19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Сабыр

Сұрақ: Сабырдың маңызы қандай? Қандай нәрсеге сабыр етудің сауабы көп болады?

Жауап: Сабыр үш түрлі болады. Ең маңыздысы күнә істемеуге сабыр ету. Хадис шәрифте: «Сабыр үш түрлі болады: 1- Бәлеге, бақытсыздыққа сабыр. 2- Дін ілімдерін үйренгенде, ғибадаттарды орындағанда сабыр ету. 3- Күнә істемеуде сабыр. Бәлеге сабыр еткенге 300, ғибадат етуге сабыр еткенге 600, күнә істемеуге сабыр еткенге 900 дәреже ихсан етіледі.» делінген. (Әбушшәйх)

Мұса алейһиссалам Хызыр алейһиссаламға: «Ләдун іліміне қалай қауыштың?» деп сұрағанында, ол: «Күнә істемеуге сабыр етудің арқасында» деп жауап берді.

Құран кәрімде сабырдың маңызы көп аяттармен білдірілген. Мына үш аяти кәримада былай делінеді:

«Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі.» (Зүмәр 10)

«Ей иман келтіргендер, Аллаһтан сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Аллаһу та'ала әлбетте сабыр еткендермен бірге.» (Бақара 153)

«Ей Расулым, кәпірлердің берген азаптарына улулазм пайғамбарлары сияқты сабыр ет!» (Ахкаф 35)

Сабыр туралы хадис шәрифтерде былай делінген:

«Иманы ең үстем адам – сабырлы, жомарт және төзімді болғандар.» (Дәйләми)

«Хақ та’ла сүйген құлын дертке шалдықтырады, ол құл сабыр етсе, одан разы болады. » (Дәйләми)

«Жаман көршісінен келген қиыншылықтарға өлгенге дейін сабыр еткен адамды Аллаһу та'ала жақсы көреді.» (Хаким)

«Аллаһу та'ала сабыр еткен адамды жақсы көреді.» (Табарани)

«Аллаһу та'ала былай деп бұйырды: “Кімнің дене-мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам жақсы сабыр етсе, қияметте одан есеп сұрауға ұяламын”» (Хаким)

«Хақ та’ала өзін сабыр етуге қинаған адамға сабыр етуді нәсіп етеді.» (Бұхари)

«Сүймегендеріңе сабыр етпейінше, сүйгендеріңе қауыша алмайсыңдар.» (И. Мауәрди)

«Ащыға сабыр етіп, ұшыраған бәлесін жасыруы және ешкімге шағымданбауы, адамның Аллаһу та'аланы жақсы танығанынан.» (И. Ғазали)

«Ең үстем ғибадат – қиыншылыққа сабыр ету.» (Тирмизи)

«Ең ауыр бәле – сабырдың кем болуы.» (Дәйләми)

«Ант етіп айтамын, ұшыраған бәлесіне сабыр еткен адамның Аллаһу та'ала абыройын арттырады.» (Табарани)

«Күн көріс қиыншылығына сабыр еткен адамды Аллаһу та'ала Фирдаус жәннатына кіргізеді.» (Әбушшәйх)

«Аз ризыққа сабыр еткендерге сүйінші болсын!» (Дәйләми)

«Екі көзінен айрылған адам сабыр етсе жаннатқа барады.» (Хатиб)

«Мұсылманның қаруы – сабыр және дұға етуі» (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала былай деп бұйырды: Үкіміме разы болмаған және жіберген бәлелеріме сабыр етпеген, менен басқа Құдай іздесін.» (Табарани)

Расулуллаһ алейһиссалам Аллаһтан сабыр тілеп жатқан адамға: «Аллаһтан бәле тілеп жатсың ба, әуелі амандық тіле» деді.(Тирмизи)

 

Сабыр ету – қазына

Сабыр ету – құтылуға, жетістікке себеп болатын жақсы мінез. Сабыр – пайғамбарларға тән мінез. Сондықтан ата-бабаларымыз: «Сабыр ащы болса да, жемісі тәтті», «Сабырлы болсаң мақсатқа жетесің», «Сабыр түбі – сары алтын» деген. Бәлелерге сабыр ету – құтылуға себеп болады. Бір парызды орындау немесе бір күнәдан тыйылу сабырсыз іске аспайды. Өйткені «Иман деген не?» деп сұралғанда пайғамбарымыз «Сабыр» деп айтқан.(Дәйләми)

Сабыр үстем және құнды болғандықтан Құран кәрімде жетпістен астам жерде сабыр және сабыр еткендерге берілетін сауаптар білдірілген. Аяти кәрималарда былай деп бұйырылды:

«Сабыр еткендердің марапатын, істеген істерінен де жақсы етіп береміз.» (Нахл 96)

«Аллаһ сабыр ететіндерді жақсы көреді.» (Али Имран 146)

«Сабыр мен намаз тек Аллаһтан қорққан мұсылмандарға жеңіл болады.» (Бақара 45)

«Сабыр еткендерге (ілтипатымды, ихсанымды) сүйіншіле!» (Бақара 155)

«Әйупті (мал мен жанына келген бақытсыздықтарға) сабыр етуші көрдік. Ол қандай жақсы құл еді, үнемі Аллаһқа бет бұрып, үнемі Оған сыйынатын.» (Сад 44)

«Ей иман келтіргендер, сабыр етіңдер, сабыр етуде бір-біріңмен жарысыңдар!» (Али Имран 200)

«Жақсы сабыр ет!» (Мәариж 5)

Сабырдың үстемдігі соншалық, Аллаһу та'ала сабырды өте қасиетті етті. Әркім сабыр ниғметіне қауыша алмайды. Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Сабыр – жәннат қазыналарынан бір қазына.» (И. Ғазали)

«Егер сабыр адам болғанда, өте кең пейілді және жомарт болатын еді.» (Табарани)

«Ұнамаған нәрсеге сабыр етуде өте үлкен қайыр бар.» (Тирмизи)

«Ғибадаттың басы – сабыр.» (Хаким)

«Сабырдың имандағы орны, бастың денедегі орнындай.» (Дәйләми)

«Хақ та’ала сабырлы және ықыласты болған адамды, есепке тартпай жәннатқа кіргізеді.» (Табарани)

«Ең жақсы құрал – сабыр.» (Хаким Тирмизи)

«Аллаһу та'аланың жәрдемі құлдың сабырымен бірге.» (Әбу Нуайм)

«Ғашықтығын жасырып, намысын сақтап, сабыр еткен адам жәннатқа кіреді.» (Ибни Асакир)

«Иманның жартысы – сабыр, қалған жартысы – шүкір.» (Бәйһақи)

 

Кімде мына үш қасиет бар болса

Сұрақ: Басымызға келген бәлелерге, қиыншылықтарға сабыр ету керек пе, бұлар күнәларымызға кәффарат бола ма?

