20 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     21 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Тәһәуур

Ашудың, қатаңдықтың шамадан тым артық және зиянды болуына «Тәһәуур», басқыншылық, қызбалық делінеді. Тәһәуур иесі қызба мінезді, қатал болады. Мұның терісіне казм, һилм, жұмсақтық делінеді. Жұмсақ адам, ашуға себеп болатын нәрселерге ашуланбайды, қызбалыққа түспейді. Қорқақ адам өзіне зиянын тигізеді. Ал ашулы адам, өзіне де, басқаларға да зиянын тигізеді. Тәһәуур, адамды ақылынан адастырады, күпірге дейін апарады. Хадис шәрифте: «Ашу иманды бұзады» делінген. Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” дүние үшін ашуланғаны көрілмеген. Аллаһ үшін ашуланатын еді. Ашулы адам, қарсысындағының да өзіне қарсылық көрсететінін алдын ала ойлауы керек. Көп ашуланатын адамның жүйкесі бұзылады, көңілі ауру болады. Осы келеңсіздіктер адамның сыртынан да көрініс тауып, жаман және қорқынышты халге енеді.

Ашуын жеңуге «казм» делінеді. Казм ету үлкен сауап. Қазм иесіне, яғни ашуын жеңген адамға жаннат сүйіншіленген. Аллаһ разылығы үшін казм еткен, яғни қарсыласын кешіріп, оған жамандық жасамаған адамды Аллаһу та’ала қатты жақсы көреді. Жаннатты осындай адамдар үшін дайындағанын білдірген. Хадис шәрифте: «Кімде-кім Аллаһу та’аланың разылығы үшін ашуын (жеңетін) алыстататын болса, Аллаһу та’ала да одан азабын алыстатады» делінген. Тағы бір хадис шәрифте: «Бір мұсылманда үш нәрсе бар болса, Аллаһу та’ала оны сақтайды және қамқорлығына алады, оны жақсы көреді, мейірім етеді. Ниғметке шүкір ету, залымды кешіру, ашуланғанда ашуын жеңу» делінген. Ниғметке шүкір ету, оны исламға сай қолдану деген сөз. Хадис шәрифте: «Ашуланған адам, қалағанын істеуге күші жете тұра жұмсақтық танытса, Аллаһу та’ала оның жүрегін амандық және иманмен толтырады» және «Кімде-кім ашуын жасырса, Аллаһу та’ала да оның айыптарын, қателіктерін жасырады» делінген. Имам Ғазали “рахимә-һуллаһу та’ала”, «Жұмсақ мінезді болу, ашуын жеңуден үстем» деген. Хадис шәрифте: «Йа, Раббым! Маған ілім бер, мені жұмсақтықпен безендір, тақуалық нәсіп ет! Амандықпен мені әдемі қыл!» делінген. Абдуллаһ ибн Аббасқа “радиаллаһу та’ала анһума” бір адам жаман сөз айтты. Оған жауап ретінде бір қажеттілігің болса саған жәрдем берейін, деді. Әлгі адам басын алдына иіп, ұялып кешірім сұрады. Хазреті Хусейннің ұлы Зәйнәл Абидин Әлиге “радиаллаһу та’ала анһума” бір адам жаман сөз айтты. Киімін шешіп, оған сыйға берді. Иса алейһиссалам, яһудилердің жанынан өтіп бара жатқан кезінде оған өте жаман сөздер айтылды. Оларға жақсы, әрі жылы сөздермен жауап берді. Қасындағылар, «Яһудилер саған жамандық жасап жатыр, ал сен болсаң жақсы сөздер айтудасың» дегенде Иса алейһиссалам: «Әр адам өзінің бойындағы барын береді» деді. Жұмсақ мінезді, жақсы адам, әрдайым қуанышта, тыныштықта болады. Оны барлығы мақтап жүреді.

Хадис шәрифте: «Ашу, шайтанның уәсуәсасынан пайда болады. Шайтан, оттан жаратылған. От, сумен өшіріледі. Ашуланған кездеріңде дәрет алыңдар!» делінді. Осы себептен, ашуланғанда «аузу бисмиллаһ» пен екі «құл аузу»-ды айту керек. Адам ашуланған кезде ақылы тоқтайды. Исламның сыртына шығады. Ашуланған адам түрегеп тұрған болса, отыруы керек. Хадис шәрифте: «Ашуланған адам, түрегеп тұрса отырсын. Ашуы басылмаса, жантайып жатсын!» делінді. Түрегеп тұрған кезде өш алу оңайырақ болады. Отырған кезде азаяды. Жататын болса тіптен азаяды. Ашу тәкаппарлықтан туындайды. Жату тәкаппарлықтың азаюына себеп болады. Ашуланғанда, «Аллаһуммағфир ли-зәнби уә әзһиб ғайза қалби уә әжирни минәшшайтан» дұғасын оқу керектігі хадисте айтылған. Мағынасы: «Йа, Раббым! Күнәмді кешіре-гөр! Мені жүрегімдегі ашудан және шайтанның уәсуәсасынан құтқара-гөр!» дегенді білдіреді. Ашуға себеп болған адамға жылы мәміле көрсете алмайтын адам, оның жанынан кету керек, одан ұзақ болуға тырысу керек.

