19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Намазды бұзатын нәрселер

Намазды бұзатын нәрселер

1. Үзiрсiз жөтелу немесе қақыру.

 

2. Намаз оқып жатқан кiсiнiң, басқа бiреу түшкiргенде «Ярхамукаллаһ» деп айтуы.

 

3. Намазын жеке оқып жатқан кiсi жанындағы жамағатта имамның жаңылғанын байқап, ескертсе немесе жөндесе өзінің намазы бұзылады. Егер имам да бұл кiсiнiң жөндегенiне ұйып жөндеп оқыса, имамның да намазы бұзылады.

 

4. Намаздың iшiнде «Ла илаһә иллаллаһ» десе, бiрақ мақсаты жауап болса намазы бұзылады. Егер мақсаты бiлдiру болса намазы бұзылмайды.

 

5. Әурет жерiнiң ашылуы.

 

6. Ауру немесе басқа бiр дерт себебiмен жылау. (Жәннат немесе тозақ есiне түсiп, соны ойлап жыласа бұзылмайды).

 

7. Қолымен және тiлiмен сәлем алу.

 

8. Қаза намаздарының саны бестен аз болып, намазда тұрғанда есiне түссе.

 

9. Намазда тұрғанда бiр iс-әрекет жасаса, оны сыртынан көрген адам намаз оқып жатқан жоқ деп ойласа намазы бұзылады.

 

10. Намазда тұрғанда бiр нәрсе жеу немесе iшу.

 

11. Намазда тұрғанда сөйлеу.

 

12. Имамнан басқасының қатесiн жөндеу.

 

13. Намазда тұрғанда күлу.

 

14. Намазда тұрғанда ыңылдау.

 

Сұрақ: Намазды сырттан араласу арқылы бұзатын нәрселер нелер?

Жауап: Кейбіреулері мыналар:

 

1) Имамнан басқа адамның дұғасына «Әмин» деп айту намазды бұзады. Қасымыздағы адам бізге естілетіндей дауыспен Фатиха оқыса, біз оның оқыған Фатихасына амин десек, намазымыз бұзылады. Немесе жалғыз намаз оқысақ, қасымызда жамағатпен намаз оқылса, сол жамағаттың имамы Фатиха оқығанда біз де «әмин» десек, намазымыз бұзылады. Өйткені ол – біздің имамымыз емес. Немесе біреу қасымызға келіп, «Аллаһ сенің күнәларыңды кешірсін» десе, бізде «Әмин» десек намазымыз бұзылады. Микрофон арқылы намаз оқытылғанда колонкадан шыққан дауыс ғылыми тұрғыдан да имамның өзінің дауысы болмағандықтан, бұл дауысқа «әмин» деу де намазды бұзады.

 

2) Басқа біреудің сөзімен орнын ауыстыру. Мәселен, имаммен бірге екі кісі намаз оқып жатқан кезде үшінші кісі келіп, имамның қасында тұрған адамға «артқа өт» десе немесе иығынан қақса, ол да сол кісі айтқаны үшін артқа өтсе, намазы бұзылады. Ал өзінің қалауымен өтсе, намазы бұзылмайды.

 

3) Намаз оқып тұрған адамның қасына біреу келіп: «Кішкене жылжысаң, менде қасыңа сыйысайын» десе, ол да оның сөзіне еріп ығысып орын берсе, намазы бұзылады. Өйткені намазда басқаның бұйрығымен әрекет еткен болады.

 

4) Өз имамынан басқа адамның қателігін түзеу намазды бұзады. Мәселен, біреуҚұран кәрім оқығанда қате оқыса, намазда тұрған адам оның қатесін түзесе, намазы бұзылады. Өйткені өзінің имамынан басқаға жауап берген болады. Ал өзінің имамы қате оқыса, оны түзету немесе аяттың жалғасын ұмытып қалса, есіне түсіру намазды бұзбайды.

 

5) Біреу шақырғанда немесе бір нәрсе сұрағанда: «Лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһ» немесе «Субханаллаһ» немесе «Лә илаһә иллаллаһ» деп жауап беру намазды бұзады. Намазда екендігін білдірту үшін айтса, намазы бұзылмайды. Сұраған адамға жауап беру мақсатымен сөйлесе бұзылады. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты жақсы ұғыну керек.

 

6) Тілімен немесе қолымен басқаның сәлеміне жауап беру намазды бұзады. Намаз оқып жатқанда біреу біліп немесе білмей сәлем берсе, бізде сәлемін алсақ немесе қолымызбен жауап берсек, мәселен қолымызды көкірегімізге қойсақ немесе басымызды көтерсек, жауап берген есебінде болатыны үшін намаз бұзылады.

 

7) Түшкіріп «Әлхамдулиллаһ» деген адамға «Ярхамукаллаһ» деп айту намазды бұзады. Өйткені оның хамд (мақтау) еткеніне жауап берілген болады.

 

8) Қайғылы, жаман хабар естігенде «Инна лиллаһ уә инна иләйһи ражи’ун» деп айту намазды бұзады. Өйткені сол хабарға жауап берген болады.

 

9) Аллаһу та’аланың есімі аталғанда «Жәллә жәлалуһ» секілді сөз айту намазды бұзады. Өйткені бұл да сырттағы адамға жауап беру болып саналады.

 

10) Расулуллаһ алейһиссаламның аты аталғанда «саллаллаһу алейһи уә сәлләм» деп айту немесе басқа салауат айту намазды бұзады. Өйткені бұл да сырттағы адамға жауап беру деген сөз.