Жауап: Шақиқ Бәлһи хазреттері: «Қиыншылыққа шыдаудың марапатын білген адам, қиыншылықтардан құтылуға ұмтылмайды да.» деген. Қиыншылықтардың сыйы ретінде берілетін ниғметтерді еске түсіріп, қиыншылықты жеңілдетуге болады. Аллаһу та'аланы сүйгендер көптеген қиыншылықтарға шыдаған, тіпті ол қиыншылықтарды сезбеген де. Сыррии Сиқати хазреттері «Аллаһу та'аланы жақсы көретін адам, Одан келген бәлелердің қиыншылығын мүлдем сезбейді. Бір емес, жетпіс қылыш соққы алса да сезбейді.» деген. Өйткені Мысыр халқы ішпей-жемей күндер бойы хазреті Юсуфтың әдемілігіне қарап қалатын еді. Оның әсем көркіне қарай отырып аштықтарын ұмытып кететін. Тіпті Мысырдың ақсүйек әйелдері хазреті Юсуфтың сымбатты жүзіне қарап тұрып, қолдарын да кесіп алды, бірақ ауырғанын сезген жоқ. (Юсуф сүресі 31)

Бәле, қиыншылық – күнәларға кәффарат болып табылады. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды.» (Шұра 30)

Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша, ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл.

Имам Раббани хазреттері былай дейді:

«Адамның күнде басына келетін барлық жағдайлары Аллаһу та’аланың қалауымен және жаратуымен бар болуда. Сондықтан қалауларымызды Оның қалауымен сәйкестендіруіміз қажет. Қарсыласқан әрбір жағдайымызды өзіміз талап етіп, іздеп келген нәрсеміз деп білуіміз керек және бұған қол жеткізгенімізге қуануымыз керек. Нағыз құлшылық осылай болмақ.»

Келген бәле мен қиыншылықтарға сабыр ету – үлкен ниғмет болып табылады. Сабыр ете алмаған адам пәлекетке душар болады. Ауру, бәле келгенде бақырып-шақыру пайда бермейді. Керісінше, зиянын тигізеді. Мұның жалғыз шарасы – Аллаһу та'аланың жазғанына разы болу. Сабырлы болмаған адам мақсатына жете алмайды. Адам басына келген пәлекеттерге сабыр ете алмаса әрқашан бақытсыз болады, дұрыс ғибадат жасай алмайды. Кімде кім Аллаһтан қорқып сабыр ететін болса, қиыншылықтардан құтылады. Сабыр еткен мұратына жетеді. Барлық жақсылықтарға сабырмен қол жеткізіледі.

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Кімде мына үш нәрсе бар болса, дүние мен ахыреттің қайырына қауышты деген сөз: Тағдырға разылық, бәлеге сабыр, рахаттықта дұға.» (Дәйләми)

Демек, бәлелердің ниғмет болуы сол бәлеге сабыр етуге және Аллаһу та'аланың жіберген тағдырына разы болуға байланысты. Бәле келгенде айқай-шу көтеріп, алдына шыққан адамға Раббысынан шағымданған адам – ниғметтен махрұм қалады, азапқа лайық болады. Бәлеге сабыр – пайғамбарлардың қасиеті. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһтың жақсы көргендері бәлеге душар болады. Сабыр еткендері марапатқа, шағымданып, жыланғандар жазаға қауышады. » (И. Ахмед)

«Адамдарға дертін айтқан – сабыр еткен болмайды.» (И. Мауәрди)

«Келген бәлесін жасырған адамның күнәсі кешіріледі.» (Табарани)

Достықтың белгісі – достың (Аллаһтың) бәлесіне сабыр етуі. Сабыр етілген жағдайда да, бәленің ниғмет екенін білгеннен кейін, бәлені жақсы екен деп ойламау керек. Ешқашан бәле тілемеу керек.

Барлық пайғамбар бәледен Аллаһқа сиынған, дүние мен ахырет жақсылығын тілеген. Аллаһу та'ала: «Иман етіп, салих амал істейтін болсаңдар, сендерге дерт пен бәле және қорқыныш бермеймін, қайғыға салмаймын.» деп бұйырған.

Олай болса, адамда иман, салих амал және денсаулық бар болса, ең үлкен бақыт пен дәулет осы. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Дұғаның абзалы – Раббыңнан дүниеде де, ахыретте те кешіріммен амандық тілеу. Кешіріммен амандыққа қауышқан адам, дүниеде де, ахыретте де құтылды.» (Тирмизи)

«Ықыластан кейін, амандықтан жақсысы жоқ. Олай болса, Аллаһтан амандық тілеңдер.» (Нәсаи)

«Денсаулық және тақуалық байлықтан да қайырлы.» (Мүслим)

«Қиналғанда он рет “Хасбиаллаһу лә илаһә илләһу, алейһи тәуәккәлту уә һуә Раббул-аршил-азыйм” деп оқыған адамның Аллаһу та'ала қиыншылығын кетіреді.» (Шира)

 

Ұнатпаған нәрсеміз бәлкім біз үшін қайырлы

Сұрақ: Бір жақынымыз өліп, басымызға қайғы келеді. Сабыр етпеу күнә бола ма?