 Дүние үшін де, ахирет үшін де ешкімге ашуланбау керек. «Лә тағдаб» (ашуланба!) хадис шәрифі, ашулануға тыйым салуда. Адам ашуланған кезде барлық жүйкесі бұзылады. Кейбір мүшелері ауруға шалдығады. Дәрігерлер де мұның емін таба алмайды. Мұның жалғыз емі – «Ла тағдаб» хадис шәрифі. Ашуланған адам сөзімен, әрекеттерімен жанындағыларды ренжітеді. Оларды да жүйке ауруларына шалдықтырады. Үйдің тыныштығы қалмайды, берекесі кетеді. Отбасының бұзылуына, тіпті жанның қиылуына да себеп болуы мүмкін. Ашуланатын адам жоқ болса, ол үйде бақ-береке, тыныштықпен қуаныш бар деген сөз. Ашуланатын адам бар болса, ол жерде тыныштық, бақыттылық пен қуаныш болмайды. Мұндай үйдегі ерлі-зайыптылар арасында және ана мен бала арасында сыйыспаушылық, келіспеушілік тіпті дұшпандық та көп болмаса кем болмайды. Ислам үкімдеріне мойынсұнудың, бақыт пен шаттық, қуаныш әкелетінін осы жерден де байқауға болады. Ислам үкімдерімен жүрген кәпірлер де дүниеде бақытқа жетеді.

Надандар, сауатсыздар, ашу мен тәһәуурді шәжаат, еркектік, үстемдік, қайрат, жігер дейді. Осындай әдемі атаулармен ашуды, жаман мінезді сәндеп, әдемі қылып көрсетеді. Ашуланудың жақсы екендігін айтады. Мұны мақтау үшін, үлкендердің ашуланғанын көрсететін оқиғаларды да айтады. Бұлай жасау – надандық. Ақылдың нұқсандығын көрсетеді. Осы себептерден ауру сау адамнан, әйел еркектен, қарт жас адамнан тезірек ашуланады. Отыз жастан кіші болғандарға жас, отыз бен елу арасындағы адамдарға ересек, елуден жоғары болғандарға қарт адам (жетпістен кейінгі адамдарға пирі фәни) делінеді.

Ислам дінінен, кітаптардан алмай, өз ойынан шығарып, қатаң, ашулы күйде уағыз айтқандарды тыңдамау да, оның ашуына себеп болады. Мұның шарасы, дұрыстықты жұмсақ және жылы сөзбен айту. Хазреті Хасан мен Хусейн “радиаллаһу та’ала анһума” шөлде кетіп бара жатқан еді. Бір қарт адамның дәрет алғанын көрді. Дәретін дұрыс алмаған еді, шарттарына сай емес еді. Қарт болғаны үшін, мұндай дәрет сахих болмайды деп айтуға қысылады. Жанына барып, «Құрметті ақсақал! Біз бір-бірімізбен кім жақсы, дұрыс дәрет ала алады деп жеңісе алмай жатырмыз. Біз дәрет алсақ. Ал сіз бізге төрешілік жасасаңыз» дейді. Бірінші Хасан, одан кейін Хусейн жақсылап дәрет алды. Қарт адам жақсылап қарап: «Балаларым! Дәрет алуды қазір сендерден үйрендім» деді. Ибраһим алейһиссалам екі жүз мәжусиге (отқа табынушыға) ас берді. Олар риза болып «Бізге не әмір етсең, жасайық» деді. «Сендерден бір тілегім бар,» деді. «Ол қандай тілек?» дегендеріңде, «Менің Раббыма бір рет сәжде етулеріңді сұраймын» деді. Өзара сөйлесіп, «Бұл қарттың кеңпейілділігі, жомарттығы мәшһүр. Бұны ренжітпейік, бір рет сәжде етейік, одан кейін тәңірлерімізге барып табынамыз. Еш зияны болмас» деді. Олар сәждеде болғанда Ибраһим алейһиссалам «Йа Раббым! Күшімнің жеткені осы! Бұдан артығын жасату қолымнан келмейді. Бұларды хидаятқа, бақытқа қауыштыру тек қана сенің құдіретіңде. Бұларға мұсылмандықты нәсіп ет!» деді. Дұғасы қабыл болып, барлығы мұсылман болды. Харам істейтін адамға жекеше отырып насихат етіледі. Харам істеп жатқан адамға жылы сөзбен сол жерде айтылады. Адамдарға алдымен жекеше түрде, жалғыз қалғанда насихат ету әсерлірек болады.

