат және үй – бақытсыздық алып келеді» хадис шәрифі ойдан шығарылған ба?

Жауап: Ислам сенімі бойынша, ешбір нәрсе тұрған жерде үйге, егесіне сұмдық шақырмайды, бақытсыздыққа себеп болмайды. Бұл хадис шәрифте негізінде былай айтылады:

«Егер бір нәрседе сұмдық, сәтсіздік (бақытсыздық) бар болғанда, атта, әйелде немесе үйде болатын еді» (Бұхари, Мүслим, Муатта, Имам Ахмед, Әбу Дауд)

Көріп тұрғаныңыздай оларда сәтсіздік, пәлекет бар делініп жатқан жоқ, «бар болғанда» делініп жатыр. Аттың да, үйдің де, әйел немесе еркектің де жақсысы жақсы, жаманы әрине жаман. Төмендегі екі хадис шәриф те жоғарыдағы хадис шәрифтің ашықтамасы іспеттес:

«Үйдің, әйелдің және аттың жаман болуы нағыз сәтсіздік. Сараң болған және көршілері жаман болған үй жаман. Мінгізбейтін ат жаман. Мінезі нашар әйел жаман.» (Табарани)

«Салиха әйел, жақсы көлік, кең үй – бақытқа себеп. Мінезі жаман әйел, жаман көлік, тар және қысылыңқы үй бейбақтыққа себеп.» (Әбу Дауд)