20 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     21 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Ижтиһад

Адамның күшінің жеткенінше қиналып еңбек етуі. Құран кәрімде және хадис шәрифтерде ашық білдірілмеген мәселелердің үкімдерін, ашық білдірілген үкімдерге ұқсатып анықтау. Пайғамбарымыз саллаллаhу алейhи уәсәлләм, хазреті Муаз ибн Жәбәлді (радиаллаhу анh) Йеменге әкім қылып жіберерде; «Ол жерде қалай үкім етесің?» деп сұрады. Муаз ибн Жәбәл: «Аллаhу та’аланың кітабымен», деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Егер Аллаhу та’аланың кітабынан таба алмасаң?» дегенде, «Аллаhу та’аланың Расулының сүннетімен» деді. Пайғамбарымыз: «Егерде Расулуллаhтың сүннетінен де таба алмасаң?» дегенде, «Ижтиһад етіп, түсінгенім бойынша үкім етемін» деп жауап берді. Пайғамбарымыз мүбәрәк қолын Муаздың кеудесіне қойып: «Әлхамдулиллаh! Аллаhу та’ала Расулының елшісін, Расулуллаhтың ризалығына сай етті» деді. (Тирмизи, Әбу Дауд, Дарими)     

«Ижтиһадында қателескен, яғни мағынасын дәл дұрыс таппаған мүжтәhидке (Құран кәрім және Хадис шәрифтерден үкім шығарған ғалымға) бір сауап, қателеспей дұрыс тапқанға екі немесе он сауап беріледі. Екі сауаптың біріншісі, ижтиhад еткені үшін берілетін сауаб. Екіншісі дұрыс тапқаны үшін берілетін сауап.» (Хадис шәриф – Хадиқа)

Аяти кәрима және хадис шәрифтерде ашық білдірілген мәселелерде ижтиhад етілмейді. Насс (Құран кәрім және сахих хадис шәриф) бар жерде ижтиhад етуге рұқсат жоқ. (Ибн Нужәйм, Хадими)  

Ислам ғалымдарының ауызбірлігімен және зарури деп білдірілген, сенілетін және орындалатын дін мәселелерінде ижтиhад жасау жаиз емес. (Абдулғани Наблуси)

Мазhаб имамдарының барлығы бір мәселе жөнінде үкім шығарар кезде, жауабын Құран кәрімнен іздейтін. Құран кәрімнен таба алмаса, Хадис шәрифтерден издейтін. Хадистердің ішінен де таба алмаса, иджма-и үмметтен іздейтін. Егер ол мәселенің шешімін иджмадан да таба алмаса, сол мәселеге ұқсас басқа мәселелердің Құран кәрім, Хадис шәриф және иджмадан табылған жауаптарына негізделіп, мағыналарын бір-бірімен салыстыру арқылы, ижтиhад етіп табатын еді. (Имам Шарани)  

Иса алейhиссалам қияметке жақын замандарда аспаннан түседі және Мұхаммед алейhиссаламның діні бойынша өмір сүріп, Құран кәрімнен үкім шығарады. Иса алейhиссаламдай ұлы пайғамбардың ижтиhад ету арқылы шығаратын үкімдері, Ханафи мазhабындағы үкімдерге ұқсас болады, яғни Имам Ағзамның ижтиhадына сәйкес болады. (Имам Мұхаммед Париса)

Әрбір мүжтәһидтің (Құран кәрім және Хадис шәрифтерден үкім шығаратын ғалымның) өзінің ижтиһад ету арқылы шығарған үкімдеріне сай амал етуі парыз. (Мәулана Халид Бағдади)

Сахабалардың (Пайғамбарымыз алейhиссаламның сұхбатында болған достарының) барлығы мүжтәhид ғалым болып, өздерінің ижтиhадтарына сай өмір сүруі парыз еді. (Абдулуаххаб Шарани)

Ешбір мүжтәhид ғалым басқа бір мүжтәhидтің ижтиhадына қате дей алмайды. Өйткені әр бір мүжтәhидке өзінің ижтиhады хақ, дұрыс. Мысалы Имам Шафии хазреттері, Ханафи мазhабында болмаса да, «Имам Ағзам Әбу Ханифаның ижтиhадын ұнатпаған адамға Аллаhу та’аланың лағнеті болсын» деген. (Ибн Абидин)

Ижтиhад және қияс бидғат емес. Өйткені қияс және ижтиһад, насстардың (аят-хадис) мағыналарын ашып береді, басқа нәрселерді шығармайды. (Имам Раббани)