Әр жамандықтың бір ғана шарасыСұрақ: Бір досым намаз оқитын болса да ішкілік және басқа да жамандықтарын тастай алмай жүр. Бұл қалай болады екен? Жауап: Дұрыс оқылған намаз әртүрлі жамандықтан сақтайды. (Анкебут 45) Жамандықтан сақтай алмаған намаз дұрыс оқылып жатқан жоқ деген сөз. Хадис шәрифте былай делінген: «Бір адамның намазы оны әртүрлі жамандықтардан сақтамайтын болса, оның Аллаһтан ұзақ болуы артады.» (Табарани) Олай болса, істейтін жұмысымыз – намазды дұрыс оқуға тырысу. Намазды дұрыс оқи алу үшін алдымен сенімнің дұрыс болуы шарт. Одан кейін басқа шарттары да келеді. Ғұсыл мен дәреттің дұрыс болуы керек. Осы шарттарға мән берген адам міндетті түрде әртүрлі жамандықты тастайды. Жамандармен бірге жүру де өте зиянды. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Жаман дос теміршінің көрігі сияқты. Үрлеген кезінде оттың ұшқындары сені жақпаса да, иісі сені мазалайды.» (Бұхари) «Жақсы дос иіссу сататын адам сияқты. Саған иіссу сеппесе де, қасыңда болған кезде әдемі иістерінен пайдаланасың.» (Мүслим)
Ішкілік және намаз Сұрақ: Күйеуім ішкілік ішіп алған кезде де намаз оқиды. Намазы қабыл болады ма? Ораза да ұстайды. Ішімдікпен оразасын ашатын кездері де болады. Намазы да, оразасы да босқа кетіп жатыр ма? Жауап: Күнә басқа, ғибадат басқа. Яғни күнә істеген адамның да ғибадаттары сахих болады. Намаз қарызынан, ораза қарызынан құтылады. Сонымен қатар, дұрыс оқылған намаз адамды жамандықтардан сақтайды. Ондай адамдар ахыретте не үшін намаз оқымадың, ораза ұстамадың деп сұраққа тартылмайды. Неге ішкілікке түстің деп сұраққа тартылады. Ішкілік ішкен адамның оқыған намаздары сахих (өтеді) болады, бірақ қабыл болмайды. Қабыл болмайды дегені – сахих болмайды деген сөз емес. Сахих және ықыласпен жасалған әр ғибадаттың сауабы болады. Намаз борышынан құтылады, бірақ намаздан пайда болатын үлкен сауаптардың барлығына қауыша алмайды деген сөз. Ашық жүрген әйелдің намазы да осындай. Намаз борышынан құтылады, намаз оқудан пайда болатын үлкен сауаптардың барлығына қауыша алмайды, яғни сауабы аз болады. Бұл тек ішкілік ішетін, ашық жүретіндер үшін ғана емес, әртүрлі күнә істейтіндер үшін де осындай. Өтірік айтатын, ғайбат ететін, сөз таситын адамның да намаздарының сауабы азаяды.
Намаз оқымайтын адам Сұрақ: Мәжусидің (отқа табынушының) бірі Рамазан айында баласына сыртта тамақ жегізбейді, мұсылмандарға құрметпен қарайды және соңғы демінде иманмен өледі. Ал діни жазбаларда намаз оқымайтын мұсылманның иманмен жан тапсыруының қиын болатындығы, яғни иманының қауіпте болатыны жазылған. Ол мұсылман болса да кәпір болып өлуі мүмкін де, қалайша кәпір мұсылман болып өлуі мүмкін? Жауап: Ислам діні адамдардан екі нәрсе талап етеді. Біріншісі, не білдірген болса, барлығына болғанындай иман келтіру. Екіншісі, осы иман еткендеріне құрмет етіп, барлығын ұнату. Бұлар иманға қатысты болғандары. Ал істеу-істемеулер болса күнә мен сауапқа қатысты. Келтірген мысалыңызда бір мәжусидің, яғни отқа табынушының оразаға, мұсылмандардың ғибадатына деген құрметі, қадірлеушілігі, оның мұсылман болуына себеп бола алады, тіпті болды да. Осыған ұқсас оқиғалар көп болған. Бірақ бір мұсылманның жылдар бойы намаз оқымауы, басқа харамдарды істеуі, бұларды істегені немесе істемегені үшін емес, иман еткен нәрселерге құрметті азайтатындығы, тіпті жоқ қыла алғаны үшін күпірге түсу қаупін арттырады. Намаз – діннің тірегі делінген. Намаз адамды жамандықтардан әлбетте сақтайды делінген. Осындай өзін қорғайтын намазы, ғибадаты мүлде болмаған, оның үстіне біліп-білмей әрнәрсе айтып қойып, дінге деген құрметті жоғалтқандар да көп. Осы тұрғыдан екеуі екі түрлі. Бұларды бір-бірімен шатастырмау керек. Кәпір бір калимаи шаһадат айтса, бірден мұсылман болады, бүкіл күнәлары кешіріледі, бірақ намаз оқымайтын мұсылман жоғарыда айтылған себептер салдарынан қауіпте.
Дұрыс оқылған намаз Сұрақ: Дұрыс оқылған намаздың әртүрлі жамандықтардың алдын алатыны білдірілген. Намазды қалай оқысақ дұрыс оқыған боламыз? Жауап: Намаздың дұрыс болуы үшін мыналар керек: 1. Дұрыс иман иесі, яғни Әһли сүннет сенімінде болу керек. Егер сенімде қателік болса, оның намазы және ешбір ғибадаты қабыл болмайды. Сондықтан әр мұсылман әһли сүннет сенімін үйрену керек. 2. Харамдардан сақтану керек. Харам жейтін, харам істейтіндердің намазы қабыл болмайды. Яғни тек намаз борышы ғана өтеледі, ахыретте неге намаз оқымадың деп сұралмайды, бірақ сауабынан махрұм қалады. 3. Намаздың парыздарына, уәжіптеріне, сүннеттеріне және мүстаһабтарына мән беру керек. Намазды мәкрух қылатын немесе бұзатын нәрселерден сақтану керек. 4. Әр уақытта намазды жамағатпен оқуға тырысу керек. 5. Намаз уақыты кірген кезде бірден оқуға тырысу керек, кешіктіріп мәкрух уақытқа қалдырмау керек. 6. Ғұсыл және дәрет дұрыс алынбаса, оқылған намаз да дұрыс болмайды. Алынған ғұсыл мен дәрет сахих болмаса, намаз да сахих болмайды. 7. Ғұсыл және дәреттің парыздарына, сүннеттеріне және мүстаһабтарына мән берілмей, мәкрухтары мен муфсидтерінен сақтанылмаса, бұлай алынған ғұсыл және дәретпен оқылған намаз дұрыс оқылған намаз болмайды. Парыз бен муфсидтеріне мән берілмесе, намаз онсыз да мүлдем сахих болмайды. Мысалы, тісінде қаптама немесе пломба болған адам Малики немесе Шафии мазһабын тақлид етпесе, ғұсылы сахих болмайды. Ғұсылы сахих болмағанша, намазы да сахих болмайды. 8. Намаз сүрелерін дұрыс оқи алу керек. Дұрыс оқылмаса намаз сахих болмайды. Бір адам намаз оқып жүріп жамандықтардан өзін тыя алмаса, демек оның намазды дұрыс оқымайтындығы осыдан мәлім болады. |