20 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     21 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Ғайбат ету

39 – Белгілі (танитын) бір мүминнің немесе зиммидің (мұсылман емес отандастың) айыбын, кемшілігін оны жамандау үшін арқасынан сөйлеу ғайбат болады. [Жамандаған сөздері дұрыс болса да, «ғайбат» болады. Өтірік болса, «жала» болады. Ғайбат пен жала жабу, үлкен күнә болғанындай, бұларды тыңдау да харам. Бұларды айтқан және тыңдаған адам жаһаннам отында жанады. Айтқан адамды тоқтату керек, тоқтата алмаса, ол жерден тұрып кету керек. Және олар үшін жақсы дұға ету керек. Достарының, туыстарының есімдерін жазып, қабырғаға ілу керек, бұл есімдерді әр көргенде, оларға жақсы дұға ету керек. Қабірдің үстіне тас қойылып, оған мәйіттің есімі жазылады, өткен-кеткендер, көргендер бұл мәйіт үшін рахым (мейірім) сұрайды және истиғфар етеді (кешірілуін сұрайды). Көп жыл бойы осындай дұғаларға қауышқан мәйіттер қабыр азабынан құтылады.] Ғайбат ету – харам. Тыңдап отырған адам, ол адамды танымайтын болса, ғайбат болмайды. Ғайбатталған адам мұны есітитін болса, ренжиді. Денесінде, тегінде, ахлағында, жұмысында, сөзінде, дінінде, дүниесінде тіпті киімінде, үйінде, малында болған бір кемшілік, арқасынан айтылған кезде, иесі бұны естігенде ренжитін болса, ғайбат болады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де айтқан сияқты ғайбат болады. Бір мұсылманның күнәсы немесе кемшілігі айтылғанда, қарилардың, дін адамдарының, «әлхамдулиллаһ біз ондай емеспіз» деулері ғайбаттың ең жаманы. Біреу туралы айтылып жатқанда, «әлхамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай опасыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбат болады. «Пәленше өте жақсы кісі, бірақ ғибадаттағы мына кемшілігі болмаса, тіптен жақсы болар еді» деу де ғайбат болады. Хужурат сүресінің он екінші аятында «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды. Ғайбат – адамның сыртынан жамандау, өсектеу деген сөз. Біреуді ғайбат ету өлген адамның етін жеумен бірдей екендігі білдірілген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қиямет күні бір адамның сауап дәптері ашылады. “Йа Раббым! Дүниеде мына ғибадаттарды жасаған едім. Парақта бұлар жазылмапты”, дейді. “Олар дәптеріңнен өшіріліді, ғайбат еткен адамдарыңның дәптерлеріне жазылды”, делінеді» және «Қиямет күні бір адамның жақсылық дәптері ашылады. Жасамаған ғибадаттарын сол жерде көреді. “Бұлар сені ғайбат еткендердің сауаптары”, делінеді». Әбу Хурайра “радиаллаһу анһ” былай дейді: Расулуллаһпен “саллаһу алейһи уәсәлләм” отырған едік. Арамыздан біреу тұрып кетті. Йа Расулаллаһ! Мазасызданып кетті, делінді. Пайғамбарымыз «Бауырларыңды ғайбат еттіңдер, етін жедіңдер» деді. Айша “радиаллаһу анһа” былай дейді: Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” жанында бір әйелдің ұзақ болғанын айттым. «Аузыңдағыны шығар!» деді. Түкірдім, аузымнан ет паршасы шықты. Аллаһу та’ала сипаттарды, ерекшеліктерді, зат түрінде көрсетуге құдіретті. Ғайбат – дін бауырының немесе зимми кәпірдің естігенде ренжитін бір кемшілігін арқасынан айту деген сөз. Аллаһу та’ала, Мұса алейһиссаламға: «Ғайбат етіп, тәубе еткен адам, жаннатқа ең соңынан кіреді. Ғайбат етіп, тәубе етпеген адам, жаһаннамға ең бірінші кіреді» деп уахи етті. Ибраһим Әдһәм “рахимә-һуллаһу та’ала” бір асқа шақырылады. Дастархан басында шақырылған қонақтардан бірі келмегені айтылғанда, біреу “ол өзі ауыр жүрісті адам” деді. Ибраһим Әдһәм “рахимә-һуллаһу та’ала” “ғайбат етілді”, деді және шығып кетті. Хадис шәрифте: «Бір адам үшін айтылған кемшілік, ол адамда бар болса, бұл сөз ғайбат болады. Жоқ болса нахақ сөз, яғни жала болады» делінді. Діндегі кемшіліктерді айту, мысалы: намаз оқымайды немесе арақ ішеді немесе ұрлық жасайды немесе сөз тасушы деу және дүниедегі кемшіліктерін айту, мысалы: саңырау, көзі қыли деу ғайбат болады. Діндегі кемшіліктері, оны жамандау үшін айтылса, ғайбат болады. Оның жағдайын (жақсылығын) ойлап айтылса, ғайбат болмайды. Жаны ашып айтылса да ғайбат болмайды делінді. Бұл ауылда намаз оқымайтын адам бар немесе коммунист бар, ұры бар деп айту ғайбат боламайды. Өйткені, белгілі бір жеке тұлға айтылмауда.