Жауап: Бұл дүние қиындық пен қасіреттен құралған. Сабыр етуден басқа шара жоқ. Мына үш сабыр өте қайырлы: Ғибадатқа сабыр, күнә істемеуге сабыр және бәле мен қасіреттерге сабыр.

Баласының өлуі, мал-мүлкінің қолдан кетуі және көз, құлақ сияқты ағзалардың көрмеуі, естімеуі секілді адамның қалауының тысында болған бақытсыздықтарға сабыр етуден артық құнды сабыр жоқ. Бәлелерге сабыр – сыддықтардың дәрежесі. Сондықтан пайғамбарымыз былай дұға ететін еді:

«Йа Раббым, сондай яқин (берік иман) бере гөр, қасіреттер маған оңай, жеңіл сезілсін.» (Тирмизи)

Бір адам «Ей Аллаһтың елшісі, мал-мүлкім кетті, ақшам кетті, дене мүшелерім ауруға ұшырады» деді. Оған пайғамбарымыз:

«Мал-мүлкі кетпеген, ақшасы бітпеген және ауырмаған адамда қайыр жоқ. Өйткені Аллаһу та'аланың сүйген құлы бәлеге тап болады.» деп жауап берді (Әбу Дауд)

Ибн Мубәрәк хазреттері былай деген:

Қасірет – бір нәрсе. Қасіретке тап болған адам айқай-шу шығарып, жылап-сықтаса екі болады. Біреуі – бақытсыздықтың өзі, екіншісі – сауабының кетуі. Екіншісі біріншісінен де маңызды. Сабыр еткендерге берілетін сауапты Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейді.

Шақиқ Бәлһи хазреттері былай дейді:

«Бақытсыздыққа сабыр етпей айғай-шу шығарған адам Аллаһу та'алаға қарсы келген болады. Жылап-сықтау бақытсыздықты кері-қайтармайды.»

Құл қашанда нәпсіне жаққан немесе жақпаған істен бөлек емес. Әр екі жағдайда да сабырға мұқтаж. Мал-мүлік, ниғмет, мақам, денсаулық және осыларға ұқсас нәрселерде өзін ұстай алмай бұларға шомып кетіп, көңілін осы нәрселерге байласа және осы халде тұрақтанса, ол адамда ниғметтерге аса көп дәрежеде берілу және шектен асушылық пайда болады. «Адамдардың бәрі қиындыққа төзімділік таныта алады, бірақ сыддықтардан басқа сау-саламматтылыққа, амандыққа сабыр ете алғандар өте аз.» делінген. Сахабалар «Қайғы-қасіретпен қиыншылық ішінде болған уақыттарымыздағы сабыр ету – қазіргі байлық пен ниғмет ішіндегі жағдайымызға сабыр етуден оңай еді.» деген. Сондықтан Аллаһу та'ала: «Мал-мүлік пен балаларың тек сынақ үшін» деп бұйырған. Ниғметке сабыр – көңілді оған байламау, оған қуанбау болып табылады.

Жақсы амалдар орындау сияқты адамның өз қалауымен істейтін нәрселерде де сабырға мұқтаждық бар. Өйткені ғибадаттардың намаз сияқты бір бөлігі еріншектіктен, зекет сияқты түрлері сараңдықтан, қажылық сияқтылары аталған екі себепке де байланысты адамға қиын болып келеді және бұлар сабырсыз жүзеге аспайды. Әр жақсы амалдың басында, ортасында және аяғында сабырға мұқтаждық бар. Басындағысы – ықыласпен ниет ету, рианы көңілден шығарып тастау. Бұлар өте қиын. Ғибадат ету барысында сабыр ету болса – шарттарымен әдептеріне ешнәрсе араластырмау. Мысалы намазда еш жағына қарамау керек, ешнәрсе ойламау керек. Ғибадаттан кейінгі сабыр – орындаған ғибадатты адамдарға жариялаудан сақтану және осылайша ужб (көңіл ауруынан) сабыр ету болады.

Күнәларға келер болсақ сабыр етпей күнәдан тыйылу мүмкін емес. Шәһуат қаншама күшті және күнә істеу қаншама оңай болса, ол күнәларды істемеуге сабыр ету де соншама қиын. Сондықтан тілменен жасалатын күнәларға сабыр ету өте қиын. Өйткені тілдің әрекеті оңай. Әсіресе көп сөйлейтін болса әдет халіне келеді. Сөзі – тілінің ұшында тұрып, өзін өзгелерге ұнаттыратын сөзді айтпауға сабыр ету қиын болады.

Адамдардың қолымен немесе тілімен жәбірлеуі сияқты, өз қалауымен болмаған, бірақ жауап қайтару қалауымен іске асатын нәрселерде, жауап қайтармауға немесе қайтарғанда да ақысынан асып кетпейтіндей етіп қайтаруда да сабырға мұқтаждық бар.

Сахабалар: «Біз адамдардан келетін қиыншылыққа төзбеген иманды, иман деп санамайтын едік» деген. Аллаһу та'ала пайғамбарымызға «Олардың жәбірлеуіне мойыма және тәуекел ет» деп бұйырған. (Ахзаб 48)

Тағдырға жазылған нәрсе басымызға келеді, егер сабыр етілсе сауабы беріледі. Сабыр етілмей айғай-шу шығаратын болса күнәға кіріледі және соңы бақытсыздыққа ұласады. Қиыншылық қанша ащы болса да сабыр етілетін болса ниғметке айналатыны білдірілген. Құран кәрімде былай делінген:

«Ұнатпаған нәрселерің жақсылықтарыңа, ұнатқандарың жамандықтарыңа болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі.» (Бақара 216)

Хадис шәрифтерде былай делінді:

«Мұсылман желмен тербелген бидай масағы сияқты құлап көтеріліп тұрады. Тіке тұрайын десе құлайды. Күнәһар болса, шырша сияқты кесілгенге дейін тіке тұрады.» (Бұхари)

«Үш күн ауырып жатқан мұсылман, жаңа туылғандай күнәдан тазарады.» (Әбушшәйх)

«Жабайы жануар секілді ауырмай және қайғырмай жүргілерің келе ме?» (Бәйһақи)

«40 күннің ішінде мұсылманға реніш, ауру немесе қорқыныш немесе мал-мүлкіне зиян келеді.» және «Мұсылманда үш нәрсенің бірі болады: қиллет, иллет және зиллет» (К. Сәадәт) (Қиллет: кедейлік, Иллет: ауру, Зиллет: абыройсыздық)

Хазреті Имам Ғазали былай дейді:

“Перғауын төрт жүз жыл өмір сүрген. Бірақ бір рет те басы ауырмаған, мүлдем ыстығы көтерілмеген. Бір рет басы ауырғанында адамдардың өзіне табынуын қалауы ойына да келмес еді.” (К. Сәадәт)

 

Қиыншылыққа төзу

Сұрақ: Күнкөріс тапшылығы, бақытсыздық сияқты материалды және рухани қиыншылықтар күнәлардың көптігінен бола ма?