Біреудің сөзін дұрыс түсінбеу де, ашуға себеп болады. Осындай кездері қысқа әрі анық сөйлеу және күмәнді сөздер қолданбау керек. Бір нәрсені жасырып, астарлап айту тыңдаушыға қиындық береді. Оны ренжітеді. Әмри маруф (дінді насихат) жасаудың үш шарты бар. Біріншісі: Аллаһу та’аланың әмірі мен тыйымдарын білдіруге ниет ету. Екіншісі: Айтқанының дәлелін, қайдан алынғанын білу. Үшіншісі: Пайда болатын қиындықтарға сабыр ету. Жұмсақ сөйлеп, қатаң болмау керек. Қатты сөйлеген және сөз таластырған адам фитнаның шығуына себеп болады. Хазреті Омар халифа кезінде Абдуллаһ ибн Масудпен “радиаллаһу анһум” бірге бір түні Мадинаның ішін аралап жүреді. Бір есіктен әуеннің, ән айтып жатқан әйелдің даусы естіледі. Есіктің тесігінен ішіне қараған кезде, алдында шарап ыдысы, қарсы алдында әнші қыз тұрған қарт адамды көреді. Бірден терезеден ішке кіреді. «Йа, Әмирулмүминин! Аллаһу та’аланың разылығы үшін мені тыңдайсың ба?» дегенде, «Айт көрейік,» дейді. Әлгі қарт кісі: «Ей Омар. Мен Аллаһу та’алаға бір рет бағынбадым. Ал сен оның үш әміріне бағынбадың,» дейді. «Олар не?» деп сұрағанда, «Аллаһу та’ала басқалардың үйін аңдымаңдар деген. Сен есіктен аңдыдың. Аллаһу та’ала, басқалардың үйіне рұқсатсыз кірмеңдер деген. Сен рұқсатсыз кірдің. Аллаһу та’ала үйге есіктен кіріңдер және сәлем беріңдер деді, ал сен терезеден кірдің және сәлем бермедің,» деді. Хазреті Омар “радиаллаһу та’ала анһ” әділдікпен, ынсаппен жауап беріп, «дұрыс айтасың» деді де, одан кешірім сұрады. Жылап сыртқа шықты.

 

Насихат берген адамға және барлық мұсылмандарға хусни зан ету (жақсы ойда болу), жақсы қарсы алу керек. Сөздерін, мүмкіндігінше жақсы мағынаға жору керек. Мұсылмандардың қайырымды және салих болғанына сену ғибадат болады. Мұсылманға суи зан етіп (жаман күмәнға барып) оған сенбеу - өзінің жаман мінезді екенін көрсетеді. Естілген сөзді түсінуге тырысу керек, түсінбегенін сұрау керек. Сөйлеген адамға бірден суи зан етпеу керек.  Шайтанның жүрекке беретін уәсуәсаларының ең әсерлісі – суи зан уәсуәсасы. Суи зан ету харам. Бір сөзден жақсы мағына шығару мүмкін болмаса, мұның қателесіп, жаңылысып немесе ұмытып айтылуы мүмкін екенін ойлау керек.

Бір кедей, байдан бір нәрсе сұраса, бай бермесе, екеуі де ашуға келуі мүмкін.

Бір іспен айналысып жатқан адамға, ойланып отырғанға, қайғылы адамға, қиыншылық көріп жүрген адамға бір нәрсе айту, бір нәрсе сұрау оны ашуландыруға себеп болуы мүмкін. Баланың жылауы, айқайлауы, жануардың айқайлауы да осылай. Мұндай ашулану өте жаман. Жансыздардың әрекетінен ашуланатындар кездеседі. Бұл одан да жаман. Қойған жерінен тайып құласа, балтамен ұрған кезде сынбаса, ашуланып жаман сөз айтатын, қырып-жоятын, жағып жіберетін адамдар да кездеседі. Өзінің істегеніне ашуланатын, сол үшін өз-өзін балағаттайтын, өз-өзін ұратын адамдар да жоқ емес. Ғибадатта кемшілік жасағаны үшін өз-өзіне ашулану жақсы қасиет. Дін қайраты, сауап болады. Әмірлер мен тыйымдарының себебімен үкіметке, үкімет басшысына, Расулуллаһқа “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”, тіпті Аллаһу та’алаға қарсы ашулану бәрінен де жаман. Күпірге себеп болады. «Ашу, иманды бұзады» хадис шәрифі, Аллаһу та’алаға, Расулуллаһқа қарсы ашуланудың күпірлік болатынын көрсетеді.

