19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ақшаның кеткен жерінен, келген жері белгілі болады

Ақшаның кеткен жерінен, келген жері белгілі болады

Әһли хикмет ғұламалар былай дейді:

Халал ақша халал, харам ақша харам жолда жұмсалады. Бір шәкірт ұстазына келіп, "Ұстаз, біраз ақшам бар, бір жақсылық жасағым келеді, кімге берсем болады?" деп сұрайды. Ұстазы, "Көшеге шық, алдыңнан алғаш көрінген кедейге бер" дейді. Шәкірт жарайды деп, көшеге шығады. Өте кедей, соқыр кісі алдынан шықанында, іздеген адамым табылды деп ақшаларын сол кісіге береді. Ертеңгі күні қайта сол жерден өтіп бара жатып, әлгі соқырдың досына бір нәрселерді түсіндіріп жатқанын көріп, бұл не деп жатыр екен деп жанына барады. Соқырдың "Кеше, осы уақыттарда, бір адам келіп, маған бір уыс ақша берді. Алған күйде, сыраханаға барып, кешке дейін арақ іштім" дегенін естиді. Мұны естіп, берген садақам сыраханаға жұмсалыпты деп ренжиді. Дереу ұстазына барып:

— Ұстаз мен масқара болдым. Айтқаныңыздай, көшеге шығып, көзі көр, кедей адамға ақшаларымды бердім. Ертеңіне сол жерден өтіп бара жатып, әлгі кедейдің алған ақшаларын сыраханада бітіргенін естідім,- дейді.

— Мұнда бір хикмет бар. Мынаны ал, бұл менің ақшам, дәл сол жерге барып, алдыңнан шыққан бір кедейге бер!

Шәкірт, жарайды деп, дәл сол көшеге барып күтеді. Өте кедей бір адамды көріп, Аллаһ разылығы үшін ал мынаны деп, ақшаны береді де, ішінен, "Аңдып көрейін, қай сыраханаға барарын" дейді. Кедейдің артына түсіп, аңдиды. Әлгі адам, қойнынан қырғауылдың өлексесін шығарып қоқысқа тастайды да, үйіне кіреді. Бұл да артынан кіріп:

— Досым, бір сұрағым бар.

— Сен осыдан біраз бұрын маған ақша берген кісі емессің бе?

Иә менмін. Қоқысқа тастағаның қандай қырғауыл, кейін неге үйге келдің, ақшаны қайда жұмсадың?

— Ақша мұнда. Қырғауылға келсек, біз 3–4 күн ашпыз. Әйелім екеуміз сабыр етудеміз. Бірақ балалардың шырылдаған дауысына шыдай алмадық. Ал мен тіленуді, қайыр сұрауды жек көремін. Сондықтан, өлі бір қырғауылдың етін таптым, машақат жағдайыма байланысты, ең болмағанда балалар жесін деп, алып келіп, оны оларға пісіріп бермекші едім, бірақ сен ақшаны бергенен кейін, Хақ та'ала халал ақша жіберді деп өлексені қоқысқа тастадым. Алдымен жанұямды қуантайын, әрі үйдің қажеттіліктерін біліп, алдыменен соларды алайын деген мақсатпен үйге келдім.

Мұны естігеннен кейін, дереу ұстазына барады. Ұстазы, "ақша қай жерге жұмсалды?" деп сұрағанда, болғандарды айтып береді. Бұған байланысты ұстазы:

Хазреті Имам Ағзамның бір сөзі бар. Ақшаның жұмсалған жерінен, оның келген жері белгілі болады. Менің халал ақшамның қай жерге жұмсалғанын көрдің. Сенің табысың бұзық еді, бұзық жерге кетті. Кінәрат кімде?..