Жауап: Күнәларға тәубә ету керек және әркез жақсылық жасауға тырысу керек. Хадис шәрифте былай делінді:

«Қайда және қандай жағдайда болсаң да, Аллаһтан қорқ және жасаған әр жамандығыңның артынан оны жоюы үшін жақсылық жаса!» (Тирмизи)

Күнәларды жою үшін тәубә ету және үнемі жақсылық жасау керек. Құран кәрімде: «Сөзсіз жақсылықтар жамандықтарды жояды.» делінген. (Худ 114)

Әрбір ауру өзінің қарама-қарсылығымен емделеді. Күнәмен қарайған көңіл, жақсылық нұрымен тазаланады. Дүниелік нәрседен келген әр қиыншылық мұсылманның көңілін дүниеден суытады және жек көргізеді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сондай күнәлар бар, оны тек күнелту барысында көрген қиыншылықтар жояды.» (Хатиб)

Күнкөріс, тіршіліктегі қиыншылықтар болсын немесе басқа да қиыншылықтар болсын, барлығына сабыр ету керек. Сабыр етпеу нәтиже бермейтіні секілді, ашуланып айналасының барлығын қырып-жою одан да көп зиян әкеледі. Бір мұсылманның аяғына бір тікен кірсе немесе бір шәй шынысы сынса да соның салдарынан күнәлары кешіріледі. Сондықтан барлық қиыншылықтар мен қайғыларға төзу, сабыр ету үлкен ниғмет болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Құлдың күнәсі көбейіп, оны (күнәларын) жоятын жақсы амалы табылмаса, оған қиыншылықтар келіп, күнәларына кәффәрат (кешірім) болады.» (И. Ахмед)

Мал-мүліктің жоғалуы, бала-шағамызға бір зиян келуі де күнәларымызға кәффарат болады.

Юсуф алейһиссалам зынданда жатқанында оған келген Жәбрейіл алейһиссаламнан әкесінің жағдайын сұрады. Жәбрейіл алейһиссалам: «Әкең саған деген сағынышынан жүз баласын жоғалтқан ананың қайғырғаны секілді қайғыруда.» деді. Юсуф алейһиссалам әкесінің бұл қайғыға төзуінің марапатын сұрады. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам: «Әкең жүз шәһид сауабын алды.» деп жауап берді.

 

Жаман мінездерге сабыр ету керек

Сұрақ: Мінезі жаман күйеуге де діннің әмір еткеніндей мәміледе болу керек пе?

Жауап: Залымға да, зұлымдық көрген адамға да діннің әмір еткеніндей мәміле жасалады. Жақсылық жасайтын, әйелін ренжітпейтін күйеудің несіне сабыр етіледі? Әйелінің мінезі нашар болса күйеуі, күйеуінің мінезі нашар болса әйелі сабыр етеді. Бұл сынақта сабыр еткен адам көп сауап алады. Жамандық жасаған адам, не істесе де өзінің зиянына істейді.

Зұлымдық көргендердің, сабыр еткендердің көмекшісі – Аллаһу та'ала. Аллаһу та'ала біреудің ақысын біреуге беріп қоймайды. Сабыр еткендерге шексіз сияпаттар береді.

Жұбайлар бір-бірінің жаман жақтарына сабыр етулері керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әйелінің жаман мінезіне сабыр еткен еркек, Әййуб пайғамбардың сабыры үшін берілгендей сауапқа, ал күйеуінің жаман мінезіне сабыр еткен әйел Асияға берілгендей сауапқа қауышады.» (И. Ғазали)

Құран кәрімде де Аллаһу та'аланың сабыр еткендермен бірге болатындығы және сабыр еткендерге шексіз сияпаттар берілетіні білдірілген. (Әнфал 46, Зүмәр 10)

Жақсы адам тек қана өзгелерге жамандық жасамайтын адам емес, өзгелерден келетін жамандықтарға да сабыр ете білетін адам.

 

Сұрақ: «Қиыншылықтарынан өзгелерге шағымданған адам сабыр еткен болып саналмайды» делінеді. Ал егер шағымдану мақсатында емес, бөлісу және жеңілденіп қалу мақсатымен қиыншылықтарын жақын адамдарына айту сабырға қайшы бола ма?

Жауап: Мақсат шағымдану болмаса, жаиз болады. Әйтсе де бұл бөлісуден мақсат жағдайының қиын екенін айту, яғни шағымдану болып табылады. Қара менің басыма нелер келіп жатыр деп құлға Аллаһтан шағымдану болады. Бірақ тікелей шағымдану сиқты болмайды әрине.

 

Сұрақ: Басқа түскен қиыншылықтарды айту күнә ма?

Жауап: Мақсат Аллаһты шағымдану болмаса, маңдайға жазылғаны осы екен деп басқа келген қиын жағдайды айту  күнә болмайды.

 

Сұрақ: Темекі шекпеуге сабыр еткен адам жиһади әкбар сауабына қауышады ма?

Жауап: Нәпсімен күрескен адам жиһади әкбар сауабына қауышады.

 

Сұрақ: Қызым – сал болып қалған. Қарауға шамамыз қалмады. Не істеуге болады?