Харам істеп жатқан адамды көрген кезде ашулану жақсы. Дін қайраты болады. Бірақ, ашуланған кезде ақылдың және ислам дінінің сыртына шықпау керек. Оған кәпір, мұнафық және басқа да жаман сөздер айту харам болады. Айтқан адамды сұраққа тарту, жазалау қажет болады. Харам істеп жатқан адамды көрген кезде  оған надан немесе ақымақ деп айтуға рұқсат берілген болса да, жұмсақ, жылы сөйлеп насихат айту жақсырақ болады. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала әр уақытта жұмсақ сөйлегенді жақсы көреді» делінген. Харам істеген, заңға қарсы келген адамды үкімет қызметкері, тәртіп сақшыларының (полиция) күш қолданып тоқтатуы керек. Бірақ, қажетінен артық ұруы, жәбірлеуі зұлымдық болады, күнә болады. Мемлекет қызметкері жоқ болса, күші жететін адамның тоқтатуы, тәзірін беру керек. Өлім, үйін бұзу жазалары тек үкімет және сот тарапынан жасалады. Қажетінен көп жаза беру зұлымдық болады. Муһтасибтардың, яғни әмри маруф және нәхи мункар жасайтын үкімет қызметкерлерінің жәбір көрсетулері харам.

Ашудың терісі Хилм (жұмсақтық) деп аталады. Хилм ашуды жеңуден абзалырақ. Хилм – ашуланбау деген сөз. Ақылдың көптігінің белгісі. Хадис шәрифте: «Ашуға себеп болатын бір нәрсеге тап болғанда хилм еткен адамды Аллаһу та’ала жақсы көреді» және «Аллаһу та’ала хайа (ұятты), хилм (жұмсақ мінезді) және иффәт (арлы) иесі болған құлдарын жақсы көреді. Фухш (ұятсыз сөз) айтатындарды және жармасып тіленетіндерді жақсы көрмейді» делінген. Иффәт – басқаның мүлкіне көз тікпеу деген сөз. Фухш – жаман, ұятсыз нәрселер. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” «Йа Раббым! Маған ілім, хилм (жұмсақтық), тақуалық және афиет (амандық) бер!» деген дұғаны көп айтатын еді. Илми нафи (пайдалы ілімдер) – кәлам, фиқһ және ахлақ ілімдері. Афиет - дін мен ақиданың бидғаттардан, амал мен ғибадаттың апаттардан, нәпістің шаһуаттардан, көңілдің нәпістің қалауымен мен уәсуәсадан және дененің аурулардан шипа табуы, құтылуы, амандықта болуы дегенді білдіреді. Расулуллаһтан “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” дұғалардың ең абзалы қайсысы деп сұралғанда, «Аллаһу та’аладан афиет сұраңдар! Иманнан кейін, афиеттен де асқан ниғмет жоқ» деді. [Афиетке қол жеткізу үшін көп истиғфар айту керек.] Хадис шәрифте: «Ілім және сәкинә иесі болыңдар! Үйрену және үйрету кезінде жылы сөйлеңдер! Ілімдеріңмен тәкаппарлық етпеңдер!» делінген. Сәкинә - байсалды, салмақты болу дегенді білдіреді. Хадис шәрифте: «Ислам дініне бағынған және жұмсақ болған адамды жаһаннам оты жақпайды» және «Жұмсақ болу береке әкеледі. Жұмысында шектен шығушылық пен босаңдық ғафлетке себеп болады» делінген. Хадис шәрифте: «Рифқ (жұмсақ мінез) иесі болмаған адамнан қайыр келмейді» және «Рифқ (жұмсақтық), адамға сән береді және кемшіліктерді кетіреді» делінген.

Дұшпанға ашуланбау керек, жай дауыспен «Аллаһ жазаңды берсін» деу керек. Аллаһу та’ала ешқандай ақысы болмаса да, өзі кінәлі бола тұра дауласқанға өте ауыр жаза береді.

Хадис шәрифте: «Ілім үйрену арқылы, ал хилм болса, оған талпыну арқылы пайда болады. Аллаһу та’ала қайырлы нәрсе үшін тырысқан адамды мақсатына жеткізеді. Жамандықтан сақтанған адамды бұдан қорғайды» делінген.