Бір адам намаз оқып, ораза ұстап, сонымен қатар адамдарға қолымен зиян береді. Мысалы: ұрады, мал-мүлкін тартып алады, ұрлық жасайды. Немесе тілімен зиян береді. Мысалы: жамандайды, жала жабады, ғайбат етеді, сөз тасиды. Ашықша, адамдардың көзінше жасалған арсыздықтарды, харамдарды және бидғаттарды айту ғайбат болмайды. Бұларды тоқтату үшін үкіметке хабар беру, күнә емес. Бір адам, әкесінен жасырынып харам істеп жүрсе, әкесінің тоқтатанын білгеннің, әкесіне айтуы немесе жазып болсын білдіруі қажет. Тоқтата алмайтынын білсе, хабар беруі жаиз болмайды. Себебі, дұшпандыққа себеп болады. Біреудің зияндарын, оған жаны ашығаны үшін немесе басқалардың одан сақтануы үшін айтса, ғайбат емес. Оны жамандау үшін айтса, ғайбат болады. Алты адамның кемшіліктерін, айыптарын арқасынан айту, ғайбат болмайды: Оған жаны ашығаны үшін, оны тоқтату үшін айту, фәтуа алу үшін айту, мұсылмандарды оның жамандығынан қорғау үшін айту. Ол кемшілік, оған есім болған болса, оны осы есіммен танытуға мәжбүр болғанда. Ашықша жасалған, бәрінің білетін арсыздықты, бидғатты және зұлымдықты айту. Ашуланып, оны жамандау ниетімен айту ғайбат болады. Сатылып жатқан мүліктің кемшілігін алушыға білдіру, сатушыға ғайбат болып саналмайды. Үйленетін жігітке, некелесетін қыздың айыбын, кемшілігін айту, ғайбат емес, насихат болады. Бір нәрсені білмегенге насихат айту, уәжіп. Ашықша харам істегеннің және зұлымдық еткеннің, ашық болмаған (білінбеген) басқа айыптарын білдіру, ғайбат болады. Хадис шәрифте: «Ұят жилбабын шешкен адамды айту ғайбат болмайды»делінді. Жилбаб, әйелдердің кең орамалы. Бұл жерде, ұят жилбабын шешу, ашықша, адамдардың көзінше харам істеу деген сөз. Хадис шәрифте мұндай адамның ұяты болмағанына ишарат етілуде. Имам Ғазали және кейбір ғалымдар “раһимә-һумуллаһу та’ала” ашықша күнә істегеннің және басқалардың кемшілігін айтудың ғайбат болуында, оны жамандау шарт емес, деді. Осы себептен ғайбат етуден қатты сақтану керек.

Адамды ғайбат етуге итермелейтін себептер көп. Бұл жерде он бірі айтылады: Оған қарсы дұшпандық, кек сақтау, қасында болғандардың пікірлеріне қосылу, жақсы көрілмеген бір адамды жамандау, өзінің ол күнәні істемегенін білдіру, өзінің одан жоғары, үстем екенін білдіру, хасед ету (көре алмаушылық ету), қасындағыларды күлдіру, қалжыңдау, оны мазақ ету, ойламаған адамның харам істеуіне таң қалғанын білдіру, оған ренжігенін, оған жаны ашығанын білдіру, харам істегені үшін жақсы көрмегенін білдіру.

Ғайбат ету – адамның сауаптарының азаюына, басқалардың күнәлары өзіне берілуіне себеп болады. Бұларды, әр уақытта ойлап жүру, адамның ғайбат етуіне тосқауыл болады.

Ғайбат, үш түрлі: Біріншісі, мен ғайбат етпедім, онда болған нәрсені айттым, дейді. Бұлай айту, күпір болады. Себебі, харамға халал деген болады. Екіншісі, ғайбат етілген адамға естірту. Үлкен харам болады. Тәубе етумен кешірілмейді. Ол адаммен халалдасу (кешірім сұрау, разылығын алу) қажет болады. Үшіншісі, ғайбат етілгеннің бұдан хабары болмайды. Тәубе және истиғфар етумен және оған қайыр (игілік, жақсылық тілеп) дұға етумен кешіріледі.

Қасында ғайбат жасалғанын естіген адам, бұны дереу тоқтатуға тырысуы керек. Хадис шәрифте: «Дін бауырына, оның хабары болмай жәрдем еткен адамға, Аллаһу та’ала дүниеде және ахиретте жәрдем етеді» және «Қасында дін бауырына ғайбат етілгенде, күші жете тұра оған жәрдем етпеген адамның күнәсі, дүниеде және ахиретте өзіне жеткілікті болады» және «Бір адам, дүниеде дін бауырының абыройын (намысын) қорғаса, Аллаһу та’ала, бір періште жіберіп, оны жаһаннам азабынан қорғайды» және «Бір адам, дін бауырының абыройынан бір нәрсені қорғаса, Аллаһу та’ала, оны жаһаннам азабынан қорғайды» делінді. Ғайбат жасалғанда, сол жерде болған адам, қорықпаса,  сөзімен тосқауыл болуға қорыққанда, жүрегімен қайтармаса (іштей жаман көрмесе), ғайбат күнәсына ортақ болады. Сөзін бөлуі немесе тұрып кетуі мүмкін болса, осыны жасауы керек. Қолымен, басымен, көзімен қайтаруы саналмайды. Ашықша қой (доғар) деуі қажет.

Ғайбат етудің кәффараты – өкіну, тәубе ету және онымен халалдасу. Өкінбей тұрып кешірім сұрау, рия болады, бөлек бір күнә жасаған болады. [Өліні және зимми кәпірді ғайбат етудің харам екендігі Ибн Абидинде 5-ші том, 263-ші бетінде жазылған.]