Жауап: Барлық нәрсе Аллаһтан. Сабыр етуден басқа шара жоқ. Аллаһу та'ала сабыр еткендермен бірге. Сабыр етушілердің баратын жері – жәннат.

 

Сұрақ: Тұмауға сабыр етілсе сауап алына ма?

Жауап: Кез-келген қиыншылыққа сабыр еткен адам сауабын алады.

 

Сұрақ: Сілсіләи алийадан болған үлкен ғұламалардың кедейлік пен қиыншылықта өмір сүргендері болғанын оқимыз. Аллаһ сүйген құлдарына неге ниғмет бермей, бәле мен қиыншылық жібереді?

Жауап: Кәпірлер «Аллаһ досына неге бәле жібереді, ниғмет бермейді» деген. Пайғамбарымызға да кәпірлер дәл солай айтқан:

«Бұл қандай пайғамбар (біз сияқты) жеп-ішеді, базарда, көшеде жүреді. Өзімен бірге (жаһаннамнан қорқытатын) ескертетін бір періште де түсірілуі керек немесе өзіне бір қазына немесе жейтін (күнкөрісін жеңілдететін) бір бақша (шаруа қонысы) берілуі керек еді.» (Фурқан 7-8)

Бәле келуі олардың мәртебесіне нұқсан емес. Керісінше дәрежелерінің жоғарылауына себеп болады. Хадис шәрифте:

«Ең ауыр бәле әнбиа, әулие және соларға ұқсағандарға келеді.» делінген. (Тирмизи)

 

Сұрақ: Жора-жолдастар, көрші-қоныстар қиыншылық тудырып жатыр. Олардан алыстап бір шетте өмір сүру жақсы емес пе?

Жауап: Қоғамда міндеттеріміз бар. Бір шетке шығу, адамдардан бөлектену міндеттен қашу болып саналады. Бір хадис шәрифте: «Адамдардың арасына араласып, олардан келген қиыншылықтарға сабыр еткен мұсылман, шетке шығып олардан келетін қиыншылықтарға сабыр ету сауабынан махрұм қалған мұсылманнан үстем болады» делінген. (Тирмизи, И. Мажә, Ахмед, Бәйһақи)

 

Дерттер күнәларды өшіреді.

Сұрақ: Бір адамның басына дерт, бәле келсе, ауырып қалса, бірақ ол адам сабыр етпесе күнәлары кешіріле ме?

Жауап: Иә, күнәлары кешіріледі. Қиыншылықтарына, қайғысына, бәлелеріне сауап берілмейді. Бұларға сабыр еткенге сауап беріледі. Бірақ, бұларға сабыр етілмесе де күнәларының кешірілуіне себеп болады. (С. Әбәдийә) Хадис шәрифтерде былай келген:

«Мүмин ауырып жазылғанында, ауруы күнәларына кәффарат болады.» (Табарани)

«Әр қасірет кешірілетін бір күнә үшін келеді.» (Әбу Нуайм)

«Мүминнің күнәсі кешірілгенге дейін бәле мен ауру келеді.» (Хаким)

«Бас ауруы немесе кез-келген бір ауруы себебімен, мүминнің Уһуд тауындай да күнәсі болса барлығы кешіріледі.» (Табарани)

«Адам үнемі саулық пен амандық ішінде болғанда, осы екеуі ол адамның құруына жетер еді.» (И. Асакир)

 

Бәленің келуі

Сұрақ: Басымызға бәле келгенде өзімізді қалай ұстауымыз керек?

Жауап: Имам Раббани хазреттері былай дейді:

Достарға дүние қиыншылықтарының және бәлелердің келуі – олардың күнәларының кешірілуі үшін кәффарат болып табылады. Жылап, жалбарынып және сиынып, елжіреген жүрекпен (көңілмен) Аллаһу та'аладан кешірім сұрау керек. Дұғаның қабыл болғанын түсінгенге дейін және фитналар қалмағанға дейін осылай дұға ету керек. Достарың және игілігіңді ойлаған жақындарың да сен үшін дұға етіп жатқан болса да, дертті адамның өзінің жалбарынуы орынды болады. Дәрі қабылдау және диета ұстау – ауру адамға керек. Қалғандарының істейтіні - әрі кетсе көмекші болу.

Сөздің турасы мынау – сүйіктіден (Аллаһу та'аладан) келген барлық нәсрені күліп, қуанышпен қарсы алу керек. Одан келгеннің барлығы ұнамды болуы керек. Сүйіктінің қатты мәміле жасауы, төмендетуі, ихсан етуі және жоғарылатуы сияқты болу керек.Тіпті, өз нәпсінің қалауларынан да жағымды болу керек. Сүйген осылай болмаса, сүйіспеншілігі толық болмайды. Тіпті, сүйемін деген сөзі өтірік болады. (2-том, 75-мәктуб)

 

Тұқым қуалайтын аурулар

Сұрақ: Кейбір аурулар тұқым қуалайды. Неге жазықсыз бала әкесінің жазасын шегуі керек?

Жауап: Тұқым қуалайтын аурулардың жұғатыны анық емес. Бір әкенің үш баласы болса, ауру біреуіне өтіп, екіншісіне өтпеуі мүмкін.

Бір адам көршісінің түйесінен өз түйесіне ауру жұқты деп шағымданады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ол ауру көршіңнің түйесіне қайдан жұқты?» деп сұрайды. Яғни, ауру сөзсіз “жұғады” деген нәрсе жоқ, көршінің түйесінен жұғатыны секілді өздігінен немесе басқа бір себептен де болуы мүмкін.

Балаға ауру міндетті түрде әкесінен өтті дейтін болсақ, бұл ауру әкесіне қайдан келді? Оған да әкесінен, оның әкесіне де әкесінен деп айта алмайсыз. Олай кете беретін болса, бұл ауру хазреті Адамға дейін барады. Тұқым қуалайтын аурулардың барлығын Адам алейһиссаламнан келді деп қабыл еткен боласыз. Бұл ғылымға да сай келмейтінімен қоса, бұған ырым десе орынды болар. Барлық адам хазреті Адамнан таралғанына қарағанда, ауру емес адамдар да бар.

