Не толық істеу, не мүлдем істемеу пікіріСұрақ: Мен намаз оқитын, ораза ұстайтын және харамдардан сақтануға тырысатын әйелмін. Бірақ оранбағанмын. Екі топ адамдар маған тиіседі. Бір бөлігі былай дейді: Басың ашық болғандықтан ешбір ғибадатың өтпейді, босқа әуре болма, бекерге ғибадат жасама. Ислам діні бір бүтін, оны толығымен ұстану керек. Бір бөлігіне де ғайбат айтпаңдар, арақ-шарап ішпеңдер, өтірік айтпаңдар деген сияқты сөздер айтқан кезімде, сен де басыңды ашып жүрсің ғой, дейді. Бұлардың мені осылай сынағандары дұрыс па? Жауап: Әрине дұрыс емес. Өкінішке орай күнімізде «Не толық істе, не мүлдем істеме» дегендей көзқарас бар. Мәселен «Намаз оқымасаң ораза тұтпа», «Намаз оқымасаң күнә істей бер» дегендей пікірлер белең алған.Дінімізде иман «Не бар болады, не жоқ болады». Яғни иманның азы, көбі болмайды. Иман не бар болады, не жоқ болады. Иманның шарттарының тіпті біреуін де жоққа шығару күпір болады. Бірақ ғибадаттардың біреуін орындамаған немесе күнәлардың біреуін істеген адамға кәпір делінбейді. Кейбір ғибадаттарды орындамаған адамға немесе кейбір күнәлардан сақтана алмағандарға, «сен осы күнәны істеп жүрсің, енді ғибадат етудің қажеті жоқ» деуге болмайды. Бірақ күнә кіші болса да сақтануға тырысу керек. Бір күнәны істеп жүрген адам, басқа күнәларды істей бастайды. Бір күнә басқа күнәларды шақырады. Күнә - қарсы шығу деген сөз. Ақылды адам Раббына қарсылығының мөлшерін арттыра ма? Керісінше, азайтуға тырысады. Имам Раббани хазреттері былай деген: «Бүкіл күнәларға тәубе етіп, барлығынан тыйылу үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, ең болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет. Бәлкім соның берекесімен басқа күнәларға да тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адам, ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмау керек» деген ғұламаларымыз.» (2/66) Бірнеше күнәға байланған адам біреуінен бас тартқысы келген кезде, оған «Басқаларын да тоқтата алмаған болсаң, бұл күнәңды да жалғастыра бер» деп айтуға болмайды. Күнәнің мөлшері қаншалықты азайса, соншалықты жақсы болады, өйткені Аллаһтан қорқып бір күнәдан бас тарту – иманның бар екенінің белгісі. Мүлдем ғибадат етпегеннен гөрі, аз ғибадат етудің өзі олжа. Мұсылмандық әсте әсте делінеді. Енді дінге бет бұрып келе жатқан адамды «толық істемесең мүлдем істеме», «намаз оқымасаң ораза тұтпа» деп райынан қайтару дұрыс емес. Аллаһу та’ала бір хадис құдсиде былай деген: "Кімде-кім Мен жаққа қарай бір қадам тастаса, Мен оған 10 қадам жақындаймын." Ғалымдарымыздың да, "Бір нәрсенің бәрін орындай алмасаң, ең болмағанда барынан да айрылып қалма!" деген сөздеріне сүйенетін болсақ, ең болмағанда қолынан келгенше, аздап болса да әмірлерді орындауға тырысып, тыйымдардан сақтануға тырысу бастапқыда дұрыс. Кейін уақыт өте келе осылардың құрметіне толықтай орындауы нәсіп болатыны үміт етіледі. Хадис шәрифте: «Өмірінде бір рет Аллаһты еске алған немесе Одан қорыққан мұсылман, әлбетте Жаһаннамнан шығады» делінген. (Тирмизи) Олай болса, қандай күнә болса да, одан сақтануға тырыссақ, күнәларымыздың жазасын тозақта тартсақ та бір күні ол жерден құтылып жаннатқа кіреміз. Тіпті, шапағатқа қауышып мүлдем кірмей жаннатқа бару ықтималы да бар. Сол үшін иманды болып өлуге көп күш салу керек. Иманды болып өлу үшін харамдардан сақтанып, ғибадаттарды орындау керек. Сұрақ: Ғибадаттарда, «Не бүкіл ғибадаттардың барлығын орында немесе мүлдем ешқайсысын жасама», ал күнә тұрғысында, «Я күнәлардың барлығынан бас тарт немесе еш бірін тастама», яғни «не бәрін істе немесе мүлдем істеме» делініп жатады. Осы сөздер қаншалықты дұрыс? Жауап: Бұл тақырыптарда «не толық істе, не мүлдем істеме» деудің дұрыс және бұрыс болған жақтары бар. Дұрыс жағы: Намаз оқы, қалай оқысаң солай оқы, ешқандай сүре оқымасаң да оқы, дәретсіз болсаң да оқы деу қате. Әрбір ғибадатты діннің білдірген өлшемдері бойынша орындауға тырысу керек. Яғни, жасай алғанымызша жасаймыз, бірақ үкімдеріне сай жасау керек. Мысалы, ораза ұстаған адам, түске дейін ұстап, түстен кейін жеп-ішсе, «Басқалар еш тұтпайды, қайта мен түске дейін тұттым» десе қате болады. Бұл әмірді өзгерту болып, бидғат болады. Тіпті оразаны мазақ қылу болуы мүмкін. Екі рәкат таң намазының парызын оқи бастағаннан кейін, бір рәкат қылып қалдырса, «Басқалар мүлдем оқымайды ғой, қайта мен бір рәкат оқыдым» деп айту қате болады. Намазды мазақ етуге себеп болуы мүмкін. Еш орындамау өте жаман болса да, бұлай жасау, еш орындамаудан да жаман болуы мүмкін. Сазды аспаптар шалып Құран оқығанның, «Басқалар мүлдем оқымайды ғой» деулері өте қате болады. Бұлай оқу, еш оқымаудан да жаман. Бұрыс болған жағы: «Ислам діні бір бүтін, намаз оқымайтын болсаң оразаны да тұтпа, ашық жүрген болсаң намазды да оқыма, құмар ойын ойнап жүрсің, шарап ішпеудің еш пайдасы болмайды, не толық істе, не мүлдем істеме» деу қате. Бірнеше күнә істеп жүрмін деп басқа күнәларды да жасау керек емес. Имам Раббани хазреттері былай деген: «Бүкіл күнәларға тәубе етіп, барлығынан тыйылу үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, ең болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет. Бәлкім соның берекесімен басқа күнәларға да тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адам, ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмау керек» деген ғұламаларымыз.» Демек, ғибадаттардың барлығы орындалмаса да, жасай алғанынша орындап, күнәлардың барлығынан сақтана алмаса да, сақтана алғанынша сақтану – ниғмет. Осы тұрғыда «Не толық істе, не мүлдем істеме» деп айту дінге қайшы болады.
|