Екінші және өте маңыздысы – пайғамбарымыз «Әр аурудың міндетті түрде емі бар. Аллаһу та'ала шарасыз дерт жаратқан жоқ» деген, бірақ, медицина мұның емін таба алмаған болса, кінәні әкемізге немесе басқаларға артуға ақымыз жоқ. Аллаһу та'аланың жіберген ережелеріне бағынған адам оңайлықпен ауруға шалдықпайды. Ауруға шалдыққан күнде де Аллаһу та’ала оның емін жаратқан.

Ата-анасының күнәсін баласы өтемейді. Бір аяти кәримада былай делінген:

«Ешкім ешкімнің күнәсінің жазасын тартпайды.» (Исра 15)

Хадис шәрифте де былай делінген:

«Уәләди зина (зина арқылы туған бала) әкесінің күнәсін тартпайды. Ешкім өзге адамның күнәсін тартпайды.» (Хаким)

Барлық нәрсені себеппен жарату – Аллаһу та'аланың әдеті. Ауру біреуге біреуден, біреуге тұқым қуалап жұғады. Кейбіреулер өзінің селқостығынан ауруға шалдығады, біреулер анасынан кеміс болып туылады, енді біреу жер сілкінісі немесе жол апаты сияқты себептерден кеміс болып қалуы мүмкін. Бұлардың барлығы бір себеп. Бұлай болуында көптеген хикмет бар. Біршамасы төмендегідей:

1- Адамның басына қиыншылық келуі, ауруға шалдығуы сияқты келеңсіздіктер ол адам үшін қайырлы (жақсы) болуы мүмкін. Аяти кәримада: «Ұнатпаған нәрселерің жақсылықтарыңа, ұнатқандарың жамандықтарыңа болуы мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Аллаһ біледі.» делінген. (Бақара 216)

Аллаһу та’ала хадис құдсиде былай бұйырған:

«Мұсылман басына түскен істі ұнатса да, ұнатпаса да, ол іс ол адам үшін жақсы.» (Ибн Шаһин)

«Кейбіреулердің иманы тек байлықпен жақсарады. Егер ол кедей болғанда күпірге кірер еді. Кейбіреулер тек кедейлікпен жақсарады, (тура, жақсы жолда болады), егер бай болғанында күпірге түсер еді. Кейбіреулердің иманы тек денінің сау болуымен толығады. Егер ауру болса, күпірге кіретін еді. Кейбіреулердің иманы аурумен толығады. Егер дені сау болғанында күпірге кіретін еді.» (Хатиб)

2- Басқа түскен бәле мен қиыншылықтар күнәлардың кешірілуіне себеп болады. Хадис шәрифте: «Аллаһ жолындағы мұсылманның алдынан шыққан әр түрлі мазасыздық, ауру, қиыншылық, қайғы-қасірет тіпті аяғына кірген тікеннің өзі де күнәларының кешірілуіне кәффарат (себеп) болады» делінген. (Бұхари)

3- Күнәларымыздың жазасын осы дүниеде тартуымыз біз үшін үлкен ниғмет. Бұл дүниедегі қиыншылықтар ахырет азаптарының жанында теңіздің бір тамшысындай да емес. Ахырет азаптарының бір түйірі бұл дүниеге келсе, барлық нәрсені жандырып жоқ қылады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та’ала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады.» (Тирмизи)

4- Екі-үш күндік өмірде көрген қиыншылықтар, ахыретте көп және шексіз ниғметтердің берілуіне себеп болады. Хазреті Омар былай дейді:

Маған бір бәле келсе үш түрлі қуанамын:

Біріншісі: бәлені Аллаһу та’ала жібереді. Сүйіктінің жібергенінің барлығы тәтті болады.

Екіншісі: Аллаһу та'алаға бұдан да үлкен бәле жібермегені үшін шүкір етемін.

Үшіншісі: Аллаһу та'ала адамдарға бостан-босқа ешнәрсе жібермейді. Бәленің қарсылығы ретінде ахыретте ниғметтер береді. Бұл дүниедегі бәлелер аз, ал ахырет ниғметтері мәңгілік болғаны үшін, келген бәлелерге қуанамын. (Х. С. Уәсиқалары)

Мәңгі болған жәннат ниғметтерінің жанында бұл дүниедегі бірнеше күндік қиыншылықтар әңгіме етуге де тұрмайды. Бұл дүние мың жыл болса да, мәңгінің жанында теңіздің тамшысындай да бола алмайды. Хазреті Имам Ғазали: “Бүкіл әлем, аспанмен қоса бидайға толы болса, бір торғайға “әр жылы бір данасын жеп тұрасың” делінсе, қанша көп болғанымен де ол бидайлар әйтеуір бір күні таусылады, мәңгіліктің жанында есептеуге де келмейді.” дейді.

5- Бұл дүние – сынақ жері. Аллаһу та'ала түрлі ниғметтер беріп құлдарын сынағаны секілді, бәле мен қиыншылықтар беріп те сынайды. Бір аяти кәримада былай делінген:

«Ант болсын, сендерді біраз қорқыныш, біраз аштық, мал, жан және өнімнің кемуімен сынаймыз. Ей Хабибім, сабыр еткендерге (ихсанымды, сыйымды) сүйіншіле!» (Бақара 155)

6- Бұл өмірде қиыншылық көрмеген адам, жәннат ниғметтерінің қадірін біле алмайды. Хазреті имам Раббани былай дейді: «Бұл дүниеде  бірнеше күн дерт пен бәле көрмегенінде, адамдар жәннаттың қадірін түсіне алмайтын еді және мәңгі болған ниғметтердің қадірін біле алмайтын еді. Аштық көрмеген адам тамақтың ләззатын түсіне алмайды. Қиыншылық көрмеген адам рахаттықтың, тыныштықтың қадірін белмейді.»

7- Адамның күнделікті басынан өткеретін халдерінің барлығы, Аллаһу та'аланың қалауымен және жаратуымен бар болуда. Сондықтан қалауларымызды Оның қалауымен сәйкестендіруіміз керек. Кездескен нәрсенің барлығын іздеген нәрсеміз деп білуіміз керек және бұларға қауышқанымыз үшін қуануымыз керек. Құлдық осылай болады. Құл болсақ осылай болуымыз керек. Мұндай болмау, құлдықты қабыл етпеу және иесіне қарсы келу болады. Аллаһу та'ала хадис құдсида былай деген:

«Қаза мен тағдырыма разы болмаған, ұнатпаған және жіберген бәлелеріме сабыр етпеген адам, менен басқа Құдай іздесін. Жер бетінде құлым ретінде жүрмесін!» (Табарани)

 

Сабри жәмил

Сұрақ: Сабри жәмил деген не?

Жауап: Сабри жәмил – ең жақсы түрде, айғай-шу шығармай, адамдарға шағымданбай сабыр ету деген сөз. Исмаил Бурсәуи хазреттері «Сабыр – тағдырға разылық білдіргендіктен емес, басқа мақсаттар үшін болса, бұған сабри жәмил делінбейді.» деген. Хадис шәрифте:

«Аллаһу та'ала былай деп бұйырды: “Кімнің денсаулығына, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келіп, ол адам сабри жәмил көрсетсе, қияметте ол адамнан есеп алуға ұяламын”» делінген. (Хаким)

 

Сабыр және дұға

Сұрақ: «Мұсылманның қаруы – сабыр мен дұға» хадисінде айтылған сабыр мен дұға қару ретінде қалай қолданылады?

Жауап: Қару – көбінесе қорғаныс құралы. Дұға және сабырмен жаман нәрселердің алды алынатыны сияқты, жақсы нәрселерге де қол жеткізуге болады. Қиналған нәрседен құтылу үшін, рахатша ғибадат жасай алу үшін және харамдардан қашу үшін сабыр етіп, дұға ету керек. Бұл екеуіне бірнеше мысал келтірейік;

 

Сабыр қаруының пайдалары:

Парызды орындау немесе күнәдан қашу сабырменен жүзеге асады.  Расулуллаһқа «Иман деген не?» деп сұралғанда «Сабыр» деп жауап берді. (Дәйләми)

Сабыр ащы болса да жемісі тәтті. Құран кәрімде былай делінген:

«Сабыр еткендерге сияпат есепсіз беріледі.» (Зүмәр 10)

«Сабыр еткендерге (ихсанымды) сүйіншіле!» (Бақара 155)

«Аллаһ сабыр еткендермен бірге.» (Бақара 153)

«Аллаһ сабыр еткендерді жақсы көреді.» (Али Имран 146)

«Ең жақсы түрде сабыр ет!» (Мәариж 5)

Хадис шәрифтерде былай келген:

«Сабыр еткен құлдан Аллаһ разы болады.» (Дәйләми)

«Сабырлы және ықыласты болғандар, жәннатқа есепке тартылмай кіреді.» (Табарани)

«Ең құнды амал – қиыншылыққа сабыр ету.» (Тирмизи)

«Сүймегендеріңе сабыр етпей, сүйгендеріңе қауыша алмайсыңдар.» (И. Мауәрди)

«Сабырдың үш түрі болады:

1-   Бәлеге сабыр,

2-   Дін ілімдерін үйренгенде және ғибадаттарды орындағанда сабыр,

3-   Күнә жасамау үшін сабыр. Бәлеге сабыр еткенге 300, Ғибадат жасауға сабыр еткенге 600, күнә істемеуге сабыр еткенге 900 дәреже ихсан етіледі.» (Әбушшәйх)

 

Дұға қаруының пайдалары

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Муаллақ тағдырды ешнәрсе өзгерте алмайды. Тек дұға ғана өзгерте алады.» (Хаким)

«Тағдыр шара қабылдаумен өзгермейді. Бірақ, қабыл болған дұға бәле келе жатқанда сақтайды.» (Табарани)

«Дұға 70 түрлі апаттың алдын алады. Өмірдің берекетін арттырады.» (Тирмизи)

«Дұға бәленің алдын алады.» (Дәйләми)

«Дұға еткен адамның я күнәсі кешіріледі немесе жақсы марапатын көреді, яки ахыретте сияпатын алады.» (Дәйләми)

 

Сабыр тілеу керек

Сұрақ: Біреулер: «Аллаһтан сабыр тілемеу керек, өйткені сабыр тілеу, бәле тілеу деген мағынаға келеді. Ал бұған әр адамның күші жетпейді» деп айтып жатады. Құдайдан сабыр тілеу жаман ба?

Жауап: Жоқ, жаман емес. Біз бәле мен қиыншылық тілеп жатқан жоқпыз. «Басымызға бәле мен қиыншылық келсе бұларға қарсы сабырлы болуымызды нәсіп ете гөр, сабыр бере гөр» деп дұға етеміз. Бұл бәле тілеу деген сөз емес. Құран кәрімде былай келген:

«Сабыр және намазбен Аллаһқа сиынып жәрдем сұраңдар.» (Бақара 45)

«Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен Аллаһтан көмек сұраңдар, өйткені Аллаһ әрине сабыр еткендермен бірге» (Бақара 153)

Бұдан көргеніміздей, Аллаһу та'ала «Сабыр мен көмек тілеңдер» деп бұйыруда. Аллаһу та'аламен бірге болу үшін сабыр тілеу және сабырлы адам болу – үлкен ниғмет болып табылады.

Хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала өзінен сабыр тілеген адамды сабырлы етеді» делінген. (Тирмизи)

Пайғамбарымыз былай дұға ететін еді:

«Йа Раббым, мені көп шүкір ететіндерден және көп сабыр ететіндерден ет!» (Бәззар)

(Демек, сабыр етуші құл болуды тілеу керек.)

«Йа Раббым, денсаулық, амандық және көркем мінез бер! Тағдырына ризалық көрсеткендерден ете гөр!» (Табарани)

Расулуллаһ алейһиссалам Аллаһтан сабыр тілеген біреуге былай деді:

«Аллаһтан бәле тілеп жатсың ба, әуелі амандық тіле!» (Тирмизи)

Бұл хадис шәриф басқа хадис шәрифтерге қайшы емес. Өйткені ол адам бәлені де сабырды да тілеп жатқан еді.

 

Сабыр тілеу керек

Сұрақ: Сабыр тілеу – бәле тілеу деген сөз ба? Сабыр тілеуге болмай ма?

Жауап: Сабыр тілеуге болатындығы жайлы бірнеше рет жаздық. Бір аяти кәримада былай делінген:

«Йа Раббымыз, бізге көп сабыр бер, жанымызды мұсылман етіп ал!» (Араф 126)

Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламнан кейін Исраил ұлдарына көптеген пайғамбарлар жіберді, бірақ уақыт өте азғындаған Исраил ұлдары Таураттың үкімдерін ауыстырды, пайғамбарларын тыңдамады, ахлақтары толықтай бұзылды. Жалут деген кәпір әмірші Исраил ұлдарын отандарынан қуып шығарды. Кейін, Талут деген бір патша ордасымен келіп Жалутқа қарсы соғысты. Құран кәрімде былай делінген:

«Олар Жалут пен оның әскеріне қарсы шыққандарында “Раббымыз бізге сабыр бер, бекемдігімізді, батылдығымызды арттыр, кәпір халыққа қарсы бізге жәрдем бер” деді.» (Бақара 250)

Талуттың әскерінің қатарында болған Дауд алейһиссалам Жалутты өлтірді. Талуттың өлімінен кейін, Дауд алейһиссалам Исраил ұлдарының патшасы болды. Дауд алейһиссаламның әскеріндегі мұсылмандар да «Йа Раббым, бізге сабыр бере гөр» деп дұға еткен.

Қиыншылықтарға сабыр ету – үлкен дәреже. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай дұға ететін еді:

«Йа Раббым, сондай яқин (берік иман) бере гөр, қасіреттер маған оңай, жеңіл сезілсін..» (Тирмизи)

 

Сабыр деген не?

Сұрақ: Сабыр деген не? «Аллаһ сабыр ететіндерді жақсы көреді», «Аллаһу та'ала әрине сабыр ететіндермен бірге» және «Сабыр еткендерге сияпаттар есепсіз беріледі» деген аяттарда сабырдың қадірі туралы айтылған. Бұл ниғметтерге неге сабыр ету арқылы қол жеткіземіз?

Жауап: Аяти кәрималардан үкім шығара алмаймыз. Дін кітаптарында жазылғандарды білдірейік:

Сабыр деген кезде көбінесе адамдар бәлеге сабыр дегенді түсінеді. Одан да маңыздылары да бар. Сабыр үш түрлі болады:

1- Бәле келгенде бәлеге сабыр, 2- Ғибадат етуге сабыр, 3- Күнә жасамауға сабыр етілсе аяти кәрималарда білдірілген ниғметтерге қауышылады. Хадис шәрифте: «Бәлеге сабыр еткенге 300, ғибадат етуге сабыр еткенге 600, күнә істемеуге сабыр еткенге 900 дәреже ихсан етіледі» делінген. (Әбуш-шәйх)

 

Бұларды қысқаша түсінідірейік:

1- Бәлеге сабыр туралы хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та'ала былай деп бұйырды: “Дене-мүшесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бақытсыздық келген адам, сабри жәмилмен қарсы алса, қияметте одан есеп сұрауға ұяламын”» (Хаким)

2- Ғибадатқа сабыр ету бәлеге сабыр етуден қиын болғаны үшін, сауабы да көп. Бірнеше мысал келтірейік:

Бір ай аш, сусыз және де басқа қажеттіліктерді тәрк етіп ораза тұту барлық адамға оңай емес. Көп адам бұл сабырды көрсете алмайды.

Дәрет алу, таңертең ұйқыдан оянып тұру, күніне бес уақыт намаз оқу көптеген адамға қиын болғаны үшін, бұл сабырды көрсете алмауда.

3- Күнә істемеуге сабыр ғибадат жасауға сабырдан қиынырақ болғаны үшін, сауабы да көбірек болады. Бірнеше мысал келтірейік:

Адам ғибадатқа сабыр етіп орындауы мүмкін, бірақ күнәға сабыр етуі өте қиын. Мысалы ғайбат айтады. Көп адам ғайбат күнәсінан құтыла алмайды, яғни сабыр ете алмай ғайбат айтады. Көп адам тәкаппарлықтың үлкен күнә екенін білсе де, өзінің кішіреюіне разылық ете алмайды. Адамдардың оны мақтауын қалайды.

Адамдар әйелдердің ашық-шашық жүруінің, боянып, иіссу себініп сыртқа шығуының күнә екенін білсе де, шыдай алмай, бұл күнәні істейді. Көптеген әйел намаз, ораза және басқа да ғибадаттарды орындауға сабыр етсе де, хиджап киіп, жабық жүруге сабыр ете алмайды. Күнә істемеуге сабыр – осы себепті өте құнды. Бір күнәдан қашу бірнеше ғибадатты орындаудан жоғары тұрады. Хадис шәрифте: «Өте аз бір күнәдан қашу – бүкіл жын мен адамдардың ғибадаттарының жиынтығынан да жақсы.» делінген. Барлық күнә Аллаһу та'алаға қарсы шығушылық болғандықтан, бәрі де үлкен болып табылады. Бірақ, кейбірі кейбіріне қарағанда кішкентай болып көрінеді. Бір кішкентай күнәні істемеу – бүкіл жаһанның нәпіл ғибадаттарынан да сауап, өйткені нәпіл ғибадат парыз емес. Күнәлардан қашу болса парыз болып табылады. (Риядун-насихин)

Бұл хадис шәрифте білдірілген жәйтке мән беріп, үлкен-кіші барлық күнәлардан сақ болу керек. Намаз оқымайтын адамның күнәдан сақтануы мүмкін емес дейтіндей дәрежеде қиын. Құран кәрімде дұрыс оқылған намаздың, әртүрлі жамандықтардың, күнәлардың алдын алатыны білдірілген. Намазды дұрыс оқып, күнәлардан сақтануға тырысуымыз керек.